МҰҒАЛІМДЕРДІҢ КӘСІБИ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ РЕФЛЕКСИЯНЫҢ ОРНЫ

Шынар ЗУЛКАШЕВА,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО ПҚБАИ» мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының аға оқытушысы,  Орал қаласы

Қазақстан Республикасында кәсіби біліктілікті арттыру жүйесін реформалау қажеттілігі Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еліміздегі жалпы білім беру жүйесінің алдына қойған жаңа міндеттерімен байланысты. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес педагогикалық біліктілікті арттыру мәселесі мұғалім мамандығының беделін арттырудың басты факторы болып табылады.

Педагог кәсібінің беделін арттыру және олардың сапалық құрамын арттыру, өздігінен білім алу, өзін-өзі жетілдіру басты міндеттер болып анықталатындықтан, барлық кәсіби біліктілікті арттыру жүйесінің қызметі аталған қасиеттерді жетілдіруге бағытталуы тиіс. Аталған міндеттерді орындау үшін педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру жүйесін реформалау қажет. А. Муханбетжанова, С. Бахишева және т.б «Педагогикалық жүйетану негіздері еңбегінде» «Педагогтардың біліктілігін жетілдірудің жаңғыртылған жүйесі ғана мұғалімді рефлексияға қабілетті, өз ісіне есеп бере алатын, білім берудің әлемдік жүйесін игерген, белсенді, шығармашыл тұлға ретінде қалыптастыра алады» деп көрсетеді.

Бұл саладағы ең басым бағыттардың бірі қазіргі қазақстандық білім беру жүйесінің жаңа, динамикалық жағдайында шығармашылықпен және белсенді қызмет жасауға қабілетті педагог мамандарды әзірлеу және қайта даярлау болса, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың негізгі мақсаты – бұл үдерісті үздіксіз сипатқа айналдыру. Сондықтан қазіргі таңдағы мұғалімнің білімі мен біліктілігі ерекше орын алып, білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қазіргі біліктілікті арттыру жүйесі оның үздіксіз дамуына жәрдемдесуге бағытталған. Заманауи мұғалімнің кәсіби қызметпен қамтамасыз ету үшін психология, педагогика және оқытатын пән, жоғары оқу орнында алған білімі жеткіліксіз. Үздіксіз білім педагогикалық ойлаудың, педагогикалық мәселелер мен міндеттерді шешудің шығармашылық амалдарын, ойлауды инновациялық тұрғыдан дамыту, жаңалықты қабылдай алуға бағытталған.

Осыған байланысты педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесінде жаңа сипаттағы біліктілікті арттыру курстары пайда болды, олардың мазмұны мен оқыту тәсілдері жаңарды. Мұғалімдерді озық елдердің білім беру жүйесінде қолданылып жүрген жаңа оқыту технологияларымен таныстырумен қатар білім саласындағы соңғы зерттеу қорытындыларымен таныстыра отырып, теориялық білімдерін жетілдіру, оларды мұғалім тәжірибесіне кіріктіру, жаңа технологияларды пайдалануда, инновациялық ортада бейімделе алуына қолдау көрсету көзделді. Сонымен қатар қазіргі өзгермелі қоғамда жаңалыққа ашық болу қағидатын ұстануға үйретіп, шамадан тыс ақпаратты сұрыптай алу үшін және өз тәжірибесіне сыни көзқараспен қарауды қажет ететін рефлексиялық әрекеттерін дамыту мәселесі жолға қойылды.

XXI ғасырда үздіксіз білім берудің негізгі ұғымы келешектегі даму және заманауи әлеуметтік бейнені анықтайды, жаһандану үдерісіндегі жалпы жағдайдың қажеттілігінен туындайды. Ол жеке тұлғаның және қоғамның қажеттіліктерін дамытуды қанағаттандыруды қамтиды. Үздіксіз білім беру тек қана жеке тұлғаның дамуын ғана қамтамасыз етпей, бүкіл мемлекетті де қамтып өтеді. Қазіргі талаптарға сай педагог жетістікке қол жеткізген, сұранысқа ие, кез келген өзгеріске әзір, жаңа жағдаяттарға тез және тиімді бейімделе алатын, кәсіби шебер маман болуға талпынған, үнемі өз білімі мен біліктілігін жаңартуға, өзіндік дамуға талпынған, белгісіздікке толеранттылық танытып, тәуекелге бел буа алатын, яғни кәсіби құзыретті болуы шарт. Сонымен қатар мұғалім қызметіндегі маңызды дүние – педагогтің өзінің жай-күйін сезіну қабілеті мен қажеттілігі, өз міндеттерін, әрекетін және нақты педагогикалық жағдаятта қол жеткізген нәтижесін бақылау, бағалау, түзету және өзінің педагогикалық іс-әрекетін жетілдіру мақсатында салыстыра алуы болып табылады. Аталған әрекеттер мұғалімнің ойлауының дамуына ықпал етеді. Осы сұраққа А.А. Бизяева «Өзінен кәсібін жоғары қоятын күнделікті өмір ағымын өзгертіп, өз қателіктерін мойындауға, құндылықтарды бағалауға, өзін өзгертуге мәжбүрлейді. Яғни ойланатын, күмәнданатын, өз әрекетіне талдау жасай алатын мұғалім өз кәсібінің шебері бола алады» деп тұжырымдайды.

