Сондықтанда орта білім беру жүйесінің мазмұнын, оны ұйымдастыру, бақылау мен бағалаудың формасы мен әдісін жаңарту процесі жүзеге асуда. Білім берудің жаңартылған мазмұны негізінде жаңашылдықтың артуына байланысты оқушылардың оқу процесіне бейімделуінің ролі артуда. Өйткені жаңартылған білім беру бағдарламасына көшу мектептегі барлық білім беру жағдайын, соның ішінде мектептегі білім беру ортасының мазмұны мен ұйымдастыруда психологиялық білімдерді қолданудың формалары мен түрлерін едәуір өзгертті.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы орта білімді дамыту әлеуетін жүзеге асырудың басты өзекті міндеті бола отырып, білім берудің психологиялық компоненті ретінде әмбебап білім беру іс-шараларын әзірлеуді қамтамасыз етеді. Жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасының жаңа шарттарына көшуде білім беру мазмұны мен оқыту әдісі тұрғысынан оқыту жағдайында түбегейлі өзгерістердің орын алуы, оқушылардың психикасына түсетін жүктеменің артуына әкелді. Сондай-ақ, әр мұғалімге қойылатын талаптардың әртүрлі болуы, әр сабақтың өзіндік оқыту әдісіне бейімделу қажеттілігі – мұның барлығы білім алушының психикасына зор әсерін тигізуде.
Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу – білім алушының жаңа білім мазмұнын, оқыту технологиясын меңгеруі мен жаңа талаптарға бейімделуі болып табылады. Бейімделу кезеңінде балалар алаңдап, мазасызданып немесе керісінше түйықталып қалуы мүмкін. Сонымен қатар, оқуға деген қызығушылықтарының, білім көрсеткіштерінің төмендеуі, жауапкершілік сезімі төмендеп, құрдастарымен қарым-қатынаста кекілжіңдердің пайда болуына алып келуі мүмкін. Осындай жеке сипаттамалары бар адамда қорқыныш, қобалжу және күдіктену сезімдері тез орын алады. Оқушыларда өзіне деген сенімділіктің төмен болуы, қарым-қатынаста, соның ішінде жаңа орта талаптарына, жаңа ұжыммен таныстықта бірқатар қиындықтарға әкеледі.
Білім берудегі жаңа талаптармен қатар мектеп оқушылары жаһандық сипаттағы бірқатар проблемаларға тап болады. Баланы тез өзгеретін қиын жағдайларға қалай бейімдеу керек? Бұл сұрақтын жауабы бейімделудің әртүрлі аспектілерін зерттеумен айналысатын психологтар, әлеуметтанушылар, педагогтар мен физиологтар беруге тырысуда.
Бейімделу – бұл белгілі бір ортада сәтті бейімделу ғана емес, сонымен бірге психологиялық, жеке тұлғалық және әлеуметтік дамуды одан әрі жетілдіру мүмкіндігі. [1]
Сарапшылар адамның жаңа нақты жағдайларға бейімделуі білім беру процесіне қатысушылардың әрқайсысының бейімделуімен байланысты күрделілігі әрі маңызды процесс екенін атап өтуде. Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен оқушылардың жаңа талаптарға, әлеуметтік ортаға және өзіне байланысты қатынастар жүйесіне бейімделуі құрдастарымен және ересектермен қарым-қатынастың тұрақты формалары, оның мектептегі жетістіктері мен сәтсіздіктері, қарым-қатынас стилінің тиімділігін анықтайды.
«Бейімделу» ұғымы психологиялық денсаулық тұжырымымен тығыз байланысты. О.В.Хухлаева бойынша «психологиялық тұрғыдан сау адам» белгілі бір «тұрақтылық қорына», «ішкі қуатқа» ие болғандықтан қорғану әдістерін білетін, сыртқы өзгерістерге тәуелділігі аз, өмірлік деструктивті факторларға төтеп беретін және «өзінің өмірін оңтайландыруға» мүмкіндігі бар тұлға. [2]
Бүгінде оқушылардың білім берудің жаңартылған мазмұнына бейімделуін зерттеу психологиялық-педагогикалық ғылым мен мектеп практикасының өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Білім берудің жаңартылған мамұнына көшу аясында оқушының оқу процесіне бейімделуінде, кері байланыс ретінде қолданылатын бағаны өзіндік реттелудің құралы ретінде қолдану; оқу процесінде әрбір оқушының оқу әрекетінің барысы мен нәтижесін бақылау икемділіктерін дамыту мұғалімдерде қиындықтар тудыруда.
Оқушының жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сәтті оқуға әлеуметтік, зияткерлік бейімделуінің негізін қалау көбінесе ересектерге: мұғалімдердің, сынып жетекшілерінің, ата-аналардың, мектеп психологтарының кәсіби және тұлғалық даму деңгейлеріне тәуелді.
Оқушының жаңартылған білім беру мазмұына бейміделуі ең алдымен бейімделу процесіне жағымды әсер ететін білім беру ортасын қалыптастыру жағдайларына байланысты. Бірқатар тұжырымдамаларда (Дж. Пиаже, Р.Мертон), атап айтқанда, әлеуметтік бейімделу екі жақты процесс және субъект пен әлеуметтік (бұл жағдайда білім беру) ортаның өзара әрекет нәтижесі ретінде түсініледі. Көбіне бейімделу процесі жеке тұлғаның өзін құрбан етуі арқылы тепе-теңдік орнатып, қоршаған ортаның талаптарына бейімделуінің пассивті процесі ретінде түсіндіріледі.
Бейімделу – баланың өзіне жаңа болып табылатын мектеп өміріне, талаптар мен қадағалаудың жаңа жүйесіне енуінің көп факторлы үрдісі. Мектеп жағдайына бейімделу физиологиялық және психологиялық аспектілері бар ұзақ процесс. Оқушылардың әлеуметтік-психологиялық бейімделуі қорқыныш, жалғыздық сезімдерінен арылудан немесе әлеуметтік оқытуға кететін уақытты қысқартудан тұрады.
Оқуға бейімделу оқушының оқыту формасы мен мазмұнына бейімделуін қамтиды, ол саралану арқылы бейімделушімен өзара әрекеттескен кезде өзгеруі мүмкін. Оқушылардың жаңартылған білім беру мазмұнына бейімделуі – білімге бейімделудің бір түрі. Оқушының жаңартылған білім беру мазмұнына бейімделуін оның тұлғалық сипатының білім беру ортасымен өзара әрекеті барысында көрінеді. [3] Нәтижесінде оқушы бұрынғы мазмұнда алған білімін, білігін, дағдысын, білім алу мүмкіндіктерін, бейімділігін, қызығушылығын жаңартылған білім берудің оқу процесіне тиімді қолдана алады.
Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу негізінде оқушының әлеуметтік даму жағдайлары кең ауқымды дағдыларды қамтиды: бес күндік оқу аптасы, тілдік мақсаттарға қол жеткізу, критериалды бағалау, күнделікті қалыптастырушы бағалау тапсырмалары, бөлім мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау, үштілділік, сын тұрғысынан ойлау, АКТ қолдану, зерттеу жұмыстарын жасау. Жаңартылған білім беру мазмұнының осындай аспектілері оқушыда келесі жағымсыз әрекеттердің: көпшілік көңілінен шыға алмауына (ата-ана, мұғалім, достар), теріс эмоционалдық мінез көрінісіне, қойылған талаптарды орындай алмауына, сөз бен істің сәйкестігіне күмәндануына, мұғалімнің жеке басына үйрене алмауына, жаңа бағалау жүйесіне бейімделмеуіне, сәтсіздіктерге төтеп бере алмауына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, жаңартылған білім беру мазмұнына көшкен оқушылардың басым бөлігінде келесі жағдайлар байқалды: әрекетінің қозуы немесе тежелуі, оқуға деген қызығушылығының төмендеуі, ұйқысының бұзылуы, шаршау, ашуланшақтық, тәбетінің төмендеуі. Бұл бала ағзасының үйреншікті жағдайдан жаңа талаптарға, қадағалаудың жаңа жүйесіне, өзіндік реттелудің жоғарлауына біртіндеп енуінің заңды реакциясы болып табылады.
Бейімделудің күрделі аспектілерінде ата-аналардың көмегі өте қажет. Оқушының жаңа мектеп жағдайына енуі оның организміндегі өзгерістеріне әсер ететіндіктен, ата-ананың бала дамуы туралы нақты, тиянақты ой-пікірі болуы қажет. Ата-аналардан келетін көмек түрлеріне мыналар жатады: мектептегі және отбасындағы қарым-қатынас деңгейін жақсарту, үй тапсырмасын орындау режимін ұйымдастыру, критериалды бағалау жүйесін түсіну, академиялық шындықты сақтау ережелерімен танысу, мектеп өміріне қызығушылықпен қарап, үнемі араласу. Ал ата-ананың әрекеті төмендегідей сараланды: баламен келісу (ұялы телефонды, ғаламтор желісін пайдалануды шектеу), үйде дене белсенділігі үшін қажетті жағдайларды жасау, баланың демалысты, үй тапсырмасын орындауды, ұйқыны дұрыс үйлестіруін қадағалау, мектеп жоспарын білу, басқа ата-аналармен ынтымақтастықта бола отырып, оқушы бойындағы ортақ мәселелерді шешу, мектептік іс-шараларда өзінің жасайтын әрекетін білу және оны сезіну.
Оқушының бейімделу үрдісін жақсартуды қамтамасыз ету мектеп психологі, мұғалімдер мен ата-аналар бірігіп әрекет жасағанда ғана нәтижелі болады. Баланың мектепке бейімделуіне байланысты мұғалім мен ата-аналардың көңіл аударатын маңызды шарттары мыналар:
- оқушының тәртібін сабақ үстінде және сабақтан тыс кезеңде бақылау;
- оқушымен оны не қызықтыратыны және жақсы көретін сабақтары туралы әңгімелесу;
- бала туралы достарымен, сыныптастарымен, ата-анасымен әңгімелесу;
- мектепке үлкен қызығушылықпен келетін бала ынтасын жоғалтып алмау;
- бала бойындағы қиындықтарды уақытылы анықтап, қажет болса түзету жұмыстарын жүргізу;
- балаларды қанағаттандыратын эмоционалдық жағымды өзара қарым-қатынас (құрбыларымен, мұғалімдермен, ата-аналарымен) жүйелерін қалыптастыру. [4]
Бейімделу кезеңіндегі мұғалімдермен жұмыстың маңызды бағыты – олармен оқушылардың жеке ерекшеліктері туралы талқылау жасау. Бұл мәселені шешу үшін психологтың орта мектеп мұғалімдерінің болашақ оқушылармен кездесуіне қатысуы пайдалы. [5] Алдын-алу жұмыстарын дұрыс жоспарлау үшін психолог оқушының күшті жақтары көрсетілген негізгі психологиялық сипаттамаларға: 1) барлық психикалық процестердің еркіндігі, ұғынықтылығы, зиялылығы, іштей үйлесуіне; 2) өз өзгерістері туралы хабардар болу, рефлексияны дамытуға сүйенуі керек. Осыған сәйкес, мектептегі педагог-психолог жұмысының мақсаты орта мектеп түлектерінің ойдағыдай оқуына жағдай жасау ретінде анықталуы мүмкін. Ол ең алдымен баланың мүддесіне, екіншіден, оқу процесінің міндеттеріне бағытталады. Ең бастысы баланың одан әрі үдемелі дамуын, психологиялық саулығын қамтамасыз ету арқылы орта мектептің оқу жағдайына бейімдеу болып табылады.
Қолданылған әдебиеттер
- Верещагин И.Ю. Философские проблемы теории адаптации человека. - Владивосток: Изд-во Дальневост. ун-та, 1988. - 164 с.
- Аршавский И.А. Поисковая активность и адаптация. М.: Наука. 1984.
- Казначеев В.П. Современные аспекты адаптации. Новосибирск: Наука, 1980. - 260 с.
- Советова О.С. Инновации: трудности и возможности адаптации. - СПб.: Изд-во С. Петерб. Ун-та, 2004. - 256 с.
- Капустин Н.П. Педагогические технологии адаптивной школы: учеб. пособие для студ. высш. пед. учеб. заведений. М.: Академия, 1999. - 216 с.
- Жайтапова А. Әлеуметтік-педагогикалық бейімделу // Ұлағат. №1 - 2001, 12-16 б.