«Шаңырақ» 50 баланы қуантты

Оқу жылы басталар қарсаңда Ақтөбенің «Keruen City» сауда және ойын-сауық орталығында сәбилерге шаттық сыйлаған жиын өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасы, үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы және «Шаңырақ» қоғамдық қоры бірігіп өткізген кезекті сауапты іс «Мектепке жол» акциясына арналған екен.

Көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары әуелі тосырқап отырған. Қуыршақ боп киінген шебер аниматорлар сәбилермен әртүрлі ойындар ойнап, балаларды сүйікті әуендерге билетіп, көңілдерін көтеріп тастады. Сыйлыққа оқу құралдары толтырылған рюкзак алған барлық бала мектепке баруға құлшынып-ақ тұр. «Балалар, ата-анаңызды, үлкендерді тыңдаңдар. Өте жақсы оқыңдар. Сіздер Қазақстанның болашағы, елдің ертеңісіңдер. Оқу-білім - барлық жақсылықтың бастауы» десті үлкендер. Тосын сый мұнымен біткен жоқ. Қаздай тізіліп барып түскі ас ішкен балалар ата-аналарымен «Арыстан патша» киносына кіріп кетті.

Жақсы істің жақсылығын айтқан жөн. Жиын жарты сағатта өте шықты. Шынайы ниет, алғаусыз көңіл ғана байқалады. Ұйымдастырушылар өздері туралы айтудан үзілді-кесілді бас тартты. Оқырмандарға қажеті болар деп қор қызметіне ғана тоқталсақ.

«Шаңырақ» қоғамдық қоры өткен жылы ашылған. Қайырымдылық шараларынан басқа қоғамға, елге пайдалы барлық шаруадан тыс қалмайды. Көпшілікке арналған мәдени жиындарға, көктемде ағаш отырғызу жұмыстарына да қатысады. «Өткен жылы 210 оқушыға сыйлық жасадық. Биыл 260 баланы қуанттық. Мүмкіндік болса әлі де жалғастырамыз. Қордың жұмысына мекемелер, жеке адамдар, әсіресе еріктілер көмектеседі. Тегін азық-түлік беретін дүкеніміз бар. Көмек беремін немесе көмек аламын деген барлық адамға есік ашық» дейді қор өкілі Еділ Қонайұлы. Көмекке мұқтаж адамдар туралы мәлімет арнайы мекемелер немесе қаланың барлық тұрғындарынан жиналады. Еріктілер тобы әрбір деректі мұқият тексеріп, сараптайды. Нақты қандай көмек қажет екенін анықтайды. Мәселені шұғыл шешудің жолдарын тауып, керекті жәрдемін көрсетеді. Жалғызбасты қарттар мен мүгедектер, ерекше балалар, қиын жағдайға душар болған отбасылар да назардан тыс қалмайды. Үйіңізде бос тұрған, бірақ кәдеге жарайтын ескі жиһаз, киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар болса - «Шаңырақ» қорына апарып беруге болады. Дүниеңіз бір-екі күн ішінде жаңа иесін тауып, алғыс арқалап шыға келесіз. Қордың сайты - shaniraq.kz

Айшуақ Дәрменұлы,

Ақтөбе қаласы,

Суреттерді түсірген автор

Қаралым саны 997

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463