- Ең үлкен байлығымыз - егемендік пен тәуелсіздік. Осындай заманға жету жолында бабаларымыз алдаспандай жарқылдап, қара нардай қайрат көрсетті, бізге үлкен мұра қалдырып кетті. Ешқашан босаңсуға болмайды. Қазіргі уақыт ұлттың нағыз ұйысатын, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелейтін кезең. Ақтөбеде даңқты баһадүр атында әмбебап жекпе-жектен бірнеше турнир ұйымдастырдық. Бірақ, бір нәрсе жетпей жүргендей көңіл-күйде жүрдім. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы әдемі ой салды. Жалаңтөс бабамыз ақыл-ой даналығын, елді өркендету парызын, адамгершілік тәрбие мен имандылықты, құрылыс пен егіншілікті қатар ұстанған тарихи тұлға. Білім мен білек, ар-намыс пен жүрек үндестігінің нағыз мысалы. Ескерткіш тұрғызуға ұлтжанды азаматтар мен бабаның ұрпақтары қаржылай көмектесті. Болашақта автовокзал аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, гүл егіп, тұрғындар дем алатын саябақ жасап, қалаға келіп-кететін жолаушылардың көзі мен көңілі қуанатын жерге айналдыру жоспары бар. Бұл игі бастаманы облыс әкімі Оңдасын Оразалин қолдап отыр. Басшылыққа ақтөбеліктер атынан алғыс айтқым келеді. Жалаңтөс баһадүр тарихтың терең қойнауында қалса да, оның жемісті еңбегі абзал армандар мен асыл мұраттарға қанат бітіре алатын қасиетке ие. Қоладан құйылған ескерткіштің ішкі рухани мән-мағынасы да осы. Ұлы тұлғалар ұрпақтарының жаман болуға хақы жоқ. Бабалар аманатына адал болған жағдайда ғана ұлттың рухы шыңдала түседі. Бүгінгі ісіміз ертеңгі тарих, ұрпаққа берілетін тәрбие, үлгі-өнеге, - дейді қор төрағасы Бақытжан Ержанов.
Ескерткіштің ашылу салтанатына халық көп жиналды. Облыс басшылығы, алыс-жақыннан арнайы келген құрметті қонақтар құттықтау лебіз арнады.
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде өткен ғылыми-практикалық конференцияда Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Дағыстаннан келген ғалымдар баяндама жасады. Бабаның рухына үлкен ас беріліп, Құран бағышталды. Баба жүрген бағытпен арнайы түсірілген деректі фильм көрсетілді. Асқа келген қонақтарға Бегімбай Ұзақбаевтың мың дана «Жалаңтөс Баһадүр» кітабы сыйлыққа таратылды. Өнер орталығында жалғасқан ақындар айтысына жиналған көрермен үлкен залға лық толды. Айтыстан кейін эстрада әншісі Қуандық Рақым шырқаған патриоттық әндермен кештің шымылдығы жабылды. Айтыстан шыққан жұрт алаңға арнайы тігілген киіз үйлерге кіріп, дастарханнан дәм татты.
Жалаңтөс Баһадүр 1576-1656 жылдары өмір сүрген. Төртқарадан - Оразкелді, Ораз, Жаншұқыр, Қараш. Ораздан Ақпан, Тоқпан. Тоқпаннан Сейітқұл туған. Сейітқұл бабаның сегіз ұлы болған. Оның бәйбішесі - Сары кемпірден Сейітмәмбет, Төлеш, Ақша. Ақшадан Бәйбек, одан атақты Әйтеке би. Екінші әйелі - Қара кемпірден - Жалаңтөс, Дүйсенбай, Матай, Түрікмен, Қоян. Ел бұларды «Сегіз Сейітқұл» дейді екен. Әбіш Кекілбаев «Шығай Жәдікұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, қасына төртқара Сейітқұлды ерте кетеді. Жалаңтөс ол кезде бес жаста екен. Жалаңтөс Нұратада жүріп, Бұқар мен Тамды маңындағы қазақ ұлыстарын билеп отырған Ақназар ұлы Дінмұхамедтің көзіне түседі. Ханға 12 жасынан шәкірт болып қызмет етеді. Ақыл-парасаты, ерлігі қалыптасады. Хан сарайындағы шәкірт балаларға, жастарға бас болып, оларға түрлі әскер ойындарын үйретеді. Хандар, билер қасында жүріп, ел басқару ісіне қатысады. Имам, қажылардан имандылық, қайырымдылық үйреніп, ғылым-білімге зейін қояды» деп жазған. Әмір Темір 35 жыл Мәуренахрды биледі. Немересі Ұлықбек 40 жыл Самарқан әкімі болды. Осы екеуімен есімі қатар айтылатын Жалаңтөс баһадүр 44 жыл бойы Самарқанд қаласының әмірі болған. Академик М. Массон дерегі бойынша Жалаңтөс батырға сырттан келген сыйлықтың мөлшері мемлекетке түскен қазына байлығынан асып түскен. Осы қаражатқа әскер ұстаумен катар, сәулетті сарайлар тұрғызған. Самарқанд қаласында Жалаңтөс салдырған жүзден астам ғимарат бар. Атақты «Шир-дор», «Тіллә-кари» медреселері солардың қатарына жатады. Бұл керемет медреселер қазір Самарқанд қаласы ғана емес, өзбек елінің символына айналып кетті. Жалаңтөс бидің тұрғызған тағы бір медресесі Самарқанд қаласының маңындағы Дағбит қышлағында Мақсұм Ағзам әулиенің кешенінде әлі күнге мешіт ретінде жұмыс істеп тұр. «Ұлық болсаң кішік бол» дегендей, батырды өз өсиеті бойынша осы ұстазының аяқ жағына жерлеген. Ауғанның, Иранның және т.б. Орта Азия елдерінің шахтарымен қатар жатыр. Қабірінің орнын өзі көрсетіп, «Келушілер менің үстімді басып өтіп Мақсұт Ағзамға зиярат ете берсін», - деген екен.
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде өткен ғылыми конференцияда баяндама жасаған ғалымдар Жалаңтөс Баһадүр, оның тарихтағы орны, қазіргі уақытта мән беру қажет кейбір мәселелер туралы келелі пікірлер айтты.
Али Арслан, профессор (Түркия):
- Жалаңтөс баһадүр өмір сүрген заман және оның ұстанған саясаты, артында қалдырған мұрасы туралы зерделей келе, мұндай деңгейдегі тарихи тұлға туралы тек қана Орта Азия мен Қазақстан халқы емес, бүкіл түркі әлемі оқуы керек, түркі дүниесіне насихаттау керек деген сенімге бекідім. Жалаңтөс баһадүр саяси өнерде, дін ұстануда, ел қорғау ісінде, ірі құрылыстар салуда, қысқасы өзі араласқан барлық салада үлкен жетістіктерге көтерілген адам. Бір ұлттың деңгейінен асып кеткен, өзі басқарған аймақты мекендеген барлық ұлттың өкілдеріне бірдей әділ қараған билеуші бола білген тұлға.
Улуғбек Сатторов, ғалым-филолог, халықаралық Ә.Новои қорының төрағасы (Өзбекстан):
- Жалаңтөс баһадүр - әскери қолбасшы, саясаткер және құрылысшы, әлемдік өркениетке сүбелі үлес қосқан адам деп сеніммен айта аламыз. Бұл кісі салдырған ірі ғимараттар адамзат мәдениетінің көрнекті мұрасы ретінде қазіргі уақытта ЮНЕСКО тізіміне кірді. Атақты Шер-Дор және Тілла-Қари медреселері Самарқанд қаласының ғана емес, Өзбекстанның символы ретінде танылып, әлем туристерін елге тартуда. Қазақстан халқы оны негізінен Жалаңтөс атымен біледі екен. Ал тарихи және ресми құжаттарда Абдулкарим, Низамуддин деп те айтылады. Мысалы, Мәлік шахтың «Таърихи ихъйа ал мулук» шығармасында баһадүрдің құжаттарға «Низомуддин Жалаңтөс Аталық» деп қол қойып отырғаны жазылған. Бұхара, Самарқанд, Герат жерлері түгел Жалаңтөстің билігінде болды. Ол араб және парсы тілдерін өте жақсы білген. Әміршінің атынан жазылған барлық заңды құжаттар және Регистан алаңындағы медресе қабырғасындағы жазулар, бәрі түгел парсы тілінде жазылған. Данагөй әмірші халықтың білімді, сұлулыққа құмар, кемел адам болуға ұмтылуын қалаған. Құрылысшы шеберлерден осындай философиялық идеяға жауап беретін дүниелер талап еткен.
