«DANA» орталығының қалыптасуы

«DANA» орталығы Батыс Қазақстан өңірінде мәдени-ағарту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, рухани бағыттағы түрлі істерге бастамашы болып келеді. 2012 жылы «Dana.kaz» тарихи-танымдық түрлі түсті журнал шығаруды қолға алып, сол жылдың 10 желтоқсанында журналдың алғашқы саны жарық көрді.

Орталық өңірдегі рухани шараларға, соның ішінде өлкетану ісіне жүйелі түрде атсалысуда. Бұл жоба Жантас Сафуллиннің «Жайық Пресс» ЖШС-да қызмет етіп жүрген кезінде ниеттес-тілектес әріптестеріне өз қалауларымен, ақысыз-пұлсыз елге қажет істермен айналысуға ұсыныс жасауынан бастау алған. Осы ойды қолдап, ақыл-кеңес беріп, бар күш-жігерімен атсалысқан Қазыбек Қабжан. Одан әрі Артур Мағзомов, Нұрлыбек Рахманов, Мейрамбек Рахматуллин, Дархан Оразов, Бағдат Ізмағамбет, Наурыз Халит, Әділғазы Кереев, Нұртас Сафуллин, басқа да жастар осы бастаманың айналасында топтасып, бірлесе көптеген іс тындырды. Шынайы жанашыр авторларымыз тарихи, танымдық, тәрбиелік бағыттағы мақалаларын тегін жариялауға ұсынды. Уақыт өте осы жоба аясында бас қосқандар түрлі салаға, басқа жақта қызмет етсе де, қолдан келген көмектерін жасап, әр істің нәтижелі болуына өз үлестерін қосты.

Рухани бағыттағы түрлі жобаларға ұйытқы болып, бүгінгі күні жүйелі ғылыми-зерттеу орталығы болып қалыптасқан «DANA» орталығының осы уақытқа дейінгі атқарған істерін хронологиялық тәртіпте ұсынамыз.

28.07.2011 ж. – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Абай, Райымбек батыр, Сырым, Махамбет, Исатай, Құрманғазы, Дина сынды ұлтымыздың ұлы тұлға­лары­ның келбеті бейнеленген дәптерлер шығарылды.

23.07.2011 ж. – Мұхит Мерәліұлының 170 жылдығына орай «Біз Мұхит көшесінде тұрамыз» атты концерттік бағдарлама қойылды. Мұхит Мерәліұлына арналған күнтізбе-плакат, оқушы дәптері, әндері жазылған CD-диск шығарылды. Осы шараға қажет қаражатты Мұхит көшесінде орналасқан түрлі ұйымдар көтеріп алды. Біз маңыздылығы мен шараның концепциясымен таныстырдық. Әр ұйым қалауы мен мүмкіндігіне қарай қолдау білдірді. Бұл жерде көшенің атауын иеленген тұлға мен ол көшеде орналасқан мекеме, ұйым, тұрғындарды ұштастырған мұндай форматтағы шара бұрын-соңды өңірде ұйымдастырылмаған еді.

15.08.2012 ж. – ойшыл ақын Ғұмар Қарашты насихаттайтын оқушыларға арналған дәптерлер басылды. Сыртқы бетінде ұлы тұлғаның суреті мен бір шумақ өлеңі, туған даланың табиғаты бейнеленсе, соңғы бетінен жағасын Ғұмардың атасы мекендеген Қараш көлін көруге болады. Қазталов ауданындағы Ғұмар Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясынан келген өкілге дәптердің 500 данасы салтанатты түрде табысталды.

10.12.2012 ж. – тарихи-танымдық, республикалық «DANA.kaz» журналының алғашқы нөмірі жарыққа шықты.

13.09.2012 ж. – Алаш орданың Батыс бөлімінің жетекшісі, белгілі заңгер Жаһанша Досмұхамедовтің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында мұқабасына Жаһаншаның бейнесі мен қысқаша өмірбаяны басылған дәптерлер шәкірттерге жол тартты. Дәптердің тұсаукесері Ж. Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінде өткізілді.

24.02.2013 ж. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Dana.kaz» журналының және Құрманғазы атындағы музыка колледжінің ұйымдастыруымен «Алтын жүрек домбыра» атты күй кеші өткізілді. Шара мақсаты – ел ішінде сирек орындалатын ескі күйлер мен ән-термелерді сахнаға шығару. Кешті жүргізген домбырашы Дәулеткерей Құсайынов атап өткендей, орындаушылардың арасында жасы сексеннен асқан Өтеген Жұмашевтан бастап буыны қатып үлгермеген жастар да бар. Өтеген Жұмашевтан басқа жасы жетпісті еңсерген Ешмат Усалимов, Орал қаласында тұратын белгілі домбырашы әрі осы аспапты жасаушы шебер Едіге Нәбиев, Құрманғазы атындағы музыка колледжінің директоры Нұржан Сертеков, Тасқала ауданында қазақ халық аспаптар оркестрін құрған Ермак Молдабеков сынды домбырашылар күйлерді өз бабымен орындады. Концерт барысында Фархат Оразов, Тілек Базаров, Жасұлан Жанғазиев, ең жас орындаушы Әділ Ахметов және басқалар ән-термелерді орындап, көпшілік көңілін көтерді.

12.09.2013 ж. ақын, ағартушы, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш өлеңдерінің аудиожинағының таныстырылым болды.

11.11.2013 ж. Семей қаласынан атақты жыршы Дүйсенғазы Нығметжановты Оралға алдырып, облыстық қазақ драма театрында жыр кеші ұйымдастырылды. Жыршыны Оралда бірнеше күн қонақ етіп, жырлары видеокамераға жазып алынды.

20.11.2013 ж. Ж. Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығына орай шығарылған «Қазақстан», «Қос газеттің тарихы» және «Жайық журналистері» атты үш бірдей жаңа кітаптың таныстырылымы өтті.

