«Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады» демекші, ғасырлар бойы жүргізілген отарлау саясаты Кеңес үкіметі тұсында да аса белсенділікпен жалғасты. ...Нәтижесінде жас, орта, аға буынның көпшілігі туған елдің тарихы түгіл, өз әулетінің тарихын білмейтін халге жетті. ...Солақай саясаттың салқынын бойдан толық шығару үшін әлі талай еңбектенуіміз қажет. Сол еңбегіміздің бірі— қолдарыңыздағы «Dana.qaz» журналы. Міне, жүз жыл бұрын газет, журнал еліміз үшін қандай маңызды болса, бүгін де сол маңыздылығын жойған жоқ. Осыдан жүз жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда бүгінгі таңда елімізде газет, журналдар өте көп. Бірақ тәрбиелік, танымдық бағыттағысы саусақпен санарлықтай ғана. Он алты миллион халыққа бұл аздық етеді. «Көп түкірсе,көл», «Теңіз тамшыдан құралады» дегендей, қолымыздан келген қызметімізді халық игілігіне ұсынып отырмыз. ...Журналдың негізгі мақсаты – жұртшылыққа білім, ғылым, кәсіп игеруді үйрету, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бізге аманатталған кең байтақ жер ата-бабаларымыздың қан мен тері, көз жасы арқылы келгендігін ұғындырып, еліміздің басты байлығы татулық, ынтымақ, бірлік екендігін түсіндіру. ...Журнал атауындағы «Дана» сөзі данышпан, ақылгөй дегенді білдіреді. Сон-
дықтан «Дана» журналының оқырмандары журналдағы барлық рухани байлықты бойларына сіңірсе деген ниеттеміз. Елдік пен ерлікті дәріптейтін журналымыз елі мен ұрпағының болашағына бейжай қарамайтын барша оқырманның сүйікті басылымы болғай!».
Аллаға шүкір, түрлі қиыншылықтарға байланысты іркілгенімізбен, журналымыз үздіксіз шығып тұрды. Мақсатымыздан айныған жоқпыз. www.danaqaz.kz сайтына барлық материалдарды орналастырып, әлеуметтік желілердегі парақшаларына сайттағы мақалаларды бөлісіп, оқырмандарға қол-жетімді болуға барымызды салып келеміз. Жеті жылдық мерейлі нөмірімізді Жаһанша Досмұхамедовқа арнадық. Бұрын батыр бабаларымыз білектің күшімен азаттығымызды қорғаса, ХХ ғасырдың басында білектен күш кетіп, тәуелсіздік үшін тек ақыл мен айланың күшімен ғана күресу жолы қалған-ды. Осындай қиын-қыстау жағдайда жеке өмірін халқының болашағы үшін құрбан етіп, суырылып ортаға шыққан — Жаһанша Досмұхамедов. Қазақтың бағына туған дара тұлғаға қатысты соңғы жылдардағы зерттеу жұмыстары, атқарылған шаралар жөнінде оқырманды тағы бір таныстыруды жөн санадық.
1911 жылы «Уральский листок» газетіне жазған мақаласы мен 1938 жылы тергеу хаттамасындағы өзі толтырған өмірбаянын толық нұсқада ұсындық. Ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Жаһанша Досмұхамедовтың әр сөзі мен ісі бүгінгі ұрпаққа нағыз сабақ болмақ.
Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Ақбай БАРЖЫҰЛЫ