Манчестерде оқып жүр...

Ақылбек КЕНЖЕҒАЛИЕВ – Ұлыбританиядағы Манчестер университетінің І курс студенті. «Болашақ» бағдарламасы негізінде оқып жатқан қазақ жастарының бірі. Қазақы болмысынан қарапайым ауыл баласы екендігін айқындап тұрған иманжүзді жігіт білім бәйгесіне ат қосып, маңдай терімен біраз жетістікке жетіпті.

– Ақылбек, бойдағы таудай талап-тың тамыры туған жерден нәр алады ғой. Өзің жайлы айтшы?
– Кіндік кескен жерім – Батыс Қазақстан облысының Жәнібек топы-рағы. Т.Жароков атындағы мектепте 9-сыныпқа дейін білім алдым. Сынып жетекшілерім – Гүлжиян Қасмұқанова мен Гүлманат Жұмабаеваға, пән мұға-лімдері Хамит Молдағалиев (матема-тика) пен Айсұлу Жұмағалиеваға (фи-зика) алғысым зор. Сонымен бірге 4-9 сынып кезінде Қ.Мусин атындағы ау-дандық балалар саз мектебінде тәлім алдым. Домбыраға, күй өнеріне құмар-туым қанмен келген қасиет десе де болады. Атам Ерғали көптеген күйді нақышына келтіріп тартатын. Құлағыма сіңген таныс әуен өзіне тартты осылай.

– Кейін гимназияға жол тарттың...
– Қолыма «Қызыл аттестат» тиген-нен кейін, Теректі ауданы Подстепный ауылындағы «Үміт» гимназиясында бі-лімімді жалғастырдым. Дариға Мұштанова басшылық ететін мектепте физика пәнін тереңдей оқуыма Кеңес Манашұлының сіңірген еңбегі зор. ҰБТ-да «Алтын белгіні» абыроймен қорғап, 118 балл жинаған соң, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті-не түстім. Астанада университетте оқып жүріп, бағдарлама аясында ше-телде білім алуға бекіндім. Арнайы ко-миссия сынағынан өткен соң, 12 қазақ баласының бірі болып Сингапурге жол тарттым. Мұнда, алдымен, Нанянг тех-нологиялық университетіне дайындық курсына түстім. Ағылшын тілі, физика, математика пәндерінен тереңдей білім алуға мүмкіндік туды.