«Қазақстан» жинағы ұлтымыздың тұңғыш басылымдарының бірі, 1911-1913 жылдары Астрахан және Орал қалаларынан шығып тұрған «Қазақстан» атты газетке арналған. Кітапта газеттің Ресей мұрағаттарында сақталған 16 нөмірінің түпнұсқасы және қазіргі әліпбиге көшірілген толық нұсқасы тұңғыш рет сол күйінде беріліп отыр. Сонымен қатар бұл жинақта «Қазақстан» газетін шығарушы азаматтар туралы мәліметтер, «Қазақстан» газетінің шығарушылары туралы зерттеген Хайыржан Бекхожин, Мұстафа Ысмағұлов, Исатай Кенжәлиев, Мақсат Тәжімұрат секілді ғалымдардың еңбектері, басқа да авторлардың газет мақалалары топтастырылды. Сондай-ақ дәл осы «Қазақстан» газетінің өз баспаханасынан 1912жылы Орал қаласында басылып шыққан «Ызың» атты жыр жинағындағы шығармалар енді. Жинақ көпшілік оқырман қауымға арналған.

«Қос газеттің тарихы» кітабы – Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 95 жыл толуына арналған мерейтойлық жинақ. Еңбекте облыстық газеттердің бір ғасырға жуық тарихы, редакторлары, қызметкерлері тұңғыш рет барынша толық қамтылған. Сондай-ақ газет редакциясында қызмет етіп, 1930 жылдары саяси репрессияға ұшыраған Б. Әлжанов, С. Иманқұлов, А. Мәметов, Р. Сүгіров, А. Байділдин, Х. Есенбаев, Т. Сафиев т.б. тұлғалар туралы деректер, ҰҚК архивінен алынған мәліметтер де молынан қосылған.

«Жайық журналистері» кітабы Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" және "Приуралье" газеттерінің 95 жылдығына орай шығарылды. "Жайық Пресс" ЖШС бұдан бұрын "Қазақстан" газеті туралы жеке жинақ құрастырған болатын. Бұл жолы аталмыш кітапқа "Жайық Пресс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, облыстық газеттер редакцияларында, сондай-ақ аудандық басылымдарда еңбек ететін қаламгерлердің үздік туындылары енгізілді.

21.11.2013 ж. – 1911-1913 жылдар аралығында әуелі Орда, кейін Орал қаласында жарық көрген "Қазақстан" газеті, оның шығарушылары Елеусін Бұйрин мен Ғұмар Қараш туралы деректі фильм түсіріліп, халыққа ұсынылды.

13.12.2013 ж. – ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақстан» газеті туралы кітаптың таныстырылымы болды.

21.07.2014 ж. «Батыс Қазақстан облысындағы ежелгі құлпытастарды зерттеу бойынша экспедиция жүргізу» жобасының нәтижесі ретінде жарық көрген «Құлпытас сырын ашайық» жинағының таныстырылымы өтті. Елу құлпытасты қамтыған жаңа жинақта ХІХ-ХХ ғасырларда ғұмыр кешкен, өңіріміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар тарихи тұлғалар –Тайлақ батыр, Науша батыр Қаржауұлы, Сатыбалды Кенжеғараұлы, Есенгелді тархан Жанмырзаұлы, Бабатай би ұрпақтары, Дәуқара батыр Қарақожаұлының т.б. тарихи тұлғалардың өмірбаяндық деректері – туған-қайтыс болған жылдары, ата-тегі тұңғыш рет жарияланды.

 Бұл жинақ – Қазақстанның батыс өңірінде сақталған ХІХ-ХХ ғасыр ескерткіштері – көне зират орындарында сақталған құлпытастардың мәтінін зерттеу жұмыстарының нәтижесі. Араб әліпбиімен жазылған бұл мәтіндерден Батыс Қазақстан өңіріндегі ру-тайпа құрылымдары, тарихи тұлғалар мен тектік қатынастар, олардың ла­уазым-мансаптары мен өмір сүрген жылдары жайында көптеген дерек табылады. Кітап тарихшыларға, өлкетанушыларға және көпшілік қауымға арналды.

02.10.2014 ж. – 1917 жылдың шілде айынан 1918 жылдың ортасына дейін сол кездегі Орда қаласында (қазіргі Хан ордасы ауылы) шығып тұрған «Ұран» газеті туралы жинақ кітап жарық көрді.

1917 жылдың шілде айынан бастап, 1918 жылдың ортасына дейін Орда қаласында шығып тұрған «Ұран» газеті туралы бұл жинақта басылымның осы кезге дейін табылған сандары қазіргі әліпбиге аударылып ұсынылды. Сондай-ақ бұл жинақта газет шығарушылары Ғ. Мұсағалиев, Н. Манаев туралы деректер, «Ұран» газеті жайлы зерттеулер, көне суреттер қоса берілді. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған зерттеуші М. Ысмағұловтың жеке қорындағы деректер тұңғыш рет жарияланды

06.10.2014 ж. Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің баспасөз клубында баспасөз тарихына байланысты жарық көрген "Қазақстан" (1911-1913), "Ұран" (1917-1918), "Қос газеттің тарихы" кітаптарының таныстырылымы өтті.

09.12.2014 ж. «Ұран» газеті. 1917-1918» кітабының тұсаукесері Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-да өтті.

12.11.2014 ж. Астана қаласы Л. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті «Отырар» кітапханасының мәжіліс залында «Ұран» газеті. 1917-1918» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

19.12.2014 ж. құлпытастарды зерттеушілерге арналған нұсқаулық жарық көрді. Көне қорымдарды, құлпытастарды зерттеу, суретке түсіру, мәтінін оқу белгілі бір дайындықты, ерекше ұқыптылықты, жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан қазақстандық ғалымдардың еңбектеріндегі жөн-жобаға және соңғы бірнеше жылдық тәжірибемізге сүйене отырып, эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеушілерге арналған нұсқаулық дайындалды.

18.02.2015 ж. құлпытастарды зерттеушілерге арналған нұсқаулық бейнеролик форматында жасалды.

05.05.2015 ж. БҚО, Бөрлі ауданы, Бөрлі ауылындағы жантүршігерлік тарихи орындар туралы көзкөрген Мұхтар ағаның әңгімелерін арнайы барып жазып алынды. «Бөрлі қырғыны» атты видео түсірілді. Мұхтар Боқаев

Бөрлі ауылы ішінде өз әңгімесінде атап көрсеткен бірнеше жерге апарды. Соның бірі – бейнежазбада көрсетілген үй. Ақсақалдың айтуынша, Бөрлі ауылындағы бұл ғимаратта 1937-1938 жылдары НКВД орналасыпты. Бөрлі ауданының архивін ұзақ жыл басқарған ақсақал дәл осы жерде 40 адамның ату жазасына кесілгенін анықтаған. Үлкендер көзіне жас алып, «Талайды басына қап кигізіп, қолын артына қайырып алып бара жатқанын көзімізбен көрдік, аз уақыттан кейін жендеттер, қасында тұтқындар жоқ, өздері кері қайтып келетін» деп айтады екен. Сонымен қатар осы үйден 250-300 метрдей жерде орналасқан алып ағаштардың түбінде сот үкімімен өлім жазасына кесілгендерді атып өлтіріп, сол жерде орға лақтыра салатынын да ертеректе үлкендер айтыпты. «Мына алып ағаштар – соның куәсі, бұл жерде аталарымыздың сүйегі әлі жатыр, осы маңнан өткенде бет сипап өтіңдер» деп, көзі көрген қариялар тапсырған екен.

10.07.2015 ж. Мешіт ұстап, медресе ашып, бала оқытқан оқымысты, дін қайраткері Мәулімберліні зерттеу барысында ұрпақтарын тауып, жүздесудің сәті түскен. Соның ішінде немересі Сәруар апаймен, одан соң Мәулімберлінің аса тұяғын сақтаушы шөбересі Уахит ағаймен кездесіп, арнайы сұхбат алынды.

15.07.2015 ж. БҚО, Бөрлі ауданы, Бөрлі ауылының маңында шамамен 1933-35 жылдары салынған МТС-тың іргетасына құлпытастарды шығару жұмыстары ұйымдастырылды. Халықтың рухын сындырып, ата-бабасының аруағын қорлау үшін айналадағы ескі қорымдардағы араб әліпбиінде жазылған құлпытастарды сындырып әдейі іргетасқа салған екен. Соны білген бойда құрсаудан шығаруды ұсынып, сол кездегі БҚО-ның әкімі Н. Ноғаевтың тапсырмасымен, аудандағы спортшылардың қажырлы еңбегі арқасында ісіміз абыроймен атқарылды.

05.08.2015 ж. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қазақ хандары

бейнеленген жаңа дәптерлер басылып шықты. Жаңа дәптерлерде Керей мен Жәнібек хандардың, Абылай мен Әбілқайырдың суреттері басылып, өмірбаяндары жазылды.

24.08.2015 ж. Орынбор қаласынан табылған 1811 жылы Кіші жүз

старшындары мен жүзбасылары қол қойған құнды құжат көшірмесін Хан ордасындағы мұражайға тарту етті. Бөкей ордасындағы Қазақ хандығының мерейтойы алдында «Жайық Пресс» ЖШС мен «DANA.kaz» журналы мерекенің құрметіне автошеру ұйымдастыру туралы бастама көтеріп, оны БҚО әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы және жекелеген азаматтар қызу қолдады. Нәтижесінде бұл шеру мейрамның сән-салтанатын арттырған шара болды. Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне Орал қаласынан шамамен 550 шақырым жерде орна­ласқан Хан ордасына автошеру жасау жобасы, мақсат-шарттары, жүретін жолы ұйымдастырушы­лар тарапынан мұқият ойласты­рылған соң әлеуметтік желілер ар­қылы көпшілік назарына ұсыныл­ды. Мақсаты Қазақ хандығының 550 жылдық тойында Қазақ елінің көк Туын желбіретіп, байтақ даланы дүбірлетіп салтанатпен жүріп өтіп, жолда елді мекендерге тоқтап, халықпен кездесіп, тарихи-танымдық бағыттағы ойлармен бөлісу болды. Осынау ұлы тойға үлес қосу еді. Автошеру қатысушыларын тарихшылар, өл­кетанушы­лар, журналистер, блогерлер, кә­сіпкерлер сияқты түрлі әлеумет­тік топ пен кәсіп иелері құрады. Автошерушілер Хан сарайының алдына жиналған халықпен жүздесті. Шеру ұйымдастырушысы Жантас Сафуллин Орынбор қаласынан табылған 1811 жылғы Кіші жүз старшындары мен жүзбасылары қол қойған құнды құжат көшірмесін мұражайға тарту етті. Одан кейін Хан ордасы ауылын ұрандата ара­лаған автошеру ат басын 1917-1918 жылдары шыққан «Ұран» газетінің баспаханасы болған үй­ге бұрды. Ол жерде «Дана.kaz» тарихи-танымдық журналының бас редакторы Қазыбек Қабжан жиналғандарды баспасөз және «Ұран» газетінің тарихымен таныстырды.

10.12.2015 ж. «Ұран» газетінің жалғасы – «Хабар-Известия»,

«Киргизская правда», «Қазақ дұрыстығы» газеттерінің тігінділері жинақталып, араб әліпбиінде жазылғандары кирилға аударылып, өз алдына жинақ етіп шығарылды. Бұл кітап қазіргі Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында 1918-1919 жылдары шығып тұрған «Известия областного исполнительного комитета совета крестьянских, рабочих, киргизских, красноармейских и ловецких депутатов» - «Ішкі ордалықты басқарушы областной кіндік камитеттің Хабары» (қысқаша «Известия-Хабар») және «Киргизская правда областного исполнительного комитета советов крестьянских, рабочих, киргизских, красноармейских и ловецких депутатов» «Қазақ дұрыстығы Ішкі Ордалықты басқарушы областной кіндік комитеттің хабары» (қысқаша «қазақ дұрыстығы-Киргизская правда») газеттеріне арналған. Бөкей ордасына совет өкіметі орнап жатқан алмағайып кезеңде жарық көрген бұл басылымдарда сол бір қиын шақ, ұлт зиялыларының білім, халық ағарту жолындағы қызметтері көрініс тапқан. Кітап қазақ баспасөзі тарихын зерттеушілерге, жалпы оқырман қауымға арналған.

