«Халық жауына» айналған Жаһанша Досмұхамедов

Қазақ елінің, оның халқының басынан өткен ең ауыр зұлмат, бұл 1937-1938 жылдардағы жазықсыз жазалау болды. Халқымыздың маңдайалды азаматтарын түгелдей қамтыған бұл зұлматта, өзін-өзі басқарып, ұлттың мүддесін қорғай алатын автономиялық мемлекеттік жүйе құруды мақсат еткен «Алаш» қозғалысының көзі ашық азаматтары жазықсыз жапа шекті. «Алаш» ұлттық автономиясын орнатуды көксеген Батыс Алаш-Орда
үкіметінің негізін қалаған азаматтың бірі – Жаһанша Досмұхамедов. 

Ол 1887 жылы Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданының Бұлдырты елді мекенінде дүниеге келген. 1896 жылы Орал қаласындағы реалдық әскери училищеге түсіп, оны 1904 жылы бітірді. 1906 жылы Мәскеу Императорлық университетінің заң факультетіне түсіп, бұл оқу орнында орыс және батыс ғалым-заңгерлерінің озық ойлы еңбектерімен танысып, қазақ тәрізді кереге биліктен азаматтық- заңды билік түріне көшудің аса қажет екендігін ұғынды. 1910 жылы аталған университетті үздік бітіргеннен кейін Оралға келіп, заңгерлік қызметке орналасады. 

ХХ ғасыр басында еліміздің барлық өңірінде жаппай орын алған белсенді ұлт-азаттық қозғалыстың екпініне араласқанға дейін Ж. Досмұхамедов патшалық сот органдарында қызмет атқарып, маңызды мемлекеттік іспен шұғылданған.

Патшалық Ресейдің Әділет генералы

Алғашқыда Орал аумақтық сотының жанындағы сот лауазымына үміткер ретінде қызмет атқарып, бітімгершілік соты және қылмыстық бөлім хатшысы көмекшісінің міндеттерін орындаған. 1912 жылдың жазында Барнауыл уезі 10-учаскесінің бейбітшілік сотының міндеттемелерін орындау үшін іссапарға жолданып, кейін Омск сот палатасына аға үміткер ретінде ауыстырылды. 1913 жылы аталған лауазым бойынша Змеиногорск уезінің 1-учаскесіне ауыстырылып, 1913 жылдың күзінде Барнауыл қал. «прокуратура органдарына көмекке» шақырылып, 1914 жылдың наурыз айында Каин уезі бойынша Томск округтік сотында прокурорлық (орынбасары) қызметке тағайындалды. Томск округтік соты прокурорының жолдасы (орынбасары) міндетін атқарып жүріп, ол саяси айдалуды қадағалады және осы қызметте әділет генералы шенін иеленді.

Прокурор Н. Г. Красильниковтың қолы қойылған «Распределение участков товарищей Прокурора Томского Окружного суда» атты құжат сақталған. Бұл тізімге Ж. Досмұхамедовтың аты-жөні де енгізілген, құжатқа сәйкес, ол 1914 жылы Каин учаскесі прокурорының жолдасы (орынбасары) болып тағайындалған. Прокурорлық учаскенің құрамына Каин түрмесі және Каин уезінің 3, 6, 7, және 8 - учаскелерінің бітімгер соттары енгізілген. Сонымен қатар, Томск округтік сотының прокурорлық қадағалау қызметіне байланысты «Наряд камеры прокурора Омской судебной палаты» деген құжат сақталған. Аталған құжатта прокурор жолдасы (орынбасары) лауазымдарындағы қызметіне толық сипат берілген. Томск аумағында Змеиногорск, Томск-Кузнецк, Бийск, 1 және 2 Барнауыл, Томск қал. 9 - учаске болған. Әрбір учаскені Томск округтік сотының Прокуроры тағайындаған прокурор жолдасы (орынбасары) басқарған. Жолдас прокурорлар ай сайын Омск сот палатасының Прокурорына учаскелерінің қызметі туралы ақпарат жолдаған. Қызметтің келесідей бағыттары бойынша есеп берілген: 1.Жалпы қылмыстар бойынша Округтік сотқа жолданған істер: а)айыптау актілерімен, соның ішінде 525 - бап бойынша Қылмыстық сотқа жолданған; б) соттылығының өзгеруі туралы және тоқтату туралы қорытындылармен және айыптау актілерімен; г) ойлау мүмкіндігін куәландыру туралы қорытындылармен; д) 356-бап бойынша қорытындылармен; е) жеке айыптау тәртібімен; 2. Лауазымдық қылмыстар бойынша: а) қорытындылармен басшылыққа; б) айыптау актілерімен Округтік сотқа. 

