Асан қайғының айтқандары

Асан қайғы Желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жерұйық» дейтін ну орманды, көгорай шалғынды, сулы жер, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздейді. «Елді сол жерге қоныстандырсам!» — деп, арман етеді. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да, жаман қонысқа да баға беріп отырады. Түркістанның қасында ескі қорған қала Сауранды көргенде: «Әттеген-ай, қорғанды ай тақырдың бетіне, Шөлістанның өтіне салған екен.

Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ – түбі тұрақты қала бола алмас», — деген екен. Асан қайғы Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты. Асанның екі баласы: «Маңғыстау малға жайлы қоныс бола алар ма?» – дегенде, Асан қайғы: «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас», – депті. Жетісуды көргенде: «Мынау Жетісудың ағашының басы сайын жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен», – депті. Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймай, қой семірмес», – деп, Асан қазіргі Баянауылды өзіне жайлау етіпті.
Қаратал өзенінің өлкесін көргенде: «Ей, сарқырап аққан Қаратал, артың кең, алдың тар-ау!» – депті. Өйткені бұл өзен құмға сіңіп жатады екен.

Осы күнгі Мерке ауданындағы Аспараны көргенде: «Ей, Аспара, көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер!» – деп жүріп кетіпті. Шу өлкесін көргенде: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты! Тегінде бір шулағаның болмаса, ну қамысың еліңді жұтқа бермес», – депті. Шудың аяғында Сарысу елі шөп жимай, Шудың қамысын қыстап, жаз Арқаны жайлайды екен. Әулие-Атаның (қазіргі Тараз қаласы) шығысынан аққан Талас, батысынан аққан – Келес дейтін өзендерді көргенде, малға жайлы екенін біліп: «Ей, екі Талас, бір Келес, малсыз күнің кенелмес. Жері де жайылған малға жұт болмас!» – деген екен. Жуалы жеріндегі Ауан дейтін қара топырақты, егістік аймақты көргенде: «Шөбің семіз, қарың мол, топырағың май екен, кәдіріңді егін салған ел білер», — депті.

Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) тұсындағы Сыр өлкесін көргенде: «Ей, Ақмешіт, жерің шаң екен, суың жар екен, әр бұтаның түбінде кесек етің бар екен! Елің жұтамас, малыңның көзіне сақ бол!» – депті. Қарсақбай аймағын көргенде: «Айналаң жапан түз екен, тауыңның асты жез екен, екі тауың ел біткенді шақырар, басыңа байлық қонар, жұртың ашықпас!» — деп жүріп кетіпті. Нарын — Самар аймағын көргенде: «Е, Нарын, тайың айғырдай, тайлағың бурадай екен! Қысың ұзақ: шаруаңа сақ бол!» — депті. Шыңғырлау өзенін көргенде, түсе қалып, Желмаясын оттатып: «Жылқының өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірген екенсің!» — деп, қонып кетіпті. Бірақ Асан ол кезде шұрайлы, қоныс, нулы өлке таба алмапты. Ол Ұлытау жаққа келіп өліпті.

Қаралым саны 4478

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463