23.06.2016 ж. Баспасөз қызметкерлерінің күні қарсаңында «Дұрыстық жолы» газеті» атты жаңа кітапты жарыққа шығарды. Бұдан бұрын «Қазақстан», «Ұран», «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы - Киргизская правда» газеттері жеке-жеке кітап болып басылған еді. Жоба авторы Жантас

Сафуллиннің айтуынша, «Дұрыстық жолының» «Хабар-Известия» мен «Қазақ дұрыстығы - Киргизская правдадан» ерекшелігі – қылышынан қан тамып тұрған Кеңес дәуірінің өзінде таза қазақ тілінде шыққандығында және оның бастауында Алаштың біртуар қайраткер-ағартушылары Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Тәмимдар Сафиевтей ірі тұлғалардың тұрғандығында. Бұлардың алдыңғы үшеуі 1911-1913 жылдары Орда мен Оралда жарық көрген, қазақтың тұңғыш төл басылымы деуге болатын «Қазақстанды» шығаруға атсалысса, Х. Есенбаев «Ұшқын» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тұңғыш редакторы еді. Бұл осы басылымдардың бір-бірімен тығыз байланысты екенін, қазақ халқының көзін ашу үшін газет шығару секілді жаңа іс бастап, тыңнан түрен салған Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сынды ұлт зиялыларының бастамасы баянды болғандығын тағы бір дәлелдейді. «Дұрыстық жолын» 1919 жылы 20 ақпаннан 10 шілдеге дейін Ұлттар істері халық комиссариаты қазақ бөлімінің Бөкей бөлімшесі Орда қаласында шығарып тұрған. Айына екі рет шығып, барлығы 11 нөмірі жарық көрген. Газеттің тек Батыс Қазақстанда ғана емес, Жетісу және Семей облыстарында да жаздырып алушылары болған. Шығарушысы – «Жазушылар құрамасы» делінген редакциялық алқа. Газеттің бағыты, алдына қойған мақсаты 1919 жылы 20 ақпанда шыққан бірінші нөмірінде басылған «Баспасөз» деген бас мақаладан айқын көрінеді. Бас мақала, алдымен, баспасөздің маңызына тоқталады: «Баспасөз халықты белгілі бір саяси бағытқа салып, ғылым-білімге шақырады, әдеби тілдің дамуына себеп болады, халықтың тұрмысы мен шаруасының жақсаруына көмектеседі» делінген.

1919 жылдың ақпан-шілде айларының арасында Орда қаласында шығып тұрған «Дұрыстық жолы» газеті туралы бұл ғылыми-танымдық жинақта басылымның Ресей Федерациясы мемлекеттік кітапхана қорында сақталған тігіндісі қазіргі әліпбиге аударылып ұсынылып отыр. Сондай-ақ мұнда газеттің редакциялық алқа мүшелері – Ғ. Қараш, Ғ. Мұсағалиев, М. Көкебаев, Х. Есенбаев, Т. Сафиев туралы деректер, көне суреттер қоса берілген. Бұған қоса Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған зерттеуші М. Ысмағұловтың жеке қорындағы Тамимдар Сафиевтің өте құнды естеліктері осы жинақта тұңғыш рет жарияланып отыр.

Кітап баспасөз тарихын зерттеушілерге, журналистика факультеті студенттеріне, жалпы көпшілік оқырман қауымға арналған.

03.08.2016 ж. «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдық тігіндісінің электронды нұсқасы жасалды. Музейлер мен кітапхана қорларынан, жан-жақтан жиналған бұрын-соңды табылмаған газет беттері топтастырылып, сканерленді. «Жүз жылдыққа – жүз жылдық тігіндімен» бастамасы бойынша газет тігінділері, алдымен, Ресей мұрағаттары мен Оралдағы БҚО мемлекеттік мұрағаты, Ж. Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханадан жиналды. Кейін тиісті құралдармен жабдықталған мамандар Алматыдағы «Ғылым ордасы» ғылыми кітапханасының сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімі мен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына арнайы барып, сақталған нөмірлердің электрондық көшірмелерін түсіріп алды. Осылайша, 100 жылдағы газет тігінділері ортақ электронды базаға енгізіліп, сканерленген түрде мұражайға жиналды. Елбасының «Цифрлы Қазақстан» жобасымен үндесетін бұл жұмыстар газет тігінділерін дер кезінде түгендеп, ретімен жинауға жол ашты.

14.09.2016 ж. газеттер тарихын зерттеу жұмыстары барысында аласапыран қуғын-сүргін заманда ұлтжандылығы, ұлт үшін күресі үшін халық жауы аталып, атылып кеткен 15 газет редакторы туралы БҚО Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ІІД-ғв сұрау салынып, тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде атылып немесе ұзақ жыл түрмеге қамалған қайсар журналистер мен газет редакторлары туралы тың деректердің беті ашылды. Олардың құрметіне фотосуреттері мен өмір жолы қысқаша баяндалған арнайы қабырға дайындалды.

Облыстық газеттердің 100 жылдық мерейтой қарсаңында «1911.kz» сайты іске қосылып, газеттердің тарихы туралы ғаламтор пайдаланушыларға қажет ақпараттар топтастырылды. Енді газеттерге қатысты ақпарат аламын деушілер әлемнің әр жерінен өзіне қажет дүниені сайт мәзірінен жүктеп немесе таныса алады.

Сонымен қатар ұлт зиялысы, Батыс Қазақстанда газет ісінің негізін қалаушы тұлға Ғ. Қараштың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат жиналған gumar.kz сайты өз жұмысын бастады. Сайтта шайырдың өмір жолы, шығармалары және қызмет еткен еңбек жолы туралы кеңінен ақпарат берілген.

Ғұмар ақынның жүз жылдық мерейтой аясында оның өлеңдер жинағының аудионұсқасы дискіге жазылды. Ақын шығармаларын мәнеріне салып оқыған жазба бар бұл аудиокітапты тыңдармандар жылы қабылдады.

27.08.2016 ж. Мәулімберлі қорымына зерттеу ұйымдастыру барысында ұрпақтарымен байланыс орнатылды. Немересі Сәруар апайдың ұлы Кәрім ағамыз қорым басына арнайы түнек тұрғызды.

05.10.2016 ж. «Ұшқын» кітабы жақыққа шығарылды. Нұр-Сұлтан қаласында «Егемен Қазастан» басшысы Дархан Қыдырәліге бейресми табысталды. 1919 жылдың 17 желтоқсанынан 1920 жылдың 27 қазанына дейін Орынбор қаласында шығып тұрған «Ұшқын» газеті туралы бұл жинақта басылымның Алматыдағы «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасы қорында сақталған тігіндісі қазіргі әліпбиге аударылып ұсынылды. Сондай-ақ мұнда газеттің редакциялық алқа мүшелері Х. Есенбаев, Т. Сафиев, М. Тұрғанбаев туралы деректер, көне суреттер қоса берілген. Бұған қоса Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған зерттеуші М. Ысмағұловтың жеке қорындағы Тамимдар Сафиев естелігінің «Ұшқын» газетіне қатысты бөлігі осы жинақта жарияланды. Кітап баспасөз тарихын зерттеушілерге, журналистика факультеті студенттеріне, жалпы көпшілік оқырман қауымға арналған.