1915 жылғы «Памятная книга Томской губернии» атты кітапқа Томск губернаторының нұсқауымен губернияның көрнекті қайраткерлерінің аты-жөндері енгізілген. «Прокурорлық қадағалау» бөліміне Ж. Досмұхамедовтың да есімі енгізілген. Ресей заңдарын терең білуі, адалдығы мен шынайылығы қазақзаңгерге үлкен танымалдылық алып келді. 

Ж. Досмұхамедовтың танымалдығы туралы өзінің Отанында да білді. Гурьевте (Атырау) бір күрделі сот процесі тағайындалған кезде танымал, белді заңгер Б.Қаратаев қорғаушы болуға өз келісімін беріп, прокурор ретінде, яғни мемлекеттік айыптаушы ретінде және заңдылықты қамтамасыз ету үшін Томск қаласына Ж.үДосмұхамедовке арнайы хабарлама жолдаған.

«Жауыздық низамнамасы»

Алаш-Орда таратылған соң, 1927 жылдың қараша айына дейін Ж. Досмұхамедов Ташкент қаласында тұрған, Түркістан Халық комиссариатының әділет кеңесшісі болған, әділет Халық Комиссариатының жанындағы курсанттарға заң курстарынан сабақ берген, Халық комиссарлары Кеңесінің заңдарды жасау жөніндегі комиссиясының құрамында болған.

Ташкенттегі Ж. Досмұхамедовтың қызметі «Талап» қырғыз (қазақ) мәдениетінің жанашырлары қоғамдастығы» және Қазақ халық ағарту институтымен тығыз байланысты.

Басқарма төрағасы – Халел Досмұхамедов, мамандығы бойынша дәрігер, профессор. Төрағаның орынбасары – Мырзағали Испулов, ұстаз, Александр Шмидт – шығыстанушы профессор, Мұхтар Әуезов – әдебиетші (студент), Мұхамеджан Тынышпаев – инженер, Иса Тоқтабаев – географ, Қасым Тыныстанов – ақын (студент), Жаһанша Досмұхамедов – заңгер, Кәрім Жәленов – математик және т.б. 

Ж. Досмұхамедов осы қоғамдастықтың мүшесі болды. «Талап» қоғамында жұмыс жасай жүріп, оған Түркістан әділет Халық Комиссариатының өтінішімен заңгер ретінде РСФСР-дың қылмыстық кодексін қазақ тіліне аудару тапсырылды. Ж. Досмұхамедов аударманы басқарды және 1924 жылы Ташкент қаласында тұңғыш рет Түркістан Республикасы ХКК-ның Арнайы комиссиясының баспасымен «РСФСР–дың қылмыстық кодексінің қазақ тіліндегі аудармасы «РСФСР-дың жауыздық низамнамасы» деген атпен тұңғыш рет жарыққа шыққан. 

Алғашқы аудармасы 1000 нұсқалық тиражбен жарыққа шығып, ең алдымен, атауы үшін шығармашылық қауымдастық тарапынан сыни пікірге ұшырады. Міржақып Дулатов заң терминдерінің аудармаларына өзінің сыни көзқарасын анық білдіріп, 1924 жылы «Ақ жол» газетінде аударма жұмысына қатысты пікірін жариялады. Аталмыш газеттің екінші нөміріне Ж.рДосмұхамедов басшылық жасаған аудармаға талдау және талқылау (әдеби мәжіліс) жарияланды. Бұл мәжіліске Ж. Досмұхамедовтың өзі қатысты. М. Дулатовтың сыни бағалауына жауап ретінде Жаһанша келесідей жауап берді: «Кодекс аудармасына мен басшылық жасағандықтан, басым көпшілігінде мен аударма тіліне емес, заңи жағына назар аудардым. Аудармамен және тексерумен заңгерлер тікелей айналысты. Аудармаға сыни бағалау жазған жолдас М.иДулатов — тіл маманы, ақын, әдебиеттанушы, бірақ заңгер емес және заңи мәселелерден хабары аз. «Жауыздық низамнамасы» аудармасын ұғыну үшін кәсіби заңгер қажет. Біз заңгерміз, сондықтан да мұның барлығын жақсы түсінеміз. Заң ол туралы жалпы сипатта ғана білетіндерге түсінікті жазылмайды. Сондықтан да кез келген заң көптеген бос сөзді қажет етпейді және қысқа, түсінікті, мәнісімен жазылады. Кез келген заң жобасы қанша қысқа жазылса да, оны тек заңгер түсінеді. Қазақ халқында әзір заңи ғылыми тіл қалыптасқан жоқ. Нақты терминология жоқ. Сондықтан да мұндай баға бермес бұрын өзінің ұстанымын негіздеуі қажет». 

