Жымпиты – мәскеу экспедициясы

2017 жылы Алаш қозғалысының ғасырлық тойы Семей, Жымпиты сияқты мекендерде кең көлемде атап өтілді. Әсіресе, Батыс Қазақстан өңіріндегі мемлекеттік құрылымды құрып, қызмет еткен Алашорданың батыс бөлімі қайраткерлерінің атқарған қызметін халыққа жеткізу мақсатында бірталай қызмет атқарылды. 

Батыс Алашорданың орда тіккен жері — Жымпиты өлке тарихының ең көрнекті орны болып саналады. Сондықтан аудан басшылығының атсалысуымен 2017 жылы «Жымпиты — Семей» және «Жымпиты – Мәскеу» экспедициялары ұйымдастырылып, көптеген тың дерекпен тарих қойнауының айтылмаған парақтарын толықтыруға мүмкіндік жасалды. 

2017 жыл ерекше болып, мәңгілік есте қалды. Оның себебі Астана күні қарсаңында Сырым ауданының Жымпиты ауылында Алаш автономиясы және Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай 5-10 шілде аралығында ұйымдастырылған «Жымпиты – Мәскеу» бағытындағы экспедицияны шығарып салу рәсімі өткізілді. Экспедиция құрамында Сырым Датұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі, әрі экспедиция жетекшісі, осы жолдардың авторы Айнагүл Ойшыбаева, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, алаштанушы Дәметкен Досмұханқызы, Сырым аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Бақытжан Сабырәлиев, Бұлан жалпы орта білім беретін мектебі тарих пәнінің мұғалімі Серік Зиятов, «Сырым
елі» газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлы және С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 мектеп - интернат кешенінің оқушысы – Әмина Төлешова болды.

«Жымпиты – Мәскеу» экспедициясы мүшелерін шығарып салуға аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары С. Тәжмұқан, аудан халқы, Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп мұғалімдері мен оқушылары келді. Экспедиция мүшелері «Алаш» саябағынан Мәскеу қаласына жол тартты, алда 1282 шақырым қашықтық жатқан еді. 

Алғашқы күніміз, яғни 5 шілде біздің көлік Ресей Федерациясының Самара, Тольятти, Сызрань секілді ірі қалалардың тұсымен өтті. Жол жиегіне тоқтап, табиғат аясында шәй іштік, бірақ сіркіреп жаңбыр жауғасын, аяқ
суыттық та, жүріп кеттік. Бұл жаңбырды жақсылыққа баладық. 

Ресей жері жап-жасыл, жолдың бойы ну орман, табиғаты ерекше әсем және күні де жол жүруге ыстық емес, бізге өте ыңғайлы, қоңыр салқын болды. Түнгі сағат 1:30 - ға таман Ресейдің Пенза облысы аумағына кіретін Кузнецк ауданының орталығындағы «Кронверк» кешеніне аялдап, қонақүйге түнедік. 

Екінші күні, 06.07. кафеден таңғы асымызды ішіп, жолға шықтық. Кешегі жүрген жолымыз – 500 шақырым, әлі Мәскеуге қаласына 700 шақырым жол бар. 

Көлік өте көп, жол бойында сервистік қызмет жақсы жолға қойылған екен және әрбір 10-15 шақырым жерде ауыл немесе кешен бар. Жолшыбай Пенза, Нижный Ломов, Рязань қалаларынан өттік. Тоқтап, түскі ас ішіп, «Московская область» деген жазуы бар жерде суретке түстік, Мәскеу облысының аумағына ендік, алда — Мәскеу. 2017 жылдың санағы бойынша Мәскеу қаласында 12 миллионнан астам тұрғын бар екен, ресми тіркелмегендері қаншама. Мәскеу — алып қала. Шаһардағы көлік кептелісінен 3 сағат дегенде орталықтан алып қойған қонақүйімізге жеттік. Бүгін — Астана күні, біздің ел үшін мереке. Астанаға тілек айтып, тамақтанып,
тынықтық.

