Осы азаматты өздеріне мәлім қырынан үлкен құрметпен сипаттаған Қайыржан Хасанов пен Құрманғазы Қараманұлы да ел-жұртқа танымал тұлғалар: Қайыржан аға – өңір тарихын тірнек-теп жинаған өлкетанушы, ақын, журналист, ал Құрманғазы аға Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, жазушы, аударма-шы ретінде белгілі.
Кітапта есімдері аталып, өмір жолдары бірге өрілген жандардың дүниеден озғандарының рухы пейіште шалқып, көзі тірісінің ғұмыры ұзақ та бақытты болуын тілейміз. Төменде келті-рілген қос үзіндімен шектелмей, кітапты түгел оқып шығудың үлгі-өнеге тұрғысынан берері мол болады деп сенеміз.
Өлкетанушы жазушы Қайыржан Хасановтың естелігі
Мамандығы инженер болса да...
1953 жыл. Қоскөл жетіжылдық мек-тебінің үшінші сыныбында оқып жүр-ген кезім. Өзіммен қатарлас Аманкелді Бижанов деген баламен доспын. Оның ағасы Мақсот Жанқадамов – колхозда-ғы мал маманы.
Отан соғысында қабырғасынан қат-ты жаралы болған. Жұбайының аты – Мəмила. Бұл апай Аманкелді екеумізді баласындай сыйлап, май-ірімшік бере-ді. Ащы құртты да аямайтын.
Мəмила апай алақаны ашық кісі бо-латын. Оның əкесі Саполланы да көр-дік. Осы қартты қолы шебер кісі дейтін. Баласы Нəбиолланы жас кезімде еміс-еміс білетінмін. Содан аудандық «Ең-бек туы» газеті редакциясына жұмысқа шақырылып, редакцияда қызмет еткен жылдары аудан шаруашылықтарына іс-сапарға жиі шығатынбыз. Шаруашылықтардағы науқанды жұмыстар – қой төлдету, шөп шабу, егін орағы, мал қыстағы, тағы басқа да қызметтер журналистердің назарында жүретін. Малшы шопандармен кездесіп, механизаторлармен тілдесетінбіз. Соның ішінде совхоздағы бас мамандармен сөйлесіп, олардың бастауымен фермаларды бірге аралайтынбыз.
Егіндікөл совхозына келіп, совхоз-дың бас инженері Нəбиолла Сафуллинмен кездескенімде ол кісі əңгіме желісін аудандағы, қала берді республика аймағындағы өнер тақырыбына аударып, ақын-күйшілер жайлы əңгімелей-тін. Нəкеңмен əңгімелескен кезде өзім хабарсыз болып келген, бұрын-соңды естімеген тың əрі қызықты деректерге қанығып, оның тереңдігіне таң қалатынмын.
Егіндікөлге барған бір сапарымда түске жақын көшеде кездесіп, екеуміз қараша айының қара суығында сыртта тұрып, тағы да күй өнері жайлы əңгіме қозғағанымыз есімде. Ол кісі менің га-зетке Қаратөбе ауданының бұрынғы мəдени, əдеби тарихы тақырыбына жазған мақалаларымды құптаса да, «Ол аз. Əлі де ізден» деп, маған тың тақырыптар беріп, ұйықтап жатқан шығармашылық ізденісімді оятып, жігерлендірді.
Егер Нəбиолла ағай жігерлендір-месе, аудан өміріндегі науқандық жұ-мыстарды ғана жазып жүрген журна-лист болып қала берер ме едім деп қазір ойлаймын.
Егіндікөл ауылына бұрынғы Премь-ер-министр Нұрлан Балғымбаев келіп, ауылдағы мəдениет үйінің ашылуына қатысқан кезде Нəкең жаңадан салын-ған мəдениет ошағына енді музыкалық аспаптар керек деулі. Бұл өтінішін қа-нағаттандырған Премьер-министр өз атынан музыкалық орталық (музыка-лық центр) сыйлапты деп естідім. Мен мұны оның астындағы тағына қара-май, айтар сөзін тайсалмай тіке айта-тындығының бір көрінісі деп түсіне-мін.
Егер ол əдебиетші, ақын, күйші бол-са, көп күй шығарып, өлең, кітаптар жа-зар еді деп ойлаймын. Осы кісінің жі-герлендіруімен, ел тарихын жаз деп, тақырыптар беріп, талпындыруымен өлкетанушы болдым. Осыған ризамын, Нəке. Осы лебізіме аруағың риза болсын, инженер аға!
«Нәкең нығыз адам еді»
Нəкеңді жасы үлкен ғой деп, аға санаушы едім. Кейін ғана білдім, менен үш-ақ жас үлкендігі бар екен. Қазақта үш жас түгіл бес жасқа дейінгі аралықты белден басып, «құрдас» атандыра беретін үрдіс бар ғой. Бірақ ондай еркінсуге өз жасынан əлдеқайда ересек көрінетін Нəкеңнің жүріс-тұрысы, сөз саптасы, өзін ортада ұстау өнегесі жол бермейтін. Сондықтан оны одан үш-төрт жас үлкен нағашы ағам Өмірзақ Көшербайұлының қатары шығар деп жорамалдап жүргем. Ол кісіні алғаш рет сол Өмақаңның үйінде кездестіріп, танысқан да болатынмын.
Алғашқы эпизод. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде қызмет істеп жүрген шақта ел жаққа іссапарға шыққан кезімде тапсырмамды тездетіп орындау есебінен міндетті түрде екі-үш күнді «үнемдеп», ауылда, Егіндікөлде болып қайтуға, Қалдығайты тереңіне бірер сүңгіп, қармақ лақтыруға уақыт табушы едім. Əр жолы «Құрман келді!» деп, Өмақаң мен Рақат жеңгейдің қонақ бөлмесінде есіктен төрге дейін жететін дастарқан жайылып, қонақ шақырылатын. Онда Өмақанның қатарлары мен менің құрдастарым бас қосып, шаңырақ əзіл-қалжың, күлкіге толып, бейнебір шағын той-томалақ өтіп жатқандай болатын.
