Бұл Жарлық – 1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітілген 1997 жылғы Жарлықтың көптен күткен заңды жалғасы. 2020 жылдың 3 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында Мемлекеттік хатшы комиссияның басты мақсаты кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру екенін атап өтті. Мақсаттың айқын болуы және бұл жұмысқа жоғары лауазым иесі – Мемлекеттік хатшының жетекшілік етуі орталық пен өңірлердегі атқарылар істің жүйелі жүруіне оң әсерін тигізуде.
Мемлекет тарапынан, соның ішінде Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, ішкі саясат басқармасының облыстық өңірлік комиссия, жұмыс топтарын құрып, жобаны қаржыландыруды қолға алуы жүйелі жұмыстың бастауы болды.
Жалпы, саяси-қуғын сүргін, ашаршылық тақырыптарын зерттеу ісін түрлі ұйымдар, жекелеген зерттеуші, мамандар осыған дейін де әл-қадірінше жүргізіп келді. Мысалы, «Дана» ғылыми-зерттеу орталығы «Жайық Пресс» мекемесімен бірлескен түрде соңғы он жыл ішінде «Баспасөз тарихы», «Ғұмар Қараш», «Құлпытастану», «Метрике» т.с.с жобалар аясында саяси-қуғын сүргін тақырыбымен тығыз байланысты мәселелерге өзіндік үлесін қосты. Осы мерзім ішінде шыққан «DANA qaz» тарихи-танымдық журналының 55 нөмірінің бәрінде репрессия, Алаш зиялылары, тарих тақырыптары бойынша мақала, еңбектер жарық көріп, бұл іс әлі де жалғасын тауып келеді. «Дана» орталығының осы айтылған жүйелі жұмысы, мол тәжірибесіне орай Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы өңірде саяси репрессияға ұшырағандарды толық ақтау ісін жүзеге асыру туралы осы орталыққа ұсыныс жасап, мемлекеттік тапсырыс берді.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 20 қаңтардағы №1 қаулысымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық комиссия құрылды. Ағымдағы жылдың 21 мамыры күні аталмыш комиссия құрамына өзгерістер енгізіліп, жұмыс тобы жоғары оқу орындарындағы тарихшы-ғалымдармен және өлкетанушылармен толықтырылды. Онда жеті бағыт бойынша зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру қарастырылып, соған жауапты адамдар бекітілген-ді.
Ішкі саясат басқармасы тарапынан қарастырылған қаражатқа алдымен осы жеті бағытқа жетекшілік ету тапсырылған мамандарға айлық қызмет ақысы мен Алматы қаласындағы архивтерге бару үшін іссапар шығындарын төлеу тапсырылды. Осы талапқа сай жеті бағыт бойынша ғылыми қызметкер маман ретінде шарт жасасып, жұмысымызды бастап кеттік.
Жұмыс бағыттары бойынша «Дана» орталығының төмендегі ғылыми қызметкерлері жауапты, топ жетекшісі болып бекітілді: (слайд зам акима 3-4 беттерді салу)
- Өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси
қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу тобына т.ғ.к. Есқайрат Хайдаров;
- Кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруалардың ақталмаған
қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бойынша Жантас Сафуллин;
- Күштеп ұжымдастыру және 30-шы жылдардағы ашаршылықтан жойылған немесе жапа шеккендерді анықтау бойынша т.ғ.к. Бақтылы Боранбаева;
- Алаш партиясы, Алашорда үкіметі идеясы үшін мемлекеттік қудалауға
және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды анықтау бойынша т.ғ.к. Альфия Байболсынова;
- Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін
зерттеу, ұсыныстар дайындау бойынша Қазыбек Қабжан;
- 1939-1945 ж.ж. фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде қамауға алынған әскери тұтқындарды ақтау бойынша өлкетанушы Ахмедияр Батырханов;
- Қазақстанға күштеп көшірілгендерді анықтау, 1920-1940 ж.ж. аралығында
мемлекеттің жазалаушы әрекеттерінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды ақтау бойынша өлкетанушы Айболат Құрымбаев.
Қазақстанда 1927-1953 жылдары 103 мың адам жазаланып, 25 мыңдай адам атылған деген мәлімет бар. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары барысында осы деректердің нақтылығына көз жеткізіп, төгілген жас пен қанның әділетсіздіктен екендігін тағы бір мәрте дәлелдейміз. Халықты соғыссыз-ақ өз билігі миллиондап қырып, жер бетінен жойып жіберердей жасаған геноцид әрекеті үшін кінәлі болған ата-әжелерімізді ар алдында, болашақ ұрпақ алдында ақтау жұмыстарына атсалысу біз үшін үлкен құрмет, абырой болмақ. Осы қайырлы істің ҚР Президентінің Жарлығымен пәрмен беріліп басталуы жұмыс нәтижелі аяқталар деген сенімді арттыра түседі.
Атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, түйткілді мәселелерді шешу үшін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б. Нарымбетовтің төрағалығымен өңірлік комиссияның отырыстары уақтылы өткізіліп келеді. Жұмыс тобының жетекшілері орталық офистің алдында атқарған жұмыстары туралы баяндап, өз ұсыныстарын ортаға салып, жиындарын өткізуде. (слайд зам акима 5 бет салу, Б. Нарымбетовтің суретімен үлкендеу етіп беру)
Батыс Қазақстан облысының тарихына қатысты архив құжаттары мен зерттеу материалдарын, эпиграфикалық ескерткіштер мен метіркелік журналдарды орналастыратын batysmura.kz сайтын жасақтадық. Мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша атқарылған істердің нәтижелерін тұрақты жарияламақпыз. Сонымен қатар саяси қуғын-сүргін көргендерге қатысты ауызша деректер білетіндер болса, байланыс орнату үшін арнайы сауалнамалар орналастырдық. (слайд зам акима 7-8 беттерді салу)
Қазіргі шақта Батыс Қазақстан облысы бойынша жеті бағытта зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Алты ай ішінде Орал мен Алматы қалаларының архивтерінде жұмыстану барысында көптеген тың дерек анықталды. Қазіргі шақтағы іс-тірлікті қай жерде қандай мәлімет-дерек барын барлау, бағамдау жұмыстары деп атаса болады. Осының бәрін анықтап алған соң алдағы уақытта бұл архивтерде жүйелі жұмыстану қажет болады.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы жұмыс тобының мүшелері қазан айының 10-22-сі күндері аралығында Алматы қаласында іссапарда болған кезде Алматы қаласының мұрағат қорларында сақталған Батыс Қазақстан облысына қатысты көптеген құжаттың көшірмесін алды, дереккөздерді анықтады. Нақтырақ айтқанда: (Алматыдағы суреттерді салу)
- Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорында сақталған
саяси қуғын-сүргінге ұшыраған батысқазақстандық тұлғаларға қатысты 68 істің фотокөшірмесі (барлығы 4 мың бетке жуық);
- Алматы қалалық ІІД арнайы архивінде сақтаулы репрессияланған тұлғалар
базасы (оның ішінде батысқазақстандықтар да бар);
- Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар қорынан
1920-1930 жылдардағы мерзімді басылым мақалаларының көшірмесі және қолжазба естеліктер көшірмелері;
- М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба қорынан
батысқазақстандық тұлғаларға қатысты деректердің көшірмесі;
- Қазақстан Республикасы Президенті архивінен «Депортация тарихынан.