М. Дулатовтың сыни пікіріне Ж. Досмұхамедов қысқа әрі қатаң түсініктеме берді. Кейін 1926 жылы Ж.Досмұхамедовтың басшылығымен өзгерістер мен толықтырулардың да аудармалары жарияланды, біріншісі — «РСФСР-дың Қылмыс заңы», ал екіншісі – «Қылмыс тексеру заңы».

Қара бұлт

1927 жылдың қараша айы мен 1929 жылдың аралығында Ж. Досмұхамедов Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы банкінің заңи кеңесшісі ретінде қызмет атқарып, 1928 жылы адвокаттар алқасында адвокат қызметін атқарды.

Қызылорда облысының мұрағат және құжаттама бөлімінен табылған құжаттарға сәйкес, Қызылорда округтік халық сотының қорынан 1927 жылдың желтоқсан айында Ж.Досмұхамедовке сенімхат берілген, оған сәйкес Қазақ КСР халық шаруашылығының Орталық Кеңесі заң кеңесшісі Досмұхамедов Жаһанша Досмұхамедұлына келесідей өкілеттіліктер берген: аталған ұйымның атынан барлық сот отырысында талапкер және жауапкер ретінде шығу, істерге үшінші тұлға ретінде қатысу және іске үшінші тұлғаларды тарту, талап арыз ұсынып, соттан қамтамасыз етуін сұрау, актілердің шынайылығына күмән келтіру, жалғандығы туралы наразылық білдіру немесе дауласу және мұндай талаптар мен арыздарға жауап беру, айып тағу және мұндай істер бойынша жауап беру, сот отырыстарында Қазақ КСР халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің істерін қорғау және т.б.

Астананың көшірілу кезеңінде Ж. Досмұхамедов Алматыға келіп, мамандығы бойынша жұмыс жасайды, 1930 жылдың ақпан айында жұмыс бабымен Мәскеуге ауыстырылып, бірінші қамауға алынғанға дейін жұбайы Ольга Константинқызымен бірге тұрады.

1930 жылдың басы Алаш қозғалысының бұрынғы қатысушылары үшін қызметінің қайғылы аяқталуына, қамау, қудалау және Кеңес билігінің басшылығы тарапынан қуғындау шаралары біртіндеп «халық жауларын» жоюға ұштасты.

1930 жылдың 31 қазанында Мәскеу қаласындағы Мал шаруашылығы басқармасында аға экономист ретінде жұмыс жасау кезінде «Алаш» партиясы және бұрынғы алашорда үкіметінің мүшесі ретінде Қазақ КСР БСМБ (ОПГУ) органдары арқылы қамауға алынды. Мәскеуде, Замосквореченск ауданы, Шабловка-Хавский көшесі, 11-үй қиылысы 265, 7- корпус мекенжайында ұстап, Бутырка түрмесіне жолданды. Кейін Алматыға ауыстырылды.

Анықталған процессуалдық құжаттардың, алдын ала тергеу кезіндегі беттестіру, жауап алу хаттамалары негізінде Ж. Досмұхамедов өзінен жауап алу барысында өзін кінәлі деп мойындамады және контрреволюциялық ұйымның мүшесі болмағанын және ешқандай контрреволюциялық жұмыстармен шұғылданбағанын мәлімдеді. Контрреволюциялық ұйымның мүшелерімен өзінің байланысын жоққа шығарып, мұндай ұйым туралы естімегенін, кеңеске қарсы үгіт - насихат жүргізбегенін атап көрсетті. 

