Хан тағының соңғы мұрагері

  • Галерея изображений

Ежелден-ақ қазақ руларына қоныс болған Еділ-Жайық өзендері аралығында орналасқан Нарын даласы – шұрайлы, жазиралы өлке. Кезінде өз үстемдігін жүргізу үшін патша үкіметі тыйым салған бұл аймаққа Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың немересі, Нұралының ұлы Бөкей сұлтан 1801 жылы Петербордан ресми рұқсат алып, қазақ жұртын қоныстандырды. Ресей губернияларының аралығына кіре орналасқан Самар даласына (Ішкі Қазақ Ордасына) Бөкей 1812-1815 жылдары хандық құрып, кейін мұрагерлік жолмен Ішкі Қазақ Ордасына 1824 жылы хан болып Жәңгір тағайындалғаны тарихтан белгілі. Хан Жәңгір де ата-бабасынан қалған хан тағына патша үкіметінің арнайы рұқсатымен өз мұрагері етіп ұлы Сақыпкерейді бекіткен екен. Алайда жасынан білімділігімен көзге түскен Сақыпкерей хандық билікке қол жетпей, жастай дүние салды. Жәңгір ханның мұрагері Сақыпкерей туралы жазылған мұрағат құжаттарына кезек берсек.

Тарихи деректер бойынша, 1829-1830 жылдары дүниеге келген Сақыпкерей 1840 жылдан бастап Ресейдің басты қаласы Петербургте білім алған. Паж корпусында оқып жүргенде алғырлығымен, зеректігімен көзге түскен ханзадаға сүйсінбеген жан болмайды. Әсіресе, Петербургке қызмет бабымен барғандар Сақыпкерейдің оқу үлгерімі туралы жақсы лебіздерін ханға жеткізуге асығады. Астрахань губернаторы И. Тимирязев Жәңгірге жазған хатында: «Мен Петербургте болған кезде ұлыңыз Сақыпты әркез назарымда ұстадым және оның білімге деген құштарлығына ерекше сүйсініп, сізді қуантқалы отырмын. Ол оқудағы жетістіктерімен және тәртібімен толық мақтауға лайық» дейді.

Анасы Фатима да 1841 жылы Мерлин Екатерина Ивановнамен (Ханша Мерлинмен Пятигорскіде ем алған кезінде танысқан) хат-хабар алысып тұрған кезінде Сақыпкерей жайында: «Менің көпке дейін хат жазбай қалуымның себебі ұлым Сақыптың келуі еді. Оған ерекше көңіл бөліп, соны тыңдаумен болдым. Қасымда алты апта (бір аптасында Ішкі ордадағы туыстарына барды) болған оның келіп-кетуі мен үшін көрген түстей болды. Ол біршама өзгерген, есейген, сыртынан қараған адам оның Петербург тұрғыны екеніне күмәнданбайды. Оның оқудағы жетістігі мен әдептілігін айтып, ұлы княздың өзі де, басшылар да хат арқылы ханға мақтауларын жеткізіп отырады. Корпус директорының айтуынша, 5-класқа ауысатын Сақыптың барлық сабақтан балы толық, осы кезге дейін бірде-бір айыпұл төлемеген. Мен оны көзіме жас алып күтіп алсам, жылап шығарып салдым. Қайырымды патшамыздың қалауы болмаса, кері жібермей, жанымда алып қалар едім» деп жазған.

Петербургте Сақыпкерей император кеңсесінің бөлімше бастығы Василий Иванович Корнеевтің қамқорлығында болғанын 1842 жылы 14 сәуірде статс-хатшының ханға жазған хатынан білуге болады:

«Жоғары мәртебелім! Мен сізден хат алу қуанышына ие болдым және Сақып сұлтанға қоса қаражат жіберіпсіз. Біз оны барынша үнемділікпен, білім алуы мен денсаулығына қажет нәрселерге жұмсадық. Бір өтінеріміз – ханзада үшін еш уайымдамаңыз, себебі жұбайымыз екеуміз оны өз ұлымыздай қамқорлаймыз. Алғашында ол бізді аздап жатырқады, ал қазір үйренісіп, өз үйінде жүргендей өмір сүріп жатыр. Жақында ол музыкадан дәріс ала бастады, оны да жетістікпен жалғастыруда. Мерекеге орай оны екі аптаға бізге жіберді. Осы мереке күндерін пайдаланып, мен оған математика, музыка және француз тілі пәндерінен дәріс алғызбақпын. Себебі ол осы сабақтарды жетік білгені жөн...» дей келе, хаттың соңында Сақыпкерейдің де сәлемдемесін қоса жіберген.