13.12.2016 ж. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 2 кітап шығарылды: «Батыс Қазақстан облысы: жеңістер және жетістіктер жылдары (1991-2016)» және «Западно-Казахстанская область: годы свершений и побед (1991-2016)». Кітапта ширек ғасыр ішінде өңірімізде жүзеге асқан айтулы, маңызды шаралардың тізімі келтірілді.

29.03.2017 ж. Алматы қаласында IRCICA ұйымының қаржыландыруымен семинар, тың жобаларға жол ашқан кездесу өтті. Әшірбек Мүміновтың ұйымдастыруымен болған бұл шараға Халит Ерен, Әбдусаттар Дербісәлі, Меруерт Әбдусейітова, Рузия Камарова, Айтжан Нұрманова, Дина Медерова, Бағдат Дүйсенов, ал Орал қаласынан Жантас Набиоллаұлы, Мұратбек Жахатов, Жәнібек Исмурзин, Қазыбек Қабжан, Айболат Құрымбаев қатысты.

03.06.2017 ж. Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» тарихы романы жарыққа шықты. «DANA.kaz» журналының 2012 жылғы №1 санындағы бас мақалаға арқау болған Ғұбайдолла Әнес бастаған он төрт оғлан туралы тарихи шығарманы баспадан шығару қаржысын «DANA» орталығы көтеріп алып, кітапханаларға таратуды ұйымдастырды.

24.05.2017 ж. «DANA» ғылыми-зерттеу орталығы облыстың он екі ауданының құлпытастарын зерттеу бойынша 13 кітап шығарды.

Ж. Сафуллин "Орал өңірі" газетіндегі (11.12.2014 ж.) "Құлпытасты құрметтеу – ардың ісі", "Приуралье" газетіндегі "Надгробия чтить – поступок совести" (11.12.2014 ж.) атты мақалары арқылы құлпытастарды зерттеу ісінің маңызы мен оны ұйымдастыру жолын егжей-тегжейлі атап көрсетті. Бұған қоса барлық аудан əкіміне жұмыстарды бірлесіп атқару жөнінде хат жолданды. Əр ауданда жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы үшін іс-қызметті жүйелі ұйымдастыруға арналған нұсқаулық дайындалып, ұғынықты болуы үшін бейнероликтер жасалды. Аудандарда жасақталған жұмыс топтары Орал қаласына шақыртылып, бəрі егжей-тегжейлі түсіндіріліп, қажетті ақпараттармен қаруландырылды.

Шамамен 12 ауданның 63 ауылдық округінен 250-ге тарта қорым араланып, 2646 құлпытас суретке түсірілді, 1569 (оның ішінде оқуға жарамсыздары да бар) құлпытастың мəтіні араб əліпбиінен кириллицаға аударылды. Қаратөбе мен Жаңақала (бұл ауданның жұмысын М. Жахатов бір өзі атқарды) аудандарынан өзге аумақтарда, құлпытастану ісін мойнына алған жергілікті жауапты тұлғалардың салғырттығынан бұл бағыттағы іс-тірлікті «DANA» орталығының күшімен атқаруға тура келді. Нәтижесінде:

  1. Ақжайық ауданының 5 ауылдық округіндегі 23 қорым зерттеліп, 186 құлпытас тіркелді. Оның ішінде 154 құлпытас оқылып, аударылды (бұл ауқымды істе Жəнібек Əбілпейісовтің еңбегі зор);
  1. Бөрлі ауданының 4 ауылдық округінің 8 қорымы жəне ескі МТС-тың іргетасына салынған құлпытастар зерттеліп, 113 құлпытас тіркелді. Толық оқылып, аударылды;
  1. Бөкей ордасы ауданының 3 ауылдық округінің 9 қорымы (141 құлпытас жəне Хан зираты қорымындағы 526 құлпытас суретке түсіріліп, қазіргі уақытта алматылық ғалымдар жинаққа дайындау үстінде) зерттеліп, барлығы 667 құлпытас тіркелді. Оның ішінде 104 құлпытас оқылып, аударылды;
  1. Жаңақала ауданының аумағынан 604 құлпытас оқылып, аударылды. Бұл жұмысты М. Жахатов бір өзі атқарды;
  1. Жəнібек ауданының 4 ауылдық округінің 29 қорымы зерттеліп, 108 құлпытас тіркелді. Оның ішінде 68 құлпытас оқылып, аударылды;
  1. Зеленов ауданының 4 ауылдық округінің 7 қорымы зерттеліп, 21 құлпытас тіркелді. Оның ішінде 3 құлпытас оқылып, аударылды.
  1. Қазталов ауданының 7 ауылдық округінен 17 қорым зерттеліп, 56 құлпытас тіркелді. Оның ішінде 27 құлпытас оқылып, аударылды;
  1. Қаратөбе ауданының 8 ауылдық округінен 73 қорым зерттеліп, 401 құлпытас тіркелді. Оның ішінде 299 құлпытас оқылып, аударылды;
  2. Сырым ауданының 10 ауылдық округінен 26 қорым зерттеліп, 66 құлпытас тіркелді. Оның ішінде 23 құлпытас оқылып, аударылды;
  1. Тасқала ауданының 1 ауылдық округінен 2 қорым зерттеліп, 16 құлпытас тіркелді. Оның ішінде 16 құлпытас оқылып, аударылды;
  1. Теректі ауданының 7 ауылдық округінен 17 қорым зерттеліп, 288 құлпытас тіркелді. Оның ішінде 141 құлпытас оқылып, аударылды;
  1. Шыңғырлау ауданының 7 ауылдық округінен 20 қорым зерттеліп, 120 құлпытас тіркелді. Оның ішінде 17 құлпытас оқылып, аударылды.

Тек осы құлпытастардағы тұлғаларды білу арқылы көптеген жерлесіміз ата-бабаларын танып, тектерін түгендеді. Мұның өзі өткеніміз бен бүгінгімізді жалғап, көпшіліктің қызығушылығын оятады.

