Біз неге қазақтықтан сақтанамыз?!

Бес күн демалыс, наурыз мейрамын да атап өттік. Басқа күні көп қолданылмай, жинаулы тұратын қазақы шапан-камзолдардың да қыртысы сол күні жазылып, үтіктеліп, жұрт алдына жарқырап шығатынына куәміз. Қандай әдемі! Әсіресе, қос етек көйлек киіп, ерекше құлпырып кететін қыздар қандай?! Шіркін, біздің қазақтың ұлттық киімдері керемет қой! Неге бізге бұл киімдерді наурызда ғана емес, жыл бойы кимеске?!

Дәл осы мереке күндері дастарқанымыздан ұлттық ас мәзірін іздейтініміз рас. Қазы-қарта, жал-жаядан басталатын ет тағамдарын айтпағанда, сүттің өзінен қаншама тамақ жасауға болады! Тары-талқан, жент ше? Қымыз, шұбат бастаған сусын-дардың шипасын айтсаңшы! Бүгінгінің бақуатты бай-бағландары ғана қол жеткізетін, бүкіл «білімді еуропа» «экологиялық таза тамақ» деп аңсайтын азық-түлік осы емес пе? Шынында, біздің қазақтың ұлттық тағамдары – жанға қуат, дертке шипа, рухқа демеу ғой, шіркін! Ұлттық тағам жеп өскен – ұл уызына жарыған нәресте сияқты, Ұлтының қамын ойлайтын болады әлі!
Соңғы кезде әлеуметтік желілерде қазақ тілінің қолдану аясы кеңіп келе жатқаны байқалады. Тіпті тағдырдың жазуымен алғашқы сөзін жат тілде айтып, өзге тілде тәрбиеленген жастардың көбі ана тіліне оралып, қазақша үйреніп жатыр. Кез келген халыққа қызмет ету орнында мемлекеттік тілді талап етушілердің үні басым, мәртебесі биік. Заң да оларды қолдайды. «Қазақтық» бұрын намыс болса, қазір мақтанышқа айналып келеді.

Журналымыздың бүгінгі санының бас кейіпкері, ақын әрі ағартушы Ғұмар Қараш та бір шығармасында:
«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,
Бақ-дәулеті туып, өсіп балқығанын,
Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?! – деп жырлапты. Небәрі 27 жасында дүниеден өткен тағы бір найзағай-қазақ Сұлтанмахмұт Торайғыров:
Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?! - деген. Алашорда көсемдерінің бірі Міржақып Дулатовтың да жоғарыдағы ойды қайталайтын мынадай шумағы бар:
Алыстан «Алаш» десе – аттанамын,
Қазақпын – «Қазақ» десе мақтанамын.
Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын!

Иә, біз бүгін қазақтықтан сақтанбаймыз, қазақтықпен мақтанамыз! Бірақ біздің қазақтығымыз киімімізден ғана емес, әр ісімізден аңқып тұрса игі еді. Өнерде, білімде, кәсіпте де қазақ өзгенің алдында, өз бет-бейнесімен жүрсе еді. «DANA.kaz» журналының өз оқырмандарына айтар ойы, тілер тілегі осы!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы

Қаралым саны 1675

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463