Үшінші күні, 07.07. Ерте тұрдық, алда көп жұмыс бар. Мен – Алашорда Батыс бөлімінің мүшесі болған Дәулетшаһ Күсепқалиевтің Мәскеуде тұратын жиені — Исенгалиева Райса Касабулатоваға қоңырау шалдым. Мәскеуге келген сапарымыз жөнінде айтып, құрметімізді білдіріп, кіріп шыққымыз келгенін айтып едім, ол кісі бізді қабылдамайтынын айтты. Көңіл күйіміз біраз түсіп қалды. Ендігі бағытымыз — Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының елшілігі, ол Чистопрудный бульвар № 3 мекенжайында орналасқан қос қабатты, көк түсті ғимарат екен. Барсақ, негізгі есік жабық, қосымша артқы есіктен кіруге тура келді. Бүгін — елшілік үшін демалыс, олар Астана күнінде демалады екен. Кезекші Нұрбек Қоңырбаев бізді есік алдында қарсылады. Елден әкелген сыйлықты Айнагүл Ойшыбаева соған табыс етті. Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі –Иманғали Тасмағамбетов еңбек демалысында екен.

Төртінші күн, 08.07. Бәріміз де ертерек тұрдық, таңғы тамағымызды ішіп, қалаға шықтық. Ендігі бағытымыз – Дон зираты. 

Сіркіреп жаңбыр жауып тұр. Зират жанында монастырь бар, үлкен аула, қызыл кірпіштен салынған. Кеңсеге кіріп, Жаһанша Досмұхамедовтың жары Ольга Константинованың жерленген жерін сұрастырдым. Айнагүл Ойшыбаевада Владимир Рысқұловтың нағашы апасы, яғни Жаһанша атамыздың жары Ольга Дон зиратында жерленген деген қағазы болатын, бірақ жерленгендер тізімінен ол кісінің есімін таба алмадық. Дон зиратында жерленген Алаш зиялылары – Ә. Бөкейханов, Н. Нұрмақовтың рухтарына бағыштап Бақытжан Сабыралиев Құран оқыды. Осы қос арысқа арнап Н. Дулатбеков ұрпақтар атынан ескерткіш тақта қойған екен, оған ақын Қасым Аманжоловтың мынадай өлең жолдары жазылған:

«Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы!
Танимысың сен мен?
Мен қазақтың баласы!

Осы №1 зират саяси қуғын - сүргінге ұшыраған жүзден астам адамның денесі алақандай жерге жерленген. Ендігі бағыт — Бутов полигоны, біздің көлік жүргізушіміз Анатолий ағай өте жақсы кісі екен, қолында навигатор, Мәскеу қаласының көшелерінде еркін жүрді, тоқтайтын жерлерді дәл тауып, сады. Жымпитыдан шыққандағы ең маңызды шаруамыз осы болатын. Бұл жерде талай арыс жатыр, соның бірі де бірегейі біздің жерлесіміз —Жаһанша Досмұхамедов. Бутов полигоны – Мәскеу қаласының оңтүстік-батыс әкімшілік округінде орналасқан. Зираттың әкімшілік ауласында алтын күмбезді ақ ғибадатхана бар екен. Бұл – орыс православ шіркеуінің помесьтелік соборы. Соборға 2017 жылы 100 жыл толыпты. Собордың ішіне кірдік, оң жақта сауда сөрелері бар, онда діни кітаптар, майшамдар, икондар тұр. Собор қызметшісінен жерленген адамдардың есімдері жазылған кітапшаны сұрадық. Кітаптар бірнеше том екен, бұл тіркеу құжаттарын Айнагүл Ойшыбаева, Бақытжан Сабыралиев және мен үшеуміз үш жақтан қарап, бірақ Жаһаншаның есімін таба алмадық. Сол кезде бір кітап жерде оқшаулау жатыр екен, Бақытжан Сабыралиев оны көріп қойып, сол кітапты сұрадық. Бұл жерленген адамдар туралы шыққан кітаптың №3 томы екен. Оның беті 82-ші парағында, «Дос - Мухамедов Джаганша» деген есім көзге жылы ұшырады, сонда көзімізден жас шығып кетті. Шынында да, қазақта «Іздеген жетер мұратқа» деген мақал бар ғой, міне, енді қол жетті, яғни біздің атамыз, Алаштың басшысы, заңгер, тұңғыш тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылған, ұлттың намысы мен болашағы үшін күрескен Жаһанша Досмұхамедовтың жерленген жерін таптық. Ол кездегі жүрек тебіренісін айтып түсіндіру мүмкін емес...