Рефлексия ұғымын қазақстандық ғалымдар да зерделеген. К. Кудайбергенова «Құзырлықтың педагогикалық категория ретінде дамуының теориялық-әдіснамалық негіздері» еңбегінде құзырлық ұғымын зерттей келе, педагогтің кәсіби құзырлылығының құрылымына іс-әрекеттік, мотивациялық және рефлексивті құзырлықты жатқызады, рефлексивті құзырлылық «өз іс-әрекетінің нәтижесін болжамдау, өздік талдау, бағалау дағдыларын жинақтайды» деген. Ш. Габдрахманова «Мұғалімнің өзіндік дамуы: педагогикалық рефлексия» әдістемелік құралында «Рефлексияға қабілеттілік қарым-қатынаста баға жетпес қасиет болып табылады. Өзінің, өзге адамдардың әрекетіне рефлексия жасау іскерлігі арқылы адам өзінің әріптестікке қажетті тұлғалық сапаларын дамытады. Олар: көрегендік, ілтипат, шыдамдылық, әдептілік, бұл сапалар адамдармен табысты өзара қарым-қатынастарды құруға мүмкіндік береді» деп, мұғалімнің рефлексиялық дағдысының маңызын атап көрсетеді.

Инновациялық білім берудің даму жетістігі білім саласында жұмыс істейтін кәсіби мамандардың инновациялық режимде жұмыс істеуге, қоғам мен тұлғаның қажеттіліктерінің үнемі өзгеріп отыруына байланысты өз кәсіби іс-әрекетін икемді, оперативті өзгертуге әзірлігіне байланысты. Сол себептен өзгермелі өмірде мұғалімдер барлық сатыда білім беру бағдарламасына енгізілетін және пәндегі өзгерістермен бірге дамып отыруы тиіс. Осыған орай педагогикалық рефлексияның маңыздылығы арта түсуде, біліктілікті арттыру курстарында берілетін жаңа білім мен оқыту әдістемесі тиісті деңгейде меңгеріліп, мұғалім өзінің бұрынғы тәжірибесіне үйлесімді кіріктіріле алу үшін рефлексиялық әрекеттің болуы қажет.

Педагогика саласында рефлексия — іс-әрекеттің өзіндік талдауы және оның нәтижесі. Рефлексия өз қызметінің мақсаттары мен нәтижелеріне сәйкес келмеген жағдайда пайда болатын проблемалық жағдайларды тани білуді, олардың себептеріне талдау жасау мен шешу тәсілдерін қарастыруды қамтиды. Рефлексиялық қабілеттері дамыған маманда оған деген тұрақты қажеттілік сезіліп тұрады. Кез келген істі ол өзіне-өзі сұрақ беруден бастайтындай дәрежеге жетеді. Бұл кәсіп иесінің шығармашылық әрекетке қосылуы құралдарының бірі, одан өзіне қатысты белсенді позицияны таңдауды талап ететін рефлексиялық өзіндік диагностика жасауға мүмкіндік береді. Педагогтің белгілі бір педагогикалық мәселелер туралы барлық ақпаратты жинақтай алуы, оның тиімдісін таңдай білуі, нақты жағдайды шешуге байланысты оған өзіндік қолтаңбамен өзгерістер енгізе білуі, осылайша мәселені шешудің өзіндік жолын таба білуі сыни ойлау нәтижесінде жүзеге асады. Бұл жағдайда сонымен бірге тапқырлық пен өнертапқыштық сияқты сапалар қатар дамуға мүмкіндік алады.

ЭЫДҰ жүргізген инновациялық ортаның салыстырмалы талдауы қорытындысында мұғалімдер өз жұмысынан сабақ алу үшін өз тәжірибесі туралы рефлексия жасауға, яғни ой толғауға міндетті делінген. Қазақстандық мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына қолдау көрсетіп отырған «Тиімді оқыту», жаңартылған білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарында мұғалімдердің сыни рефлексия жасай білуіне жол ашатын стратегиялар қарастырылған. Бұл өз кезегінде өзін-өзі жетілдіру үдерісінде мұғалімнің өз тәжірибесі туралы сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамыту болып табылады.

