Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Кеңестер елін тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921-1922 жылдардағы ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді. 1921 жылдың жазында ол елдің көптеген өңірлерін, әсіресе Еділ бойы аудандарын жайлады. 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 млн. астам адам аштыққа ұшырады.
Қазақстанның көпшілік аудандары етек жайған ашаршылық құрсауында қалды. Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларында егілген астық қатты құрғақшылықтан шықпай қалды, шыққандары жазғы ыстықта қурап қалды. Мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жайылымдар мен шабындықтар толықтай күйіп кетті. Оның үстіне 1920-1921 жылдардағы ұзаққа созылған қатал қыс қазақ өлкесінде малдың да жаппай қырылуына әкеп соқты. Ашаршылық құрбандарының, аштан өлгендердің саны күн сайын көбейе берді.
1920 жылы 12 қазанда Кеңестердің І құрылтай съезінің шешімімен Орал облысы губерния болып құрылды. Оның құрамына Гурьев, Елек, Калмыков, Жымпиты, Ойыл, Орал уездері кірді. 1921 жылы 19 қарашада Ойыл уезі Ақтөбе губерниясына қосылды. Нәубет қарсаңында Орал губерниясының егістік көлемі 1920 жылы 1917 жылмен салыстырғанда 410,5 мың десятинадан 165,9 мың десятинаға дейін қысқарды. 1921 жылы егістік жерінің 80%-ын құрғақшылық жайлады. Егін өнімінің орташа көрсеткіші 1,9 пұт болса, тұрғындардың жан басына шаққанда 0,9 пұттан келді. 1920 жылғы стастикалық есеп бойынша губернияның жалпы мал басының саны 3,3 млн. -0,3 млн. дейін азайған.
1918-1921 жылдары Кеңестік биліктің жүргізген әскери коммунизм саясатының салдарынан шаруа халықтың алдындағы бар мал-мүлкінен, азық-түлігінен айырылуына алып келді. Астыққа мемлекеттік монополия мен салғырт ісі Қазақстанда 1920 жылдан бастап кең көлемде жүзеге асырылды. Осы жылдың басында салғырт (ет салымы) әдісі мал шаруашылығында да кеңінен қолданыла бастады. Мәселен, 1921 жылы Батыс Қазақстанның Орал және Бөкей губернияларында салғыртқа қатысты азық-түлік дайындау органдарының шаруалардың қолындағы малын тартып алуы 120 және 112%-ды құрады. Астық шығып жарытпаған Орал губерниясында 1920 жылы салғырт бойынша 1,5 млн пұт астық тартып алынды, соның салдарынан мұнда азық-түлік тұтыну тапшылығы 2-2,5 млн пұтқа жетті.
Сонымен, 1921-1922 жылдардағы бүкіл Қазақстанды, оның ішінде Орал губерниясын жайлаған ашаршылықтың басты себебі азамат соғысының зардаптарынан, әскери коммунизм саясатының ауыртпалығынан туындады, - деп есептейміз. Екіншіден, табиғи факторды да жоққа шығара алмаймыз, бұл жағдай да халықтың жаппай ашаршылықа ұшырауына әкеліп соқтырды. Сонымен бірге Кеңес өкіметіне бағынбаған бандылық топтардың елді мекендерге жиі шабуылдап, шаруалардың малдарын, азық-түліктерін тартып алулары да халықтың жағдайын қиындата түсті.
1921 жылғы тамыздан бастап Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары аштықтан зардап шеккен аймақтардың тізіміне ресми түрде енгізілді. 1921 жылдың күзіне қарай Қазақ АКСР-інің жеті губерниясының бесеуі: Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары (Түркістан АКСР-і құрамындағы Сырдария және Жетісу губернияларын қоспағанда) және Адай уезінің тұрғындары аштыққа ұрынды. Ашаршылық 1 558 927 тұрғыны бар 1 048 100 шаршы метр аумақты қамтыды. Статистика басқармасының деректері бойынша 1921 жылдың қарашасына қарай Орал губерниясында 384 900 адам, ал әртүрлі көздерден алынған деректер бойынша 400 000 адам ашаршылыққа душар болған. Ал Қазақстанда барлығы ресми деректер бойынша 1 508 900 адам, бейресми деректерде 1 558 927 адамның ашаршылыққа ұшырағаны көрсетілген.