Қазақстан 1930-1935 ж.ж.» құжаттар жинағының электронды нұсқасы және басқа да мәліметтер;
- ҚР Президенті архивінен Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан әскерге
шақырылып, жау қолына тұтқынға түскен 6226 соғыс тұтқынының тізімі;
- Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінен шетел партизан
отрядтарында соғысқа қатысқан тоғыз батысқазақстандық – Өтеулі Бисенғалиев, Қадем Жұманиязов, Қаражұман Дәулетов, Жұмағазы Қатшықов, Нәби Өтешов, Бақытжан Едресов, Зұлқаш Аманғалиев, Өтеген Абдуллин, Батырғали Қабибуллин туралы деректер бары анықталды. Осы аталған архивтегі Мұстафа Шоқайдың қолжазбалары сақталған №2362 қормен жұмыстанып, 1941 жылы тамыз-қараша айларында Мұстафа Шоқай әскери тұтқындар лагерьлерін аралағанда Кеңес соғыс тұтқындарының оған жазған хаттары мен әскери тұтқындар тізімімен танысылды. Құжаттардың құпиялығына орай оларды суретке түсіруге немесе көшіріп алуға рұқсат берілмеді.
- Күштеп ұжымдастыру бойынша 54 бет және Алаш партиясы, Алашорда
үкіметі идеясы үшін мемлекет тарапынан қудалау, қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты 174 бет.
Алматы сапары барысында Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен республикалық деңгейдегі танымал ғалымдармен бірнеше семинар-кеңес, кездесу өтті, тәжірибе алмасылды. Сондай-ақ Алматы қалалық, Алматы және Маңғыстау облыстық өңірлік комиссия мүшелерімен әріптестік байланыс орнатылды. Жоғарыда аталған архивтер мен кітапханалардың да ұжымымен жақсы қарым-қатынас, болашақ әріптестік көпір орнатылды.
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебаймен «DANA орталығы» арасында алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасау туралы шарт жасалды. Бірлескен жұмыс нәтижесінде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде сақталған тарихи құжаттар негізінде бірлесіп кітаптар шығаруға уағдаласылды. (слайд ақтау жұмыстары 3 бет фото Сәбит Шілдебаймен)
Жеті бағыттың әр бағыты бойынша топ жетекшілерінің атқарған жұмыстарымен кеңірек таныстырсақ. Бұл – болашақтағы үлкен істің бастамасы.
Өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу тобына жауапты әрі жетекшісі т.ғ.к. Есқайрат Хайдаров.
2021 жылдың жаз айларында алдымен облыстық мемлекеттік архивте ашаршылық тақырыбы бойынша жұмыстанып, ғылыми-зерттеу мақаласы «DANA» тарихи-танымдық журналының қазан айындағы нөмірінде толық нұсқада жарық көрді. Қазіргі шақта БҚО полиция департаментінің ақпараттық-орталық арнайы мемлекеттік мұрағатында халық көтерілістеріне қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды анықтау бойынша сот органдары мен прокуратура ақтаған тұлғаларға қатысты мұрағаттық қылмыстық істерді, ақталғанымен, істің құпиялығы сақталғандарды, ақталмаған қылмыстық істерді зерделеу бойынша жұмыстануда. Зерттеу барысында көпшілікке беймәлім боп келген халық наразылықтары мен баскөтерулері анықталды.
ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының басында орын алған оқиғалар халқымыздың санасында өте ауыр із қалдырды. Әйтсе де, осы аштық алқымнан ала бастаған уақытта атқа қонып, өкімет органдарына бағынбай, бас көтеруге мәжбүр болған, әділетсіз күштеу жүйесіне ашық наразылық білдірген және көпшілігі осы батыл әрекеттің құрбанына айналған жандардың есімдері күні бүгінге дейін белгісіз. Шын мәнінде, күнкөріс қамы мен тоталитарлық жүйенің әділетсіз қысымына қарсы шыққан абзал азаматтар туралы жалпы жұртшылық әлі күнге дейін тарихи шындықты біле бермейді.
1929 жылдың көктем және жаз айларында Жымпиты ауданының №15 және №19 ауылдарының байлары мен атқамінерлері астық дайындау науқаны кезеңіндегі келеңсіздіктерге, Кеңестік билікке қарсы наразылықтар ұйымдастырған. Бұл баскөтерудің жетекшісі ретінде Ғаббас Досмұхамедов көрсетіліп, 1930 жылы 15 наурызда ПП ОГПУ үштігінің шешімімен 16 адамға Қылмыстық Кодекстің 58/8 және 58/10-баптары бойынша үкім шығарылған.
- Досмухамедов Габбас
- Абилгазыев Искали
- Балатов Тлеукаир
- Рамазанов Успангали
- Адилев Хусаин ату жазасына кесіліп, барлығының мүлкі тәркіленген.
(слайд ақтау жұмыстары 4 бетті салу)
Қалғандары 3-10 жыл мерзімге концлагерьлерге жабылып, мүліктері тәркіленген. Кейбіреуін Сібірге, Ақмолаға жер аударған.