Курс барысында мұғалімдердің рефлексивті қызметі мектеп тәжірибесінің негізінде жасалған пікірлерінен, мектеп қызметіне шолу жасай алуы, оқушыларына зерттеу жүргізу және өз тәжірибесін сыни көзқараспен талдау, рефлексивті ойлай алу, өзін-өзі және өзара бағалауынан көрінеді. Рефлексия тәжірибемен бірге жүреді. Тәжірибеден бұрын «Ол маған неліктен керек? Қалай тиімді қолданамын? Ең маңыздысы қайсы? Нәтижеге қалай қол жеткізем?» деген сұрақтарға жауап беріп, әрекеттеріңді алдын ала дұрыс жоспарлауға болады. Бұл әрекет мұғалімнің рефлексиясы болып табылады. Әрекет үстінде де мұғалім рефлексия жасай алады, бұл мұғалімнің дер кезіндегі түйсінуі:«Не дұрыс болмады? Неліктен?» деп ойлану, дұрыс болуы үшін тез арада шешім қабылдай алу – рефлексивті ойлау жемісі. Оқиғадан кейін рефлексивті ойлау жүретін болса, «Оқиға қалай орын алды? Алдағы жұмысымда істеуге болатын әрекеттерім қандай болу керек?» деген сұрақтар болады.

Мұғалімдерді оқыту үдерісінде рефлексивті ойлауын жетілдіру үшін жазбаша және ауызша әдістерді қолданамыз. Сессия басында күннің мақсатымен таныстырылады, сабақ соңында көбінесе жазбаша кері байланыс әдістері қолданылады. Жазбаша кері байланыстың тиімділігі – барлық тыңдаушыны қамтиды және уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Тыңдаушылардың көзқарасын, пікірін білу үшін немесе тренер ретінде неге жауап алғыңыз келеді, анықтағыңыз келетін сұрақтарды рефлексия парақтарымен алуға болады. Мысалы, мұғалімдердің бағдарлама идеяларын қаншалықты түсініп, өз тәжірибесіне қалай енгізетінін ойлана алғандығын бақылау үшін төмендегідей сұрақ беруге болады:

- Бұрын ... деп ойлайтынмын, қазір … деп ойлаймын

- Мен … екенін байқап, енді мені … қызықтырады.

- Бүгін мен ...., тәжірибемде қалай қолдану керектігін .... елестеттім.

 Әр оқыту аптасында әр түрлі рефлексия парақтары қолданылады. Олар мұғалімдердің жаңа ақпаратты меңгеруі туралы ақпарат берумен қатар апта сайын күрделендіріп берілетіндіктен, педагогтердің рефлексивті ойлауын дамытуға жол ашады.

Курс барысында қалыптасқан рефлексиялық дағдыларын әр мұғалім курстан кейінгі жұмысында әрі қарай дамытуы тиіс. Соның ішінде жаңа педагогикалық әдістерді енгізуде, жаңа оқу бағдарламаларымен жұмыс жасауда бұл әрекет маңызды сипатқа ие. Мұғалім рефлексиялық әрекет арқылы шеберлікке жете алады. Өткізген әр сабағын сыни талдау, кері артқа шегініп, ненің дұрыс, ненің бұрыс болғанын ой елегінен өткізу, өзінің тәжірибесін жетілдіру үшін келесі жолы нені дұрыстау керектігі туралы ойланып, келесі қадамдарын белгілеу әрекеттері ұстаздық шеберлікті шыңдауға мүмкіндік береді. Жаңартылған бағдарлама аясында мұғалімдердің күнделікті сабақ жоспарының соңында мұғалім сабағын ой елегінен өткізіп, рефлексиялау үшін бірнеше көмекші сұрақ берілген. Сабақтан кейін сол сұрақтарға мұғалім ауызша немесе жазбаша жауап берсе жеткілікті.

Педагог рефлексияға өзінің қабілеттілігін дамыту үшін келесілер қажет:

- басты қағидаларға, қиын жағдайларға, мүлтіксіз шешімдерден кейін өзінің әрекетін талдауға қайта оралып отыру;

- әр жұмыс күнінің біткен уақытында талдау жасау; өткен жұмыс күнінің барысына сыртқы бақылаушы ретінде баға беру;

- басқа адамдар туралы өзінің көзқарасын, баға беруін тексеріп отыру; қарым-қатынасты жоғарылату;

- қарым-қатынастары, көзқарасы басқалардан өзгеше, яғни қарым-қатынасы қиын адамдармен қарым-қатынас орнату;

- нақты жағдаятта өзінің әрекетіне талдау жасай білу.

Рефлексиялық әрекеттерді меңгерген, аталған қағидаттарды ұстанып, өз дамуының субъектісіне айналған мұғалім ұстаздық шеберліктің шыңына жетеді деуге болады.

Қаралым саны 4587

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463