– Жат жердің қандай ерекшелікте-рі бар екен?
– Сингапур, меніңше, әлемдегі ең үлкен, ең таза қалалардың бірі. «Синга» сөзі «арыстан» деген мағынаға саяды. Қаланың орта тұсында аң патшасының алып мүсіні қашалған. Аузынан фонтан атқылайды. Тұрғылықты халық үшін символикалық мән бұл.
Осыдан 50 жыл бұрын Сингапур – алғаш тәуелсіздігін алған кезде жан ба-сына шаққанда ішкі өнімнің көлемі 40 доллардан ғана келген кедей ел болса, аз уақытта серпінді даму нәтижесінде азулы Азия жолбарысына айналған мемлекет.
Сингапур жемқорлықтан ада елдер арасында озық орында. Сондай-ақ ұр-лық атымен жоқ. Себебі заң қатал. Дү-ре соғу, өлім жазасы бар. Ұмыт қалды-рылған нәрсе сол күйінде сақталады. Мұнда мұсылмандар мен будда сені-міндегілер саны тең дәрежеде. Деген-мен мемлекет зайырлы. Жалпы, жергі-лікті тұрғындар сырт көзге момын. Сы-пайы киінеді. Тіпті жастардың көшеде бейәдеп тұрысы көзге шалынбайды. Тазалық демекші, мұнда сусабынмен асфальтты айнадай қып шайып жатқа-нына да куә болғанбыз.
– Домбыраң өзіңмен бірге шығар? Жүрген жеріңде айналаңды қазақ өнерімен таныстыруға мүмкіндік туа ма?
– Сингапурде Орта Азия халықта-рына арналған мәдени-әлеуметтік орталықтар бар. 2011 жылы наурыз мерекесінде Өзбекстан, Иран, Түркия, Әзербайжан сынды руханияты өзектес, ғұрпы еншілес елдерден келген ұлт өкілдері бас қосты. Сонда үш қазақ жігіті күй тарттық. Әріптес екі жігіт – Нұрдос Омарқұлов пен Ернар Жаркешев – астаналықтар-тұғын. Сол кезде біздің өнерімізді тамашалаушы-лар қатарында (ұлты индус) Сингапур президенті болды.
Тағы бір есте қалғаны, сол жылы көршілес Малайзиядағы Джохар-Бару қаласында әр ұлт өкілдері бақ сынас-қан өнер бәйгесі өтті. Үндістер, афри-кандықтар, малайлықтар, түріктер және басқа да халық өнерпаздары өз-дерінің ұлттық аспаптарымен музыка-лық туындылар орындады. Мен дом-бырамен Құрманғазының екпінді «Адайы» мен әсем «Балбырауынын», Дәулеткерейдің «Көрұғлын» тартып, бас жүлдені иелендім. Көрермендер, қазылар таң-тамаша болды. Байқаудан кейін қасыма келгендер түрлі сұрақ қойды. Лауазымды тұлғаларды да көзім шалды арасынан. Сол ортада кейбіреулерінің өтінішімен «Көңіл толқынына» кезек бердім. Сөз реті келгенде айта кетейін, Сингапурде қандас құрбыларымның кейбіріне домбыра шертуді үйретуді қолға алғаным бар. Ал, жалпы, жетпістей қазақ баласы жұма сайын теңіз жағасында бас қосып тұратынбыз.

– Сингапурден Англияға асуыңа не себеп?
– Былтырғы оқу жылында Сингапурдегі білім жүйесінде үлкен өзгеріс болды. Өзге елден келетін студенттерге бөлінген орын үшін университетте қысқарту шаралары жүре бастады. Дегенмен Қазақстан тарапынан грант негізіндегі орным сақталғандықтан, Англияға баруға бел будым. Нәтижесінде Кембридж қаласында ағылшын тілін оқыту курсы-нан кейін, 2012-2013 жылдары Манчестер университетінде «Ақпарат-тық жүйе және технология» маманды-ғы бойынша І курсты тәмамдадым.
Бұл елде де жоғары білім жүйесі-нің өз ерекшеліктері бар. Алғашқы курста міндетті пәндер оқытылады. Өзім екінші курста ерікті түрде «Логи-калық математика», «Мобильдік жүйе», «Жүйелік архитектура», «Испан тілі», «Қаржы ісі» пәндерін таңдадым.

– Англияда оқытушы мен студент арасындағы қарым-қатынас қалай?
– Ағылшын тілінің сөздік қорында жіктеу есімдігінің «Сіз» деген сыпайы түрі кездеспейді. Яғни мұғаліммен емін-еркін сөйлесеміз. Екіншіден, жасына қарамай, есімдерін бейресми қалыпта қолдануға рұқсат етіледі. Сонымен қатар студент орынды жерде оқытушының кемшілігін тікелей айта алады. Олар оған реніш танытпайды, тіпті қателігін түзеуге тырысады.

– Ғылыми тұрғыда қолға алған жобаларыңыз бар ма?
– Қазіргі уақытта Нигерия, Әзірбайжан, Қытай, Үндістан, Англия елінің студенттерімен бірігіп, «Pigifarms» веб-сайтын құру үстіндеміз. Бұл ауыл шаруашылығы саласы бойын-ша кәсіпкерлік қатынаста делдалдық рөл атқаруы тиіс. Ұжымдық жұмысқа жетекшілік ететін ұстазымыз – матема-тика докторы Аравинд.

