Жинақтың алғысөзінде бұл газетті зерттеу және жинақ етіп шығаруымыздың мақсаты былай деп жазылған-ды: «...Қазақ жұртын билейтін өзгеріс һәм соғыс комитетінің атағынан жетісіне екі шығарылатын саяси, әдеби һәм шаруашылық газетасы» деп сипатталған «Ұшқын» басылымы – бүгінгі тәуелсіз еліміз, Қазақстан Республикасының бас газеті – «Егемен Қазақстанның» бастауында тұрған басылым. Яғни Ресейде большевиктер билігі орнаған соң пайда болған тұңғыш жалпықазақтық газет десе де болады. Бұдан бұрынғы «Айқап», «Қазақстан», «Қазақ» басылымдарының жалғасы деуге де сыяды. Өйткені саяси бағыт-бағдарына қарамастан, газеттің басы-қасында жүрген азаматтар ең алдымен, қазақ қамын ойлады, қазақ жерінің бүтіндігін көздеді, өз ұлтының жыртығына жамау болуға ұмтылды. Мұны газетте жарияланған мақалалардың мазмұнынан-ақ байқайсыз.
...«Ұшқын» газетін шығару үшін Ордада Ғұмар Қараш бастаған жазушылар құрамасы шығарып тұрған «Дұрыстық жолы» газетін жауып, баспаханасын Орынборға көшіргені туралы осы кітапта берілген Тамимдар Сафиевтің естелігінде айтылған. Оның үстіне «Ұшқынды» шығарушы жазушылар құрамасында бөкейлік Халел Есенбаев пен Тамимдар Сафиев газеттің алғашқы басшылары ретінде тізімде тұр. Сондықтан аласапыран жылдарда алаш қамын ойлаған басылымның сөзін қайта тірілтіп, оқырман қолына ұстату ісіне батыл кірістік.
Бұл енді бірер жылдан кейін ғасырлық мерекесін атап өтетін еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінің тойына біздің тартуымыз, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойы қарсаңында барша қазақтың қамы үшін қайғырып, қолына қалам ұстап, қиын кезде газет-журнал шығарып, елге қызмет еткен барша қаламгерлердің рухы алдындағы құрметіміз болсын!».
Бізге баспасөз тарихын зерттеуге жол салып кеткен екі тұлғаның рөлі ерекше. Бірі – Мұстафа Ысмағұлов. Ол тарихымыздан хабары бар көптеген тұлғадан естеліктер жинап, Батыс Қазақстан облыстық өлкетану музейіне тапсырған. Екіншісі – Мұстафа Ысмағұловтың өтініші бойынша естелігін қағазға түсіріп тапсырған - Тамимдар Сафиев. XX ғасырдың басындағы аласапыран кезеңнің бел ортасында болып, алдымен Ордада, содан соң Орынборға барып аса жауапты қызметтер атқарған Тамимдар Сафиевтің естеліктеріндегі деректер аса құнды. Көбі тарихи айналымға енбеген. Осы күнге дейін Т. Сафиевтің «Ұшқын» газетінің алғашқы жазушылар одағының (редколлегия) төрағасы, яғни алғашқы редактор екені, оның газетті құрып, алғаш шығарғаннан 1920 жылдың мамыр айына дейін басқарғаны, өзінен соң кімнің басшы боп қалғаны, газеттің атауы Сейітқали Меңдешевтің ұсынысымен қойылғандығы көпке белгісіз болды. Т. Сафиев өзінің естелігінде Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов секілді ұлт жанашырларымен тығыз қарым-қатынаста, бірлесе қызмет еткендігі туралы құнды мәліметтер келтіреді. Соның ішінде Ахмет Байтұрсыновтың «Ұшқын» газетінде редакция алқасының мүшесі болғаны да айтылады. 1920 жылы Жаханша Досмұхамедов бастаған топ Совет үкіметін мойындау үшін Орынборға келгенде «Ұшқын» газетінің редакциясында арнайы кеш ұйымдастырылып, осы шараны жүргізген де Т. Сафиев екені беймәлім еді. Осы және басқа да құнды деректермен журналымыздың осы нөміріндегі Тамимдар Сафиевтің естелігі негізінде жазылған Қазбек Құттымұратұлының мақаласы арқылы толық таныса аласыздар.
Тамимдар Сафиев пен Халел Есенбаевқа Орал қаласынан көше атаулары беріліп, ғылыми конференциялар, басқа да тарихи-танымдық шаралар тұрақты өткізіліп, кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілсе, құба-құп.
Жантас Сафуллин