Қазақ отбасы құндылығына ертеден-ақ ерекше мән берген. «Отбасының өнегесі — Отан өнегесі», «ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», деген сияқты мақал-мәтелдер соның айғағы. Яғни, ұлтты өзгеден ерекшелеп, оның болмысын сақтауында отбасы ролі бірінші орында екен.
Соңғы жылдары қоғамда отбасы құндылығы құлдырап бара жатқаны ақиқат. Ұлт тамырына балта шабатын бұл дертке тосқауыл қою үшін мемлекеттік деңгейде түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «бізде ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды», — деген еді. Ал ұлттық қодты, ұлттық мәдениетті сақтаушы негізгі орта — отбасы екенін тағы айтуымыз керек.
2013 жылы Елбасының бастамасымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жарияланған болатын. Өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін жоғарылатуға бағытталған, сондай-ақ, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасыларды, еңбекке қабілетсіз ата-аналарына кәмелетке толған балаларының күтім жасауын паш ету және кеңінен насихаттау, яғни, бір сөзбен айтқанда отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау мақсатындағы ұлттық байқау содан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Алты жылдың ішінде ұлттық байқауға 15 197 отбасы қатысқан. Оған қатысуға ниет етушілер де жыл сайын артып келе жатыр, салыстырмалы түрде айтсақ, 2014 жылы конкурсқа 1298 отбасы қатысса, биыл тілек білдіргендер саны одан 2,5 есе артық!
САЛТ-ДӘСТҮРДІ БЕРІК ҰСТАНҒАН ОТБАСЫ
Ақтөбелік өнегелі отбасылар «Мерейлі отбасына» белсене қатысып келеді. 2016 жылы республикалық байқауда ақтөбелік Нұсқабаевтар отбасы жеңімпаз атанған болатын. Н.Назарбаевтың: «Әрбір отбасының тарихы, бұл – Қазақстан тұрмысының үлкен энциклопедиясы. Ең лайықты және құрметті отбасылар өңірлік байқаулардың жеңімпазы болды. Осы отбасылардың әрқайсысы туралы роман, повесть жазып, фильм түсіруге болады», — деген сөзіне сүйенсек, шынында, әрбір мерейлі отбасы туралы әдемі шығарма жазуға да болар еді. Себебі әр отбасының тарихы — отан тарихының кішкентай ғана бір бөлшегі.
Сондай әдемі тарихтың бірі — ақтөбелік Әбілдаевтар отбасына тиесілі. Ақтөбе облысы бойынша «Мерейлі отбасы – 2019» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің Гран-при иегері — Әбілдаевтар отбасы өз ортасында береке мен бірлігі жарасқан шаңырақ ретінде белгілі. Сайлаубек пен Бибігүл Әбілдаевалардың отасқандарына 31 жыл болған. Жеті баласының ортасында мәуелі бәйтеректей болып отырған ата-ананың кеудесінде «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» жарқырайды.
— Мерейлі отбасы болудың үш діңгегі бар — қандай қиын жағдайға қарамастан шаңырақты шайқалтпай, балаға жақсы тәлім-тәрбие бере білу. Біз жолдасым екеуміз өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көрдік, жолдасым қатерлі ауруға ұшырағанда да, 15 жыл бойы пәтер жағалап жүргенде де мойымадық. Осы қиындықтардың барлығын қатар жүріп көтердік. Аллаға шүкір, балаларымыз ер жетті, барлығы да жоғары білім алды. Екіншіден, ешқашан еңбектен қол үзбеу керек, ұдайы ізденісте болу, алға ұмтылу маңызды. Қандай қиын жағдайда да қолдан келетін істен қашпау керек. Отасқанымызға 31 жыл болса, сол 31 жылдың 15 жылында пәтер жағалап жүрдік. Мен 16 жыл бойы мектепте тазалықшы болып жұмыс істедім. Балалар ер жетіп, оқуға түскен кезде балаларыма үлгі болайын деп 41 жасымда Құдайберген Жұбанов атындағы университетке оқуға түсіп, 46 жасымда қолыма дипломымды алдым, — дейді отанасы Бибігүл Әбілдаева.