Губернияда қалыптасқан жайдайға байланысты Орал атқару комитеті орталыққа аймақтағы күрделі мәселені баяндау үшін делегация жібереді. Қырғыз (Қазақ) ОАК-і жанындағы ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі орталық комиссияның төрағасы Сейтқали Меңдешев қол қойған Қырғыз (Қазақ) Орталық Атқару Комитетінің 1921 жылғы 16 маусымдағы ережесі негізінде құрамында губерниялық атқару комитетінің төрағасы және 5 мүшесі бар Орал губерниялық ашыққандарға көмек көрсету комиссиясы құрылды. Губкомголод 8 тамыздан өз қызметін бастады. Ал 1921 жылдың 9 тамызындағы губерниялық атқару комитеті Төралқасының № 90 шешімімен Губерниялық комиссияның құрылымы және штаты бекітілді. Оның құрамында есепші, көмекші, ісқағаздарын жүргізуші, хаттанушы және ақпараттандырушы болды.
Сонымен бірге біруақытта жергілікті жерлерде уездік ашыққандарға көмек комиссиялары құрылды. Ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі губерниялық комиссияның бірінші жарлығы аймақ тұрғындарын аштықпен күреске белсенді түрде қатынасуға шақырумен басталды. Комиссия хабарламалар мен листовкалар басып шығарды. Губерниялық комиссия аштыққа ұшыраған адамдардың нақты есебін алумен шұғылданды және еңбеккерлердің көпшілігін аштықпен күреске кеңінен тартумен, балалардың тұрмыс-тіршілігін жақсартумен айналысты. Сонымен қатар губерниялық комиссия мемлекеттік көмек алатын жұмысшыларды пайдалана отырып қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырды, ашыққандарға да жұмыс тауып беруге және аштық жайлаған аудандардан жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етуге жағдай жасады.
Губерниялық комиссияның 1921 жылғы 11 қазандағы қаулысына сәйкес көмекші бөлімдер құрылды, олар жоспарлау, қаржы, бақылау және үгіт-насихат бөлімдері. Губерниялық комиссия аптасына екі рет отырысын өткізетін болған. Уездік комиссиялар және аталған бөлімдер өздерінің атқарылған жұмыстарының есебін беріп отырған.
Осы губерниялық комиссияның архивте жинақталған құжаттарына жүгінер болсақ, 1920 жылғы халық санағы бойынша Орал губерниясында барлығы 524 824 тұрғылықты халық болса, оның ішінде Орал уезінде 124 037 адам, Елек уезінде 128 623 адам, Калмыков уезінде 59 216 адам, Жымпиты уезінде 92 948 адам, Гурьев уезінде 120 000 адам мекен еткен. 1921 жылдың күзіндегі дерек бойынша алғашқы кезеңде өңірдегі ашыққандардың саны мынадай: Орал уезінде 38 000 адам (жалпы халықтың 30%), оның 20 000-ы ересектер, 18 000-ы балалар; Елек уезінде 90 000 адам (70%), оның 46 500-і ересектер, 43 500-і балалар; Калмыков уезінде 42 000 адам (70%), оның 24 000-ы ересектер, 18 000-ы балалар; Жымпиты уезінде 33 000 адам (35,5%) оның 19 000-ы ересектер, 14 000-ы балалар; Гурьев уезінде 24 000 адам (20%), оның 14 000-ы ересектер, 10 000-ы балалар.
Орал губерниясы бойынша 1921 жылдың күз айларына қарай барлық ашыққандардың саны 227 000 адам болса, оның ішінде 123 500-і ересектерді, 103 500-і балаларды құрады. Орал қаласындағы 12 037 ашыққан адамды қоссақ, барлығы 239 037 адамға жетеді. Сонда 1921 жылдың күз айларында Орал губерниясы халқының 45,5%-ы, яғни тең жартысына жуығы аштықтың шырмауына тап болған. Сол кезеңдегі жауапты органдардың хаттарында ашыққандар санының күнсайын өсіп жатқандығы айтылған. Бұл деректер Орал губерниясы аумағындағы ашаршылықтың ауқымының үлкен болғандығын, әлеуметтік-демографиялық ахуалдың күрт нашарлағандығын көрсетеді.
