Ақтөбе Алаштың рухани орталығына айналады

Қаламгерлер арасында жиі айтылатын әзіл бар. Ақтөбеден пойызға мінген Ахмет Жұбанов Алматыда пойыздан түсіп жатса, келесі бір вагоннан артынып-тартынып, Ғарифолла Құрманғалиев шығып келе жатады.

Оу, қайдан келе жатырсың? — дейді Ахаң.

Қаратөбеден. Сондағы кездесуден кейін жігіттердің беріп жібергені ғой, — дейді Ғарекең сөмке-сөмке жүгіне қарап.

Ақтөбеде емес, Қаратөбеде тумаған екем.., — депті сонда Ахаң.

 

Облыстың басшысы түгел орыс болып келетін заманда дәл солай бармақ тістеген Ахмет Жұбанов қана емес. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, заңғар жазушы Тахауи Ахтанов айтты дейтін бір сөз бар: «Ақтөбе не принимаеть!».

Тәуелсіздік алғаннан кейін де Ақтөбенің ақын-жазушыға деген көзқарасы жылып кете қойған жоқ. Енді Тахаңның сөзін «Қазақ әдебиеті» газетінде Есенбай Дүйсенбайұлы тірілтті: «Ақтөбе ақындарын қабылдамайды!»

Ақтөбеліктер қатты сыйлайтын Елеусін Сағындықов облыс әкімі болып келген кезде алтынкүрек желі соққандай болып еді. Ақын-жазушыларға үй беріліп, өңірдегі ірі шараларға Алматы, Астанадан қаламгерлер шақырылып, «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен 23 том кітап шығарылған. Кейін, неге екені белгісіз, бұл жоба тоқтап қалды...

Биыл наурыз айында Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалған Оңдасын Оразалин жуырда облыс қаламгерлерін жинап, емен-жарқын әңгімелесті. Алдағы уақытта істелетін жұмыстарды жариялады. Мысалы, келесі жылы облыста Әдебиетшілер үйі салынбақ. Облыс қаламгерлерінің айтуынша, бұл — өте керек дүние. Өйткені, өңірден шыққан көп қаламгерлерге арналған музей жоқ. Олардың тұтынған дүниелері де жиналып жатқан жоқ. Ал мына орталықта бәрі де ескерілмек. Әрі жас таланттардың қолтығынан демейтін, шығармашылықтың қазаны қыз-қыз қайнап жататын ғимарат болмақ бұл!

Әдебиетшілер үйінің алдында «Ақын-жазушылар» аллеясы болады. Онда осы өңірден шыққан белгілі қаламгерлердің ескерткіштері еңсе тіктейді. Әдебиетке қызмет ететін тұтас кешен жұртшылықтың сөз өнеріне деген қызығушылығын арттырып, болашақ сөз зергерлерін тәрбиелеуге ықпал етпек.

Осыған дейін тоқтап қалған «Ақтөбе кітапханасы» сериясы жалғасып, биыл жыл аяғына дейін 27 том шығарылады. Сонда осы сериямен шыққан кітаптар саны 50 томға жетпек.

Он жас қаламгердің тұңғыш кітабын шығару да — үлкен жаңалық. Темірқанат дүниелерінің жинақ боп шығуы оларды жігерлендіретіні анық.

Тағы бір ірі жаңалық — жылына республика деңгейіндегі үш шығармаға Ақтөбе облысы әкімдігінің сыйлығы берілетіндігі. Жиында ол сыйлықтарды Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев және Төлеген Айбергеновтің атындағы сыйлықтар деп атау ұсынылды. Дәлірек айтсақ, Қуандық Шаңғытбаев атындағы сыйлық «Поэзия», ал Тахауи Ахтанов атындағы сыйлық «Проза» аталымында үздік шыққан қаламгерге беріледі. Небары отыз жасында жарық дүниеден бақиға аттанған аса қуатты ақын Төлеген Айбергенов атындағы сыйлық шығармасы үздік деп танылған жас дарынға берілмек.

Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласы мен аудандарда ақын-жазушылармен кездесулер өткізу, жаңадан бой көтеріп жатқан үйлерге қаламгерлердің бейнесін салу, талантты суреткерлердің қанатты сөздерін көшедегі баннерлерге орналастыру, Амантай Өтегенов атындағы мүшайра ұйымдастыру, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалы өкілдеріне жыл сайын стипендия беру секілді мәселелер оң шешімін тапты.