Мерейлі отбасы болудың, Бибігүл Әбілдава айтқан маңызды діңгегі — отбасында ұлттық салт-дәстүрді сақтау, әдет-ғұрыптарды ұмытпау. Әбілдаевтар отбасында қазақ отбасына тән тәлім-тәрбиенің бәрі бар: мұнда әке мен ана роліне, бала тәрбиесіне маңызды орын берілген:
— Дәстүрлі қазақ қоғамында әке балаға қол ұшын көтеріп, сабамаған, керісінше әкенің ызғарын ұл-қызы оның қабағынан ұғатын болған. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген сөзге отбасындағы тәрбие тұтас сыйып кетеді. Әкесін пана тұтып, ана мейіріміне қанып өскен ұрпақ та өнегелі болады. Біздің отбасында да солай: әкесі келгенде балалары алдынан шығып, әкенің тапқан табысына қанша болса да, қанағатпен, ризашылықпен қарап үйренген. Ал бала тәрбиесіне қазақ құрсақтан бастап мән беру керек. Сәби бойға біткеннен бастап тәлім-тәрбиесі мол кітаптар оқып, ұлттық ән-күйді тыңдап, тек жақсы сөздер айту керек, — дейді ол.
Отағасы Сайлаубек Әбілдаев кәсіби инженер болса, зайыбы Бибігүл Әбілдаева білікті медиатор. Ол он жылға жуық уақыттан бері шайқалғалы тұрған мыңнан астам шаңырақты сақтап қалуға септігін тигізген маман. Диплом алғаннан кейін үш жыл балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген Б.Әбілдаева облыстық ішкі саясат басқармасының шақыруымен «Анаға тағзым» орталығында медиатор қызметін атқаруға кіріскенін айтады.
— Жастарға өмірден көрген-түйгенімізді айтамыз. Он жылға жуық тәжірибемде мыңнан астам отбасын ажырасудан сақтап қалдық. Күн сайын алдымызға оншақты отбасы келеді. Көбісі жастар. Кейде жастар, кейде құда-құдағайлар араз болып жатады.Ажырасудың басым бөлігі өзара сый-құрметтің кемдігі мен салт-дәстүрді білмеуден. Қазақта «қайтып келген қыз жаман», «кеткен қыз шиден тысқары» деген сөздер бар. Осы сөздің астарына үңіле бермейміз. «Қыз баланың үйі арқасында», «қыз — жат жұрттық», «қыз — қонақ» деген сөздерге де мән бермейміз. Қыз бала үйіне қайтып барғанда не болатынын, оның арты жақсылыққа апармайтынын, ер адамның жауапкершілігі туралы айтамыз. Көп жағдайда жастар түсініп, қайтадан татуласып жатады. Бұл — біздің қоғамға титтей де болса, қосып жатқан үлесіміз, — дейді Б.Әбілдаева. Әбілдаевтар отбасы бүгінде жеті бала өсіріп, тәрбиеледі. Үш қызды құтты орнына қондырып, үш жиеннің нағашы ата-әжесі болып отыр.
— Ұлдардың да ұяға келін әкелетін уақыты алыс емес. Алла соған жеткізсін. Балаларымның барлығы да жоғары білімді. Үлкен қызым Алматы экономика университетін, екінші қызым С.Бәйішев атындағы университетті тәмәмдады. Екі ұлымның бірі металлург болса, екіншісі қаржыгер. Қалған балаларымыз мектепте оқып жатыр, — дейді Сайлаубек Әбілдаев.
Әбілдаевтар отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне қатысқан 384 отбасының ішінен топ жарып, бас жүлдеге ие болды. Бұл — осы отбасының ортақ жеңісі.