 Біздің жобамыздың маңыздылығына көзі жеткен Алматы қаласындағы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қызметкерлері – т.ғ.д., профессор (OIC) Əшірбек Мүмінов, т.ғ.к. Айтжан Нұрманова, т.ғ.к. Дина Медерова, Бағдат Дүйсенов арнайы жоба жасап, үш қорымды ғылыми негізде зерттеуді қолға алды. Бұл жобаға Батыс Қазақстан облысынан Қазыбек Қабжан, Жəнібек Исмурзин, Мұратбек Жахатов, Айболат Құрымбаев жəне Жантас Сафуллин кірді. Институттан қарастырылған қаражат жасаған жұмыстарды кітап етіп шығаруға жетпейтін болды. Түркияда уақытша қызметте жүрген Əшірбек Мүмінов Стамбұлдағы Исламдық əріптестік ұйымы жанындағы (IRCICA) Исламдық тарих, мəдениет жəне өнерді зерттеу ғылыми орталығының бас директоры, проф. (OIC) Хален Эренмен сөйлесіп, Батыс Қазақстан облысындағы құлпытастарды ислам мəдениетінің бөлшегі ретінде қарауды ұсынып, Алматы қаласында "Арал-Каспий өңірінің мұсылмандық мұрасы" атты ғылыми семинар ұйымдастырды. Жиынның қорытындысы бойынша Исламдық əріптестік ұйымы жанындағы (IRCICA) Исламдық тарих, мəдениет жəне өнерді зерттеудің ғылыми орталығының қаржыландыруымен "Мəулімберді ілім-мемориалдық кешені", "Жантөре хан кешені", «Бөкей ордасының ислам мəдениеті, Хан зираты" атты ғылыми жинақтар қазақ жəне ағылшын тілдерінде жарық көретін болды. Шамамен 800 құлпытас қамтылмақ. Бұл – біздің ісіміздің халықаралық деңгейде қолдау тапқанының көрінісі. Бірақ бұл бағыттағы атқарылатын іс атқарылғаннан бірнеше есе көп.

31.05.2017 ж. саяси қуғын-сүргінге ұшыраған журналистерді еске алу шарасы өтті. Өткен ғасырдың бірінен-бірі өтетін көп нәубеті қазақ тарихында қанды ізін қалдырды. 1937-1938 жылдардағы зұлматта біздің облыста мыңнан астам адамның тағдыры оққа байланды. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың арасында журналистер де бар. Олардың тағдырына қатысты ақтаңдақтар тереңірек зерттеуді қажет етеді. Бұл жайында с«Жайық Пресс» медиахолдингінің ғимаратында өткен еске алу шарасында айтылды. Сол күні тоталитарлық саясат салдарынан құрбан болған журналистердің азалы түспен әдіптелген фотолары қабырғаға ілініп, мұрағат құжаттары көрмеге қойылды.

13.06.2017 ж. Айшуақ ханның құлпытасы табылды. Белгілі Әбілқайыр ханның баласы, өзі де Кіші жүзді 1797-1805 жылдары билеген Айшуақ ханның құлпытасы Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданынан табылды. Теректі ауданы Ұзынкөл ауылдық округіне қарасты Бекей ауылының тұсындағы көне қорымда сақталған қарапайым құлпытас Әбілқайыр ханның Бопай ханымнан туған төртінші баласы Айшуақтың ескерткіші болып шықты. Құлпытасты осыдан үш жыл бұрын журналист Нұртас Набиоллаұлы суретке түсіріп, өңірде құлпытас зерттеумен айналысып жүрген топқа ұсынған. Бірақ мүк басқан ескерткіштен жазу анық көрінбей, «тазалап оқу керек екен» делініп, сәтті күні туғанға дейін жата беріпті. Сол сәтті күн 13 маусымда туды. Батыс Қазақстан облысындағы араб жазулы құлпытастарды зерттеу тобының жетекшісі Жантас Сафуллин, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, тарих ғылымының магистрі Айболат Құрымбаев, Батыс Қазақстан облыстық мұсылмандар мешітінің имамы, шығыстанушы Мұратбек қажы Жахатов, журналист Қазыбек Құттымұратұлы көне қорымға арнайы барып қайтты. Қойылғанына екі ғасырдан асқан, мүк басқан ескерткішті уақыт тозаңынан тазартып, оқыған кезде құлпытаста Айшуақты «жеңімпаз, мәртебелі, баһадүр хан» деп сипаттап, оның Әбілқайыр хан Қажы сұлтанның ұлы екендігі, 1812 жылы 15 сәуірде 85 жасында қайтыс болғаны жазылған екен. Оған қоса «Кіші жүзге билігін жүргізген хан еді, әрі екі баласы Жантөре мен Шерғазы да хан болды» деп тасқа қашалған екен. Белгіні Айшуақтың ұлы Алғазы сұлтан қойған. Тарихшы Жәнібек Исмурзин «Айшуақ хан – қазақ тарихында, XVIII ғасырдағы қазақ-орыс қатынасындағы саяси оқиғалар кезеңінде өзіндік орны бар тұлға» дейді. Ол – Әбілқайыр ханның Бопай ханшадан туған төртінші ұлы. Ағалары Нұралы мен Ералы секілді Айшуақ та саяси өмірге ерте араласқан. 1748 жылы әкесі Әбілқайырдың тірі кезінде інісі Қожахметті алмастырып, Жаманқалада (Орскіде) аманатта болған.
Әбілқайыр хан қаза тапқанда әкесінің өлімін Айшуаққа естірте алмай, «мінезі қызуқанды еді» деп қатты қиналғаны тарихи құжаттарда сақталған екен. Айшуақтың Апақ және Жантөре деген балалары Сырым батыр қозғалысына белсене қатысуына байланысты 1785 жылы атаман Донсков Айшуақты тұтқынға алып, екі жылдай қамауда ұстаған. Кейін Сырым батыр және Ералы сұлтандардың араласуымен тұтқыннан босап шыққан. Кейінірек, 1797 жылы ол Кіші жүздегі Хан кеңесіне төрағалық еткен. Сол жылы Кіші жүздің ханы Есім Нұралыұлы кісі қолынан қаза тапқан соң хан сайланған.
1805 жылы 17 ақпанда «жасым ұлғайды» деп, өз өтінішімен хандықтан босаған.

06.12.2017 ж. РФ Мәскеу қаласындағы ХДРУ (РУДН) студенттері арасында өткен кездесу барысында «DANA.kaz» журналының таныстырылымы өткізілді.

21.12.2017 ж. «DANA.kaz» журналының 5 жылдығына орай Қадыр

Мырза Әли орталығында жыр кеші ұйымдастырылды. Белгілі термеші, жыршы Фархад Оразов «Сырым батыр» жырын жырлады.

