Мысал ретінде айтсақ, 2017 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармония залында «Жыр дүлдүлі – Марабай» атты республикалық жыршылар байқауы өтті. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші, термеші Қатимолла Бердіғалиев төрағалық еткен өнер додасында сайысқа қатысушылар «Қобыланды батыр» жырын орындады, сондай-ақ еркін тақырыпта да өнер көрсетті. Орал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Өнер және ұлттық дәстүрлерді дамыту бөлімі «Марабай жырының жауһары» атты шара өткізді. 2018 жылы. Теректі ауданының орталығы Федоровка елді мекенінде Марабай жыраудың мүсіні қойылды.
Биылғы жылдың наурызында Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы тарихи, мәдени құндылықтарымызды толықтыру, ұлттық руханиятымыздың тұлғаларын дәріптеу, тану, жаңаша бағалау, әлемдік өркениетке көтеру бағытындағы зерттеу-айқындау «Марабайтаным» жобасын бастады.
Марабайтаным жобасы:
- Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығы аясында рухани мұрасын нақтылау, жүйелеу;
- Жыраудың өмірбаян-шежіре деректерін іздеу, зерделеу, айқындау;
- Естелік материалдарды жинастырып, ғылыми айналымға енгізу;
- Материалдарды БАҚ бетінде жариялау бағытында жүзеге асуда.
«ЖЫР бастау» және «МАРАБАЙтаным» жобасы аясында, эпик жыршы Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына орай Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс наурыз айында республикалық, халықаралық жыршы-термешілер байқауының лауреаты Фархат Оразов жасөспірімдер арасындағы ауданаралық онлайн «Ер Тарғын» жыршылар челлендж-эстафетасын бастады. Облыстың 12 ауданы мен Орал қаласының жасөспірімдері өздері дайындаған бейнероликтері арқылы атсалысқан бұл жоба шілде айында межесіне жетті. Батыс өңірдегі жыршылық мектепті дамытуды жас жеткіншектер арасында бастауымыздың да өзіндік себебі бар. Ол осы өнердің ұрпақ тәрбиесінде, қоғам тәрбиесінде атқарар рөлінде, батырлар жырын құлағына құйып өскен бала міндетті түрде елін, жерін сүйетін тұлғаға айналады, насихат, өсиетпен өсетін болады. Сол себепті жыраулық өнердің ұлт тәрбиесіне тигізер маңызы жоғары екенін басты назарда ұстау - міндетіміз.
Соған орай тәуелсіз еліміздің 30 жылдық таңында ұлағатты мәдени жәдігерлерімізді бір кісідей қолдап, жас ұрпақтың санасына сіңіру бағдарымызға үлес қосқан 12 аудан және қала мәдени-демалыс орталығы басшылары мен мамандарына, жетекшілеріне, ұлттық мұратымызға жақын жүрген жас өнерпаздарымызға алғысымыз шексіз.
Мамыр айында облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры ретінде мен 92 жастағы шыңғырлаулық ақсақал Бақытжан Салахадтинұлын қабылдап, Көкшетау қаласындағы Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің директоры Құдайберлі Мырзабектің алғысхатын табыстадым. Бұл алғысхаттың Жайық еліне келуінің себебі мен тарихы бар. Бақытжан Салахадтинұлы 1947 жылы, яғни осыдан бақандай 74 жыл бұрын Совет Одағының батыры, әдебиет зерттеушісі Мәлік Ғабдуллин екеуінің арасындағы Марабай мәселесі бойынша алмасқан хаттың түпнұсқаларын жақында жоғарыда аталған музейге сыйлаған екен. Құнды тарихи жәдігер үшін Мәлік музейі ризашылығын білдіріп, ақсақалға музей атынан алғысхат табыстауға бізге, облыстық халық шығармашылығы орталығына өтініш қылды. Біз ардагерді қошеметпен қарсы алып, осындай көненің көзіндей қариялардың өнеге жолы өскелең ұрпаққа үлгі боларлық ғибрат екенін жеткіздік.
Биылғы жылдың маусым айында «Марабайтаным» жобасы аясында Марабай нұсқасындағы «Қобыланды батыр» жырын насихаттау челленджін елімізге танымал мәдениет қайраткері, Қобыланды батырдың ұрпағы Жүрсін Ерман бастады.