1845 жылы тамызда анасы Фатиманың денсаулығына байланысты елге келе жатырған ханзаданы алдымен әкесі туралы қаралы хабар күтіп тұрады. Ханның мезгілсіз қазасы тек отбасы емес, ел үшін күтпеген жағдай болады. 16 тамызда аудармашы, дәрежелі кеңесші М.Б. Первухин Орынбор шекара комиссиясы М.В. Ладыженскийге жазған хатында Сақыпкерейді билікке бекітуді ұсынған. Онда алдағы жөнсіздікке жол бермеу үшін тез арада шара қолдану қажеттігі, Сақыпкерейдің шенін бекітіп, оған қоса қазақтар жағынан және патша үкіметі жағынан тәжірибелі екі шенеунікті тағайындап, үкіметтің, хандықтың игілігі үшін соңғы шенеунік құпия түрде мұрагердің ел басқаруына ықпал етуі керектігі айтылады.

Бұл хабарға Орынбор шекара комиссиясының жауабы мынадай болды: «16-ға енді ғана толған марқұм ханның ұлы Сақыпкерей әкесінен кейінгі мұрагер болса да, заңдар жинағының Х томы 215-бабына байланысты, кәмелеттік жасқа толғанша толықтай Орданы басқаруына еш құқы жоқ». Сол мезетте Жәңгір балаларының болашағы үлкен талқыға түсіп, алдымен Орынбор әскери губернаторы В.А. Обручев пен генерал-адъютант, граф П.Д. Киселев арқылы тікелей І Николай патшаға хабарланып, шешім шығарылған. Осыған байланысты Петербургтен мынадай қатаң нұсқау түседі: «...оқудан уақытша демалысқа босатылған марқұм ханның үлкен ұлын ханша жанына алып қалғысы келсе де, ол оқуын аяқтау үшін тез арада Паж корпусына келуі керектігін ескертемін».

Жоғарыда айтып өткендей, анасы Сақыпкерейді ханның мұрагері есебінде билікке араластырып, Ордада қалдыруға қанша әрекет жасаса да, патша үкіметі оған мүмкіндік бермеген.

Келесі мәселе тақ мұрагері Сақыпкерейдің оқуын бітірер кезде туындаған. Үкімет басындағылар енді оны қандай қызметке тағайындау керектігін талқылап, 1847 жылы 8 наурызда Әскери министр Мемлекеттік мүлік министрі П.Д. Киселевке құпия хат жолдаған. Онда 1840 жылы 6 желтоқсандағы патшаның ұйғарымымен ханзада оқуын аяқтаған соң Ішкі қазақ ордасына хан болып тағайындалуы керек екенін, сондай-ақ оқудағы жетістіктері мен үлгілі тәртібіне байланысты Әскери министр сұлтан Шыңғысты Гвардия офицеріне лайықты деп тапқан.

         Арада бір ай өткен соң П.Д. Киселев І Николайға «Ішкі Қазақ Ордасының марқұм ханы Жәңгірдің ұлы сұлтан Шыңғыстың болашақ қызметі» деп арнайы баяндау хат жазған.

«...оқуда жетістікке жетіп, жақсы білім алған сұлтан Шыңғысты орданы басқару ісіне қою ықыласында болсаңыз, оның тым жастығын ескеріп, алдымен Ресейдің жұмысымен танысып, екі-үш жылдай, жасы 21-ге толғанша тәжірибе жинақтағаны артық болмайды. Дәл қазір сұлтан Шыңғыс өзінің кішкентай қарындастарын қамқорлығына алу үшін Ордада болғысы келеді. Сондықтан корпусты бітіргеннен кейін оған отбасы жағдайымен төрт айлық демалысын пайдалануға рұқсат берілсе, одан кейін түрлі губернияларға іссапарға жіберіп, ерекше тапсырмаларға пайдаланып, сол арқылы басқарудың қыр-сырын меңгеруіне мүмкіндік жасаған дұрыс. Сөйтіп, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін сұлтан Шыңғысты әскери старшина шенімен орданы басқару ісіне қоюға болады. Бұл жағдайда мынадай сұрақтар туады. 1) Оған қандай лауазым береміз, хан мәртебесін сақтаймыз ба, әлде орда басқарушысы немесе уақытша кеңестің төрағасы етіп тағайындаймыз ба?..».

Киселевтің баянатының жиегінде патшаның: «Оған әулеттік князь мәртебесі берілсін, ал оқу бітіргеннен кейін генерал Обручевтің қарамағына жіберілсін. С. Петербург. 1847 жылдың 7 сәуірі» деген ұйғарымы да бар.