 2018 жылы мамыр Ғұмар Қараштың 3 томдық жинағы баспадан шықты. Ғұмар Қараш кітабының І томы – поэзиялық шығармалар. Көрнекті ақын, ағартушы, философ, қазақ баспасөзін қалыптастырушы тұлға, дін қайраткері Ғұмар Қараштың (1875-1921) шығармалар жинағының алғашқы томына («Ғұмар Қараш. І том. Поэзиялық шығармалар») ақынның көзі тірісінде шыққан "Қарлығаш" (Қазан, 1911), "Аға тұлпар" (Орынбор, 1914), "Тұрымтай" (Уфа, 1918) жинақтарына енген өлеңдері, жарияланбаған "Қырғи" жинағындағы өлеңдері, ақынның "Қазақстан", "Айқап", "Қазақ", "Ұран", "Дұрыстық жолы", "Мұғалім", "Шора" т.б мерзімді басылымдарда жарық көрген шығармалары топтастырылды. Сондай-ақ Ғұмар Қараштың жинақтауымен басылған "Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары" (Орынбор) және "Көксілдер, яки бұрынғы мырза ұлы hәмноғайлы батырлары уа гейри (және әр түрлі) мағыналы жырлар" (Орынбор) атты жинақтары да осы жерде толық берілді. Бұған қоса Ғұмар Қараштың ел аузынан жиналған, шәкірті Ахмади Есқалиев, зерттеушілер Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиева, немересі Надежда Қарашева жинақтаған бірқатар шығармасы да осы жинаққа топтастырылды.

Ғұмар Қараштың (1875-1921) шығармалар жинағының екінші томына («Ғұмар Қараш. ІІ том. Ойтолғамдар, мақалалар») ақынның "Томан байдың баласы Әділ мырза, я болмаса Байғазы байдың қызы ару Шандоз" әңгімесі, көзі тірісінде кітап болып шыққан "Ойға келген пікірлерім" (Орынбор, 1910), "Өрнек" (Үпі, 1911), "Бәдел қажы" (Қазан, 1913) еңбектері, ақынның "Қазақстан", "Айқап", "Қазақ", "Ұран", "Хабар-Известия", "Дұрыстық жолы", "Мұғалім", "Шора" т.б. мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары топтастырылды. Жинаққа 1994 жылы "Ғылым" баспасынан жарық көрген "Замана " кітабында жарияланған ғалым Қ. Сыдиықовтың кіріспе мақаласы және М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған "Қазақ әдебиетінің тарихы" онтомдық жинағының (Алматы, "Қазақпарат" баспасы, 2006 жыл) 6-томындағы (XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті, 1900-1917. Жалпы редакциясын басқарғандар – филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Егеубаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Ысмағұлов) Ғұмар Қараш туралы сараптама мақала да енгізілді.

 Ғұмар Қараштың (1875-1921) өмірі мен шығармашылығына арналған жинақтың үшінші томына («Ғұмар Қараш. ІІІ том. Зерттеулер») ақынның талайлы тағдырын тұңғыш рет жүйелі зерттеуші Мұстафа Ысмағұловтың еңбегі, ақынның немересі, Мәскеу қаласында тұратын Надежда Карашеваның Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығы туралы орыс тілінде жазылған шолу мақаласы, Ғұмарды көрген-білген адамдардың естеліктері және Ғұмар Қарашқа арналған жыр-жоқтаулар енді. Бұған қоса ақынның өмір жолы мен шығармашылығына қатысты тың дерек береді деген кейбір еңбектер де топтастырылды.

18.05.2018 ж. Мәскеудегі Ғұмар Қараштың немересі Надежда Қарашеваға 3 томдық жинақ табысталды.

18.05.2018 ж. Жаһанша Досмұхамедұлы тұрған үйге (Мәскеу қаласы, 117 – 419, Лестев көшесі, 19-үй, 2-корпус, 84-пәтер) барылды.

19.05.2018 ж. – РФ Мәскеу қаласында Халықтар Достығының Ресей университетінде «Сана» қоғамдық бірлестігінің белсенділерімен кездесу өтті. «DANA.kaz» журналы табысталды.

09.06.2018 ж. – TEDx Astana алаңында тарихымызды зерттеу бағытындағы жобаларымыз туралы баяндалды.

2018 жылдың маусым-шілде айларында «Кіші жүзде хан сайлау», «Жайықтан өткен қазақтар» басылып шығарылды. «Кіші жүзде хан сайлау» кітапшасында ХІХ ғасырдағы қазақ-орыс қатынастарына қатысты тарихи құжаттар, 1809 жылы Бөкей сұлтан Нұралыханұлының қарауындағы старшындар мен қазақтардың тізімі, 1811-1812 жылдардағы Кіші жүзде хан сайлау мәселелеріне байланысты Орынбор облыстық мемлекеттік архивінде сақталған құнды жазбалардың көшірмелері берілген. Бөкей хандығының қалыптасу тарихынан хабар беретін, хан айналасындағы ықпалды адамдар тізімделген мұндай құжаттың маңызы ерекше. Сол тарихи кезеңдегі Кіші жүздің бүкіл игі жақсылары – ақсақалдары, батыр-билері мен билеуші сұлтандары қолын қойып, мөрін басқан құжаттар келтірілген бұл жинақ арқылы жалпы көпшілікке, ғалымдар мен өлкетанушыларға қолжетімді болып отырған құжат көшірмелерін жеткізген – тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин. Кітап жалпы көпшілікке, ғалымдар мен өлкетанушыларға арналған.

25.07.2018 ж. «Құлпытас сырын ашайық. Шыңғырлау ауданы». Бұл жинаққа БҚО Шыңғырлау ауданы аумағындағы араб әліпбиінде жазылған ескі қорымдардағы құлпытастар араб әліпбиінен кириллицаға аударылып, енгізілді.

03.08.2018 ж. «Қасиетті Қаратөбе» кітап-альбомы. Альбом Қаратөбе ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай шығарылды. Бұл жинаққа Қаратөбе ауданы аумағындағы көрнекі және тарихи маңызы бар жерлер және әр ауылдық округтің орталығындағы маңызды ғимараттар мен ескерткіштер енді. Әр нысанның тарихы, орналасқан жері туралы мәліметтер келтірілген бұл жинақ өлкетанушылар, тарихшылармен қатар туған өлке тарихына қызығушылық танытатын жалпы оқырманға арналған.

«Қаратөбе. Құлпытас сырын ашайық». Бұл жинаққа БҚО Қаратөбе ауданы аумағындағы араб әліпбиінде жазылған ескі қорымдардағы құлпытастар араб әліпбиінен кириллицаға аударылып, енгізілді. Сонымен қатар мазарлар, кесенелердің суреттері де қамтылды. Мұндағы мәліметтер арқылы көпшілік өз ата-тек шежіресін түгендесе, өлке тарихына қызығушылар тың мәліметтер алары анық.

24.11.2018 ж. Жаһанша Досмұхамедовтің соңғы мекеніне белгі орнату үшін Мәскеу қаласындағы үй тұрғындарынан келісім алу мақсатында оның тұлғалық қасиеттерін баяндайтын буклет дайындалды.

25.11.2018 ж. Жаһанша Досмұхамедұлының соңғы мекенжайында тұратын Юлиана Красовскаядан және үй көршілерінен үйге белгі ілуге келісім алынды. Мәскеудегі мемлекеттік архивтен Ж. Досмұхамедовқа қатысты архив құжаттарының көшірмелері алынды. Жаһанша Досмұхамедов жерленген Бутов полигонына барып, дұға оқылды. Осыған орай Мәскеу сапарына қатысты мақала жазылды.

27.11.2018 ж. «Сана» қоғамдық бірлестігінің студенттеріне «Последний адрес» жобасы бойынша Жаһанша Досмұхамедовке арналған белгі орнату үшін қалған үй тұрғындарынан келісім алу қағазы мен буклеттер тапсырылды.

31.01.2019 ж. «Әке өнегесі. Набиолла Сафоллаұлы хақында» кітабы жарыққа шықты.

16.02.2019 ж. «Әке өнегесі. Набиолла Сафоллаұлы хақында» кітабының таныстырылымы және «DANA» орталығы ғимаратының ресми ашылуы өтті.

28.05.2019 ж. БҚО «Тарих және археология орталығының» директоры болған Ж. Сафуллин «Жайық» қалашығы аумағындағы сарматтар кезеңіне жататын обаға археологиялық қазба жұмыстарын ұйымдастырды. Қазба барысында ашылған әр шұңқырдың 3d нұсқасы жасалып, дронмен биіктен әр кезеңі бейнежазба, суретке түсірілді.

10.12.2019 ж. «Жайық қорғаны-1 кешені» атауымен қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша каталог шығарылды.

20.12.2019 ж. – Бөкей ордасының 1871 жылғы метіркелік кітаптарының (тарихи құжат) 3 томдық жинағы жасалды. Бұл жинақта Башқұртстан Республикасының орталық мемлекеттік тарихи архивінде сақталған Ішкі ордадағы (Бөкей ордасы) 1871 жылғы метрикалық кітаптарының араб мәтініндегі қолжазбасының көшірмесі мен аудармасы ұсынылған. Жинақ қалың көпшілікке, ғалымдарға, өлкетанушыларға арналған.

10.12.2021 ж. ақын, жазушы Мұнайдар Балмолданың «Дала көкжалы» атты тарихи романы «DANA» орталығы ЖК тапсырысымен жазылып және баспадан жарық көрмек. Роман буырқанған жиырмасыншы ғасырдың бас кезеңінде еліміздің дербестігі үшін басын бәйгеге тігіп, жанқиярлықпен күрес жолына түскен Алаш арыстары қақындағы тарихи деректер негізінде жазылған. Бұл көркем әдеби еңбекте Алашорданың күнбатыс бөлімі, оның көсемі Жаһанша Досмұхамедұлы және оның айналасындағы адамдар арқылы сол кезеңнің тарихи оқиғалары суреттеледі. Кітап Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына 135 жыл толуына арналады.

2021 жыл. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» 2020 жылдың 24 қарашасындағы №456 Жарлығында аталған міндеттерді орындау үшін Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы өңірде саяси репрессияға ұшырағандарды толық ақтау ісін жүзеге асыру туралы «DANA» орталығына ұсыныс жасап, тапсырыс берді.

БҚО ішкі саясат басқармасының «Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қызметтерді жүзеге асыру» тапсырысы аясында «DANA» орталығының ғылыми қызметкері Қазбек Қабжановтың «Сенім үшін сергелдең» (Саяси қуғын-сүргінге түскен батысқазақстандық дін өкілдері) зерттеу еңбегі желтоқсан айында өз алдына кітап болып жарияланбақ. Жинаққа кеңес өкіметі жылдары (1917-1991) Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған дін өкілдері туралы мәлімет жинақталған. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси репрессия құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған Батыс Қазақстан облысының өңірлік комиссияның алғашқы қорытындысы іспетті еңбекте қудаланған дін өкілдері туралы қысқаша биографиялық анықтамалық, зерттеу мақалалар және архив құжаттарының көшірмелері ұсынылды. Кітап тарихшыларға, өлкетанушыларға және советтік репрессия, дін тарихына қызығушы оқырман қауымға арналған.

Осы жоба аясында «DANA» орталығының ғылыми қызметкері А. Батырхановтың «Тауқымет тартқан тағдырлар» (1939-1945жж. фашистік Германия, Финляндия жəне басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық əскери тұтқындар) атты еңбегі де желтоқсан айында жарыққа шықпақ. 1939-1945жж. фашистік Германия, Финляндия жəне басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық əскери тұтқындар туралы қысқаша биографиялық анықтамалық жəне архив құжаттарының көшірмелері, коментарийлер ұсынылып отыр. Сонымен қатар ҰОС кезінде жазаланған жауынгерлер, айыптылар ротасында жүріп қаза тапқандар, осы тақырыпта жазылған мақалалар топтастырылған. Кітап тарихшы, өлкетанушыларға жəне советтік репрессия, соғыс тақырыбына қызығушылығы бар оқырман қауымға арналған.

1928 жылдан бастау алған кәнпеске туралы да зерттеу еңбек архив құжаттарымен алдағы уақытта өз алдына бөлек жинақ болып жарыққа шықпақ.

«DANA» орталығының мемлекеттік тапсырыс аясында Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қызметтерді жүзеге асыру бойынша 2021 жылы атқарған қызметі туралы өз алдына бөлек мақаладан толық таныса аласыз.

 

«DANA» орталығы

Қаралым саны 999

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463