1930 жылдардағы Орда ауданына қарасты Сүйіндік және Қасымтау ауылдарының (қазіргі уақытта Атырау облысы Құрманғазы ауданы) ауқатты адамдары ұжымдастыру саясатына қарсылық білдірген. Олар аудандағы колхоздастыру науқаны кезеңінде ақылға қонымсыз әрекеттерге қарсылықтар ұйымдастырып, Астрахань және Қалмақ облыстарына көшіп кету әрекеттерін жүзеге асырмақшы болған. 1932 жылғы 28 желтоқсандағы ПП ОГПУ жанындағы үштіктің отырысында №354 айыптау ісі бойынша Қаби Құрмашев және басқаларға, барлығы 9 адамға қатысты ҚК-ның 58/10, 59/13-баптары бойынша айып тағылып, 5-10 жыл мерзімге концлагерьге жабылған. (слайд ақтау жұмыстары 5 бетті салу)
Шыңғырлау ауданының №16 ауылы тұрғындары арасында 1931-1932 жылдардарғы ұжымдастыру саясатына қарсы топтың болғаны жөнінде дерек бар. Архив құжаттары бойынша олардың көпшілігі бұрын кәмпескеленген байлар мен бұрынғы молдалардың ұрпақтары болса, араларында орташалар мен кедейлер де кездеседі. Кеңестік билікке қарсы шыққан бұл топқа Қылмыстық Кодекстің 58/10 және 58/11-баптары бойынша айыптар тағылған. 1933 жылдың 13 шілдесінде ПП ОГПУ жанындағы үштіктің отырысында Шыңғырлау ауданы №16 ауылының 16 адамын 3-8 жыл аралығына концлагерьге қамауға үкім шығарылған. (слайд ақтау жұмыстары 6 бетті салу)
Бұрын айтылып келген, 1930 жылдары Казталов және Фурманов аудандарында интеллигенция өкілдерінен құрылған «контрреволюциялық ұйым» туралы қылмыстық іс те қаралып, нақтыланды. Бұл іс бойынша ҚК-ның 58-10, 58-11-тармағы бойынша Бижан Джанкадамов және ҚК-ның 58-10-тармағымен Сейфулла Таушанов айыпталып, ату жазасына кесілсе, қалған алтауына 10 жыл мерзімге еңбекпен түзеу лагерінде жазасын өтеу белгіленген. (слайд ақтау жұмыстары 7 бетті салу)
Осыған дейін «Жаңақала көтерілісі» атауымен белгілі болған қылмыстық іс қайта мұқият қаралып, бұл көтеріліске Ілбішін және Орда ауданының адамдары да қатысқаны нақтыланды. Бұл көтеріліс 1930 жылдың сәуірі – 1931 жылдың көктемі аралығында Жаңақала өңірінде халықтың күштеп ұжымдастыруға қарсы наразылығы болып табылады.
Жаңақала көтерілісінің себептері:
- 1930 жылы қыс пен көктемде Жаңақала ауданында ет дайындау жоспарының шектен тыс, өрескел бұзылуы;
- Егін егетін солтүстік ауылдарда барлық егіс жерлері колхоз меншігінде болды және ол жерлерден өнім өте аз алынды;
- Астық тапсыру жоспарын орындау мақсатында жергілікті өкімет органдары егін екпейтін ауылдарға қыстың ішінде әр пұт астық үшін бір ірі қара мал тапсыруды міндеттесе, оның ішінде ауқатты, бай адамдарға бұл міндетті қысқа мерзімде орындау тапсырылды;
- Өнімді тапсырғандарға уәде етілген азық-түліктер берілмеген, ақша кейбір жерлерде 1932 жылдың наурызына дейін төленбеген;
- Ұжымдастыру барысында халықтың малы тартып алынды.
Көтеріліске белсенді қатысқандар:
- Қанасов Ғұбайдолла (1895 ж.т.),
- Ахметов Мардан (1891 ж.т.),
- Шамсутдинов Шотқара (1900 ж.т.),
- Қарашиев Запик (1900 ж.т.),
- Жаналиев Мұқаналы (1901 ж.т.),
- Сисенов Салмен (1896 ж.т.),
- Жүсіпов Қарабала (1887 ж.т.),
- Бегалиев Биғали (1902 ж.т.),
- Жаменов Шағырбай (1905 ж.т.),
- Шабдаров Әліпқали (1899 ж.т.),
- Қуанышев Бақтығұл (1907 ж.т.),
- Есқалиев Шәпен (1885 ж.т.),
- Мұсәлиев Суханқұл (1885 ж.т.),
- Искеев Тасмағамбет (1898 ж.т.),
- Өтеулиев Бисенғали (1892 ж.т.),
- Дәулетқалиев Қоблан (1907 ж.т.),
- Пштанов Елеу (1905 ж.т.),
- Қожақов Жанқожа (1879 ж.т.).
Көтерілісшілердің жазалануы
- Көтеріліске қатысқан 360 адам тұтқындалған;
- Тергеу барысында 160 адам қылмысы анықталмай, босатылған;
- Ұзаққа созылған тергеу барысында 71 адам құрбан болған;
- ОГПУ жанындағы үштіктің қаулысымен 1932 жылы 25 ақпанда 129 адам 58-2, 58-8, 58-10-статьялар бойынша әртүрлі мерзімге концлагерьлерге айдалған;
- Көтерілістің ұйымдастырушылары ретінде 18 адамға қатаң жаза қолданылған. Бұлардың барлығы 1989 жылы ақталған.
Көтеріліске қатысқан деп 360 адам тұтқындалған. Тергеу барысында 71 адам өлген (өлтірілген). ОГПУ жанындағы үштіктің қаулысымен 1932 жылы 25 ақпанда 129 адамның 109-ы ҚК-ның 58-2, 58-8, 58-10-баптары бойынша әртүрлі мерзімге концлагерьлерге айдалған, 1-і шартты түрде сотталған, көтеріліске қатысқан 19 адам жазаланбаған, 160 адам қылмысы дәлелденбей, босатылған.
Кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруалардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бойынша жұмыс тобына өзім жетекшілік етемін.
Зерттеу жұмысымды Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатында және БҚО полияция департаментінің ақпараттық-сараптамалық орталығының арнайы мемлекеттік мұрағатында, Алматы қаласындағы Орталық архивте жүргіздім. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі парақшама хабарландыру арқылы осы айналысып жатқан жұмысымды жария еттім. Нәтижесінде, көптеген жерлесіміз кәнпескеге ұшыраған ағайын-тумалары жөнінде ақпараттарымен бөлісті.
