Жыласаң жетер...

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,
БҚГА студенті, Орал қаласы

Ғашықтық жәйлы сыр атып барам,
Қызғанышыммен жылатып та алам...
Күн сайын саған жынданып жүріп,
Күн сайын сені ұнатып қалам.

Болса да бұрын басымда бүлік,
Танытқан жансың жасыңда қылық.
Сезімді бұндай көрмеп ем мүлде,
Сағынам қатты... қасыңда тұрып.

Төгеді кеудем жақұт үндерін,
Білсе де бәрін уақыт емдерін.
Жанымнан менің жырақтай көрме,
Бұйырған басқа бақытым менің.

Жүргем жоқ жылай жиып бала мұң,
Тұрса да тағдыр түйіп қабағын.
Өзіңе шексіз ғашық боп жүріп,
Өмірді бірге сүйіп барамын.

Болғасын желік шақтарым желеу,
Өткен күндерді даттадым дереу.
Сұлулығыңа сұқтана қарап,
Ай мүсініңе таппадым теңеу.

Тұрғандай серпіп көрім тұяқты,
Кеудемнен шерлі керім күй ақты.
Азапты күнде ажырар болсақ,
Өзіңсіз өмір өлім сияқты...

Жанардан жайсыз сыр ақтарамын,
Жаныңнан жұмақ тұрақ табамын.
Шынайы саған сезімнен шығар,
Еркек басыммен жылап та аламын.

Көңілден кірбің сұраса кетер,
Жетім жүрегім құласа бетер.
Сен мені қатты сүйетін болсаң,
Жаназамды шығарған күні...
Жыласаң жетер...

Қаралым саны 1234

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463