Эльдар Гаджиев, профессор (Дағыстан):
- Жалаңтөс баһадүр көреген саясаткер және мемлекет қайраткері болды. Мысалы, өзбек тарихшысы Камилхан Катаев «Әмір Темір, Ұлықбек және Жалаңтөс баһадүр салдырған керемет құрылыстар Самарқандты әлемге әйгілі қалаға айналдырды» деп жазады. Жалаңтөс баһадүр - қазақ пен өзбек ұлтына ортақ тарихи тұлға. Жалаңтөс батыр өзінің атақты бабасы, Әмір Темірдің бас уәзірі болған Ораз қажының өмірін, Әмір Темірдің әскери өнері мен соғыс жүргізу тактикасын мұқият зерделеген. Жалаңтөс туралы алыс-жақын елдердің тарихи жазба деректерінде жиі кездеседі. Орыс тарихшысы П.Ивановтың «Орта Азия тарихының очерктері» кітабында «Абдулазиз ханның аталығы Ялантуш би XVII ғасырда Ұлы Моғолдар (Үндістан) иелігіндегі Кабул қаласына жойқын шабуылдар жасап, көп тұтқындар айдап әкелді. Оның өз иелігінде үш мың құлы бар еді. Осы тұтқындардың күшімен Самарқандта медреселер салдырды» деген дерек бар. Ұлы Моғолдар әскеріне шамасы жетпейтінін жақсы түсінген Абдулазиз хан мен өзбек ақсүйектері қазақ сұлтандарынан көмек сұрады. Абдулазиз хан әскері мен оған қосылған Жалаңтөс би бастаған 100 мың қазақ сарбазы жорыққа шығып, моғол әскерін қирата жеңді. «Жалаңтөс Қоқан ханын тақтан құлатып, орнына өз ағасы Ақшаны хан көтерді» деген әңгіме де осыған байланысты шығуы мүмкін. 1649 жылы Бұхар ханы Абдулазиз Балқы және Хоросанға иелік ету жолында Иран патшалығымен соғысып еді. Осы соғыста қолбасы болған Жалаңтөс батыр жауын жеңді. Бұл соғыста да бұхар және қазақ әскерлері одақтас болды. Жалаңтөс батыр Ташкент пен Түркістанға үш рет жорық жасады, Кабул мен Мешхедті бағындырды. Атақты әскербасына Үндістан мен Хорезм, қырғыз, қалмақ, қазақ, қашғар хандарынан, тіпті Тибеттен мол сый-сияпат келіп жататын. Жалаңтөс батыр мен Бұхара ханы Абдулазиз Жайхун өзенінен өтіп Гератқа жетті. Олар келесі күні Шығанақ көлінің қасындағы қалашыққа аялдады. Сол жерде жақсы әзірленіп келген әскери қолмен бетпе-бет кездесті. Соғыс екі айға созылды. Осы уақыт ішінде көптеген қантөгіс шайқастар болды. Әскердің адам шығыны да аз болмады. Осы жорықта Жалаңтөс батырдың әскери қабылеті жарқырап көрінген еді.
Самат Өтенияз, профессор (Қазақстан):
- Есім хан талқандаған соң, қалмақтардың көп бөлігі Қазақ мемлекетінің қоластында қала берді. Сол кездегі Жоңғар мемлекетінің басшысы Хара-Хула өлген соң, оның баласы Ердене Батур қонтайшы билікті өз қолына алады. Осынау қолбасшының мемлекет басына келуімен сол елдің бірігуі және нығаюы басталады. Ал соған сәйкес Қазақстан мен Орта Азия елдеріне Жоңғар тарапынан қауіп те күшейе түседі. 1635 жылы Жәңгір сұлтан өз қоластындағы әскерлермен (әскерінің құрамында жалғыз қазақ емес қырғыздар және қалмақтар да болған) бірге Жоңғарға қарсы жорыққа шығып, оларды көп шығынға ұшыратады. Ал келесі жылы Батур қонтайшы қазақ еліне жорық ұйымдастырады.
1640 жылдан бастап Батур қонтайшы Жоңғар мемлекетін біріктіріп нығайта бастады және 1643 жылы қазақ еліне үлкен шабуыл жасады. Осынау Жоңғар шапқыншылығы басталғанда, қырғыз жерінің көп бөлігі жау қоластында қалды. Батур қоңтайшы сонда 50 мың әскермен баса көктеп кірген еді. Жәңгір мынау тұтқиылдан болған шабуылды есіте сала асығыс аттанады. Бұл соғыстың тағдырын Самарқаннан Жалаңтөс батыр келіп шешкені туралы талай жазылды.
Міне, біз жоғарыда қысқаша шолу жасаған қазақ елінің басындағы аса қаһарлы кезеңде, 1612 жылдан соң, Самарқан әміршісі болып Жалаңтөс батыр отырған еді. Ал ол туралы 1643 жылғы Орбұлақ шайқасына дейін жөнді жазба дерек сақталмаған. Қарауында көп әскері бар әйгілі батыр Орта Азия жеріндегі қазақ ханы қатысқан талай соғыстардан қалайша тыс қалуы мүмкін?! Әрине мүмкін емес. Әсіресе Тұрсын сұлтан жасаған бүліктерді басуға Абылай сұлтан, алшын Бекоғлы би және басқалар қатысқанда, Жалаңтөс батыр қалайша қалыс қалады?! Ол осы оқиғалардың бел ортасында жүрген болуға тиісті. Тек бізге жеткен деректерде ғана айтылмаған болуы мүмкін. Ал 1643 жылдан соңғы тарихи оқиғаларға Жалаңтөс батырдың қатысқаны туралы нақты деректер баршылық.