1930 жылдың 5 қарашасындағы Ж.оДосмұхамедовтан жауап алу хаттамасы келесідей мазмұнда көрініс табады:
«Мен Мәскеуден Ташкентке 1920 жылдың қазан айында келдім. Бұл жылы және 1921 жылы да Ташкенттегі қазақ жиындары туралы білмеймін. 1922 жылдың көктемінде кешкі мезетте «Ақ жол» газетінде жұмыс жасайтындардың бірі кешкілікте Арқалық қазақтары (яғни солтүстіктің қазақтары) бір іс жөнінде әңгімелесу үшін жиналатынын айтты. «Қандай іс туралы?» деген менің сауалыма барған соң білетіндігім туралы айтты. Сол күні менің үйіме 7-10 адам қазақ келді, олардың кейбірі есімде, Х. Досмұхамедов, М. Дулатов, Брімжаров секілді, ал қалғандары есімде жоқ. Келгендер «Алаш» қазақ қайраткерлерінің бұрынғы бағдарламасы қабылданбағанын, уақтылы жасалмағанын және жасау қажеттігін, саяси сауалдарға қатысты бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің рәсімделген саяси пікірі болғанын айтты. Мен ашық түрде мұндай қайта өңдеуге қарсылығымды білдіріп, біріншіден, біз, алашордалықтар саясаттың жекелеген сауалдары бойынша әр түрлі саяси көзқараста екендігімізді, бұрын бізді тек ұлттық белгілеріміз біріктіргенін және қазір біз саяси жағынан нөл, сондықтан да аталған мақсатсыз бағдарламаны жасау төтенше органдар тарапынан тек жағымсыз салдар алып келетінін жеткіздім.

Алайда саяси келбеттің қажеттігі туралы қызу пікірлерден соң бағдарлама жобасы жасалып, бұрынғы алашорданың қайраткерлерімен келісуге Орынборға жолдау үшін «Ақ жол» газетінің жұмысшылары алып кетті. 

Кейін мен Түркөндіріскеңестің жұмыстарымен Пржевальскке (Қаракөл) іссапармен кетіп қалдым, Ташкентке үш айдан соң, көктемде келдім. Іссапарда болған мезетте менің балдызым Надежда Константинқызы Т.Рысқұловқа тұрмысқа шыққан. Т.Рысқұлов Ташкентке Түркістан Республикасы Халық Кеңес комиссариатының төрағасы ретінде келген. Екеуміз жақсы араласып, жиі кездестік. Сол мезеттен бастап жоғарыда аталған тұлғалардың қызметі, бағдарламамен не жасағандығы туралы білмеймін. Қызылордада мен олармен аталған бағдарлама туралы сөйлеспедім, олардан мүлдем алыстап, өзімнің кәсібіммен шұғылдандым. Бұл жәйттерді алғашқы жауап алу барысында хабарламау себебім, біріншіден, менің көзқарасым бойынша, аталған әрекетті «еріккен сарт енегін уқалайды» деген қазақ мәтелімен сипаттауға болады, орыс тіліне аударғанда
«скучающий сарт мнет свой ……» деген мағынаны білдіреді, екіншіден, маған өзге фамилияларды атау қиын болды. Мен КСРО-да Кеңестік билікті төңкеретін күш бар екендігіне бұрын және қазір де жол бермегенмін және бермеймін де, ешқашан Кеңес билігіне қарсы шыққан жоқпын және қазір он жыл бойы өзімнің кәсібім бойынша адал әрі шынайы жұмыс жасаудамын».

Ж. Досмұхамедовты айыптау туралы қылмыстық істің зерделенген материалдары, сондай-ақ тергеудің процессуалдық құжаттары негізінде келесідей қорытынды жасауға болады: Ж. Досмұхамедов жауап алу барысында бір ұстанымда болып, анық әрі нақты жауап беріп, ұсынылған айыпты объективті дәлелдеме базасының жоқтығына байланысты мойындамады.

Кеңес қылмыстық заңнамасының контрреволюциялық қылмыстың жалпы ұғымына және оның нақты құрамдарына қатысты тұжырымдамасының тиянақсыздығы туралы ерекшеліктерді атап өту қажет. Бұл тергеу, анықтау және сот органдарының алдына фактілерге еркін қарап, манипуляция жасауға, істерді жасанды, жалған жасауға, кінәсіз тұлғаларды жауапкершілікке тартуға немесе неғұрлым ауыр жазалармен айып тағуға мүмкіндік берді. 

Процессуалдық құқық қуғындап, жазалау мақсаттарына бейімделіп, таза айыптау бағытына ие қылмыстық істерді қарау және тергеу рәсімін, кінәсіздік призумпциясы қағидасын бұзып, процесте объективті шындыққа қол жеткізуге бағытталмауды бекіткен. Қазақстанда 1932 жылдың 20 сәуіріндегі БСМБ (ОГПУ) жанындағы Үштік (Тройка) отырысының №3/к хаттамасынан үзіндіге сәйкес, РСФКР Қылмыстық кодексінің 58-7, 58-10, 58-11 және 59-3- баптары бойынша Ж. Досмұхамедов сотталып, сот шешімімен 5 жыл мерзімге Воронеж қ. Орталық қара жер округіне (ЦЧО) айдалды. Воронежде Жаһанша жұбайы Ольга Константинқызымен 9 қаңтар (қанды жексенбі) көшесінде тұрып, мамандығы бойынша қызмет атқарып, жоғары оқу орындарында сабақ берген. 

Тергеу кезіндегі теңсіздіктер

Айдау мерзімін өтеген соң, Ж. Досмұхамедов 1938 жылдың 1 маусымында Мәскеу облысы бойынша КСРО ІІХК Басқармасының (НКВД) органдары тарапынан қайтадан қамауға алынды. Қамауға алу кезінде отбасымен Мәскеу қаласы, Хавско-Шабловск қиылысы, 11- үй, 265-пәтерде тұрған. 

Істе келесідей отбасының құрамы көрсетілген:

- жұбайы Ольга Константинқызы Досмұхамедова – 40 жаста.

- енесі Ольга Федорқызы Пушкарева– 72 жаста.

- жиені Хадис Досмұхамедов – 26 жаста.

Айыптау қорытындысына сәйкес, Жаһанша Досмұхамедов «контрреволюциялық, ұлттық, көтеріліс ұйымының басшыларының бірі, көтерілісшілер құрамына тартумен айналысу, адамдарды контрреволюциялық рухта тәрбиелеу», яғни РСФКР ҚК 58 - бабының 10 және 11- бөліктерімен қарастырылған қылмыстар үшін айыпталды. 

1938 жылдың 16 шілдесіндегі Мәскеу облысы бойынша ІІХК Басқармасының (НКВД) жанындағы Үштіктің шешімімен Жаһанша Досмұхамедовтың жеке өзіне тиесілі мүлкі тәркіленіп, ату туралы үкім шығарылды. Үкім 1938 жылдың 3 тамызында іске асырылды. 

РФ ФҚҚ (ФСБ) Басқармасы арқылы құпиясы ашылған және алдымен қамауға алынғанның (ҚК-58 бабының 10 және 11 - бөліктері бойынша Ж.дДосмұхамедовты айыптау туралы қылмыстық іс) түсініктемелерін құрайтын 1938 жылдың тергеу материалдары қазақ қайраткерлерінің саяси ұстанымы туралы Ж. Досмұхамедовтың келесідей бағыттағы жауаптарын ұсынады. Жаһанша басым көпшілік қазақ қайраткерлері секілді, Құрылтай Жиналысын белгілеуі тиіс, буржуазиялық демократиялық федеративті республиканы жақтаған. Ол Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару және аумақта жалпы, автономды басқару арқылы демократиялық құрылым болу қажет деп есептеді және АҚШ-тың қоғамдық саяси құрылымын үлгі ретінде ұсынды. Нәтижесінде, ұлтшылдар Қазақ аймағының кеңестенуіне жол бермеу туралы нақты шешім қабылдады. 1917 жылдың жазында Алаш белсенділерінің жартысында автономдылық және кеңестік билікке қарсы ұстаным қалыптасты. Жауап алуда Ж. Досмұхамедов Алашорданың батыс бөлігіндегі әскери әрекеттер қазақ даласына оқиғаның негізгі қатысушылары келгенге дейін дербестігін сақтағандығын атап өтті. 1919 жылы қызылдар Колчакты Оралға жиі шегіндіре бастағанда генерал Дутовты Орынбордан қуып шықты, автономшылар Қызылқоғаға жетіп, кеңес билігімен жақындасудың жолдарын іздеді. Ж. Досмұхамедов 1938 жылы атап өткендей, олардың бөлімі Қызыл әскерге мүлде қарсы шықпауы оқиғаның бейбіт бітуіне сенуге негіз берді. Іс жүзінде 1919 жылдың күзінде Алаш полкінің топтары Орал әскерінің казактар бөлігіне қосылған, бірақ шабуылдаған қызылдардың үстем күшімен күресте шешуші рөлді иеленбеді. Ресейде, ол кейін айтқандай, елді басқара алатын күш ретінде Кеңес билігі ғана болды. Бұл ретте Қызыл әскердің қарсылығы туралы ойлауға негіз болған жоқ және Ойыл уәлаяты басшылары ұзақ дауласудан соң, кейін өздерін ақтау мақсатында Кеңес билігіне өту туралы шешім қабылдады. 