Қазақстан бойынша байларды тәркілеу ресми Өлкелік 6-шы партия конференциясынан бастау алған. 27 тамыз 1928 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі «Қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеу» туралы декретін жариялайды. Аталған декретте жергілікті қазақ байлары, қазақ атқамінерлері, хан және сұлтан тұқымдары, молдалар мен ишандар, алашордашылар мен кеңестік құрылысқа қарсы идеядағылардың мал-мүліктерін кәнпескелеп, өздерін Орал округі аумағынан тыс жерге аударуға шешім қабылдайды. Қаулы бойынша 1928 жылы тәркіленетін байлардың сандары әр округ бойынша көрсетілді (слайд ақтау жұмыстары 9 бетті салу), яғни бұл жиынға дейін дайындық жұмыстары ерте басталғанын айғақтайды. Қаулы бойынша (Қор-392, тізім-1, іс-14, бума-2, 10-бет.) әр округтен кәнпескеленгендерді өзге округтерге жер аударудың аймағы белгіленді. Соған сай Орал округіндегілер Жетісуға жер аударылуға тиіс болды (слайд ақтау жұмыстары 10 бетті салу).
1928 жылдың 20 қыркүйегінде «Қызыл ту» газетінде Орал округтік атқару комитетінің кәнпескелеу, жер аудару туралы қаулысы жарияланады. (слайд ақтау жұмыстары 11 бетті үлкен етіп салу арабшасын және аудармасын толық салу. Аударма уордта бөлек жіберілді)
Мұнда 1928 жылы Орал округі бойынша кәнпескеленетін 71 байдың аты-жөні көрсетілді. Халықтың аштықтан қынадай қырылуына басты негіз болған кәнпескелеу науқанын осы күні бастап, 1 қарашаға дейін аяқтауды жоспарлайды.
Осы 71 байдың тізімі бойынша БҚО полиция департаментінің ақпараттық-сараптамалық орталығының арнайы мемлекеттік мұрағатында қылмыстық істердің бар-жоғын анықтадық. Нәтижесінде кәнпескеленген 71 байдың 11-іне қатысты қылмыстық іс бар екендігі белгілі болды. (слайд ақтау жұмыстары 12 бетті салу). Мұрағаттық анықтама бойынша олар 1929 жылдың көктемінде Пенза қаласына жер аударылғанын білдік.
Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінде болып, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарынан кәнпескеленген байлар (слайд ақтау жұмыстары 13 бетті салу) Нугуманов Калан, Баяндиев Буран, Байшев Хайроллаға қатысты істер сақталғанын көрдім. 1928 жылдары әкімшілік бөлініс бойынша қазіргі Батыс Қазақстан облысының кей аудандарының бір бөлігі басқа округтерге қараған. Сондықтан алдағы уақытта шекаралас облыстардың облыстық архивтерімен де жұмыстануымыз қажет.
Алматы сапары барысында ҚР Орталық мемлекеттік архивінің 135-қорындағы кәнпескеленген байларға қатысты көптеген құжат анықталып, көшірмелері алынды.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында әлі де жұмыстанудамыз. 71 байдан бөлек басқа да тәркілеуге ұшырағандардың тізімдері анықталуда. 1929, 1930, 1931, 1932 жылдары кәнпескеленгендердің тізімдері табылып, қазір соларды жүйелеп, арнайы тізбесін дайындаудамыз. Алдағы уақытта архив құжаттарымен біріктіріп, жинақ шығаруды жоспарлап отырмыз.
batysmura.kz сайты және әлеуметтік желі арқылы халықпен осы тақырыпта байланыс жасау алаңы еттік. Тәркілеудің кесірінен туған жерден кетуге мәжбүр болған, Ресей Федерациясы аумағына бас сауғалап аман қалған Оңғар деген адамның немересі Ғұбайдолла Бақтыгерейұлының Оралға келген сапарында онымен бейнесұхбат ұйымдастырдық. Сонымен қатар 80 жастағы Орал қаласының тұрғыны Қымбат апайдан, оның ата-әжесінің 110 баймен бірге біздің облыстан Қостанайға қарай жер аударылып, олардың жолда қарауылшы милицияларды шатыстырып, Башқұртстан жаққа қашып кеткені жөнінде әңгімелесіп, тың деректерге қанық болдық.
Күштеп ұжымдастыру және 30-шы жылдардағы ашаршылықтан жойылған немесе жапа шеккендерді анықтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі т.ғ.к. Бақтылы Боранбаева
Орал өңіріндегі ауыл шаруашылығын колхоздастыру жөніндегі ОГПУ мәлімдемелері, округтік, аудандық атқару комитетінің шешімдері, хабарламалары т.б. тарихи құжаттармен, қолжазбалармен танысып, зерттеу, сараптау жұмыстарын жүргізуде. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорында Орал өлкесінде жүргізілген ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, отырықшыландыру, мемлекетке ет дайындау, астық тапсыру науқаны және оның зардаптарының айғақтары сақталған 392, 393, 992-қорлармен жұмыстануда. (слайд ақтау жұмыстары 15 бетті салу) Архив деректері күштеп колхоздастыру, ұжымдастыру және мемлекетке ет, астық даярлау науқандары барысында асыра сілтеу, бұрмалаушылық және пайыз қуушылық, озбырлық жасау, қорқыту, дөрекілік көрсету әдістері орын алғанын дәлелдейді.
Сорақылық пен озбырлықты дәлелдейтін құжаттар тіптен көп. Осы сорақылықтар көрініс тапқан хат алмасуларын ұсынсақ.
Азғыр, Орда, Жәнібек аудандарындағы қазақ ауылдарында бай, кулактарды тап ретінде жою туралы партия тапсырмасын орындауда төмендегідей асыра сілтеушіліктер мен бұрмалаушылықтарға алаңдаған ОГПУ Орал окугтік БК(б) П комитетінің жауапты хатшысына төмендегідей мәлімдеме жасаған:
«Біріншіден, аталған аудандарда байлармен қатар Азғыр ауданы, Жиделі ауылындағы Куталиев Жубали (Жұбалы – Б.Б.), Нұрмухаметов Досекеш, Жулин Баймукат т.б. кедейлер тұтқындалған. Оларды тұтқындап, мүлкін тәркілеуде әйелдердің іш киімдері (панталоны), ас қасықтарына дейін алынып, балаларының киімдерін сыпырып, тыр жалаңаш қалдырып кеткен. Бұл ауданда осындай 18 жағдай тіркелген».