1644 жылы Бұхар ханы Иманқұл өледі, оның тағын Нәдір Мұхамедхан иеленеді. Сол жылы құрамына Пәкистан, Ауғанстан, Үндістан кіретін Ұлы Моғол империясы мен Бұхар хандығы арасында соғыс басталады. Міне, осы үлкен соғыста Жалаңтөс батыр шешуші рөл атқарғандардың бірі. Ал сол кездегі Қазақ мемлекетінің басшысы Салқам Жәңгір көмекке жүз мың әскер шығарады. Әрине, мүндай нақты тарихи деректер Орта Азиядағы саяси жағдайлардың қазақ ханынсыз шешілмегенін көрсетеді. Оның үстіне, Бұхар ханы Иманқұл өлген соң, оның орнын басқан Нәдір Мұхамед қазақтармен достық қатынаста болуды көздеген, себебі, Ұлы Моғолмен соғыста қазақ елінің көмегінсіз Бұхар хандығын сақтау мүмкін емес еді; қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақтардан құрылған сақадай сай көп әскерді басқарып, Нәдір Мұхамед Балх жеріне кіргенде, Жалаңтөс батыр мен алшын Бекоғлы би басқарған жүз мың әскер Әмудариядан өтіп, Ауғанстанға кіріп, Қабылға бет алады. Ұлы Моғол империясының қалың әскері Балхыда тұрған еді. Әскерді басқарған Ұлы Моғолдың болашақ императоры Ауренжаб (1658-1707) болатын. Осынау қырғын шайқас ұзақ күнге созылады. Опат болған жауынгерлердің көп болғаны соншалық есебін анықтау мүмкін болмаған...
Жеңіспен оралған себепті, Қазақ мемлекетінің мерейі өсе түседі. Алайда елдің шығыс жағынан, яғни Батур қоңтайшы тарапынан жаңадан қауіп төне бастаған еді...
Осынау біз қараған кезең, яғни Жалаңтөс заманындағы Қазақ елінің мерейі сыртқы жауларын қиратумен көтерілгені белгілі. Бұл даңқты кезенде Қазақ елінің атқа мініп, шайқасқа кірмеген жылы жоқ десе де болады. Қазақ елін қорғап, шайқас үстінде мемлекетті нығайтқан халқымыздың Есім хан, Салқам Жәңгір, Жалаңтөс батыр сияқты ең жоғарғы дәрежедегі ұлттық батырлары.
Түркиядан жеткен жаңалықтар
31 қазан - 2 қараша күндері Түркияның Мерсин университеті және "Мер-ак" Мерсин академиясы бірігіп халықаралық симпозиум өткізді. Бұл жиынға Ақтөбеде Жалаңтөс баһадүрге ескерткіш ашуға және ғылыми конференцияға қатысқан ғалымдар түгелге жуық қатысыпты. Ақтөбедегі іс-шарадан ой түйіп кеткен түрік ғалымдары 2020 жылы түркі әлемі ғалымдарын түгел шақырып, Түркияда Жалаңтөс баһадүр туралы ірі ғылыми конференция өткізу туралы ұсыныс жасап, қаулы қабылдапты. Өзбекстандық филолог ғалым Улуғбек Сатторов қазақ жазушысы Бегімбай Ұзақбаевтың «Жалаңтөс Баһадүр» романын өзбек тіліне аудара бастағанын ресми түрде хабарлады.
Осы симпозиум аясында С.Бәйішев университетінің президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан «Түркі әлеміне қосқан үлесі үшін» халықаралық медалімен марапатталды. Бұл жаңалықтарды сол жиынға қатысып келген профессор Мұхтар Миров хабарлады. Ғылыми ортаның жағымды жаңалықтарына қуана отырып, марапат иелеріне құтты болсын айтамыз!
Мектепте оқытылатын тарих кітаптарында 1643 жылы Орбұлақ шайқасында Жалаңтөс батырдың 20 мың әскермен Салқам Жәңгірге көмекке келгені ғана айтылады. Қазақстан және Орта Азия елдерінің тарихында қалдырған үлкен еңбегі, парсы, ауған, Ұлы Моғол әскерлерінің бетін қайтарған ерлігі туралы жазылса дұрыс болар еді.
Айшуақ Дәрменұлы,
Ақтөбе облысы