Ұлы мәртебелі Тәуелсіздік күні қарсаңында жарық көріп отырған журналымыздың бүгінгі саны аса көрнекті алаш қайраткері, Күнбатыс Алашорда көсемі – Жаһанша Досмұхамедов тақырыбына арналып отыр.
Орал қаласындағы Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж ұжымының Алаштың ардақты ұлдарының есімдерін жас ұрпаққа насихаттаудағы еңбегі ерекше. Тәжірибелі педагог, педагогика ғылымдарының докторы Светлана Бахишева басшылық ететін аталмыш оқу орнының ұстаздары мен студенттері өткен жылы «Жаһанша ізімен» экспедициясы аясында Жаһанша Досмұхамедовтың туған жері Бұлдыртыға, сондай-ақ Қаратөбедегі Алаш сиезі өткен тарихи орынға сапарлады. Ал, биыл олар талай алаш зиялыларының ізі қалған тарихи қала – Орынбор шаһарында болды.
Былтыр осы оқу орнында колледж басшылығының төл бастамасымен облыстық деңгейде «Жаһанша оқулары» өткізілген болатын. Мазмұны терең осынау шара биыл дәстүрлі сипатқа ие болып, халықаралық деңгейде ұйымдастырылғалы отыр.
Ұлт мүддесі үшін басын бәйгеге тіккен аса ірі тарихи тұлға Жаһанша Досмұхамедов тақырыбы алдағы уақытта алаштанушы ғалымдар мен жас зерттеушілер тарапынан әлі де жүйеленіп, тың мәліметтермен толыға түсер деген үмітіміз зор.
Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын, қадірменді Алаш жұрты!
Нұртас Набиоллаұлы,
журналдың бас редакторы