– Ұлыбританияда ұлттар мәде-ниетіне көңіл бөліне ме?
– Елімізде аталып өтетін мерекелік күндерге байланысты мәдени шаралар өтіп тұрады. Бұл іске қазақ қоғамдасты-ғы мүшелері, осында тұрақтаған неме-се отандас қазақ кәсіпкерлері, белсенді студенттер ұйытқы болып жатады. Осы азаматтардың арқасында мен Лондонда, Кембриджде, Ноттинген, сонымен қатар, Шотландияның Эдинбург қалаларында мәдени ортада өз өнерімді көрсетуге мүмкіндік алдым. Ұйымдастырушы жігіттер ішінде де домбыра тартатындары жиі кездеседі.
Сондай-ақ Қазақ-Британ қоғамдас-тығының мұрындық болуымен өткен жылы 10 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне орай шағын футбол ойынынан жылдағы дәстүр бойынша жарыс өткі-зілді. Оған қазақ студенттері белсене қатысады. Себебі Англияда бұл спорт түрінің қаншалықты насихатталатынын даңқты «Манчестер» атауынан-ақ (футбол клубы) аңғаруға болады.

– Университетте қазақ жастары игі істе жиі бас қосады екен…
– Міндетті түрде. Шетелдегі оқу ордасында «ашық есік» күндерін жиі ұйымдастырамыз. Бұл шарада ұлттық киімдерімізбен жасанып, көрмеге қазақылықтың исі аңқып тұратын көне жәдігерлерді қоямыз. Келушілерге танымдық мағлұматтарды мазмұнды жеткізуге тырысамыз. Әрине, Британиядағы да біздің брендіміздің бірі – домбыра.

– Ағылшындықтар Қазақстанды қай деңгейде таниды?
– Жылы пікір білдіретіндер бар. Кейбіреулері «Борат» фильмінде көрсетілген деңгейде түсінеді. Ондайда біз халқымыздың игі қасиеттерін айтып, райынан қайтаруға тырысамыз. Бірде ағылшын бекзадасы, әйгілі бизнесмен Лорд-Фреидчермен жүздесудің сәті түсті. Ол ханшайым ІІ Елизаветаның адвокаты болған көрінеді. Лорд-Фреидчер Қазақстанға 1-2 рет сапар шегудің сәті түскенін, салт-дәстүрін, қонақжайлылығын жақсы көретінін жеткізді. Ол бір қонақасыда жылқы етінен байқаусызда асап қойғанын, дегенмен кейіннен өзіне қатты ұнағанын әңгімеледі. Себебі Англияда жылқыны союға, етін жеуге қатаң тыйым салынған.

– Ақылбек, сен өзің интернетте қандай әлеуметтік желіні пайдалана-сың? Бұл ретте қазақ жастарына қандай кеңес берер едің?
– Шетелде жүргендіктен, мен үшін «Ficebook» тиімді. Жалпы, қозғап отырғаныңыз күрмеулі мәселе. Жастардың көбі әлеуметтік желілерді тиімсіз қолданады. Жалпы, білім жолында ақпарат алмасу әрі өзара ықпалдасу үшін әлеуметтік желілерді пайдаланудың маңызы зор. Интернет ресурстары – болашақтың көзі. Мен, алдағы уақытта домбырамызды насихаттайтын арнайы веб-сайт ашқым келеді. Онда өзгелердің үйренуі үшін арнайы бейнежазбалар орналастыруға, өзге идеяларды жүзеге асыруға болады.

– Дәстүрге жанашырлық – азаматтық белгісі. Алар асуың мол болсын!
– Сүйсінетінім, мемлекетіміз даму жолында. Елімізде ұлтжанды, жалынды жастар қатары көп. Мен де білім-білігіммен ел мерейін өрістетуге үлес қосқым келеді.

Сұхбатты жүргізген
Нұртай ТЕКЕБАЕВ,
Орал қаласы

Қаралым саны 991

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463