Өздеріңіз көріп отырғандай, журналымыздың жаңа нөмірінде жұртын Жерұйыққа жеткізем деп өткен бабамыз Асан қайғы Сәбитұлы тұлғасына ден қойғанбыз. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін қазақ әдебиетінде дала данышпанының дара тұлғасын танытатын толымды шығарма жарық көрмепті. Тарихшыларымыз терең зерттемепті, суретшілеріміз Асан ата бейнесін сомдамапты, ел-жұртты елең еткізетін еңселі ескерткіш те жоқ екен. Журналымыздың мұқабасына шығарар сурет таппай әбіржіп қалғанымызды несін жасырайық. Әдетте іздегеніңді алдыңа әкеп беретін ғаламтор да бейшаралық танытты... Ақыры, өзіміз білетін суретшілерге қолқа салып, өтініш айттық. «DANA.kaz» журналының бүгінгі санында жарияланып отырған бейнелер осы әріптестіктің жемісі десе де болады. Журнал редакциясы Қазақстан Суретшілер Одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қайыр Оразғалиевке, Эстетикалық гимназия суретшісі, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Бекжан Жұмабаевқа, Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының суретші рәсімдеушісі Саясат Рысқалиевке көп-көп алғыс айтады.
Сонымен, ауыздығымен арпалысқан ақпарат заманында «туған елімнің, туған жерімнің тарихын түгендеймін» деген ниеті бар ботатірсек «DANA.kaz» журналы да тәй-тәйлеп үшінші қадамын басты. Артында айлалы ойын, сайқал саясатын жүргізіп отыратын алпауыты жоқ, қолдаушысы – қалың оқырманы һәм «елім» деп соққан жүрегі бар қарапайым қазақ...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы