Жан азығы

Әкем «Жаман шынын айтам деп, сырын айтады» деп жиі ескертетін. Ішкі сырын өзгеге сеніп ақтара салудың түбінде қауіп бар. Қазір әлеуметтік желілерде адамға өмір сүрудің қыр-сырын үйретем деушілер тым көбейіп кетті. Өз өміріндегі болмашы қиыншылықтарды түпсіз қайғы еткендер осыларды жағалап, ақыл-кеңестерін алады. Бара сала басынан өткеннің бәрін жіпке тізгендей айтады. Кейбірі өмірінде көрмеген, тек әлеуметтік желі арқылы танитынға да басындағысын мөлдіретіп жазады. Ал біреулер уақытша ниеттес болғанды өмірлік сырлас досындай көріп, ішіндегісін ақтара салады.

Бұрын әр әулеттің арқасүйер ақылшы үлкені болатын. Басына іс түсіп, қиналған ағайыны содан ақыл алып, тығырықтан шығушы еді. Ішкі мәселе ағайынның арасында ғана шешілетін. Бұл отбасылық дәстүр үзілуге жақын, жоқтың қасы.

Мықты маман әрі дұрыс адам екеніне көз жеткізбесе, сырын шашу өз өміріне балта шапқанмен тең деп ойлаймын. Абзалы, ұрпақ үшін қажет болады-ау демесең, сырыңды тек өзің ғана білгенің жөн.

Қазақта ең жақсы жігітті «сегіз қырлы, бір сырлы» деп сипаттауының астында терең мән жатыр. «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, дұрыстыққа ұмтылудан жалықпайық.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ

Қаралым саны 787

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463