«Кейбір партия тапсырмасын орындаушылар ауыл қазақтарына ешбір түсінік жұмыстарын жүргізбестен, «Бізді қолдап, колхозға кіресің, кірмесең, Кеңес өкіметінің жауысы! Колхозға кір! Жүн, ет, рабскот тапсыр!» деп қатаң талап қояды. Оған дәлел: Орда аудандық БК(б)П комитеті мен Қосшы одағы аудан тұрғындарына мал-мүлкімен бірге 100% колхозға кіруге бұйрық берген. Аудандық өкіл Нұрсейтовтің ақпары бойынша Азғыр аудандық атқару комитетінің төрағасы Бүркітов 3 сәуір күні Ноғайбай ауылында жиналыс өткізіп: «Колхозға кіруден бас тартып, малды қайтаруды сұрасаңдар, Азғырдан милиция шақырып, барлығыңды да тұтқындаймын» деп қорқытқан. Кейбір жерлерде өкілдер: «колхозға кірсеңдер, азық-түлік беріледі» деп жиналыстарда уәде берген. Осылайша өкілдерден қорыққан немесе азық беріледі дегенге сенген жұрт 100% колхозға кіруге мәжбүр. Оған дәлел – Жәнібек ауданында 9 ауылдық кеңес тұрғындарының 90% -ы, Азғыр ауданы 75%, Орда ауданы 80% колхозға кірген. Алайда халық азық-түліктің берілмейтініне көздері жеткен соң топ-тобымен колхоздан шығу әрекетіне көше бастады».
«Басқарушылардың дөрекі әрекеті салдарынан Жымпиты ауданының 19 ауылының колхозшылары жаппай колхоздан шығып жатыр. Бригадирлер Батримов және Лутемокиев жақында колхозшылар Лукпанов пен Сахиповты соққыға жыққан.»
Қаратөбе ауданының Кулгазиев Мухамедьер, Дибарова Кулсана, Сайдушев Султан бастаған 19 мұғалімі аудандық партия және атқару комитетінің төрағаларына отбасын азықпен қамтамасыз ету талаптары орындалмаса, жұмыстан бас тартып, өзге округке кететіндерін мәлімдеген ( 9 маусым 1930 жыл). (слайд ақтау жұмыстары 16 бетті салу)
Орал округтік атқару комитетінің төрағасы Чадияров Орал округтік прокурорына «...Ауылдық кеңестің төрағасы Синельникова мен комиссия мүшесі Өтепова Жәмила кулактың айна, тарелкелерін қиратып, кілем, үлкен жылы шұлығын (шаль), қызының қолындағы сақина мен құлағындағы сырғаларын шешіп алып кеткенін хабарлап, істі тергеуге және қылмыскерлерге тиісті жаза қолдануды сұраған».
Ұжымдастыруға қарсы шыққаны үшін тұтқындалған Азғыр, Жиделі ауылдарының 131 тұрғынына түрлі сот үкімдері шығарылған. (слайд ақтау жұмыстары 17 бетті салу) Ұжымдастыруға қарсы шыққан Заураль, Камен, Теплов аудандарының 320 тұрғыны ( балаларымен бірге ) Азғыр, Орда, Жаңақала аудандарына құм тоқтату, балық аулау жұмыстарына жіберілген. Алайда бұл адамдарың кейінгі тағдыры бізге белгісіз, әлі де зерттеуді қажет етеді.
Алматы сапары барысында маңызды саналған 54 бет құжат көшірмесін алдырды.
Алаш партиясы, Алашорда үкіметі идеясы үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды анықтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі т.ғ.к. Альфия Байболсынова
Алаш партиясы, Алашорда үкіметі идеясы үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды анықтау бойынша жұмыс тобы, біріншіден, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің қорларымен жұмыстануда. Екіншіден, БҚО полиция департаментінің архив қорындағы Алашорда үкіметіне қатысты құпия құжаттармен жұмыс жасауда. Соның ішінде Д-3606 қорындағы Шомбалов Мәжит Мұхамеджанов, Досмухамедов Габбас, Омаров Салық, Қаратаев Арон, Имангазиев Төлеген, Аблаев Айтқалитың істерімен танысты. Істердің әлі құпия болуына байланысты ашып айтуға не жазуға мүмкіндігіміз жоқ.
Жұмыс тобының мүшесі Айнагүл Ойшыбаева Алашорда ұйымының қызметі мен оған қатысты тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізіп, 1929-1956 жылдары Сырым ауданы бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған 224 адамның аты-жөнін жинақтады.
А. Байболсынова Алматы қаласындағы архивтерде жұмыстанып, маңызды саналған 174 бет құжат көшірмесін алдырды. (слайд ақтау жұмыстары 18 бетті салу)
Сонымен қатар Альфия Сабырғалиқызы Батыс Қазақстан облысы аумағындағы жазалау лагерьлерін, НКВД конторы болып, ату жазасының үкімін орындаған жерлер туралы зерттеумен айналысып, олардың орналасу картасын жасады. Осы бағыттағы тарихи деректерді төмендегіше жүйелеп шықты:
Батыс Қазақстан облысында ресми мәліметтер бойынша 1937 жылы 853 адам қуғынға ұшырап (қазіргі құжаттық деректер бойынша шамамен 1500-ге жуық), оның 335-і атылған. 1938 жылы 936 адам тұтқындалып (қазіргі деректер бойынша 2000-ға дейін), 690-ы атылған.
Бізге белгілі болған Батыс Қазақстан облысы бойынша Саяси тұтқындар лагерьлері ГУЛАГ жүйесіне қызмет жасаған, Орал округінде 3 бағытқа бөлінген. Оларда 2-5 мыңға дейін тұтқын ұсталған. Олар: Каменлаг, Безымянлаг және Салават лагері (АЛЖИР-дің Оралдағы бөлімшесі). (слайд ақтау жұмыстары 19-20 беттерді салу)
- Каменлаг – лагерьлердің ішіндегі ең үлкені, қазіргі Саратов облысымен шектес Тасқала ауданы аумағында болды. Мұнда, негізінен, өзге өңірлерден жер ауып келгендер орналастырылған, оның ішінде еңбекпен түзету лагері және арнайы қоныстар (спецпоселениелер) желісі жұмыс жасаған. Бұл лагерьдің тұтқындары жергілікті тұрғындармен ешбір байланыста болмай, арнайы қоршау қамақта ұсталған. Тіпті жергілікті тұрғындардың өзі де мұнда жазалау лагері болғанын білмеген.
