Эльмира Шағуанова бұл сыныпты 5 жасынан бастап қабылдап алған екен. Содан бері олар бір үйдің баласындай тату әрі ұйымшыл. Түрлі шараларға да белсене қатысып, әрдайым жақсы бастаманың ортасында жүреді.
Мысалы былтыр денсаулығына байланысты өз үйінен оқитын Мұстақимді сыныптастары жетекші Эльмира Жәрдемқызымен бірге жаңа жылмен құттықтап барды. Мектепке келе алмайтын Мұстахимді бүкіл сыныптастары – ұлдар мен қыздар үйіне барып, түрлі сыйлықтарын беріп, өлең айтып, шағын концерт қойыпты. Сонда Мұстахим де, ата-анасы да қатты қуанып, достарына дастархан жайып, құрметтеген екен. Әрине, мұның бәрін ұйымдастырып жүрген – ұстазы Эльмира Жәрдемқызы ғой.
Эльмира Жәрдемқызы Жаңақала ауданында туып-өскен екен. Батыс Қазақстан гумаритарлық колледжін 2004 жылы бітіріп, «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын алып шыққан Эльмира апай Орал қаласындағы №19 мектептен еңбек жолын бастаған. Содан бері өз еңбегімен талай марапатқа ие болыпты. Мысалы, 2010 жылы №19 мектеп директорының алғыс хатын, 2015 жылы Орал қалалық білім бөлімінің Құрмет грамотасын алған. 2017 жылдан бері №47 мектепке ауысып, сол жылы үздік жас маман ретінде алғыс хатқа ие болды. Орал қалалық Қадыр оқулары байқауында Эльира апайдың шәкірттері 3 орынды жеңіп алып, диплом алды.
Менің қарындасым Нұрайым ұстазы Эльмира Жәрдемқызын аузынан тастамайды. Оның және достарының үздік оқуына мұғалімінің еңбегі өте зор. Әр оқушысын өз баласындай жақсы көріп, білімге баулып жүретін осындай мұғалімдер көп болсын дейміз.
Нұраддин ҚҰТТЫМҰРАТ,
Орал қаласы