Орал губерниясындағы жаппай ашаршылықтың салдарынан адам шығыны орын алғандығын және халықтың өздерінің мекен-жайларынан үдере көшкендігін архив құжаттары дәлелдей түседі. Аштық жайлаған 1921 жылдың өзінде селолық жерлердегі халықтың санының кемігендігі туралы мәлімет бар. Мәселен, Орал уезінде (93 219 адам) 19 085 адам аштықтан өлсе, 1 989 адам көшіп кеткен, барлық адам шығыны 21 074-ті құраса, жалпы халықтың санынан 23%-ға кеміген. Елек уезінде (106 141 адам) аштықтан өлгендер 17 544 адам, көшіп кеткендер 8 891 адам, барлығы 26 435 адам, уезд тұрғындары 25%-ға кеміген. Жымпиты уезінде (91 404 адам) аштықтан өлгендер 7 699 адам, көшіп кеткендер 4 634 адам, барлығы 12 333 адам, уезд тұрғындары 13,4%-ға кеміген. Калмыков уезінде (55 192 адам) аштықтан өлгендер 2 961 адам, көшіп кеткендер 5 067 адам, барлығы 8 028 адам, уезд тұрғындары 14,5%-ға кеміген.
Губернияға қарасты 4 уезде (445 956 адам) барлығы 47 289 адам аштықтан өлген болса, 20 581 адам көшіп кеткен, жалпы адам шығыны 67 870-ті құрайды, халықтың саны 15,2%-ға кеміген. Бұл жерде 4 уезд тұрғындарының саны тек қана ауылдық жерлердегі халықтың есебінен бөлек берілгенін ескеруіміз керек. Сонымен бірге көшіп кеткендердің көпшілігін аштықтан босып кеткендер ретінде қарастыруымызға болады. Гурьев уезінің мәліметтері толық болмағандықтан бұл ресми ақпаратқа кірмей қалған. Жоғарыда келтірілген мәліметтер аштықтың губернияның барлық өңірін жайлағанын, нәубеттің зардабын тартпаған жанұяның қалмағанын көрсетеді.
Аштықпен күресте Губкомголодпен бірге губерниялық партия ұйымдары қоянқолтық жұмыс жасады. Олар өз тарапынан қолдау көрсету бағытында Орал губерниясына астықты тездетіп жөнелту үшін бірнеше партия қызметкерлерін Украинаға және Курск губернияларына жіберіп отырды. Аштықтың салдарын жою жұмыстарының барлық жүгі губерниялық халыққа білім беру, денсаулық сақтау, қаржы және статистикалық бөлімдеріне түсті. Бұл бөлімдер өздерінің жиналыстарында қызметкерлерінің жалақыларынан мөлшерлі бөлігін ашыққандар қорына аудару жөнінде шешім қабылдаған. Ашыққан ауылдар мен болыстарға алғашқы көмекті ұйымдастыру үшін уездік атқару комитеті мүшелерінің барлығы дерлік елді мекендерге жіберілді. Сөйтіп, партия және атқарушы билік органдарының жұмыс күші өңірдегі ашаршылық зардаптарын жоюға жұмылдырылды. Сонымен қатар губерниялық комиссия уездер мен болыстарда шаруалардың өзара көмек көрсету комитеттерін де ұйымдастырды.
Губерниялық комиссия ашыққандарға «Көмек апталығы» шарасын өткізеді. Бұл мақсатқа губерниялық атқару комитетінің төрағасы, губерниялық комиссия хатшысы және губерниялық кәсіптік Кеңесінің хатшысы секілді жауапты тұлғалардан тұратын «үштік» құрылды. Бұл топтың мақсаты аштыққа ұшыраған тұрғындардың санын нақтылау, аштықтан көше кезіп кеткен балаларды жетімдер үйлеріне орналастыру, олар үшін үлкен ғимараттардан, тіпті, клубтарда балалар үйін жасақтау, санитарлық отрядтар ұйымдастыру, аш-жалаңаштарды тамақпен, киім-көншекпен қамтамасыз ету болды. Ашыққандарды ауқаттандыру мақсатында Орал қаласында 7000 адамға қызмет көрсете алатын 5 асхана, Орал уезіне қарасты Круглоозерное ауылында 500 адамға арналған 1 асхана ашылды. Жымпиты уезінде 360 адамды қабылдай алатын 4 асхана, 1-і Жымпитының өзінде, 3-і болыстарда ашылды. Елек уезінде 3560 адамға арналған барлығы 23 асхана, оның 2-і Елек қаласында, 21-і болыстарда ашылды. Калмыков уезінің орталығында 200 адамға арналған 1 асхана жұмыс жасады. Бұл ашылған асханалардың ішінде тек қана балаларға арнайы жабдықталғандары немесе аралас түрлері де болды.