Лагерьдің орны қазіргі Тасқала ауданы орталығы Каменкадан 25 шақырым жердегі Ешкітауда болса керек. Өйткені жергілікті халықтың айтуынша, Кеңес өкіметі тұсында бұл жер үнемі әскери бақылауда болып, жергілікті халықты Ешкітаудың маңынан өткізбеген.
- БҚО мен Самара облысы шектескен аумақта орналасқан Безымянлаг лагері. Безымянлаг 1940 жылы құрылған. 1940 жылдың соңына қарай мәжбүрлі еңбек лагері Куйбышев фабрикаларының құрылысына арналған лагерьлер әкімшілігі болып өзгертілді.
Безымянлаг лагерьлер желісінің БҚО бойынша бірнеше лагерьлік бөлімшесі жұмыс жасаған.
- Салават лагері, АЛЖИР жүйесінің Оралдағы бөлімшесі
АЛЖИР жүйесінің Оралдағы бөлімшесі Орал қаласындағы орталық қалалық түрме жанында қызмет жасады. Бұл лагерьлерге 1937 жылдың 15 тамызындағы арнайы бұйрық бойынша «Отанын сатқандардың» отбасы мүшелері қамалды. Бұл бұйрықпен, ең алдымен, саяси айып тағылғандардың әйелдерінің кінәсін еш дәлелдемей-ақ қамауға алуға және лагерьлерге жіберуге құқық берілді. Қысқа мерзім ішінде, бас-аяғы бірнеше ай барысында барлық «Отанын сатқандардың» әйелдері қамауға алынып, 5-8 жыл мерзімге сотталып, ЕТЛ-ге (еңбекпен түзеу лагерьлеріне) жіберілді.
БҚО аумағында НКВД-ның айыптау және жазалау үкімі орындалған орындар:
- Казталов ауданы Шильная Балька;
- Зеленов ауданының Дарьинское, Шапово, Янайкино елді мекендері;
- Ақжайық ауданының Бударино, Кожехарово елді мекендері;
- Шыңғырлау ауданының Ащысай совхозы;
- Бөрлі ауданының Бөрлі ауылы;
- Теректі ауданының Федоровка ауылы;
- Тасқала ауданының орталығы – Каменка ауылы. Бұл жерлерде қылмыстық іс жүргізу процестері өткізіліп, үкім сол жерлерде орындалған.
Қазіргі кезде анық болып жатқан Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында НКВД ғимараты мен ату жазасы үкімі орындалған орынды Бөрлі ауданының жергілікті тұрғыны марқұм Мұхтар Бокаев көрсетті. (слайд зам акима 10 бет) Ол бұл ғимараттың 1937-1938 жылдары НКВД конторы болғанын, оның жанында 250-300 метр жерде ату жазасы үкімі орындалғанын, шамамен бұл жерде кемінде 40 адам атылған айтты.
Биылғы жылдың қараша айында Тасқала ауданына барып, ауданның құрметті азаматы, тарихшы-өлкетанушы Ғалым Хисаметдиновпен кездесіп, ашаршылық, қуғын-сүргін жылдарының куәгері ретінде мол мағлұмат алдым. Сонда Тасқала ауданы орталығында 1930-1953 жылдар аралығында ату жазасының үкімі орындалған жерді куәгерлердің айтуымен анықтады.
Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Қазыбек Қабжан
КСРО-дағы саяси репрессия, соның ішінде дін қызметкерлерін қудалау 1920 жылдардың ортасынан басталғаны айқындалды. «Совет үкіметіне жат элементтер» тізіміне кірген дін қызметкерлері 1928 жылғы кәнпеске кезінде қатты қудаланып, сайлау пұрсатынан айырылған. (слайд ақтау жұмыстары 21 бетті салу) Біразы жер аударылған, біразы шетелге (негізінен, Ресейге) бас сауғалаған. 1930 жылдардың басында «босқындарды елге қайтару» бағдарламасымен елге оралған бұл тұлғалардың көбі 1937-1938 жылдары репрессияның екінші толқынына ұшырап, қатаң жазаға (көбіне ату жазасы) ұшыраған. Қазір Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде сақталған «сайлау пұрсатынан ажырату» бойынша істерді қарап, діни тұлғаларды, құлшылық орындарын тіркеу бойынша құжаттарды тауып, танысып; БҚО полиция департаментінің арнайы архивінде сақталған істермен танысып; 1920-1940 жылдар арасындағы мерзімді басылым материалдарын қарап; репрессия құрбандарының ұрпақтарын тауып, олардың естеліктерін жинақтау нәтижесінде қуғынға ұшыраған дін қайраткерлерінің бірыңғай тізімін жасауда. Биылғы жылы сенімі үшін қудаланған 1001 діни қайраткер жинақталған архив құжаттарымен кітап шығармақпыз.
Жергілікті және республикалық басылымдарға саяси қудаланған дін қайраткерлері – Қуанай қазірет Қосдәулетұлы, Ғұбайдолла халфе Ахметұлы, Қайырғали Жақыпбаев, Мұқан Ідірісқалиев жөнінде зерттеу мақалалары дайындалып, Шыңғырлау ауданында бір күнде атылған 19 молда туралы деректер анықталып, мақала жарыққа шықты. Осы мақалаларымды да кітабымыздың бір бөлімі етіп қоспақпыз.
Алматы қаласына іссапар барысында төрт мыңдай архив құжатының фотокөшірмелері әкелінді.
1939-1945 ж.ж. фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде қамауға алынған әскери тұтқындарды ақтау бойынша ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов
БҚО полиция департаментінің ақпараттық-сараптамалық орталығының арнайы мемлекеттік мұрағатында болып, соғыс тұтқындарына қатысты екі іспен танысты. (слайд ақтау жұмыстары 22 бетті салу) Бір істе 49 және екінші істе 107 соғыс тұтқынына қатысты мәлімет сақталған.
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен «Память народа» мен «Обд-Мемориал» сайттары арқылы 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында істі болып, айыптылар ротасына жіберіліп, алдыңғы шепте қаза тапқан 29 батысқазақстандық анықталды. (Фотолар салу)
Соғыс жылдары әскери бөлімдерде жүріп, істі болып, ауыр жазаға кесілген (ату жазасы) 49 батысқазақстандық анықталды. Олардың үшеуі ақталған. Қалған 46 адам ақталмаған.
РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен «Память народа» сайты арқылы Батыс Қазақстан облысы бойынша соғыста тұтқынға түсіп, кейін босатылған 572 батысқазақстандық анықталды.
Соғыс жылдары майданда істі болып, сотталған батысқазақстандық 110 адамның құжаты табылды. Олардың арасында 1941 жылы Орал қаласына көшірілген Одесса жаяу әскерлер училищесінің, Ленинград әскери байланыс училищесінің және Ворошиловград авиатехниктер мектебінің курсанттары бар. Оларды Орал гарнизонының әскери трибуналы соттаған.
Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысының бұрынғы Жымпиты, қазіргі Сырым ауданы бойынша соғыс жылдары тұтқынға түскен 68 адам анықталды. Сол 68 батысқазақстандықтың 57-сі тұтқында қайтыс болған. Үшеуі қарсы жаққа қызмет еткен делінген. Қызмет еткен үш жерлесіміздің екеуі қаза тапқан, ал біреуінің кейінгі тағдыры белгісіз. Тұтқынға түскен 11 жымпитылықтың кейінгі тағдыры белгісіз.
Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданынан 35 жауынгер тұтқынға түскен болса, олардың 32-сі тұтқында қайтыс болған. Тұтқынға түскен 3 жауынгердің кейінгі тағдыры белгісіз.
Бұрынғы Тайпақ ауданынан 64 адам тұтқынға түскен болса, олардың ішінде 49 батысқазақстандық тұтқында қайтыс болған. Ал тұтқынға түскен 15 адамның кейінгі тағдыры белгісіз. Жаңақала ауданы бойынша – 90, Жәнібек ауданы бойынша 64 әскери тұтқын анықталды.
Қазіргі таңда біздің облыс бойынша мыңнан аса соғыс тұтқынының құжаттары РФ ҚМО архивінің «Память народа» сайтынан көшіріліп алынды.
«Ашық тізім» сайтымен жұмыстану арқылы соғыс жылдары репрессияға ұшыраған батысқазақстандықтардың біразы анықталды. 1946 жылы соғыста тұтқында болғаны үшін 613 жерлесіміз Оңтүстік-Орал әскери трибуналының үкімімен 7-25 жылдар аралығына сотталған. Олардың арасында да әлі күнге анықталмағандар бар.
Жоғарыда аталған айыптылар ротасында қаза тапқан 29 адам, ату жазасына кесілген 49 адам, сотталған 110 адам және 253 әскери тұтқынды ақтауға ұсынбақпыз. Барлығы – 441 адам.
Қазақстанға күштеп көшірілгендерді анықтау, 1920-1940 ж.ж. аралығында мемлекеттің жазалаушы әрекеттерінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды ақтау бойынша ұсыныстар енгізу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі өлкетанушы Айболат Құрымбаев
ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті БҚО бойынша басқармасының арнайы мұрағатында 1 қор «Арнайы қоныс аудару және жер аударылғандардың жеке істер коллекциясы» деп аталады. Оның ішінде 1 437 арнайы қоныс аударушыны есепке алу құжаттары (карточкалар), 703 жер аударылғанның есепке алу құжаты, 199 арнайы қоныс аударушының жеке ісі, 1243 жер аударылғанның жеке ісі сақтауда бар.
ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті БҚО бойынша басқармасының қызметкерлері мұрағат құжаттарын толық тізімдеп, арнайы кестеге әр істегі әр адамға қатысты сараптамалық кесте жасап берді. Бұл – өлшеусіз үлкен көмек. Қазіргі шақта осы кесте бойынша сүзіп қарап, кестеде есімдері келтірілген адамдардың ақталған не ақталмағанын анықтап, ақталмағандарын ақтауға ұсыныс жасау бағытында жұмыстанудамыз.
Бұл – әр жұмыс тобы жетекшісінің жеке күшімен жасап жатқан істерінің бірсыпырасы. Бұл мақалада атқарған істің бәрі бірдей қамтыла қоймады. Себебі саралаған архив құжаттары ішінде ақталмағандардың, ақталғанымен, істің құпия болуымен байланысты істерге қатысты ашық жазуға заңға сай тыйым салынды. Бес ай қарқынды жұмыс жасай келе, алдағы жылға төмендегі ұсынысымның ескерілгенін қалаймын:
- Бөрлі, Тасқала ауданындағы куәгерлердің айтуы бойынша ату жазасының үкімі
орындалған жер деп көрсетілген орынның, Теректі ауданы аумағындағы Ақмешіт қорымында аштықтан қаза болған адамдар көмілгендігі туралы деректің анық-қанығына көз жеткізу үшін қазба жұмысын жүргізу керек. Алдағы жылы осыларға қаражат қарастырылуын ұсынамыз. Деректер дәлелденген жағдайда аталған жерлерге арнайы белгі қою жұмыстарын ұйымдастырған жөн.
- Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың көбі Батыс Қазақстан облысы шектесетін Ресей облыстарына (соның ішінде, әсіресе, Башқұрстан аумағына) босып кетуге мәжбүр болған. Осы санатқа қатысты деректерді жинақтау үшін арнайы іссапарлар ұйымдастыру керек.
- БҚО полиция департаментінің ақпараттық-сараптамалық орталығының арнайы
мемлекеттік мұрағатындағы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы құпия құжаттармен жұмыс жасаудың тәртібін зерттеушілерге ыңғайлы етіп өзгерту керек. Зерттеуші құпия құжаттармен жұмыстанғанда жазған дәптерін тапсырып кетеді. Ондағы мәліметтерді қайта қолға алып, ақтауға ұсыныс беру үшін ұзақ уақыт кетуде. Осыған байланысты мамандарымыз әзірге бұл архивтермен жұмыс жасауға құлықсыз. Жалпы, архивтің құпия құжаттарымен жұмыс жасайтын мамандарға рұқсат беру тәртібіне өзгеріс енгізу қажет.
- Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бір бағыты «1939-1945 ж.ж. фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды ақтау» деп аталады. Осы орайда біз тауқыметі фашизм концлагерлерінен артық болмаса, кем түспеген большевиктік концлагерьлердегі тұтқындарды, нақтырақ айтқанда, түрлі жағдайлармен герман әскерінің қолына түскені үшін совет концлагерлеріне қамалған (қайтыс болған) әскери тұтқындарды назардан тыс қалдырмау керек деп санаймыз.
- 1939-1940 және 1941-1944 жылғы совет-фин соғыстары, 1941-1945 жылғы Ұлы
Отан соғысында Германия және олардың одақтастарының қолына тұтқынға түскендерді, соның ішінде оғы таусылған, қарсылық көрсете алмайтын шарасыз (жарақаттанған, есінен танған) күйде тұтқынға түскендермен қатар өз еркімен берілген не/және тұтқында жүріп, герман әскерінің қатарына өткендерді де түгел ақтау керек деп есептейміз. Өйткені совет үкіметінің тарапынан өзі не жақындары түрлі әділетсіз қысым, қиянат-қуғын (кәмпеске, ашаршылық, репрессия, жер аударылу, дін ұстану құқығынан айрылу т.с.с) көрген адамдар үшін герман әскері сапында (мысалы, Түркістан легионында) болу Отанын советтік-большевиктік езгіден құтқару мүмкіндігі болды. Сондықтан бұл санатты Отанын сатқандар деп емес, Отанын большевиктік режимнен азат ету үшін күрескендер ретінде қарастыру керек. Қандастарын салт-дәстүрінен, дінінен, мал-дүниесінен, кейбір (тіпті, көп) жағдайларда бостандық, саулық, шыбын жанынан айырған, жат елдерге бездірген режимге қарсы (соның ішінде өзге мүдделес күштермен бірігіп) күресуге әр азаматтың толық моральдық, саяси, заңдық құқығы бар. Советтік-большевиктік режимге қарсы шығу – Отанды сату емес. Сондықтан да 1939-1940, 1941-1944 жылғы совет-фин соғыстары, 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысының барша әскери тұтқыны ешқандай шартсыз, заңдық және саяси тұрғыдан түгел ақталуы тиіс.
- 1939-1940 және 1941-1944 жылғы совет-фин соғыстары, 1941-1945 жылғы
Ұлы Отан соғысында Германия және олардың одақтастарының қолына түскен әскери тұтқындармен қатар соғыс кезінде өтірігі мен шыны аралас айып-кінәраттары үшін өлім жазасы мен бас бостандығынан айыру жазасына кесілген жауынгерлерді ақтау керек. КСРО прокуроры Виктор Бочковтың 1942 жылдың 8 ақпанында Сталинге жолдаған баянатында былай деп жазылған: "1941 жылдың 22 маусымы мен 31 желтоқсаны аралығында Қызыл армия бойынша қозғалған және Әскери трибуналдар қараған қылмыстық істер саны күрт өсті. Жарты жыл ішінде Қызыл армия әскери прокурорлары 85876 қылмыстық іс ашып, тек қана қыркүйек-желтоқсан аралығында 50000 істі аяқтаған". Бочковтың баяндауынша, осы істердің жартысы бір күннің ішінде қаралып болған, мәресіне жеткен барша істің 80,6%-ы бес күннің ішінде қаралып тасталған. Осы қысқа мерзім ішінде 90322 жауынгер айыпты болып танылып, олардың 31327-і өлім жазасына, қалған 58995-і әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыруға кесілген.
Салыстыру үшін, Азамат соғысының төрт жылы ішінде барлығы 14675 қызыл әскер өлім жазасына кесілгенін айтайық. Ал 1941 жылдың жарты жылы ішінде бұдан екі есе көп адам ату жазасына кесілген. Адамды ең үлкен құндылық – өмірінен айыру жазасына кесу үкімі қалай ғана бір күн не бес күннің ішінде қабылдануы мүмкін?! Бірнеше күн тергеу (еш тергеусіз десе де болады) нәтижесінде адам тағдырын шешудің өзі бұл шешім, үкімдердің бәріне күмәнмен қарауға, яғни өлім жазасына кесілген бұл жауынгерлерді, осы жауынгерлердің қуғынға ұшыраған (тұтқындалған) отбасыларын ақтауға негіз бола алады.
- Айыптылар бөлімшелері (рота, батальон т.с.с) күні кешеге дейін жабық тақырыптардың бірі болып келді. Қазірдің өзінде де айыптылар аз зерттелген салаға жатады. Осыған орай, жарақат алған, қаза тапқан айыптылар бөлімшелерінің жауынгерлері айыбынан арылатыны жайлы түрлі әңгімелер болғанымен, айыптылар қатарында жүріп, қаза тапқан нақты жауынгерді ақтау туралы нақты құжат (бұйрық, жарлық т.с.с) қолымызда болмағандықтан, мұндай жауынгерлерді ақталуға тиіс санат қатарына кіргізуді ұсынамыз.
- Біздің жұмысымыздың бір бағыты «Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-
сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу жұмыстары» болып аталады. Бұл жерде дәстүрлі дін өкілдері деген санаттың аясы тек қана имам, ишан, молда, мушавир, мұхтасиб, хазірет, азаншы, муаззын, сұпы болғандармен шектелмеуі тиіс. Совет үкіметі кезінде молда, ишан т.с.с мағынада діни қызмет атқармаса да, баласын сүнеттегені үшін, садақа, тасаттық бергені үшін, басқаша айтқанда, сенім-нанымы үшін қудалағандар болды. Оларды да анықтап, ақтау бойынша жұмыстанғанымыз жөн деп санаймыз. Қалай болғанда да, біздің алдымызда дін өкілдерімен қатар жалпы діни сенім-нанымы үшін қандай да бір жапа шеккен барша жанды құқықтық, саяси тұрғыда, толық ақтау міндеті тұр. Өйткені Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Қазақстан Республикасының Конституциясы тұрғысынан алатын болсақ, діни сенім-наным (ар-ождан) бостандығы, кінәсіздік презумпциясы, қорғану (адвокат жалдау) құқығы сынды негізгі құқықтарды белінен басқан советтік-коммунистік кезеңде діни сенім-нанымы үшін қудаланғандардың бәрі жаппай ақталуға жатады.
Жантас САФУЛЛИН,
«DANA» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы