Құм Нарынның баласы жаһандық жылыну мәселесін шешеді

Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданына қарасты Бисен ауылында туып-өскен Ердәулет Әбуов жақында Оңтүстік Корея елінің Кванджу қаласынан оралды.

Ол Кореяға ел көру, жер тану үшін бармады. Үлкен мақсатын бағындыруға, қажетті білімін жетілдіру үшін барыпты. Ғылымға ден қойған Ердәулет жаһандық мәселенің алдын алуға, ғаламдық жылынуды болдырмау жолындағы игі істі қолға алыпты. Қарапайым отбасынан шыққан білімпаз Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев униерситетінің магистранты. Ердәулет күллі адамзатты аман сақтаудың жолын іздеп жүр. Жай ғана іздеп жүрген жоқ, сол ғаламдық апатты болдырмаудың әдісін тауып, соны тәжірибеге енгізбек.

Ердәулеттің қолға алған жобасы он адамның тоғызына оңай шағылмас жаңғақтай. Әлем ғалымдары мен табиғат жанашырларын алаңдатқан ғаламдық жылыну мәселесі жерлесімізді де толғандырса керек.

– Климаттық өзгерістердің салдарынан су көздері тартылып, құрғақшылық күшейе түскен сайын қоршаған ортаға да зиянын тигізеді. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарай алмаймын,- дейді ол.

Ғылыми жұмысын жетілдіре түсу үшін Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласын таңдауына Назарбаев униерситетіндегі ғылыми жетекшісі Вуджин Лидің де ықпалы болыпты. «Әлемдік ғалымдар» бағдарламасы негізінде діттеген жерге жеткен соң Ердәулет сондағы ең іргелі ғылыми орталық саналатын «Carbon and Energy Systems Lab» зертханасында екі ай бойына кәріс ғалымдарымен біріге зерттеу ісіне ден қояды. Жас ғалым төл жобасы жөнінде былай деп тарқатып айтып берді:

– Өздеріңізге де жақсы мәлім, жаҺандық жылынудың басты себебінің бірі – ауыр өнеркәсіп саласынан бөлінетін улы газдар, қоспалардың өте көп мөлшерде таралуы. Әсіресе, зауыттан шығатын түтін арасында көміртек оксиді жылыну процесін тездететін қоспа саналады. Әлем ғалымдары осыған қарсы түрлі технология ойлап шығарып, жаһандық жылынудың алдын алуға күш салуда. Мәселен, газ гидраты деп аталатын мұз тәріздес құрылымдарды қолдану арқылы көміртек газды ауаға таратпай, ұстап қалатын тәсіл бар. Газ гидраттары мұз тәріздес болғанымен, тек жоғары қысым мен төмен температурада түзіледі. Алайда осы технологияны қолдану үшін жоғарғы қысым беру өте тиімсіз әрі көп энергия қажет етеді. Сондықтан химиялық қосымшалар қосу арқылы газ гидраты түзілу үшін қысымды түсіру керек болады. Мен осы екі ай ішінде әр түрлі қоспалардың газ гидраты түзілуіне әсерін бақылап, ең тиімді қоспа түрін анықтауға тырыстым. Әлбетте, ғылыми зерттеулерімді Назарбаев университетінде әрмен қарай жетілдіре түсемін. Мен ұсынып отырған технология әлі өндірісте жоқ. Жаңа идея десем де болады. Бірақ, болашақта іске асады деп сенемін, - дейді Ердәулет.

Екі ай ел танып, жергілікті халықтың салт-дәстүрі, мәдениетімен танысуға да орайы келген соң кәріс халқының ерекшеліктері туралы да сұрап едік.

– Кәрістер еңбекқор екен. Жасы да, кәрісі де қолға алған ісін тиянақтылықпен тындырып, өзіне тиісті функционалдық қызметін мүлтіксіз орындайды. Кәріс әріптестерімнің өздері де «Бізде жеке өмір деген атымен жоқ, жұмыс, жұмыс және жұмыс» деп әзілдесіп қоятыны бар. Алайда бос уақыты бола қалса, міндетті түрде отбасымен таза ауаға демалуға шығады. Спортпен шұғылданады не тіл үйрену курстарына жазылады. Тағы бір ерекшелік – үлкендер мен кішілердің бір-біріне сыйластығы керемет. Бұл елде сыйластық пен құрмет көрсетудің 6 түрлі деңгейі қалыптасқан. Мәселен, досыңмен, әріптесіңмен, туысқандарыңмен т.б. адамдармен осы алты деңгейге сәйкес сөйлесу керек. Біздің жақтағыдай көрінген көзтаныстың бәріне қолыңды ұсынып, «сәлем» дей алмайсың. Мысалы, мен профессорлармен қолымды беріп амандаса алмаймын. Тек иіліп қана құрметімді білдіремін. Қалған әріптестерім де солай. Жұмыс барысында сағыз шайнап, не аяқты айқастырып қойып, жағыңды таянып отыру мәдениетсіздік саналады. Егер басшы жас болып, қоластындағылар өзінен едәуір үлкен болса, осы алты деңгейдің ішінен ыңғайлысын белгілеп, қарым-қатынас ережесін бірден нақтылап алады» деп кәрістердің бір-біріне ілтипатын сүйсіне жеткізді. Сондай-ақ, кәріс жұртының тамақтану мәдениеті көп елге ұқсамайтынын, шетте жүріп ұлттық тағамдарды сағынғанын да жасырмады.

– Қазақ халқы құнарлы, сіңімді етіп ауқаттанғанды жақсы көреміз ғой. Сондықтан кәріс асханасы соншалықты көңілімнен шықты дей алмаспын. Қазанда бүлкілдеп қайнап піскен етті аңсадым. Бұл елде малдың еті қымбат екен. Мысалы, сиырдың сан етінің килосы 19 мың теңге тұрады. Кәрістер доңыз етін жиі жейді. Ас мәзірінде бидай наны жоқтың қасы. Кез келген тамақты күрішпен қосып жей береді. Кимчи секілді өте ащы тағамдармен қоса теңіз өнімдері сұранысқа ие. Мен жұмыс жасаған институттың асханасында түскі ас екі мың теңге тұрады. Әр жұма сайын «Хэппи чиппи дэй», қазақшаласам «бақытты тауық күні» деп аталатын өте қызық дәстүр бар. Таңнан кешке дейін тек тауықтан жасалған тағам ұсынылады.

Қазір әлем елдері кен-қазба байлығын емес, ақылды, озық ойлы адам, кең ауқымды ойлайтын ұрпақты басты капитал санайды. Осындай да шалғай аудан, шағын ауылдан шығып, ғаламның амандығын ойлаған Ердәулеттей ұлдардың талпынысына риза боламыз. «Менікі әзірше идея», «Өндіріске енбеген нәрсе ғой» деп жұмысын жарнамалаудан қашқақтаған Ердәулетке еңбегі ел, адамзат игілігіне жарасын дейміз.

Арайлым Есмағұл,

Батыс Қазақстан облысы

Қаралым саны 919

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463