Бағалау жүйесінің бірқатар мәселелері хақында

Білім беру әлемі  – үздіксіз жаңғырып, өзгеріп отыратын динамикасы жоғары күрделі жүйе. Осы білім беру ісінде біздің елде соңғы жылдары орныққан жаңа бір элементтері - бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау жүйесі. Жаңа қалыптасып жатқан аталмыш жүйеге қатысты сұрақ, мәселе баршылық, сыни көзқарас та жоқ емес. Сондықтан білім тақырыбын ұдайы назарда ұстап, оған алғашқы нөмірінен бастап өз бетінен орын ұсынудан танып көрмеген DANAqaz журналы «Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің мектепке дейінгі және орта білімді дамыту бөлімінің бас маманы Бекжанова Жадыра Мұратқызымен амандық-саулық сұрасқан соң, БЖБ, ТЖБ мәселелері бойынша арнайы сұхбат құрды:

 

- Бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау жүйесі не үшін және қашан енгізілді?

- 2016-2017 оқу жылында 1- сыныптардан   бастап Қазақстан Республикасында  Білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасы  шеңберінде оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүзеге асып келеді. Бөлім, тоқсан бойынша оқу мақсаттарын қамтиды. Бұл белгілі бір уақытта тақырыпты, тарауды үйрену соңында оқушының білім, білік дағдылары мен құзіреттіліктерін қалыптастыру деңгейін және алынған нәтижелердің стандарт талаптарына сәйкестігін анықтайды. «Оқу жетістігін бағалау» - білім алушының кері байланыс арқылы оқу мақсаттарына сәйкес жоспарланған білім беру үдерісін реттеу және түзету арқылы нақты қол жеткізген нәтижесін белгілеу үдерісі. Білім алушылардың  жетістіктерін бағалаудың ұтымды нұсқасы критериймен бағалау жүйесі болып табылады. Критериалды бағалау технологиясының қолданысы білім алушылардың жетістіктерін нақты анықталған, алдын ала белгілі критерийлермен салыстыруды көздейді, әлдебір оқу материалының қаншалықты сәтті меңгерілгенін, әлдебір практикалық дағдының қаншалықты қалыптасқанын анықтап, әр білім алушының жалпы дайындығы деңгейіндегі өзгерістерді, оқуда ілгері басуын критерийлік бағалау жүйесімен анықтау, тек оқушылардың білім алуға деген мотивациясын ғана емес, мектептегі білім беру үрдісінің де сапасын көтеруге  мүмкіндік береді.

 

- Білім бағалаудың мұндай бағдарламасының бастамашысы кім (қандай ұйым, мекеме)? Осы бағдарламаны құру барысында посткеңестік немесе өзге елдердің үлгі-тәжірибесіне сүйенді ме?

- Жалпы орта білім беретін мектепке арналған жаңа стандарт дәстүрлі технологиядан жеке бағытталған сипаттағы оқытуды дамытатын технологияларға ауысуды талап етті. Оқытудың осы кезеңінде балаларды оқуға , сыни, шығармашыл, инновациялық және объективті ойлау негіздерін дамытуға үйретудеміз.  Бағыт тұтас Қазақстандағы білім беру жүйесі үшін басым бағыттардың бірі болып саналады. Білім беру жүйесі жаһандық білім беру жүйесіне бара-бара интеграция үшін кең мүмкіндіктерге ие. Отандық педагогикалық ойды ұғынуға, ашық қоғам жағдайында білім беру саласының және білімдегі интеграциялық үрдістердің келесі дамуына шетелдік тәжірибені талдау мен жинақтау ықпал етеді. «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымы (әрі қарай  «НЗМ» ДББҰ) оқушылардың оқудағы жетістіктерін бағалаудың тұтас жүйесін құрды. «НЗМ» ДББҰ-нда қолданылатын критериалды бағалау жыл бойы оқушылардың оқудағы прогресі және үлгерімі туралы деректерді жинау үшін үш түрі: қалыптастырушы, ішкі жиынтық бағалау, сыртқы жиынтық бағалау жүзеге асырылып отыр. Қалыптастырушы бағалау мен ішкі жиынтық бағалау мектепішілік бағалауды құрастырады және межелік, жылдық бағаларды қою үшін қолданылады.  Әлемдегі білімнің даму бетбұрыстарын түсіну үшін білім сапасының жоғары деңгейі халықаралық зерттеулермен расталып отырған елдердегі білімнің даму тәжірибесін зерттеу  маңызды. Білімнің жаңартылған мазмұнын және оқушылар жетістіктерін критерийлік бағалауды іске асыру  мүмкін болатын ұтымды шарттарды жобалау үшін  отандық және халықаралық тәжірибеде орын алып отырған ұқсас тәжірибеге жүгіну қажет.  Мектептегі критерийлік бағалауды  терең зерделеу үшін білім саласындағы Финляндия, Сингапур, Ұлыбритания мен Жапония секілді озық елдердегі тәжірибелеріне сүйене аламыз.