Биылғы жылдың шілде айында Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына орай "Марабайтаным" жобасы аясындағы іссапарым Ақтөбе облысы Қобда ауданы Жиренқопа ауылында орналасқан «Қобыланды батыр» мемориалдық кешенінде басталды. Қазақ халқының қаһармандық жыры «Қобыланды батыр» эпосының көркем нұсқаларының бірі бізге Марабай Құлжабайұлы арқылы жетті. Бұл іссапарым Қостанай облысында жалғасты. Осы қалада эпик жырау Марабай Құлжабайұлының «Қобыланды батыр» жырын жазып алып, «Тайбурылдың шабысы» тарауын «Қазақ хрестоматиясына» енгізген (1879) Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориал музейде болдым. Осы музей басшысының орынбасары Салтанат Өтелбаева және ақын, публицист, журналист, ғалым әрі аудармашы, Әлем халықтары Жазушылары Одағы және Қазақстан Жазушылары Одағы мүшесі Серікбай Оспановпен кездестім. Кездесу барысында Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына орай "Марабайтаным" жобасы аясында жыраудың рухани мұрасын нақтылау, ғылыми айналымға енгізу, өмірбаяндық деректерін толықтыру мәселелері талқыланды. Осыдан соң зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыру мақсатындағы іссапарым Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы тарихи-мемориалдық музейінде жалғасын тапты. Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының "Мәлік Ғабдуллин музейі" МКМ директоры Талғат Ибраевпен кездесу барысында жыршыға қатысты әлі бір ізге түспей келе жатқан мәселелер, жарияланып жүрген деректер туралы қор сақтаушы Жанат Қажыбай және ғылыми қызметкер Балым Айтмағанбетовамен талқыланды. Олар музейдегі экспозициялық залдармен таныстырып, қажетті ақпараттармен бөлісті.
Мырзабек Құдайберлі академик, жазушы, қоғам қайраткерi Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ халқының батырлық жыры «Қобыланды батыр» жырын ғылымдық зерттеудің мәселелері (кандидаттық диссертация) туралы» XI томдық кітапты табыс етті. Осымен өлкелер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтқан іссапар аяқталды. Бірақ "Марабайтаным" жобасы жалғаса берді.
Марабайтаным жобасы аясында мұндай іссапарлар облыс аумағында да жүзеге асты, атап айтқанда, Бөрлі және Теректі аудандарына да барып қайттық. Бұл сапарлардың егжей-тегжейі жайлы келесі баяндамада сөз болады.
Марабай Құлжабайұлына арналған республикалық конференция - атақты жыраудың мәдени мұрасын зерттеу, зерделеу, игеруді көздеген шарамыздың бірі.
Біз Марабайтаным жобасын жырауға арнап шелпек пісіріп, Құран сүрелерін бағыштаудан бастадық. Марабай жырау тақырыбы бойынша Мәлік Ғабдуллинмен хат-хабар алмасқан жасы тоқсаннан асқан Бақытжан Салахадтинұлының батасын алдық. Осы тілек дұғаларымыз қабыл болып, аруақ разы болды ма екен, біздің жоғарыда аталған жоба бойынша іс-қызметіміз, ізденістеріміз жеміссіз болған жоқ. Айтпақшы, наурыз айында Орал қаласында бір ақжолтай оқиға орын алды. Орал қаласының тұрғыны Дәулетқалиевтар әулетінде дүниеге келген сәбидің есімі ата-анасының қалауымен Марабай деп қойылды. Қазақтың атақты жырауының есімін иеленген сәбидің әкесінің аты ЕрТарғын екенін ескеріп, бұл оқиға жай ғана сәйкестік емес, қазақ руханиятында болғалы тұрған бір үлкен жақсылықтардың жаршысы деп, жақсы ырымға баладық. Ылайым қазақтың өр рухы қайта жаңғырып, өркениеттің төрінен орын алайық.
Сөз соңында Марабай Құлжабайұлына арналған іс-шараларға басшылық жасаған және әдістемелік көмек, қолдау көрсеткен облыстық мәдениет басқармасына (басшысы Сайран Дүйсентегі) және жобамызға атсалысқан барша мекеме-ұйым мен тұлғаларға шын ризашылығымызды білдіремін.
МӘУЛЕТ ЖҰБАТОВ,
Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры