Өнер иесімен хабарласып, аталған әннің шығу тарихына қатысты аз-кем әңгіме өрбітудің сәті түскен еді.
- Мен соңғы үш жылда ел аралап, жер-жерде концерт бердім. Бірде сондай мақсатпен еліміздің батысы – Орал өңіріне де жолым түсті. Сапарға шығар алдында ақ Жайықтың тарихына, сол өңірден шыққан тұлғалардың шығармашылығына, өміріне үңілдім. Жалпы қай жерге барсам да, барған өңірден шыққан ақын-сазгерлердің әндерін арнайы дайындап баруға тырысамын. Батыстан шыққан хас өнерпаз - Ғарифолла Құрманғалиевтің ән әлеміне үңілдім. Сөйтіп жүргенде бір қызық болды. Сүйікті ақыным Төлеген Айбергеновтың жыр жинағын ашып қалып едім, көзіме «Әуен мен ырғақ» деген өлеңі түсті. Мән беріп оқысам, Ғарекеңе арналған екен. Өлең мазмұны бірден әсер етті де, әуен келе бастады. Алғаш назарға ілінген «Аяулым менің, мен тумай жатып ән салған» деген жолы, таланттың талантты осыншалық зор тұтып, құрметтеуі тамсантып, жанымды толқытты. Осылайша «Ән - Ғарифолла» атты әнім дүниеге келді, - дейді әнші Гүлмира Сарина.
Биыл ән падишасы Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдық мерейтойы әр түрлі мәдени шаралар арқылы ел көлемінде аталып өткенін айта кетейік.
Гүлмира Айымғазықызының есімі - «Сағыныш», «Шығысым – шұрайлы елім», «Ата-ананың қадірі», «Жақсы адамдар», «Атамекен» тағы басқа кең таралған әндердің авторы ретінде де бүгінгі өнерсүйер қауымға жақсы таныс.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ
БЕУ, ГҮЛМИРА
Бір керемет үнге елтідім мен бүгін,
Дүниенің сездірген шын кеңдігін.
Гүл Әлемнен саф алтындай нұр сыйлап,
Жанымызға шуақ шашып келді күн.
Бір ғажайып ән естідім мен бүгін,
Бірде шаттық, бірде тас қып жеңді мұң.
Көңілімнің күміс толқын айдынын,
Аққу сазбен безендіріп берді кім?!
«Ақ маңдайлы үкілім» деп сүйсінген,
Әсем әннен жүрек үнін түйсінген.
Қазағымның Гүлмирадай сұлуы,
«Зәурешті» айтса, елі бірге күрсінген.
«Аягөзбен» жан-жүректер үндескен,
Әніңізден әсер алған гүл көктем.
Айдын көркі аққу қаздай аруға,
Арналады бір азғантай жыр дестем.
Елдің сөзін сөйлемесек бізге сын,
Әнің барда халқыңменен біргесің.
Домбырасын тастамаған қолынан,
Әнші қызын қазақ әр кез іздесін.
Көңілдерге көрік беріп, нұр құйған
Әуелеген үнің қандай Гүлмира?!
Мұхит баба, Ғарифолла еліне,
Ақ Жайыққа жиі келіп, күн сыйла!
Беу, Гүлмира!
Мұнайдар Балмолда
- 04. 2019.
«Ән-Ғарифолла»
Әні: Г.Сарина
Сөзі: Т.Айбергенов
1
Бүгінде сенің заңғар басыңды қар шалған,
Қар шалған баста қабысып жатыр қанша арман.
Алуан өлкеде атып жүрсің-ау таңша алуан,
Аяулым менің, мен тумай жатып ән салған.
Қ-сы:
Қарашы маған, қарайын саған, көз қансын,
Онсыз да өзің қыруар ойларға қозғаусың.
Ғарекең бе екен деп қаламын ау кейде мен,
Көктемде көкте қаңқылдап ұшқан қаз даусын
2
Толғамас сені қалам бар ма екен жүрекпен,
Сен әу дегенде жүрегім менің дір еткен.
Әлемді түгел әлдилеп салған әніңнен,
Оянып кетсем керек мен.