Мемлекеттік қызметтегі әйелдер

Қоғамның барлық саласында ерлер мен әйел адамдардың теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет — гендерлік саясаттың стратегиясы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қалыптаса бастады. 1998 жылы ел Президенті жанынан Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия құрылып, 2006 жылы он жылға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді.

Бұл құжатта қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру міндеттелген болатын. Ресми дерек бойынша, осы он жылдың ішінде сайланбалы билік органдарында әйелдердің саны ұлғайған. Мәселен, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде әйелдердің үлесі 10,4 % болса, он жылдан кейін 27,1 %-ға дейін артқан. Ал барлық деңгейдегі жергілікті өкілді органдардағы әйелдер саны 16 пайыздан 22 пайызға көтерілген. Қазір Ақтөбедегі барлық әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдердің үлесі 56 пайызға жетті.

2016 жылы ел Президентінің жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл құжатта еліміздегі гендерлік стратегияны іске асырудың аяқталуына байланысты мемлекеттік гендерлік саясаттың жаңа кезеңін орнықты дамудың халықаралық трендтерімен, ұлттық стратегиялық басымдықтармен және әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарымен байланыстырудың қолайлы мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігі айтылады. Гендерлік саясат — әйел адамдардың тек билікте, мемлекеттік қызметте, басқа да салаларда ерлермен тең жұмыс істеуін ғана қарайтын сала емес, сонымен бірге отбасында, күнделікті тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігін, тепе-теңдігін көрсетеді. Осы мақалада гендерлік саясаттың бір ғана тармағы — мемлекеттік қызметтегі әйел адамдардың рөлі туралы сөз қозғадық.

— 2016-2030 жылдарға арналған отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында мемлекеттік отбасылық саясат бойынша алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін бірнеше міндеттер жүктелген. Соның бір ғана тармағы — биліктің атқарушы, өкілдік және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторда шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесін 30 пайызға жеткізу, сонымен бірге еңбек нарығына, қаржылық және басқа да ресурстарға тең қолжетімділік жасау арқылы әйелдердің экономикаға араласуын кеңейту, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тетіктері арқылы ауылдық жерлерде әйелдерге нысаналы қолдау көрсету. Бұл міндеттер қазіргі кезде Ақтөбе облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметке келген әйел адамдар саны артып отыр. Бүгінде мемлекеттік қызметте әйел адамдардың басымдылығы байқалады. Мысалы, былтыр бұл салада облыс бойынша әйел адамдар үлесі 56 пайыз болатын болса, биыл 58,9 пайыз болып отыр. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында жалпы мемлекеттік қызметшілердің саны — 4364 адам, соның 2570-і — нәзік жандылар, — дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисенов.

Жалпы мемлекеттік қызметтерде әйел адамдардың үлес салмағы қай салаларда басым? Жақында аталған департамент қызметкерлері сараптама жүргізген: әйел адамдар экономика, қаржы секілді бір орында, кеңседе отырып жұмыс істейтін жерлерде көп. Мысалы, білім саласында әйел адамдардың үлес салмағы басым: облыстық білім басқармасының өзінде 33 мемлекеттік қызметкер болатын болса, соның 26-сы — әйел адамдар екен. Бұл тек басқармада ғана емес, тұтас білім саласында байқалып отырған жағдай, қазір балабақшалар мен мектептер бірыңғай дерлік әйел адамдар жұмыс істейтін салаға айналып кетті. Денсаулық сақтау басқармасындағы 27 адамның 20-сы — қыз-келіншектер. Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасында 19 адам жұмыс істейтін болса, соның үшеуі ғана — ер адамдар. Тілдерді дамыту басқармасындағы 10 адамның барлығы да мемлекеттік қызметтегі ер азаматтармен жүкті бірге көтерісіп жүрген адамзаттың нәзік өкілдері.

Кәсіпкерлік саласында да әйел адамдардың үлес салмағы басым. Мысалы, индустриялық-инновациялық даму басқармасындағы 19 адамның 13-і — апаларымыз бен қарындастарымыз. Кәсіпкерлік басқармасының қыруар жұмысын сондағы 5 бөріктімен бірге 10 әйел адам қатар жүріп атқарады.

«ҚАТЫН БАСТАҒАН КӨШ ОҢБАС» ДЕГЕН МАҚАЛ ЕСКІРГЕН...

Сот саласында да әйел адамдардың үлес салмағы басым: облыстық сотта 275 мемлекеттік қызметкер бар, оның 73 пайызы, яғни, 201-і — әйел адамдар. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисеновтің айтуынша, мұндай мысалдарды тағы да келтіре беруге болады.