Мәскеу облысының ІІХК Басқармасының (НКВД) 3-бөлім 5-бөлімшесінің төтенше өкілі Х.пКайтов жауап берушіге: «Тергеу сіз 1930 жылы қамауға алынғанға дейін және айдаудан келген соң қазіргі сәтке дейін контрреволюциялық әрекеттеріңізді жалғастырғандығыңыз туралы мәліметтерге ие» деп мәлімдеді. Жаһанша: «Буржуазиялық ұлтшыл, демократиялық құрылымның жақтаушысы, өзіндік ұстанымым бойынша халықшыл, пролетариат диктатурасына қарсыласушы ретінде, эсер партиясының жағында болып, Кеңес билігіне қарсы болдым, түрлі кезеңдерде Кеңес билігіне деген көзқарасым өзгеріп отырды. 1923 жылдан бері Кеңес билігіне қарсы белсенді күрес жүргізбедім. 1929 жылы ұжымдастыруға байланысты Кеңес билігіне деген менің көзқарасым мүлдем жағымсыз жаққа өзгерді, себебі ұжымдастыруды қазақ халқы үшін жоюшы, ал өткізілу әдісі Қазақстан үшін түбегейлі қолайсыз деп есептедім». 

«Контрреволюциялық ұйымның» кейінгі жұмысы туралы сауалға 1930 жылдың наурыз айында Мәскеуге Х. Досмұхамедов келгенін айтты. Жаһанша бұл кездері Т. Рысқұловтың пәтерінде тұрған. Халел оған келіп, Жаһаншаны қонақүйге шақырған. Кейін Халел, «Егер БСМБ (ОГПУ) біздің контрреволюциялық ұлттық қазақ ұйымының мүшесі болғанымызды білсе, өзімізді қалай ұстаймыз?» деп сұрады, Жаһанша: «Егер БСМБ (ОГПУ) бұрынғы контрреволюциялық ұлттық қазақ ұйымының мүшесі ретіндегі әрекетімізді білсе, әркім өзі қажет дегендей әрекет жасасын» деді. 

Ақталу

Ж. Досмұхамедовты айыптау туралы қылмыстық іс 1957 жылдың 2 желтоқсанында Мәскеу қалалық Сотының Президиумында қайта қаралды. 1938 жылдың 16 шілдесіндегі Мәскеу облысы бойынша КСРО ІІХК (НКВД) Басқармасының жанындағы Үштіктің шешімі бұзылды, 1887 ж.т. Ж. Досмұхамедовке қатысты іс әрекетінде қылмыс белгілерінің болмауына байланысты өндіріспен қысқартылды. 

1958 жылдың 28 ақпанында Ж.Досмұхамедовты айыптау туралы қылмыстық істі Қазақ КСР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарады, Республика прокурорының наразылығымен Қазақстандағы бұрынғы БСМБ (ОГПУ) Үштіктің 1932 жылдың 20 сәуіріндегі қаулысы бұзылып, қылмыс белгілерінің болмауына байланысты іс қысқартылды. 

«Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегi N2200 Заңының негізінде Жаһанша Досмұхамедов саяси қуғын-сүргiн құрбаны ретінде ақталды. 

Бүгінгі ұрпақ өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғынғандары жөн. 

Равиль МӘЖИТОВ
БҚО, Теректі ауданының прокуроры
кіші әділет кеңесшісі,
тарих ғылымдарының кандидаты,
заң доценті, «Жас үздік заңгер — 2018»
республикалық конкурсының жеңімпазы

Қаралым саны 2549

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463