Тергеу хаттамасындағы тың мәліметтер

РФ Мәскеу қаласындағы мемлекеттік архивте ҚК-ның 58 - бабы, 10 және 11- тармақшалары бойынша Жаһанша Дос-Мұхамедовты айыптау туралы №6516 ісі сақталған. Қор 10035, тіз. 1, іс №П-50151. Бұл іспен жекелеген зерттеушілер танысқанымен, жаппай көпшілікке деректер беймәлім. 1938 жылы маусым айының басында ұсталып, тергеуге алынған Жаһанша Досмұхамедовтың айтуымен толтырылған тергеу хаттамасының басында еңбек жолы туралы өзі толық баяндаған. Өмірбаянын қанша жүйелі, ретімен толық айтса да, тергеуші сұрақ-жауап барысында өздері қалаған айыпты дәлелдеу үшін түрлі айла-шарғыға барғаны байқалады. Жаһанша Досмұхамедовтың әр бетте қойған қолынан-ақ осыны байқауға болады. Басында анық, толық қойылса, артынан қысқа қайырылып, шамамен шимайлай салғандай. Қандай азап пен қорлықтан өткені бір Аллаға ғана аян. Қарадан шығып, халық арасында хан атанған, автономияны тұңғыш батыл жариялап, басшылық еткен, оны Кеңес үкіметіне мойындата білген, ана сүтін адал ақтаған Жаһанша Досмұхамедовтың 1938 жылғы тергеу хаттамасындағы әр сөзі құнды. Тек бір адамның емес, қиын-қыстау кезеңдегі тұтас елдің тарихы, шерге толы тағдыры деуге болады. Үш-ақ мысал келтірейік.

100 сом салықтың дауы

Осыған дейін 1918 жылы Қаратөбеде болған сиезде дау шыққаны, басты себеп салық жинау мәселесі болғаны айтылатын. Онда әр шаңырақтан 100 сомнан салық салу ұсынылды. Бұған келіспегендер байға байша, кедейге кедейше салынуын талап етіпті-мыс делінетін. Материалдық жағдайға қарамай, бәріне бірдей салық салу кім-кімге де ақылға қонымсыз көрінеді. Алашордалықтардың осы ұстанымы әділетсіз деп қазірде көңілі толмайтындар бар. Тап осы түйткілді тергеу хаттамасында Жаһанша Досмұхамедов өзі тарқатып берген. 1917 жылы желтоқсан айында Орынборда жалпы-қазақ сиезі өтіп, онда «Алаш орда» үкіметін құруға келісіліп, астанасы Семей болып бекігенін айта келіп, «Осы сиезде қазақ әскери бөлімдерін құру үшін болыстар бойынша әр төлеушінің жағдайына қарай, біреуге көп, біреуге аз, әр киіз үйге 100 сомнан салық төлеу шешілді»- дейді. Одан әрі «Оралдықтар Оралға келген бойда Қаратөбеде облыстық сиез өткізіп, жалпықазақ сиезінде қабылданған шешімдерді дереу орындадық» - деген. Яғни салық байға байша, кедейге кедейше салынған. Тек осыны әдейі бұрмалап, халықты қарсы қоюға ынталы топ болғаны байқалады. Әдеби шығармаларда Қаратөбе сиезінде дау шыққанда Жаһаншаның жалынды сөзінен кейін бәрі түсініскені жазылады. Алашорданың тек батыс бөліміне емес, тұтас аумағына ортақ салық салу тәртібін дұрыстап жеткізгенде ғана іріткі салушылардың мақсаты орындалмаған.

Бөлінгенді біріктіріп, шекараны негіздеген

1812 жылдан Кіші жүз аумағы екіге бөлінді. Жайықтың қазақ бетіне Серғазыны, орыс бетін Бөкейді хан етіп бекіткен патша «Бөліп ал да, билей бер» қағидасымен өзінің отарлау саясатын жеделдеткен болатын. Осы кезден-ақ билеушілері бөлек, басқару құрылымдары бөлек екі түрлі аумақ бір-бірімен бақ таласа, екіге айырылған-ды. 1918 жылы, 106 жылдан соң Жайықтың екі бетін бір қолдан басқаруға қол жеткізіпті. 

Жаһанша түсініктемесінде: «Алаш Орда батыс бөлімі» үкіметін мен басқардым және мүшелері Құлманов (Бөкей ордадан), Халел Досмұхамедов, сонымен қатар облыстық жер басқарманың төрағасы болды» - дейді. Билік таластырып бөлінбей, керісінше, жаңа құрылған үкіметке Бөкей ордасынан мүшелікке Б. Құлмановты алуы — көрегендік. Осыдан сол кезеңдегі елдің ертеңін ойлаған бас көтергендердің Жаһанша Досмұхамедовке деген ерекше сенімін көруге болады. Жайықтың екі жағын тең жайлаған қазақты жұдырықтай түйіп, бір қолға біріктірудегі еңбегі түбі нәтижесін берді. Осылайша Жаһанша бастаған Алаш қайраткерлерінің әрекеті ғасырдан астам Жайық өзенімен бөлінген елді табыстырып, болашақ Қазақстанның шекарасын негіздеуге де себеп болды деуге толық негіз бар. 

Ақсақалдар – үкімет мүшесі

Облыстық сиездегі сайлау бойынша «Алаш Орда батыс бөлімі» үкіметінің құрамына Орал облысындағы негізгі байұлы, жетіру, әлім руларының ақсақалдары кіргенін айтқан. Батыс аймақтың негізгі үш ру бірлестіктерінің ақсақалдарын тарту арқылы әділетті басқару жүйесін таңдаған. Патша үкіметінің отарлау мақсатында бұрынғы қазақтың қанына жақын басқару жүйесін әбден жойып, халықты қойша айдағанымызға жүргіземіз деген солақай саясатына қарсы бұл басқару жүйесі көптің көңілінен шыққан демократиялық жол еді. 

Басты мақсатымыз тергеу хаттамасындағы Жаһанша Досмұхамедовтың жауаптарының аса құнды екендігіне назар аударту болды. Егер тергеу хаттамасын толық талдап, сараласа, талай түйткілді мәселелердің түйіні шешіліп, шындық ашылып, ақиқат айқындала түсері анық.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ

Қаралым саны 1070

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463