Сол жылы 25 маусымда Николай патша өзінің жарлығымен Ішкі Қазақ ордасының бұрынғы ханы Жәңгірдің еңбегін ескере отырып, оның ұлы камер Паж сұлтан Сақыпкерей Шыңғысқа Ресей империясының князі лауазымын беріп, «князь Шыңғыс» тегімен айтылып-жазылатыны туралы Сенатқа мәлімдеген.

 27 тамызда граф П.Д. Киселев губернатор В.А. Обручевке князь Шыңғысты лейб-гвардиялық казак полкінің корнеті ретінде ерекше тапсырмалар бойынша тағайындай отырып, өзіне жіберетіндігі жөнінде бұйрық шыққанын хабарлаған. Онда Князь Шыңғысты болашақта кәмелеттік жасқа толғанда басқару ісімен жеткілікті түрде танысып шығатындай істерге жұмсауын тапсырады.

Губернатор Обручев те граф Киселевке осыған қатысты жауабын жіберген: «...Князь Сақыпкерейді келген бойда менің кеңсеме Шекара бөлімшесі бойынша қызметке қойғанды жөн көремін. Ол осы кезде Бөкей ордасының да, Кіші жүздің де істерімен шұғылданатын болады. Кей кездері Бөкей ордасына да, Кіші жүзге де іссапарға жіберемін. Осы арқылы ол Ішкі орданы басқару ісіне қажет тәжірибені біршама жинақтап, шыңдалады».

Ал бұл кездері Орда жұрты Паж корпусын үздік бітіріп, Ресей үкіметі тарапынан жоғары мәртебеге ие болған жас сұлтанды асыға күтті. Олар Сақыпкерейдің Хан ордасына келіп, билікті өз қолына алатынына сенді.

Алайда ханзаданы билік басындағылар Ордаға жіберуге асықпайды. Айта кететін бір жәйт – Ордадағы соңғы хандықты тоқтатуды жоспарлағанын Ресей шенеуніктерінің хат-хабарларынан сезілгендей. Ол ойымызды 1841 жылы жазылған Мемлекеттік мүлік министрі П.Д. Киселев пен Орынбор әскери губернаторы В.А. Перовскийдің қатынас қағаздары нақтылайды. Онда Бөкей ордасындағы хандық биліктің уақытша екендігін, әлі бір шешімге келгенше еш нәрсе өзгертпей, әзірге хан Жәңгірді тыныштандыру үшін мұрагерлікке ұлы Сақыпкерейді бекіткені сөз болады.

Міне, уақыты жетіп, оқуын үздік аяқтаған Сақыпкерейді, жоғарыда айтып өткендей, тәжірибе жинақтау деген мақсатпен Орынборға В.А. Обручевтің қарамағына жіберуінің бір себебі осы ма дерсің.

Осы кездері ханзаданың әрбір қадамын бақылауда ұстаған губернатор В.А. Обручев Орынборға бірден келмей, Петербургта кідірген Сақыпкерейге іздеу салған. Ол 1847 жылы 7 қазан күні П. Киселевке жазған шағым хатында ханзаданың Орынборға әлі келмегенін және ағасы Әділ Бөкейхановтан 20 мың рубль ассигнование сұратты деп кінәлап, ол оған дейін де 71 мың рубльге жуық ақша жұмсады деп наразылығын білдірген. Бұған Мемлекеттік мүлік министрі князь Шыңғыстың Петербургте императордың қабылдауын күткенін және кеткен қаражатқа сараңдық жасамауын ескертіп, жауап жазады. Осы жайларға қатысты 7 қарашада Паж корпусының директоры генерал-майор Зиновьевке Сақыпкерей інісі Ибрагим екеуінің кіріс-шығыс шығындарын көрсетіп, хат жазған. Онда 1845, 1846 және 1847 жылдардағы шығындарын есептеп, қағазға түсірген Сақыпкерей өзінің соңғы үш жылда Ордадан 71 мың рубль алмағанын айтып ақталады.

 «Егер менің Ордадағы жағдайым мұны талап етсе, мен өзіме кететін қаражатты шектеуге әзірмін. Бірақ менің өзімнің шыққан тегім мен император ағзам тарапынан алған жоғары дәрежем күнделікті қажет болмайтын шығынды қажет ететінін басшыларға аңғартқым келеді. Алдағы кездері Орынборда тұрар болсам, қазақ қауымының алдында сыпайыгершілік үшін салт-дәстүрімізге сай старшындарды қабылдап, оларға қонақжайлық көрсетіп, тіпті сыйлықтар жасауыма тура келеді...» деп мұңын шаққан Сақыпкерейдің жазбаларынан оның қалай өмір сүргенін де білуімізге болады.