— Еліміздегі мемлекеттік қызмет саласындағы әйел адамдардың еңбегі ұшан-теңіз. Бүгінде «әйел бастаған көш оңбайды» деген мақал ескірген. Егер білімің мен тәжірибең жетіп тұрса, неге басшылық қызметке келмеске? Мен өзім мемлекеттік қызметке алғаш келгенімде әйел адамның қол астында үш жыл жұмыс істедім. Сол кезде қалалық тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айша Құлбатыр маған — мектептен келген қарапайым мұғалімге көп нәрсе үйретті. Ақтөбе облысында әйел адам басшы болмаған сала қалған жоқ. Рас, тек облыс әкімі міндетін ғана әйел адам атқармаған шығар, басқа салаларда қыз-келіншектер, апа-қарындастарымыз, үлкен аналарымыз қызметтер атқарды, атқарып та келе жатыр. Мысалы, облыс әкімінің орынбасары, басқарма, департаменттер басшылары, қала әкімінің орынбасары, аудан әкімі қызметтерін атқарғандар бар. Бүгінде бірнеше басқарманың тізгінін әйел адамдар ұстап отыр. Құралай Қарекен, Дания Еспаева сынды ақтөбелік азаматтар бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары қызметін абыройлы атқарып келеді. Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова да Мәжіліс депутаты болды. Бүгінде ол кісі облысымыздың саяси саласында өзіндік орны бар тұлға. Қала әкімінің орынбасарлары Айгүл Арынғазиева мен Гүлназ Сисенова, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева, білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова, қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Валентина Мәмбетова, мемлекеттік қызметтегі бөлім басшылары, мамандар — барлығы да ер азаматтармен бірге абыройлы қызмет етіп келе жатқан біздің әріптестіріміз, - дейді Р. Бисенов. Рафхат Төлеуғалиұлының айтуынша, жауапкершілігі мол қызметтің тиянақтылықты, қағазбен жұмыс істейтін ұқыптылықты қажет ететін салаларда әйел адамдар басым. Көбіне кеңседе отырып істейтін жұмысты әйел адамдар өз міндетіне алған. Себебі олардың екінші бір үлкен жауапты міндеті — отбасы алдындағы міндеті бар.

— Сондықтан да шығар, көбіне іссапарларға жиі шығатын салаларда ер азаматтарымыз жүреді. Біз мемлекеттік қызметшілердің уақытында үйлеріне қайтуын қадағалаймыз. Қызметкерлеріне артық жұмыс істететін мемлекеттік органдарға рейдтер жүргізіп отырамыз, — дейді ол.

ҮЗДІКТЕР     

            Ақтөбе облысындағы мемлекеттік қызмет сапындағы әйелдердің 403-і басшылық лауазымда. Олар облыстың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының артуына өз үлестерін қосып, сонымен қатар отбасының да тұтқасын берік ұстаған нәзік жандылар. 2017 жылы тұңғыш рет «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсы өтті. Бұл байқауда ақтөбелік мемлекеттік қызметкер Нұргүл Бертілеуова үздік атанды. Нұргүл Лескенқызы мемлекеттік қызметші ретінде ұтқыр ой, тиімді шешім қабылдаудың үлгісін көрсетіп, үздіктер қатарында елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болды. Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарын жүзеге асырудағы еңбегі үшін Елбасының Алғыс хатына ие болды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – филолог мамандығы бойынша үздік бітірген ол 1998-2006 жылдары мектепте мұғалім болды. 2007 жылы мемлекеттік қызметке келіп, он жыл бойы Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасында қызмет атқарды. Оның басшылығымен бұқаралық және электрондық ақпарат құралдарында 5 жылда алпыстан астам жоба іске асырылған. Төс белгі иегері өзінің білімі, еңбекке деген ынтасы және күш-жігері арқасында білім басқармасында бас маманнан басқарма басшысының орынбасары лауазымына дейін көтерілген.

— Бұл жобалар үштілділік саясатын, мемлекеттік тілді насихаттауға және жүзеге асыруға, қоғамдық өмірдің түрлі салаларында жетістіктерге жеткен түрлі ұлт өкілдерін насихаттауға бағытталған. Мемлекеттік тілді дамыту және қолдану аясын кеңейту бойынша инновациялық бастамалар тек облыста ғана емес, республиканың басқа да өңірлерінде іске асырылды, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Өткен жылғы «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауында тағы бір ақтөбелік ару алдына жан салмады. 25 жастағы ГүлмираюююНизарова мемлекеттік қызмет өтілін Хромтау ауданында Әділет басқармасының жетекші маманы лауазымынан бастап, облыс әкімі аппаратының инспекторы лауазымына дейін жоғарылаған.

Мемлекеттік қызметтегі әйел адамдар саны артып келеді. Әсіресе, жас буынның екпіні мықты. Ақтөбе облысындағы ең жас мемлекеттік қызметшілердің бірі Еркеназ Көшкінбаева қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің бас маманы болып жұмыс істейді. Ол 22 жаста.

— Болашақта облыс әкімі аппаратының басшылық лауазымдарында қызмет атқарғым келеді. Ол үшін тынбай еңбек етуім керек. Мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейтінімді мақтан тұтамын, өзімнің елімді көркейту жолында титтей де болса үлесімді қосып жүргеніме ризамын. Маған мемлекеттік қызмет негіздерімен бөлісетін тәлімгер тағайындалды, бұл біз секілді жас мамандар үшін өте маңызды, — дейді Еркеназ.

P.S. Биыл мамыр айында Мемлекет басшысы ,,,ғҚасым-Жомарт Тоқаев еңбек және жұмыспен қамту мәселелері бойынша өткізген жиын барысында үкіметтің алдына шұғыл шешілуі тиіс жеті міндет қойған болатын. Соның бірі — гендерлік тең құқықты нығайту. Қасым-Жомарт Тоқаев біртіндеп әйелдердің еңбегін қорғау, олардың мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде және корпоративтік салаларға қатысуын қамтамасыз ету шараларын әзірлеу қажеттігін айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

журналист,

Ақтөбе облысы

Қаралым саны 2438

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463