— Біздің отбасының алтын қағидасы — ешқашан ата-баба салып кеткен жолдан таймай өмір сүру, әдет-ғұрыпты, дәстүрді ұстану. Байқауға отбасымыздың өнегесі жас отбасыларға үлгі болсын деген ниетпен қатыстық. Облыстан жүлделі орын алып, республикалық деңгейде өткен шараға да бардық. Өте керемет болды. Осындай байқауды жариялаған Елбасына, оның ұйымдастырушыларына мың да бір алғысымды білдіремін. Бұл байқау шын мәнінде еліміздегі өнегелі отбасыларды, отбасылық құндылықтарды насихаттай отырып, ұлттық мәдениетімізді дамытуға септігін тигізетіні ақиқат, — дейді Бибігүл Әбілдаева.
ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ӘУЛЕТІ
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің тағы бір жеңімпазы — Исимбетовтер отбасы. Мұғалжар ауданының Жұрын елді мекенінде тұратын бұл отбасының теміржол саласындағы ортақ өтілі — 150 жылдан астам! Отағасы Асылбек Исимбетов те, оның зайыбы Гүлданай Исимбетова да теміржолшылар отбасында өмірге келген. Отағасының нағашы атасы Мәжит өмір бойы теміржолшы болған, ал әкесі Ерсары 35 жыл, анасы Ұмсын 33 жыл осы салада еңбек еткен. Қырық екі жыл уақытын вагондардың қауіпсіз қимылына арнаған Асылбек Исимбетов осы ерен еңбегі үшін «Құрметті теміржолшы», «Үздік жол шебері» атақтарын иеленген.
— Екі жасымнан бастап қолына алып тәрбиелеген нағашы атам қаршадай кезімнен еңбекке баулыды. Сол атамның тәлім-тәбиесін көріп мен де теміржолшы болдым. Теміржол саласының 150 жылдық тарихы біздің әулетіміздің тарихымен үндес, себебі біздің әулеттің теміржол саласындағы ортақ өтілі де 150 жыл! Теміржолшы болудың жауапкершілігі зор, өте қиын мамандық. Екі қылтемірдің үстімен күн сайын мыңдаған тонна жүк, жүздеген адам мінген вагондар өтеді. Шойын жолдың қауіпсіздігіне жауап беру оңай емес. Мен 42 жыл бойы Қандыағаш жол дистансасында қызмет еттім. Балаларымыз да ата жолын, әке жолын қуып, теміржолшы мамандығын алды, — дейді Асылбек Исимбетов.
Отбасының тұңғышы Ақбөкен «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамының Ақтөбе филиалында қауіпсіздік жөніндегі жетекші инженер, оның жары Ермек — пойыз диспетчері. Екеуі де бұл салада жиырма жылдан астам еңбек етіп келе жатыр. Ақбөкеннен кейінгі Ақмарал да теміржолшы мамандығын игерген. Ал ұлы Нұрлан Қандыағаш сигнализация және байланыс станциясында бас механик. Кенже қызы Индира Ақтөбе әскери госпиталінде дәрігер болып қызмет етеді.
Исимбетовтер 4 бала өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Бүгінде балалары мен он шақты немересінің ортасында ардақты ата-әже болып отырған жайы бар. Шаңырақтың ұйытқысы абзал ана Гүлданай Исимбетова отыз жылдан астам уақыт мектепте мұғалім болып істеген. Балаларды ілім-білімге баулыған ардақты ұстаз алдына келген әрбір оқушыға ұлттық педагогиканың тәрбиесін бергенін айтады:
— Қазақ ұлтының керемет әдет-ғұрыптары бар: соларды ұмытпасақ деймін. Бала тәрбиесі, соның ішінде ұл мен қыздың тәрбиесі — үлкен жауапкершілікті талап етеді. Үйдегі ұл мен қыз — ұлтымыздың ертеңгі болашағы, сондықтан, біз бала тәрбиелеген кезде «мен ұлтымның болашағын тәрбиелеп жатырмын» деген жауапкершілік болуы тиіс. Балаларымызды ұлттық болмысқа сай адамгершілік рухта тәрбиелеуіміз керек: ұлдарымыз бен қыздарымыз төзімді, қиындықта сынып кетпейтін шыдамды болуы керек. Біз 40 жыл отастық, осы уақытта талай қиындық та, қызық та болды, барлығын қатар жүріп көрдік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «көп түкірсе — көл» деген секілді мақал-мәтелдердің астарын балаларымыз түсінуі керек, — дейді ардақты ұстаз. Бүгінде ең қадірлі мамандық иесі Гүлданай Ақылбекқызының аты-жөні Мұғалжар ауданы, Жұрын ауылындағы жергілікті Қ.Жұбанов атындағы орта мектептің ұлағатты ұстаздарының тізімінде тұр. «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне Исимбетовтер отбасы тыңғылықты дайындалды. Ауызбіршіліктің, татулықтың арқасында тек байқауда ғана емес, өмірде де жеңіске жетіп отырған мерейлі отбасының алтын қағидасы мынадай екен:
— Балаларыма үнемі: «қайырымды болыңдар, айналаңдағы мұқтаж адамдарға барынша жақсылық жасаңдар. Мейірім — адам баласының ең жақсы қасиеті. Екіншіден, ешкімнің ала жібін аттамай, өтірік айтпай, қандай жағдайда да әділдікті ту етіңдер», — деп айтып отырамыз. Отбасында әке мен ананың ролі зор, біз баланың тәрбиесі мен біліміне, денсаулығына жауаптымыз. Біз «Мерейлі отбасы» байқауына қатысу арқылы «Қырық жыл отасқан тағдырымызда қандай нәрсеге қол жеткіздік?» деген сұраққа жауап алғандай болдық. Өмірлік тәжірибе арқылы жас отбасыларға үлгі болуға тырыстық, — дейді Г.Исимбетова.
ЕҢБЕК ТҮБІ — БЕРЕКЕ
Байғанин ауданы Жарлы елді мекенінде алыс-жақын жұртқа жақсы танымал «Қостемір» шаруа қожалығы бар. Марқұм Сабытай Жексенбаев ақсақал мен оның зайыбы Қаламқас Жалмұқанқызы баптаған балдай қымыздың дәмін татпаған байғаниндіктер аз шығар. Ауылдың дәмі аудан ғана емес, облыстағы сауда сөрелерінен де табылады. Нұр-Сұлтан қаласында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде Жарлыдан апарылған бал қымыз сол мезетте сатылып кеткенін газеттер талай рет жазды. Жексенбаевтар тек отбасылық кәсібімен ғана емес, татулығымен, бала тәрбиесіндегі үздік үлгілерімен де көпге өнеге. «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының облыстық кезеңінде жүлделі орынға ие болған үлгілі отбасының ұйтқысы, бүгінде жолдасы марқұм Сабытай Жексенбаев ақсақал екеуі бірге бастаған ортақ кәсіптің тізгінін өз қолына алған ардақты ана Қаламқас апамен телефон арқылы тілдескен едік:
— Қарағым, жорналыңа марқұм жұбайымның да суретін шығарарсың, соның еңбегі ғой. Отағасы бұл кәсіпті 25 жыл жүргізді. Ол кісі өмірден озған соң балалармен ақылдасып, қожалықты өзім басқарып келе жатырмын. Биыл, міне бұл кәсіпті дөңгелентіп келе жатқанымызға 26 жыл болды, — деді апай. Сабытай Жексенбаев көп жыл «Байғанин» кеңшарында инженер-механик болып еңбек еткен. Ол 1993 жылы «Қостемір» шаруа қожалығын ашады.
— Бастапқыда кәсібімізді өзіміздің азын-аулақ малымызбен бастадық. Бірте-бірте мал басын көбейттік, артылғанын сатып, шаруамызды жүргізе бастадық. 1995 жылдан бастап қымыз өндіруді қолға алдық. Ауыл орталығынан қымызхана аштық. Жерлестер ұлттық сусынды алыстан іздемей, өз ауылынан ішетін болды, — дейді кәсіпкер ана.