 

-  Қазіргі шақта бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ), тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өзін ақтап жатыр ма? Бұл тұрғыда білім ісін ұйымдастырушылардың, ұстаздардың, ата-аналар мен оқушылардың пікірі қандай?

-   Білім берудің жаңартылған мазмұнынан бір мұғалімдер оқу жұмысын ұйымдастырудың жаңа, ұтымды қалыптарын көреді. Өзінің іс-әрекетін жоспарлауға және талдауға жедел түрде ақпарат алуға, әр оқушының жеке ерекшеліктері мен қабілеттерін ескере отырып, жеке оқыту траекториясын құруға, бағалаудың түрлі тәсілдері мен құралдарын қолдануға мүмкіндік алғанын айтса, ал ата-аналар басқа көзқарасты ұстанады: «Назарбаев зияткерлік мектептері» немесе басқа оқушылары таңдалып, іріктеліп алынған «супер мектептерде» қолдануға болатын 49 әдісті жалпы орта мектептерге ұсыну – педагогикалық тұрғыдан да, әдістемелік тұрғыдан да қателік. Барлық елдегі мектептерге енгізілуі тиісті деген оқу жұмысын ұйымдастырудың жаңа қалыптары алдымен терең зерттеліп, тексеріліп, сарапталынуы керек еді» десе, енді бір топ ата-ана:«Оқушы деңгейінің нақты, шынайы көрсеткіші. Теорияны өмірдегі жағдайлармен қабыстыра алуға ерте жастан дағдыландырады, баланың оқудағы прогресін қадағалауға, мектеп әкімшілігімен, мұғалімдермен кері байланыс орнатуға қол жеткізгендіктері туралы оң көзқарас танытады. Оқушылар тарапынан өз нәтижелерін болжау арқылы бағалау критерийлерін білуге, өзінің және құрдастарының жетістіктерін бағалап, рефлексияға қатысуға, түрлі көзқарастарды білдіруге, сын тұрғысынан ойлауға мүмкіндік алады» деген пікір білдірді.

 

- «Көш жүре бара түзеледі» дейді. Кез келген жүйені жаңадан енгізіп, қолдану барысында мәселе, түйткілдер анықталып жататыны заңдылық. Бөлім бойынша жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау  жүйесінің практикалық қолданылуы барысында оны жетілдіру, толықтыруды талап ететін қандай мәселе, түйткілдер туындады? Оларды шешу, жетілдіру бойынша жергілікті әкімшілік не министрлікке нақты ұсыныс, пікірлер жолданды ма?

- 2017-2018 оқу жылында жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша бөлім бойынша жиынтық бағалау (әрі қарай БЖБ), тоқсандық жиынтық бағалау (әрі қарай  ТЖБ)  өткізіле бастады. Оқушылардың алған білімдерін практикада қолдану  бағытында жаңа бағалау жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктері байқалды. Балаға бұрынғыдай қатып қалған есеп-қисап, сұрақ-жауап берілмейді. Оқушының сыни ойлауына, логикасына қарай тапсырмалар беріледі. Ал бала іздену арқылы орындайды. Керісінше, оқушы өз бетімен жұмыс істеп, жауапкершілікті сезіне бастайды. БЖБ  мен ТЖБ  тапсырмалары балаға өз бетімен жұмыс істеуді үйретеді.

