Биыл ақпан айында облыс тізгінін қолға алған Оңдасын Оразалин өңірдің экономикалық әлеуетін арттырумен бірге рухани мәселелерге де жиі көңіл бөліп отыр. Облыстық басылымдарға берген ең алғашқы сұхбатында-ақ оқырманды алда істелетін жұмыстардың ретімен таныстырған өңір басшысы рухани саланың да еңсесін тіктейтін жобалардың қолға алынатынын айтқан болатын. Соның бірі — «Ақтөбе кітапханасы» сериясын жалғастыру болатын.
Жақында аталған сериямен бірден 27 том жарық көрді. Ерекшелеп айтып отырғанымыздың себебі бар. Бұған дейін бірнеше жылда 23 том шықса, енді бір ғана жылда 27 том оқырман қолына тиіп отыр.
Жоба авторы Мейірхан Ақдәулетұлының пікірінше, бұл — өте қуанышты жайт. Елу томда Ақтөбе өңірінің арғы-бергі тарихындағы сөз иелері түгенделіп отыр. Жеке томдыққа өлеңдері аздық ететін бірнеше автордың шығармалары топтастырылып берілді. Ең қуаныштысы, 50-томға жастардың темірқанат шығармалары енді.
Жастар демекші, биыл Жастар жылы аясында ақтөбелік он жастың жеке кітабы жарыққа шықты. Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының ұсынысымен, Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен шыққан бұл кітаптар жас қалам иелерін бір серпілтіп тастады.
Қараша айының 14-16-ы аралығында Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты әдеби форум өтеді. Қазақтың белгілі қаламгерлері бас қосып, ұлт әдебиетінің қазіргі ахуалын талқылайтын жиында жоғарыда аталған 27 томдық пен он кітаптың тұсаукесері өтеді.
Сондай-ақ форум аясында Ізтай Мәмбетовтің 90, Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағамбетовтың 85 жылдық мерейтойлары аталып өтілмек. Ізтайдың кіндік қаны тамған Алға ауданында ақыннның бюсті бой көтереді. Ол туралы «Табанталда қалған із» атты кітаптың тұсаукесері өтеді. Облыс орталығында Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағамбетовке арналған кеш өтеді. Қос қаламгердің тойы ертеңіне кіндік қандары тамған Байғанин ауданында жалғасады.
Сондай-ақ форум аясында қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның да шығармашылық кеші атап өтілмек.
Айшуақ Дәрменұлы,
Ақтөбе қаласы