2005 жылдан бері Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. 1979-1983 жылдары аралығында Н.Гоголь атындағы Алматы көркем сурет училищесінде оқыды. Училищеден кейін Гурьев (Атырау) қаласындағы көркем сурет өнеркәсібі шеберханасында жұмыс істеді. 1987 жылы Орал қаласына ауысты. Әр жылдары облыстық, республикалық, халықаралық көрмелерге қатысқан. Шығармалары Оралдағы түрлі мекемелер мен алыс-жақын шетелдердің жеке қорларында сақтаулы. Кескіндемелік жұмыстар жазып, портреттер орындайды. Көптеген туындысына тарихи тақырып арқау болды. Ел тәуелсіздігі, бабалар тарихы, суретшіні өткен ғасырлар тұңғиығына батырады. Оның шынайы көрінісі ретінде «Сақ жауынгері» картинасын және кейбір жұмыстарда кездесетін бедерлі құлпытастарды, Орхон-Енисей жазбаларын алуға болады. Соңғы жылдары еліміздің табиғатының пейзаждарын жазуда. Тапсырыспен портреттер салады.