Шаруашылықта бірте-бірте мал басы көбейіп, шаруа жайы да кеңейе бастады. Тұтынушылар тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдеріне де сұраныс артты. Бүгінде отбасылық кәсіпке марқұм Сабытай ақсақалдың ұл-қыздары да көмектеседі, одан қалды бұл шаруашылық ауылдастарына да жұмыс беріп отыр.
- Жарлыда тұратын қызым мен күйеу балам Өмірбек пен Анаргүл үнемі «Қостемір» шаруа қожалығының басы-қасында жүреді. Жазда шөп шабысып, малдың жем-шөбін әзірлессе, баласы Нұртілек қой-ешкі бағысады. Немерлерім Жаңбырбай мен Ерқанат бие, сиыр сауып, үлкендерге көмектеседі. Балаларды осылай жастайынан еңбекке баулуға тырысамыз, - дейді кәсіпкер әже.
Жексенбаевтардың балалары мен немерелері бүгінде үлкендерден көрген өнеге бойынша өз кәсібін ашуға ден қойып отыр. Мысалы, ұлдарының бірі Еркін 500 гектар жер алып, «Қостемір» шаруа қожалығының жанынан «Ерқанат» шаруа қожалығын ашып, өз алдына жеке кәсіппен айналысуға ниеттеніп жатыр. Ал немересі Айман үкіметтің қолдауымен жас кәсіпкерлерге берілетін қайтарымсыз грант ұтып алып, шаштараз ашпақшы.
Жасы 73-ке келген кейуана осылайша балаларына бағыт-бағдар көрсетіп, ақылшы болып отыр. Әр баланың жетістігі - ата-ананың мақтанышы.
- 2016 жылы төрт ұлымыз бен төрт қызымыз, ағайын-туыс бірігіп, отағасы екеуміздің алтын тойымызды әдемілеп өткізді. Балаларыма, ағайын-туысқа, ауылдастарыма, аудан басшылығына ризашылығым шексіз. Байғанин ауданы басшылары қандай шара болса да ұмыт қалдырмайды, аналарындай сыйлайды. Үлкен кісіге осыдан артық не керек, - дейді қария. Қазіргі заманда істеймін деген адамға жұмыс көп. Оның үстіне елімізде жеке кәсібімен айналысқысы келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау да шаш етектен. Отағасы жылқы шаруашылығын дамыту, ірі қара өсіру үшін бірнеше рет мемлекеттік бағдарламаларға қатысты, одан қалды елімізде ірі қара тұқымын асылдандыру, қымыз өндіруге, малдың жем-шөбіне субсидия беріледі. Мұның барлығы біз секілді шаруаларға үлкен көмек. Жасымыз бірталайға келсе де, қарап отырғымыз келмейді. Адамды адам ететін — еңбек, жастарға қандай жағдайда да еңбектен қол үзуге болмайтынын, еңбек қана адамды биікке шығарып, жетістікке жеткізетінін айтып отырамыз, — дейді Қаламқас Жалмұқанқызы.
Отасқандарына жарты ғасыр болған Жексенбаевтардың төрт ұл, төрт қызы бүгінде үлкен азамат болды: білім алып, ел қатарлы өз жолдарын тауып, еңбек етіп жатыр. Ұл-қызына лайықты тәрбие беріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған, татулығымен, ауызбірлішігімен көпге үлгі-өнеге болып отырған мерейлі отбасының бүгінгі жетістігі — әлбетте өткен шақтардағы қиындықтарды жұмыла көтергеннің, сынақтарға сынбай, қаймықпай алға ұмтылған қайсарлықтың белгісі екендігі айқын!..
P.S. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне биыл 38 отбасы қатысты. Отбасы мүшелерінің ішінде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бар. Мысалы, ақтөбелік Бисенғалиевтер отбасындағы Жәкібай әженің жасы 100-ден асқан. Ғасыр жасаған ата-әжелерден бастап, балаларға дейін қамтыған ұлттық байқау қоғамдағы отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттап, ұлттық тәрбиенің атадан балаға таза қалпында жетуіне титтей де болса, септігін тигізса, ол — біздің жеңісіміз болмақ!..
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,
Ақтөбе облысы.