Губкомголодтың есебі бойынша 1921 жылдың аяғына дейін ашыққандардың азық-түлік қорына мемлекеттік көмектен 8 вагон бидай, 1 вагон қарақұмық жармасы келіп түскен. Заттай салық негізінде халықтан 23 119 пұт 25 фунт ет, 516 пұт май, 4 861 пұт 12 фунт көкөніс, 849 дана жұмыртқа, 224 дана тері, 243 пұт 26 фунт жүн, 60 пұт шөп жиналған. Қайырымдылық шарасы аясында да халықтан ашыққандардың қорына азық-түлік түрінде көмектер келіп түскен. Ақшалай жиналған қаражат мөлшері смета есебінен берілгені 155 000 000 сомды, қайырымдылық пен жекелей аударымдардан түскені 16 703 321 сомды, қайырымдылық кештерінен жиналғаны 14 408 229 сомды, аукциондар мен басқа да сауда-саттықтан алынғаны 14 324 844 сомды құрады. Жоғарыда көрсетілген қаражаттың барлығы аштыққа ұшыраған адамдардың мұқтаждықтарына түгелдей жұмсалынған.
«Ашыққандарға көмек апталығы» шарасының қорытындысы уездер бойынша анықталмағандығы, тек қана Жымпиты уезінің өзінде қайырымдылықтан ақшалай 12 902 072 сом қаражат жиналғандығы, тұрғындардың 52 қой, 1 ешкі, 1 қашар әкеліп тапсырғандығы айтылған. Сөйтіп, Губкомголод мүшелері өз жиналыстарында әрі қарайғы жұмыс жоспарларын құрып, тамақтандыру желісін кеңейтуге, балалардың тұрмыстық жағдайларын жақсартуға, қолда бар құралдарын сақтауға, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға, көпшілікті аштықпен күреске кеңінен тартуға шешім қабылдаған.
1921 жылы қазанда Орал қаласына ашыққандарға көмек беру мақсатында Украина мен Қырымнан 2-і дәрігерлік-тамақтандыру отряды келген. Бұл топ өз қызметін жүзеге асыру барысында Орал қаласында 2 асхана, Орал уезінде 2 асхана, Елек уезінде 4 асхана ашқан. 1922 жылы сәуір айында Харьковтың Губкомголод ұйымынан тағы бір дәрігерлік-тамақтандыру отряды келіп, олар ашыққан 1000 адамды және балалар үйіндегі 150 баланы тамақпен қамтып отырған.
Аштықтың кесірінен қаңғып қалған балаларға ерекше назар аударылды. Ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі Орал губерниялық комиссиясының жанынан балалардың тұрмысы мен өмірін жақсарту жөніндегі бөлім ұйымдастырылды. 1921 жылы губерниялық білім бөлімі уездерде аш және қараусыз балаларды тамақпен және жылы киіммен тегін қамтамасыз ететін балалар үйлерін ашу жөніндегі жобасын ұсынған. ГУБОНО-ның қабылдаған шешімі бойынша балалар үйімен Орал қаласында 2500 баланы, Елек уезінде 750 баланы, Жымпиты уезінде 350 баланы, Калмыков уезінде 450 баланы, Гурьев уезінде 600 баланы, Орал уезінде 1800 баланы, барлығы 6450 баланы қамту көзделген.
Губерния аумағында ашылған асханалар бірінші кезекте балаларды қабылдап отырған. 1921 жылдың желтоқсанында тіркелген 36 000 ашыққан адамның 23 000-ы балалар болды. Украина және Қырым әскери комиссиясының дәрігерлік-тамақтандыру отрядтары күніне 4000 баланы тамақтандырып отырған. Басқа да халықаралық ұйымдар аштыққа ұшыраған балаларды өз қамқорлықтарына алған.