Мұғалімдердің пікірі бойынша, алғашқыда Бёілім және ғылым министрлігінен БЖБ және ТЖБ бойынша дайын сұрақтар берілген. Дегенмен ол тапсырмалар ашық дереккөзге жарияланып, оқушылар интернеттен жауабын көшіруді әдетке айналдырған. Сол себепті қазір әр мұғалім дәріс беретін пәні бойынша БЖБ және ТЖБ   сұрақтарын өзі құрастырады. Себебі әр баланың деңгейін оның мұғалімінен жақсы ешкім білмейді. Әр пән оқытушысы әр сынып оқушыларының сыни ойлау қабілетіне, біліміне, дағдысына қарай сұрақтар дайындайды. Бірақ осы тапсырмаларды дайындау үшін мұғалімдерді курстардан өткізу әлі де аз қамтылған.

Жаңа мазмұндағы бағалау жүйесінің, артықшылығымен қоса бірнеше кем тұсы бар, бағалау кезінде кей баланың білімі әділ бағаланбайды. Кей оқушы сабаққа қатыспайды, тапсырманы орындамайды. Бірақ БЖБ мен ТЖБ кезінде жоғары балл алады. Мұндай кезде оқушыға әділ баға қою қиын. Сол себепті біз БЖБ  мен ТЖБ-ға дейін оқушыны дұрыс бағалауға тырысып, қалыптастырушы бағалауды дұрыс жүргізуіміз керек.

Өз пәндері бойынша туындаған кейбір мәселелер бойынша да айтылды:  Мысалы:

  • Физика пәнінен 7-8-сыныптарда онлайн режимде сабақ болуына байланысты ТЖБ жұмысы жүргізілмеді, тек кана БЖБ жұмысымен қорытындыланды. Ол БЖБ тапсырмасы оқушының нақты білімін бағалауға жеткіліксіз, физикалық формуланың дұрыс жазылуы мен оқушының жауабын дәл есептеулерін кадағалап, олардың шынайы жазу дағдыларын қалыптастыруда өз нәтижелерін бермейді. ТЖБ тапсырмалары оқушының теориялық біліміне және шығармашылық, логикалық бағытта құрастырылған, ал 11-сыныптарда Ұлттық бірыңғай тестілеуге (әрі қарай ҰБТ) дайындық негізінде физикалық формула бойынша есептер шығарып, Халықаралық бірліктер жүйесіне (ХБЖ) аударып, нақты жауабын жазу тапсырмалары өте аз, ҰБТ тапсырмалары арасында ұқсастық жоқ.
  • Қазақ тілі пәні бойынша қашықтан оқытуда  ТЖБ өткізуде тыңдалым, айтылым дағдылары алынбайды. Бұл оқушылардың мәтінді тыңдау және сөйлеу дағдыларын  қаншалықты меңгергенін анықтауға қиындық туғызып отыр.

 

Батыс Қазақстан облысы аумағында мектепке дейiнгі, орта жалпы, арнаулы, қосымша, техникалық және кәсiптік бiлiм беру жүйесiндегi мемлекеттiк басқару қызметін іске асыру және балалардың құқығын қорғау мәселесін мұрат еткен білім басқармасының өкілі Жадыра Мұратқызына уақыт бөліп, ой-пікірімен бөліскені үшін, алғыс айтамыз. БЖБ, ТЖБ бағдарламасы  қоғамның әртүрлі қабатының, әсіре кәсіби мамандардың  ұсыныс, ескерту, пікірлерін  ескеріп, дамып-жетіліп, мектеп қабырғасындағы жас ұрпақтың қарым-қабілетін бағалаудың қатарлы жүйесі болатынына сенім білдіреміз.

Қаралым саны 1529

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463