Есеп дәптерінде Сақыпкерейге рубасылары мен уақытша кеңестің берген 14 500 рублінен басқа, Паж корпусының өзінен өте жақсы оқығаны үшін 400 рубль ақша төленгені жазылады. Өзіне берілген ақшаны барынша үнемділікпен ұстаса да, корпустағы басқа тәрбиеленушілердің алдында жоғары дәрежесі мен шыққан тегіне сай киінуге тырысқандығын да байқауға болады. Онда тігіншіге қолғап пен етік тіктіртуге 200 рубль жұмсап, 110 рубльге екі құндыз жаға сатып алғандығын айтады. Інісі Ибрагимге де ағалық қамқорлық жасап, 75 рубльге қазақы үлгіде киім тіктіртсе, шинеліне 30 рубль төлеген. Оған қоса кедей-кепшікке таратқан, мұсылман заңына сай туған-туыстарына деп алған сыйлыққа, жолға жалдаған арбакешке кеткен шығындарына дейін есептеген ол өз қалауымен жиі театрға, циркке барып, кітапханалардан ақылы абонементтер алып, айлық газеттерге жазылған. Осы жазбалардың ішінде ең әсерлісі Ибрагимді тауға шанамен сырғанауға апаруы еді.

Өзінің жағдайы айтарлықтай жақсы болмаса да, ауылдағы іні-қарындастарын жанына алып, олардың болашақтарына алаңдағанын 1849 жылы 1 наурызда граф П.Д. Киселевке жазған хатында байқалады. Онда бауырлары Ахметкерей мен Ғұбайдолланы Паж корпусына қабылдауын өтінген.

Князь Шыңғыстың өтінішінен кейін Ахметкерей мен Ғұбайдолланың Паж корпусында оқуына рұқсат етілген. Бұл інілеріне жасаған ағалық соңғы қамқорлығы болатын. Болашақта бірі полковник, екіншісі толық кавалерия генералы атағына ие болып, Ресей мемлекетіне ерекше танылатынын Сақыпкерей сезгендей.

Мұрағат құжаттары бойынша 1849 жылы мамыр айында князь Шыңғыс денсаулығына байланысты жұмысынан босап, туған жеріне барып, қымызбен емделмекші болған. Штабс-ротмистр Әміржан Гусейновтің бастауымен 27 мамыр күні іні-қарындастарын алып жолға шыққан Сақыпкерейдің жағдайы бірте-бірте нашарлайды. Жол жүргендеріне үш күн болғанда Әміржан Гусейнов «Үнемі жөтел қысып, қызуы түспей, әлсіреген Сақыпкерейді алып жүру қиындап барады» деп, губернатор В. Обручевке хат жазып, хабар жіберген. Сақыпкерейдің нашарлағаны соншалық, оны түнде алып жүруге тура келеді. Алайда князь Шыңғыс 11 маусым күні ханның бұрынғы жазғы ордасы Тарғынға жете алмай, Таловка форпосты маңында түнгі екі шамасында көз жұмады.

Ордаға жетпей бақилық болған Сақыпкерейдің жерлеу рәсімі қай жерде өткізілгені жөнінде іздей отырып, 15 маусымда Ішкі қазақ ордасы Уақытша Кеңесінің Орынбор Шекара Комиссиясына жазған хабарламасынан жауап тапқандай болдық. Онда былай дейді: «Жоғары жақтың шешімі бойынша Әміржан Гусейнов Сақыпкерейдің сүйегін Тарғынға қоюға келіскен. Алайда Уақытша кеңес марқұм ханның қайтыс болған отбасы мүшелері Нарын құмындағы Хан Ордасында жерленуіне байланысты князь Шыңғысты осында әкелуді жөн деп тапты. Сондай-ақ ханның жазғы ордасы Тарғында қалған ханның сүйегінде Ордаға қайта жерлеуге рұқсат етілген болатын. Біз Әміржан Гусейновке хабарлап, князь Шыңғысты Ордадағы зиратқа жерлеу үшін осында алдырттық. Тарғыннан Ордаға дейін Князь Шыңғыстың сүйегін үлкен мешіттің Ахуны бастап әкелді. Сол күні таңертеңмен Хан ордасында Ахун мен бірнеше молда мұсылман заңына сай жерлеу рәсімін өткізіп, князь Шыңғысты жер қойынына тапсырды».

Яғни мұрағат дерегі бойынша Сақыпкерейдің сүйегін Хан ордасындағы Хан қорымына әкеліп жерлеген.

 

 

Мира КУТУШЕВА,

БҚО Хан Ордасы тарихи-мәдени,

архитектуралық-этнографиялық

музей-қорығының ғылыми қызметкері

Қаралым саны 1701

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463