Аштықпен бірге сүзек, тырысқақ, оба, діңгене және басқа аурулар да қатар келді. Орал губерниясында да эпидемиялық ахуал нашар болды. Мысалы, Жымпиты уезіне іс-сапарға шыққан дәрігер Степанов осы аймақтағы өз көзімен көрген жағдайларды баяндап берген. Ол құзырлы орындарға өзінің қолымен жазып, тапсырған есебінде 1921 жылдың 14 қарашасында Орал қаласынан фельдшер Назаровпен бірге бір жарым тонналық автомобильмен Жымпитыға келгенін, кейін көліктері сынып қалып, эпидемия жайлаған болыстарды түйемен аралауға тура келгенін айтқан. Өлеңті, Бұлдырты, Қаратөбе және Жымпитының 2-ші болыстарын аралап шыққан. Дәрігер Степановтың бірінші кезекте байқағаны барлық жерде жұқпалы ішек аурулары тараған. Оның пайымдауы бойынша Жымпиты уезі аумағын шілде-тамыз айларында Орал және Еділ бойындағыдай холера эпидемиясы жайлаған. Дегенмен жергілікті халықтың көшпелі салтына да байланысты індет ұзаққа бара қоймаған. Қараша айының екінші жартысында аурудың аяқталып қалғанын да айтқан.
Эпидемия барлық болыстарда да болған, бірақ, ең бастысы оңтүстіктегі Өзек, Жақсыбай болыстарына ауыр тиген. Эпидемиялық жағдай жөнінде жергілікті фельдшерлер арқылы жинақтай алған ақпарат мынадай: Жақсыбай болысында қыркүйек айында 12 адам жұқпалы ішек ауруымен науқастанған, оның 5-і аурудан қайтыс болған, сонда өлім-жітім 41,6% құрайды. Қазан айында барлық болыстарда барлығы 334 адам ауырған, оның 188-і аурудан өлген, 128-і тәуір болған, өлім-жітім 56,3%, тәуір болғандар 38,3%. Қараша айында болыстарда барлығы 55 адам ауырған, оның 20-ы өлген, 32-і тәуір болған, өлім-жітім 36,4%, тәуір болғандар 58,2% құраған. Дәрігер өз жазбасында жұқпалы ауруларға байланысты уезд бойынша толық статистикалық мәліметті жасау мүмкін еместігін, бұл деректердің де нақты емес екенін ескертіп өткен. Жергілікті қазақ дәрігерлері өңірде оба аурулары кездеспегенін айтқан. Сонымен бірге Степанов уезд аумағындағы емдеу мекемелерінің аздығын, ондағы құрал-жабдықтарының тапшылығын, дәрігер мамандардың жетіспеушілігін тілге тиек еткен.
Жымпиты уездік атқару комитетінің есебі бойынша тұрғындардың 1/3 аштыққа ұшырағандығын, малдың санының азайғандығын баяндаған. Жымпитының өзінде күніне аштықтан 1-2 адамның, мүмкін одан да көп адамның өлетіндігін, жолда келе жатқанда суықтан, аштықтан өлген, құр сүлдесі қалған қазақтардың мәйіттері кездескенін айтқан. Дағдарысты жеңілдетуге бағытталған шаралар жеткіліксіз деп ойлаймын, - дейді. Ашыққандарға арналған асханалар ұйымдастырылу үстінде, тіпті, Жымпитының өзінде ашыққандарға көмек беру комиссиясының 200 адамға шақталған асханасы, уездік денсаулық сақтау бөлімінің енді ашатын 100 орындық асханасы қала үшін мүлдем аздық етеді, - деп көрсеткен. Қаратөбеде фельдшер Абдрахмановтың қолдауымен ашылған 100 орындық тек қана қазақтарға арналған асханада көбінесе ет пісіріледі, әр адамға 3/4 фунттан беріледі, ауқаттанушыларға ет, сорпа тостағанмен қасықсыз таратылады делінген. Басқа болыстарда асханалардың жоқтығы, оларда енді ашпақ ойлары бар екендігі айтылған. Жымпиты мен Қаратөбеде балалар үйінің бар екендігін, бірақ күнсайын болыстардан келіп жатқан балалардың сыймайтындығын жазып қалдырған.
