Оқырмансыз журнал – жетім

Кез келген басылымның басты жанашыры – оның оқырманы десек қателеспейміз. «Киюсіз тозған бөз – жетім, аққу-қазсыз көл – жетім, тыңдалмаған сөз – жетім» дегендей, оқырмансыз – басылым да жетім болар еді.

Осымен бесінші саны ғана жарық көріп отырған «DANA.kaz» журналының әр жаңа санын қазірдің өзінде асыға күтетін оқырман шоғыры қалыптасып үлгергеніне қуаныштымыз. Мұны поштамызға түскен хат-хабар, телефон қоңыраулары айғақтайды. Бұл біздің, журнал редакциясы қызметкерлерінің кеудесіне жылу сыйлайтыны рас.

Маңғыстау облысынан хабарласқан Сұлтан Қадыр ағамызға журналымыздың осыған дейін шыққан сандарын арнайы салып жібергенбіз. «Әсіресе «Құлпытас сырын ашайық» айдары – өте құнды, керекті бастама. Менің ойымша, қазақтың тарихы шежіреде, ал, шежіренің бір парасы – құлпытастар. Сондықтан, тарихымыздың біз үшін тұмшаланған бір бөлігін анықтағымыз келсе, барлық құлпытас хатталуы керек» – деген ұсыныс айтыпты маңғыстаулық оқырманымыз. Сұлтан ағамыз болашақта біздің журналымызбен тұрақты байланыс жасап, мақала жазып тұруға уәде беріп отыр.

Астана мен Алматы қалаларында да «DANA.kaz» журналы-ның әр санын асыға күтіп жүрген оқырмандарымыз санаулы болса да бар. Әзірге олардың саны аз болғанымен, біз үшін әр оқырман – бір төбе екенін естен шығармаймыз.

Кейінгі бір-екі ай ішінде Атырау облысының азаматтары жаңа бастаманы қолдап, «DANA.kaz» журналын атыраулықтарға таныстыруға қол ұшын беріп жатыр. Халық үшін қажетті шаруаға үлес қосып жүрген оларға мың алғыс! Бұл – шынында да игілікті іс, өйткені журналдың әр мақаласы – тек қана ұлтымыздың пайда-сына, ел бірлігін күшейтуге, жас ұрпақтың рухын өсіруге бағыт-талып отырғаны ақиқат.

Міне, қазір кезекті баспасөзге жазылу науқаны да басталып кетті. Кеше редакциямызға арнайы келген ақын Қайрат Жұмағалиев ағамыз: «Айналайындар! Журналдарыңның әр санын оқып жүрмін. «Қазпошта» арқылы үйіме жаздырып қойдым. Әрине, журналды былай да бересіңдер ғой, бірақ «Бақа сисе, көлге сеп» дегендей, аз болса да үлес болсын дедім» дейді. Ағаның ақжарма көңіліне рахмет! Қызыл-жасыл мұқабалы, қым-қуыт тақырыпты баспасөз нарығында мыңдаған басылымның ішінен «DANA.kaz» журналын таңдап, іздеп оқып жүрген ізгі ниет оқырманымыздың баршасына Алла разы болсын айтамыз! Сіздердің қолдауыңыз бізге күш-қуат, жігер береді. Іргеміз алыстамасын, бірге болайық, ағайын!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы

Қаралым саны 1104

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463