Собордан шығып, адамдар жерленген аймаққа бардық, онда тереңдігі 3 метр, ұзындығы 150 метрді құрайтын 13 аймақ бар екен. 1937 жылдың 8 тамызынан 1938 жылдың қазанына дейін 20 мың 726 адам атылған, күн сайын 100 адамнан, тіпті кей күндері 300, 400, 500 адамға дейін атқан. Ең айуандықтың атаулы күні — 1938 жылдың 28 ақпаны, ол күні полигонда 562 адам атылыпты, оның ең жасы 13-те, ол баланың есімі – Миша Шамонин, ал ең егдесінің жасы сексенде. 

Жаһанша Досмұхамедов 1938 жылдың 3 тамызында атылған. Осы күні 120 адам ату жазасына кесілген. Бұл деректер Бутов полигонының тақтасында жазылған және кітаптарда тіркелген. Ендігі жерде сондағы тізімдегі адамдардың деректерін зерттеп, нақтыласа, жақсы болар еді. 

1997 жылы Бутов полигонында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Бір траншеяның 12 шаршы метр жерін қазғанда 5 бірдей жерлеу қабаты шыққан, осы аядай жерден 149 адамның сүйектері табылған және заттары, киім қалдықтары, аяқ киімдері музейге қойылған. Собордың төменгі қабаты — музей. 

Саяси қуғын - сүргіннің 80 жылдығына орай Бутов полигонында 28 қыркүйекте «Сад памяти» атты мемориалдық кешен тақтасы ашылды. Онда тізімдер жазылды. Жаһанша атамыздың есімі де жазулы тұр, оған біздің Орал қаласынан Жаһаншаның бел немересі Бисенғали Қуанышқалиевтың баласы Қуаныш барып, ашылу салтанатына қатысып, Жаһанша атасының портретін собордағы музейге тапсырып, гүл шоқтарын қойып келген еді. 

Елден апарған бір уыс топырақты сеуіп, Жаһанша Досмұхамедовтың мүрдесі жатқан жерден топырақ алып келдік. 

Ондағы храмның басшысы Протоиерей әкей Кирилл Каледа көп жыл еңбектеніп, Бутов полигонында жерленген саяси-қуғын сүргін құрбандарының аты-жөндерін жинақтап, бірнеше кітап шығарған.

Жаһанша Досмұхамедовтың Мәскеуде оқыған кездегі дипломының түпнұсқасы әлі табылмай жатыр, ендігі мақсат — осы дипломды табу. Тағы бір қызмет — 1917 жылы Жаһанша Досмұхамедовтың Санкт-Петербургтан әкелген Құраны, бұл Құран бүгінгі күнде Ташкент қаласында деген мәлімет алдық. Болашақта осы Құранның көшірмесін елге алып, Алаш мұражайына қойсақ деген ұсыныстарымыз бар.

Бутов полигонында атылған адамдардың жас ерекшеліктерін, ұлттарын және жыныстарын толық зерттеп, мәліметтер жинап, соның ішінде оның қаншасы қазақ, қаншасы Алаш және өзге ұлт өкілдерінің тағдырын зерттеп, дәлелдеп, тарихи айналымға енгізсек деген ойдамыз.

Осыдан шығып, шелпек пісіріп, Құран бағыштадық.

Ендігі бағыт — Жаһанша Досмұхамедов оқыған білім ордасына жол тарттық. Бұл — Мәскеу қаласындағы бұрынғы император университеті, қазіргі Азия-Африка елдерінің институты, М. Ломоносов атындағы МГУ-дың филиалы. Жаһанша Досмұхамедов бұл оқу орнында 1906-1910 жылдары оқыған. Осы жерден ол заңгер мамандығын алып шыққан болатын. Алаш қайраткеріне қатысты тың құжаттарды алуға мүмкіндік алдық. Ол құжаттар қазіргі М. Ломоносов атындағы университеттің негізгі корпусында сақталған екен.

Енді соған жолдама алайық деп отырмыз. Осы Жаһанша Досмұхамедов оқыған оқу орнында қазақтың қызы Жібек Сыдықова жұмыс жасайды. Ол — тарих ғылымдарының докторы, профессор. Бізге көп көмегін тигізді. Өзінің шығарған монографияларын бізге сыйға тартты. Алыста жүрсе де, жүрегі қазақ деп соғатын ұлттың намысты қызы. Мәскеудің қақ ортасында институтта қазақ тілін өзге ұлттарға үйретіп жүрген жанашыр, білімді ұстаз. 

Осы оқу орнынан щығып, Жаһанша Досмұхамедовтың Мәскеуде тұрған үйіне бардық. Жаһанша Досмұхамедов 1938 жылы Мәскеу қаласының Хавско- Шаболовский қиылысы, №11 үй, 265 пәтерде тұрған. Бұл үйді Жаһанша Досмұхамедовке бажасы Тұрар Рысқұлов алып берген болатын. Бұл мәліметтер Жаһанша Досмұхамедовтың жұбайы Ольга Константиновнаның деректерінен алынды. Қазіргі кезде бұл үйдің мекенджайы, Лестева, үйдің номері №19, 2 корпус, 265 пәтер. Үйдің сырты жақсы жөндеуден өткен. Біз осы үйдің жанына келіп суретке түстік. Әрқайсысымыз жан-жаққа шығып қарап, осы жерде жүрген Жаһаншаны есімізге алдық. 1938 жылдың 1 маусымының түнінде Жаһанша Досмұхмедовты осы үйден НКВД ұстап әкеткен болатын. Осы күні Жаһанша Досмұхамедов Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалау» романын орыс тіліне аударып болған екен. Бұл дерек оның жұбайы Ольга Константиновнаның мәліметінен алынды.

Осылайша, Мәскеу қаласында Жаһанша Досмұхамедовке байланысты көптеген мәліметке қанығып, көзімізбен көріп, елге оралдық. Елден апарған Жаһанша Досмұхамедовтың туған жерінің топырағын қайда себеміз деп көп
ойландық. Бутов полигонында көп адамның мүрдесі жатқан жерге себуден көрі, біздер өсіп тұрған қос ағаштың түбіне елден апарған топырақты септік. Себебі Жаһанша Досмұхамедов екі ағайынды. Ағасы Ғаббас Орал түрмесінде атылды. Ал оның әкесі Досмұхамед те екі ағайынды болатын. Сондықтан осы қос ағаш біздің көзімізге ағайынды Досмұхамедовтер сияқты елес болып көрінді. Осылайша арқалаған ауыр ел жүгін орындадық деген оймен елге жол тарттық.

Дейтұрғанмен де, бір өкініштісі сол, қазір көптеген Алаш қайраткері, соның ішінде Батыс Алашорда қайраткерлерінің құжаттары Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінде жатыр. Енді ондағы құжаттарды алуға әлі мүмкіндік болмай тұр. Облыстық тарихи - өлкетану музейіне Ішкі істер департаментінде жатқан Алаш қайраткерлерінің құжаттарын берсе, көптеген азаматтың есімдері тарихқа жаңартылған бағытта оралар еді. Бұл біз үшін «Рух жаңғырған күн» болды.

Аталар есімі елі барда, халқы, ұрпағы барда өлмейді. Мен өз зерттеулерімді әлі де жалғастырамын деген үміттемін.

Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА,
Батыс Қазақстан инновациялық - технологиялық
университетінің профессоры

 

Қаралым саны 1307

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463