Әйтеке бидің мазары

Өзбекстанның Науаи облысы Нұрата қаласында орналасқан Әйтеке би мазары - көрнекті сәулет ескерткіштерінің бірі. Бұл жерде Әлім тайпасының Төртқара руынан шығып, Кіші жүздің сөзін ұстаған атақты би Әйтеке Байбекұлы жерленген.

Тарихи-шежірелік деректер бойынша Әйтеке би Әмір Темірдің бас кеңесшісі болатын Ораз қажының бесінші ұрпағы, сондай-ақ бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ жұрты «Синесоф буа» (жаны пәк) деп атаған Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы болып келеді. Әйтеке бидің атасы Ақша Сейітқұлұлы ұзақ жылдар Қоқан хандығының тағына отырып, әмір атанған тарихи тұлға. Есім хан тұсында Самарқанды билеген Жалаңтөс батыр Сейітқұлұлы оның бір әкеден туған інісі екендігі тарихтан белгілі.

Ортағасырлық архитектуралық үлгіде салынып, 2012 жылы салтанатты түрде ашылған кесененің биіктігі 11, қабырғаларының қалыңдығы 1,5 метрді құрайды. Әйтеке би қабірінің жанында оның бабасы Сейітқұл әулиенің де зираты бар. Сейітқұл әулие, Жалаңтөс батыр және Әйтеке биге арнап салынған осынау кешеннің жалпы аумағы алты гектарды алып жатыр. Мұнда зиярат етушілер мен туристер жиі келеді. Өйткені осы жерде қазақ тарихынан сыр шертер құнды жәдігерлерге толы мұражай, ғибадатхана және қонақ үй бой көтерген.

Бидің тікелей ұрпақтары мен аталастары қазіргі таңда Қызылорда, Ақтөбе облыстарында, бірқатары Өзбекстандағы Нұрата ауданында тұрады. Бүгінде Ақтөбе облысында Әйтеке би есімімен аталатын аудан бар. Сондай-ақ Әйтеке би атауы еліміздің ірі қалаларындағы көшелерге де берілген.

Қаралым саны 2493

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463