 

Ақын-жазушылармен кездесу барысында облыс руханиятына қатысты басқа да мәселелер сөз болды. Соның бірі — Т. Ахтанов атындағы қазақ театрының жайы. Бұл — көптен бері айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Бірақ осы күнге дейін шешімін таппай келе жатыр. Театр ғимаратында қазақ және орыс труппалары бірге жұмыс істейді. Бұдан біраз жыл бұрын оған тіпті «Екі езу» миниатюралық сықақ театрын қосып, үш мекеме бір жерде жұмыс істеген. Оның үстіне қаланың бітпейтін көп шарасының да дені осы театрда өтеді. Бұл дегеніңіз, шығармашылық ұжымдардың қойылымдарға әзірлік жүргізуіне мүлде мүмкіндік қалмайды деген сөз. Кейін «Екі езу» «Өнер орталығына» көшірілгенімен, аядай тар ғимарат екі бірдей труппаның жұмыс істеуі үшін тар еді.

Енді осы мәселенің түйіні шешілді. Келесі жылы театр үшін жаңа ғимарат салынатын болды. Облыс әкімі ол үшін дұрыс жер таңдау, сосын ең үздік үлгіні таңдау қажеттігін қадап айтты.

 

Ақтөбе — Шығыстың қос шынарының бірі Әлия Молдағұлованың туған жері. Келесі жылы батыр қыздың туғанына 95 жыл толады. Ғасырлық мерейтойы да қыр астында тұр. Ақтөбеліктер даңқты жерлесін ешқашан ұмытқан емес. Әлия атындағы ауыл бар, облыс орталығында музей бар. 80, 90 жылдық мерейтойлары дүркіреп өткізілді. Мәскеудегі батыр есімін иеленген мектепке де қолұшын созып тұрады. Енді 95 жылдығын лайықты түрде атап өту үшін дайындық басталып кетті. Сол тойдың қарсаңында Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова музейі үшін жаңа ғимарат салынбақ. Бұл — біріншіден, аруаққа деген құрмет, екіншіден, елдің мерейі. Екінші дүниежүзілік соғыс ел жадынан жақын күндерде өшпек емес. Әлияның тұлғасы да жыл өткен сайын биіктей бермек.

Облыс руханиятында үлкен сілкініс туғызатын бұл жаңалықтарды өз тұрғындары ғана емес, республика жұртшылығы да зор қуанышпен қарсы алды. Оны ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы осы жаңалықтарды әлеуметтік желіге жариялаған сәттегі жұртшылықтың пікір-пайымынан-ақ көруге болады. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет:

«Ақтөбеден жеткен ақжарылқап хабарға жан жадырап, жүрек жұбанды! «Менмін» деген талай-талай тарлан әкімге өнеге көрсететін бастама болды. Біздің ұсынысымызды ықыласпен қолдап, ыждаһат пен біліктілік көрсеткен басшы Оңдасын Сейілұлына қаламгерлер атынан мың да бір рахмет! — десе, белгілі қаламгер Серік Ақсұңқарұлы: «Ақтөбе — күндердің бір күні Алаштың рухани орталығы болады!» — деп тұжырыпты. Басқа жұрт та Ақтөбе мен оның білікті әкіміне арнап жақсы сөздерін төгіп жатты. Бұл жаңалықты «Қазақ әдебиеті» газеті де жариялап, «Ақтөбе ақындарын қабылдамайды деген сөз архивке кетті» — деп, қаламгер қауымнан сүйінші сұрады.

«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» — дейді Абай. Сол айтпақшы, Ақтөбе өңіріндегі әдебиет пен мәдениетке деген көзқарас та түбегейлі өзгерді. Облыс руханияты ауып бара жатқан жүгін түзеп алды. Расында да, жоғарыда аталған жобалар жүзеге асып жатса, Серік Ақсұңқарұлы айтқандай, Ақтөбе Алаштың рухани орталығына айналары хақ. Сол күнге жеткізгей!

 

Айшуақ Дәрменұлы,

Ақтөбе қаласы

Қаралым саны 1283

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463