Тақсайдан табылған «алтын адам»

2012 жылы күзде Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологтары Теректі ауданынан «Алтын адам» тапқаны хабарланған болатын. «Тақсай» кешенінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орны табылған. Қабірде әйел адамның алтын әшекей бұйымдары, ерекше шошақ төбелі алтындаған баскиім қалдығы, соғыс көрінісі бейнеленген тарақша (гребень) т.б. көптеген зат болған екен. Табылған алтын бұйымдардың салмағы 3 келіге жуық!

– Бұл қабір – біздің өңірде бұдан бұрын зерттелген обалардың ішіндегі ең көнесі болып шықты, – дейді бізге Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Наурызғалиұлы.

Тақсай обалар кешенінен табылған материалдар, жерлену тәсілі, жерлеу элементінің құрылымдары, сары металдан жасалған көптеген бұйымдар және салт-жоралғы заттары, сонымен қатар өртеген кезде жанбай қалған тарақта бейнеленген соғыс көрінісі ғылыми ортада үлкен қызығушылық тудырды.
Батыс Қазақстан аймағы тарихында мұндай жәдігерлер алғаш зерттелуде. Осы уақытқа дейін Батыс Қазақстан облысының Сегізсай (Лебедевка) кешенінен табылған «алтын әйел» және Атырау облысынан табылған «сармат алтын жауынгері» жерленімдері Тақсай кешенінде табылған жәдігерлермен салыстырғанда ақпараттық жаңалығы және заттардың жасалу ерекшеліктері жағынан кейін қалады!
Тақсай оба кешені археологиялық қазба жұмысын жүргізу үшін кездейсоқ алынған жоқ. 1965 жылы жер жырту жұмыстары кезінде осы кешен маңынан бірнеше жәдігер табылған болатын. Мамандар оның сармат кезеңіне жататындығын анықтады. Соның ішінде күміс ритон ғылыми ортада кеңінен белгілі болды. Арада 37 жыл өткен соң, 2012 жылы кездейсоқ табылған жәдігер орындары зерттеліп, бұл жерде 4 оба кешені бар екендігі анықталды. Сөйтіп, археологиялық қазба жұмыстары басталды.

Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясына тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сдықов жетекшілік жасады. Тақсай оба кешеніндегі қазба жұмыстарын осы орталықтың ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова басқарған отряд жүргізді.
Жазғы далалық маусым кезінде осы оба кешенінде 3 обада археологиялық қазба жұмыстары жасалды. Алғашқы екі обадағы жерленімдерден қызықты материалдар алынды, бірақ жәдігер аз болды. Соңғы оба, яғни үшінші обадағы жерленімнен қызықты және көптеген қайталанбас ғажайып материалдар алынды.
Біз бүгін «DANA.kaz» тарихи-танымдық журналының оқырмандарына Тақсай кешенінен алынған артефактердің суреттерін және зерттеудің алғашқы нәтижелерін ұсынып отырмыз. Барлық зерттеу жұмыстары Батыс-Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы базасында жүргізілді. Алынған жәдігерлерді өңдеп зерттеу барысында Қазақстанның Астана және Алматы, Жапонияның Токио, Германияның Бохум және Франкфурт-Дюссельдорф, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Челябинск, Пущино, Новосибирск қалаларынан мамандар мен ғалымдар шақырылды.

Алматы қаласындағы «Остров Крым» ғылыми-қайта қалпына келтіру шеберханасы мамандары орталық ғалымдарымен бірлесе отырып алтын әйелдің қайта қалпына келген скульптурасын жасауда. Оның жетекшісі – Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам» бейнесін қалпына келтіруші ғалым-реставратор Қырым Алтынбек. Қалпына келтірілген скульптура оба кешенінен алынған барлық түпнұсқа жәдігерлерімен Астана қаласындағы Ұлттық тарих мұражайына қойылады. Ал Орал қаласында скульптуралық композицияның көшірмесі және негізгі артефактардың көшірмелері арнайы көрмеде көрсетілмек. Барлық қалпына келтіру жұмыстарын танымал шебер Қ.Алтынбектің жетекшілігімен талантты реставратор-суретшілер жасады.

– Бір жыл ішінде Тақсай І оба кешенінің 6 обасынан алынған бай материалдарды зерттеп аяқтау мүмкін емес. Зерттеуді бір жылда аяқтау міндеті қойылған да жоқ, – дейді ғалым Мұрат Сдықов. – Біздің басты мақсатымыз – осы қайталанбас ғажайып ғылыми жәдігерлерді ғалымдарға, мамандарға, қызығушылық тудыратын адамдарға таныстырып, ғылыми айналымға шығару. Бүгінде Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы осы жаңалық жөнінде алғашқы зерттеу жұмыстарын тиянақтап, арнайы басылым әзірлеу үстінде. Басылымның негізін құрайтын №6 обада жүргізілген кешенді археологиялық ізденістер негізінде ескерткіштердің сипаттамасы, барлық табылған жәдігерлердің тізімдемесі берілген. Жеке түрде жерленген адамның киген киімінің реконструкциясы бойынша мәліметтер келтірілген.

Мұрат Наурызғалиұлының айтуынша, Тақсай І оба кешені бойынша әлі бірнеше ғылыми зерттеу кітабы жарыққа шықпақ. Аналитикалық зерттеулердің аяқталуына байланысты табылған заттардың типологиясы, жасалу технологиясы, ескерткіштің мәдени-хронологиялық ерекшеліктері бойынша алынған нәтижелер негізінде арнаулы басылым шығару жоспарланған. Археологиялық және пәнаралық зерттеулер жүргізудің нәтижелері, алынған мәліметтерді тұжырымдау бойынша шын нанымды ғылыми ақпарат алынатын болады. Бұл ежелгі көшпенділердің тарихы мен мәдениеті жөнінде толық мәселелерді жасақтап шешуге мүмкіндік берері сөзсіз. Скифтер мен сақтар жөнінде ежелгі және ахеменид көне жазбалары белгілі. Ал Батыс Қазақстанды мекендеген ежелгі көшпенділер туралы материалдар тіпті жоқтың қасы. Сондықтан бұл жаңалықтың құндылығы өте жоғары. Осыған байланысты алынған барлық материалдар ұлттық тарихымыздың өткенін зерделеп қайта қалпына келтіруде үлкен маңызға ие болмақ.

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының сармат мәдениет зерттеудегі ғылыми жұмыстары XX ғасырдың 70-ші жылдары Орал қаласында қалыптасқан Орал археология мектебінің ғылыми зерттеу нәтижелері негізінде жүргізіледі. Сондықтан сарматология – орталық жұмысында ортағасырлық қала мәдениетімен қатар негізгі зерттеу бағыты болып табылады. Тарих және археология орталығы құралған күннен бастап, яғни 10 жыл бойы 50-ден астам сармат обаларын зерттеді. Соның ішінде Сегізсай, Қырықоба, Бұлдырты, Облавка және басқа да обалар кешені бар.

 

Қаралым саны 2863

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463