Губернияда аштықтың ауыр болғандығы сондай адам жеу фактілері де орын алып отырған. 4 уезд бойынша 350 жағдай тіркелген. Мұндай бір сұмдық оқиға Елек уезінің Кенділі ауылында анықталған. Адам жеу оқиғасына байланысты 1922 жылы 20 қаңтарда арнайы құрылған комиссияның тексерулері барысында ауылдық жерлерде ашыққан адамдардың өлгендердің мәйіттерін де қазып алып жеген жағдайлары дәлелденген. Комиссия мүшелері ашыққан халықтың селолық Советтердің кеңселеріне лап қойып, наразылықтарын білдіріп жатқандарына, тұрғындар арасында ұрлықтың, тонаушылықтың жаппай етек алғандығына көз жеткізген.
Елді мекендерде адамдардың аштықтан ісініп кеткендігі, олардың мысықтарды, иттерді, өлген малдың терілерін жейтіндігі, өлім-жітімнің күнсайын өсіп жатқандығы туралы деректер архив құжаттарында көп кездеседі. Елек уезінде күніне 200 адамның, Калмыков уезінің Бударино болысының өзінде 6 адамның, тіпті, одан да көп адамның аштықтан өлетіндігі, мәйіттердің жер-жерде көмілмей шашылып жататындығы жөнінде жауапты органдардың мәліметтері бар.
1922 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы Орал губерниясында ашыққандардың саны 36 147 адамға жетті. Оларға тиісті азық-түліктің мөлшері бекітілді. Нан балаларға 22 ½ фунттан, ересектерге 15 фунттан, әр адамға ет 3 ¾ фунттан, көкөніс 15 фунттан, тұз 1 фунттан берілген.
Орал губерниясындағы емдеу мекемелеріндегі жағдай да оңай болмады. 1922 жылдың наурыз айындағы Орал қалалық ауруханасының ашыққандарды есепке алу деректері бойынша барлығы 770 орындық ауруханаға, 2522 науқас келіп түскен, олардың 800-і ерлер (31,7%), 901-і әйелдер (35,7%), 821-і балалар (32,5%) болды. Науқастардың жалпы санынан аштық пен қажудың салдарынан қабылданғандар 1975 адам (78,3%), оның ішінде 756-ы ерлер (38,2%), 935-і әйелдер (47,3%), 284-і балалар (14,3%). Барлық өлгендер саны 425 адам (16,8%), оның 130-ы ерлер (30,5%), 75-і әйелдер (17,6%), 221-і балалар (51,9%). Өлгендердің жалпы санынан аштық пен қажудың салдарынан өлгендер 371 адам, оның 122-і ерлер, 60-ы әйелдер, 189-ы балалар. Сонда ауруханадағы науқастардың 14,7% аштық пен қажудың салдарынан қайтыс болды. Орынның жетіспеушілігінен аштықтан жарты құрсақ болған және құр сүлдесі қалған 870 адамды қабылдамай қойған, оның 820-ы ересектер, 50-і балалар екен.
1922 жылдың көктем айларында Орал губерниясындағы ашыққандардың саны толастамады. Наурыз айында ашыққандардың қатары 67 000 адамды құраса, оның 25 000-ы ересектер, 42 000-ы балалар болды. Губкомголодтың 1 сәуір мен 10 мамыр аралығын қамтыған қысқаша баяндамасы бойынша өңірдегі ашыққандардың саны 378 816 адамға жетсе, оның ішінде 174 439-ы балалар, 204 377-і ересектер. Орал қаласында (39 565 адам) ашыққандар саны 19 733 адам (50%) болса, оның 11 886-ы балалар, 7 914-і ересектер болды. Уездер бойынша ашыққандардың жалпы саны мынадай: Орал уезінде (жалпы саны 91 853 адам) 81 749 адам (89%), оның 38 419-ы балалар, 43 330-ы ересектер; Жымпиты уезінде (91 770 адам) 74 498 адам (81%), оның 30 754-і балалар, 41 744-і ересектер; Елек уезінде (127 204 адам) 113 212 адам (89%), оның 54 715-і балалар, 58 497-і ересектер; Калмыков уезінде (55 947 адам) 44 198 адам (79%), оның 18 942-і балалар, 25 256-ы ересектер; Гурьев уезінде (118 440 адам) 47 376 адам (40%), оның 19 740-ы балалар, 27 636-ы ересектер. Қорыта айтсақ, 1922 жылдың бірінші жартысында губерния халқының жалпы саны 524779 адамды құраса, ал ашыққандардың барлығы 481963 адам деп есептесек, сонда бұл кезеңде Орал губерниясындағы тұрғындардың 92%-ы ашаршылыққа ұшыраған.
Республикалық мәліметтер бойынша 1922 жылдың наурыз және сәуір айларында кейбір губернияларда ашыққандар саны орта көрсеткіштен де асып кеткен. Орал губерниясында ашыққандар тұрғындардың 99%-ын құраған. Сонымен жергілікті жауапты органдардың берген есебі мен орталықтың деректерін салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 1922 жылдың бірінші жартысында Орал губерниясындағы халықтың 90%-дан астамы ашаршылыққа душар болғандығы шындыққа сәйкес келеді.
Қазақстанды жайлаған аштық бұл кезеңде өзінің шырқау шегіне жетті. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С. Меңдешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде Қазақ ОАК-нің ІІІ сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректер бойынша Қазақстандағы аштыққа ұрынғандар саны 2 832 000 адамды құраған.
Елдегі ауыр жағдайға байланысты ашыққан аудандарға кейбір халықаралық ұйымдар (Қызыл Крест, балаларға көмек көрсету жөніндегі Халықаралық Одақ және басқалары) көмекке келді. Батыс Қазақстан аумағында жоғарғы өкімет орындарымен келісімге келген Америкалық көмек ұйымы (АРА) белсенді қызмет атқарды. Халықаралық бұл ұйым Орал губерниясында ашыққандарға арнап тамақ ішетін асханалар және тамақ тарату пункттерін ашып, дәрі-дәрмек таратып, медициналық жәрдем көрсетіп, көптеген балаларды аштық өлімінен алып қалды. АРА ұйымының 1922 жылдың сәуір айындағы есебі бойынша өткен жылдың қарашасынан бері қарай Орал қаласында 12 278 ауқаттанушыға арналған 61 асхана жұмыс жасаған. Орал уезінде 12 433 ауқаттанушыға арналған 94 асхана, Елек уезінде 4720 ауқаттанушыға арналған 55 асхана, Жымпиты уезінде 481 ауқаттанушыға арналған 5 асхана ашылған. Губерния аумағында күніне 29 912 адамды қабылдай алатын барлығы 215 асхана жұмыс жасаған. Бұл кезеңде Калмыков және Гурьев уездеріне АРА ұйымының көмегі бара қоймаған.
АРА ұйымы қызмет еткеннен бастап ашыққандар қорына барлығы 40 481 пұт 17 фунт балалар тамағы өнімдері келіп түскен, оның 37 642 пұт 36 фунтын қажеттілікке жаратып үлгерген. Сонымен бірге 7248 дана балалар киімдері жиынтығы келіп, оның 2787 данасын қалаға, 2612 данасын Орал уезіне, 1644 данасын Елек уезіне, 205 данасын Жымпиты уезіне үлестіріп берген. Сондай-ақ АРА ұйымының қарамағына дәрі-дәрмектер де келіп түскен, оны тарату құқығы Губздравтың құзырына берілген. Бұл халықаралық ұйымның 1922 жылдың маусым айында Қазақстанға 13 вагон дәрі-дәрмек жібергендігі жөнінде дерек бар.
1922 жылы көктемде губерниядағы егін науқанына дайындық баяу болса да жүріп жатты. Егістікке қажетті дәнді дақылдар Ресейдің ішкі аймақтарынынан темір жолмен тасып әкелінді. Губсельхозкомитеттің 1922 жылғы наурыздың бірінші жартысындағы есебі бойынша Орал станциясына Орал, Жымпиты, Калмыков және Гурьев уездері үшін тұқымдық материал тиеген барлығы 51 вагон көмек келген, оның ішінде Тамбов губерниясынан 27566 пұт салмақты 28 вагон, Сібірден 14892 пұт салмақты 16 вагон тары, Воронежден 3254 пұт салмақты 5 вагон күнбағыс, Курскіден 605 пұт салмақты 1 вагон сұлы болды. Новосергиевкі станциясына Елек уезі үшін Сібірден 15914 пұт салмақты 17 вагон бидай жеткізілген.
1-8 наурыз аралығында бастапқыда келген 22 вагон тарыны шалғай уездерге бөліп беру көзделген. Осыған сәйкес Жымпиты уезіне 9000 пұт, Калмыков уезіне 11000 пұт тары бөлінген. 14-15 наурызда келген тұқымдық материалдар уездерге былайша таратылды: Орал уезіне 7538 пұт тары, 9674 пұт бидай, 600 пұт күнбағыс, Жымпиты уезіне 3500 пұт бидай, Калмыков уезіне 1500 пұт бидай. Мұндай елдік көмек егістік жұмыстарын уақытында бастап, қажетті өнімді алу үшін губернияның шаруашылықтарына үлкен қолдау болды және халықты аштық құрсауынан алып шығар төте жол еді.
Губкомголодтың 1922 жылдың қыркүйегіндегі мәліметі бойынша жаз айларында Орал өңіріндегі ашыққандардың санының азайғандығы байқалады. Губерниядағы маусым айында ашыққандардың саны 48 000 адам болған, оның 18 750-і ересектер, 29 250-і балалар. Орал қаласында 8 250 адам, Орал уезінде 7 550 адам, Елек уезінде 11 300 адам, Жымпиты уезінде 9 500 адам, Калмыков уезінде 8 500 адам, Гурьев уезінде 2 900 адам аштыққа ұшыраған.
Ашаршылықпен күрес кезеңінде губерниялық комиссияның есеп-шотына қайырымдылықтан барлығы 2 637 803 548 сом ақша аударылған. Азық-түлік қорына барлығы 107 766 пұт 18 фунт астық және 61 984 пұт 2 фунт тары өнімдері келіп түскен.
Зерттеушілердің мәліметтері бойынша азамат соғысының салдарынан және 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың зардаптарынан 1917-1920 жылдар аралығында Қазақстан халқы 6 218,3 мың адамнан 4 679 795 адамға дейін, ал 1923 жылы 3 786 910 адамға дейін азайды. Осылайша, 1920-1923 жылдар аралығында Қазақстан халқы 892 885 адамға азайды. Демограф ғалым Мұрат Сдықовтың зерттеу жұмысында көрсеткен Батыс Қазақстан халқының динамикасы кестесі бойынша 1917-1920 жылдары Орал губерниясының халқы 655 097 адамнан 513 840 адамға дейін, 1923 жылы 360 058 адамға дейін азайды. Сонда ашаршылық жылдары өңір тұрғындарының 153 782 адамға кемігендігін байқаймыз.
Қорытындылай келе, жоғарыда келтірілген архив деректері бойынша 1921-1922 жылдардағы Орал губерниясындағы ашаршылықтың біз ойлағаннан да ауыр болғандығына, ауқымының тым үлкен екендігіне көз жеткіземіз. Азаматтық қарсыласу жылдары большевиктердің тарапынан елде жүргізілген қатаң әскери коммунизм саясаты, бірыңғай Кеңестік биліктің күшпен орнатылуы және бастапқы кезеңдегі әлеуметтік реформалар қазақ жері үшін оңай болмады. Оның арты халықты нәубетке, қасіретке әкеліп ұрындырды. Ғалым Талас Омарбеков өзінің «Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері» атты еңбегінде көп қазақ «қызыл» мен «ақтың» қайсысын қолдау керектігін түсіне алмай, осы аштықта опат болды, міне, қазақ даласында социалистік құрылыс осылай басталды. Сөйтіп, ол қазақ халқының өлігінің және олардың күйзелген қожалықтарының үстіне тұрғызылды, - деп шынайы тарихи баға берген. Бүгінгі ұрпақ қазіргі тәуелсіздіктің қадірін бағалап, өткен тарихтан сабақ алуы керек, - деп есептеймін. Ашаршылық құрбандарының аруақтарына бас иіп, тағзым етеміз.
Есқайрат Хайдаров,
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың
аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты