«Абадан» - арландар жайлы кітап

Орал қаласында тұратын қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұнайдар Балмолданың «Абадан» атты жаңа кітабы жарық көрді. Жинаққа «Абадан» атты роман, оннан аса әңгіме енген.

Бір ерекшелігі – бұл кітаптағы барлық шығарма – түз тағысы, қазақ атын тергеп, «итқұс», «жаманауыз» деп атайтын көкбөрілер туралы.

- Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтен кейін бөрілер тақырыбына баруыңыз артық емес пе? Асырып жазамын деп ойлайсыз ба? – дейді бір танысым. Үндемей құтылдым. Менің түсінігімде жазушы ешкіммен жарыспайды, таласпайды және өзі білетін сүрлеуімен жүреді. Ол сүрлеу жоқ болса, өзі тыңнан түрен салады. Өз басым ешкімге еліктемедім, қазақы түйсігіме сай сөз бояуларымен бөрілер өмірін жазуға тырыстым, суреттеуге ұмтылдым. Кітаптағы барлық әңгіме, хикаят пен роман – өмірдің өзінен алынған дүниелер жиынтығы, - дейді автор.

Мұнайдар Балмолда осы кітапты жазу жолында көп сапар шегіп, талай аңшыға, ауыл адамдарына жолығыпты. Шынында да кітапты оқи отырып, түз тағыларының тыныс-тіршілігі, өзіне тән ерекшеліктері, тылсым да ғажап оқиғалар, шымыр сюжеттер өмірден алынғанын байқауға болады.

- Көк бөрі – біздің жалпақ даламыздың құт-киесі, неше мың жылдан бері осы далада бізбен бірге қат-қабат тіршілік етіп жүр. Абаданды қазақтың ұл-қызы ұқса керек! Менің ұғымымдағы Абадан – ар-намысты, жаужүрек жандардың досы, сертке адалдардың серігі!     - дейді жазушы.

Автор осы кітабының кейбір үзігін әлеуметтік желілерге жариялап отырған. Сол кезде желі қолданушылары тарапынан ерекше қызығушылық болыпты. Тіпті АҚШ-та еңбек ететін жас қазақ жігіті арнайы іздеп келіп, «Аға, сіздің еңбекқорлығыңызды бағалаймын. Кітабыңыздың қаражатына көмегім болсын» деп романның баспалық шығынына жетерлік ақша табыстап кеткен екен. Міне, қазақы краудфандинг тәсілімен шыққан кітаптың хабары желі арқылы тез тарап, еліміздің әр түкпіріне поштамен жол тартыпты.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында танымал журналист Мұнайдар Балмолданың өзі де қасқырдай қайсар, бөрі мінезді азамат. Еліміз тәуелсіздігін жарияламай тұрып, 1991 жылы қыркүйекте Орал қаласында сеператистер бас көтергенде, қаймықпай алаңға шығып, еліміз бен жеріміздің тұтастығын қорғауға атсалысқан, аштық жариялаған азаматтардың бірі – студент Мұнайдар Мұхамбетжанұлы болатын.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Қаралым саны 2092

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463