Əлі есімде, сондай бір алғашқы отырыстағы əзіл-қалжың азайған тұста əңгіме арнасы совхоз, аудан басқарып жүрген кейбір əңгүдіктердің жарамсыз істері, тіпті үкіметтің халықаралық аренадағы айла-шарғылары жайына қарай ауысып сала берген сəті болды. Əркім əртүрлі пікір айтып, тақырып онша өрістей алмай қалған сəтте кенет томағасын сыпырған сұңқардай суырылып, ақсары өңі алабұртып, Нəбиолла ағам сөйлеп берді. «Бұл өзі олай емес, былай ғой» деп бастап, айтылып жатқан фактілерге өзі түйсініп, тұжырған пікірін үстеп, жоғарыда кім отыр деп жалтақтамай, былайша айтқанда, бетің бар, жүзің бар демей, өзінің өткір де өтімді ой-пікірін ақтарып салды. Отырған жұрт ауызын ашып қалды. Мен де аң-таң болдым, мұндай тосын тұжырым «үш əріптің» адамдары қылышын қайрақпен жанып отырған Кеңес заманында жиі айтыла қоймайтын. Партия жəне кəсіподақ ұйымы жиналыстарында да жасырмай, жария қылып жүрген, сол заман үшін осындай «оғаш» пікірлерінің салдары шығар, ағамыз шағын совхоздағы инженер, машина-трактор шеберханасы меңгерушісі сияқты қызметтерінің өзін əлденеше мəрте босатуына тура келген болатын. Бұл, əрине, түсінікті де ғой...
Екінші эпизод. Əлі есімде, жыл аралатып тағы бір келгенімде Өмақаң үйіндегі отырыстың ертеңінде совхозда инженер боп істеп жүрген Нəкең мені Қалдығайты жағасында демалып қайтуға шақырды.
Су жаңа «Газиктің» бортына өзінің үш-төрт қатарласы жəне құрдас-достарым Амандық Қилыбайұлы мен Қылыш Бисенұлы бəріміз жайғасып, азынатып отырып Борөткелге келдік. Сол жерде ағаларымыз əрменіректен ау құруға кірісті де, біз бергі жақтағы тостағандай қара су іспетті айдындарға қармақ лақтырумен айналыстық.
Арада біраз уақыт өткен соң ағаларымыз бізді балық сорпасына шақырды. Əрине, «жүз грамм» да болды ғой. Ағаларымыздың бізге деген ерекше ілтипаты мен ықылас-ниеті тəнті қылды. Əзіл-қалжың, қарқылдаған шат күлкі Борөткел бойын біразға дейін жаңғырықтырып тұрды...
Үшінші эпизод. Тағы бір жолыққанымда Нəкең машина-трактор шеберханасының меңгерушісі боп жүр екен. Арада көп жыл өтті ғой. Ертеректе өзім де осы шеберханада жұмыс істегем. Мектеп бітірген соң КазГУ-дың журфагіне түскім келген. Ол кезде бұған түсетіндерді екі жылдық еңбек тəжірибесі болмаса қабылдамайтындықтан, аудандық «Еңбек туы» (қазіргі «Қаратөбе өңірі») газетінде бір жыл жұмыс жасап, ол 1961 жылы жабылған соң (сол жылы аудан да жабылып, Жымпитыға қосылған) ауылымдағы аталған шеберханада слесарь болып істейтін нағашы ағам Өмірзақтың қарауына көмекші боп орналасқам. Сондықтан ауылға келген сайын шеберханаға бас сұқпай кетпейтінмін.
Еңбек демалысымды алып, бір апта ауылда болайын деп келген кезім еді. Шеберхананы аралап жүргенімде Нəкеңе ұшырасып қалдым. Хал-жай сұрасып, қауқылдасқан соң ағама бір-екі күнге көлік керегін, ауыл маңайындағы бұрын болған жерлерімді тағы бір көріп шыққым келетінін құлаққағыс еттім. Нəкең мақұл көріп, түсте үйге бір «Газик» баратынын, кешке дейін өзіммен бірге болатынын айтты. Айтқанындай, түсте үйге келген жүргізуші жігітпен Ақ Орынша анамның дайындап қойған шайын ішкен соң жүріп кеттік. Қызылжар, Құлақши, Түйеқұдық, тіпті сонау Тұщықараға дейін барып, біраз жерді аралап қайттық. Ертеңіне Нəкең маған су таситын машинаны жіберді. Əлгі інішек екеуміз Жаңақоныс, Жылқықұдық жақты аралап, қараған, тобылғы, тоғай боп өскен қалың шилерді шарладық...
Бұл əңгімеде мен Нəкеңнің өзіме жасаған жақсылығын ғана айтып отырғандай болуым мүмкін. Алайда, ақиқатында, Нəбиолла ағам – ауылдастарына алуан түрлі жағдайда талай қолұшын беріп, қамқорлық жасаған абзал азамат. Сондай-ақ ауылда болған кезімдегі қилы отырыста оның акқөңіл, ақпейіл, ақжүрек, бауырмал, турашыл, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қағиданы ұстанған жүректі адам болғандығы жайында да талай-талай дəріпті лебіз естігенімді айта кеткенім жөн.
Нəкеңнің жарқын бейнесі сол қалпында көз алдымда...
Құрманғазы ҚАРАМАНҰЛЫ