Байлықтың кілті

Шытырлаған ақша шетелге кетуде

«Жүз рет естігеннен, бір рет көргенің артық» деген-дей, қолың қалт еткенде демалып, туған жердің табиғатына сүйсініп, өлкеміздің шырайлы жерлерін барып көргенге не жетсін. Алысқа бармай-ақ, облысымыздың аумағындағы тарихи орындар (ескі қалашық, қорғандар, мешіттер, т.б.) мен тарихтағы ірі тұлғалардың туып-өскен, жерленген жерін көруді немесе табиғи көрікті орындарға баруды қаласам, маған кім жол сілтейді? Ол жерлерге қажетті инфрақұры-лымдар жеткізілген бе? Тамақтануға, қонуға жағдай жасал-ған ба? Әрине, жоқ. Тіпті кімнен ақыл сұрарыңды білмей, апарып көрсететін адамды таба алмай, дал боласың.

Ал шетелде демалғың келсе, қайда не бар, қандай жағдай жасалған, бәрін ғаламтордан табасың. Үйіңнен шық-пай-ақ ғаламтор арқылы билетіңді алып, қонақүйіңді брон-дайсың. Барғанда тамағың тоқ, көйлегің көк күйіңде сол ел-дегі экскурсоводтың сілтеуімен жер көресің, ел танисың. Олар қалтаңдағы ақшаңды сыпырып алып, өздерінің табиғи көрікті және тарихи қызықты жерлеріне апарады. Ұтатын – шетел. Ұтылатын – біз. Жыл бойы тер төгіп еңбек етіп тапқан ақшамызды шетелге апарып құямыз. Солардың табиғи, та-рихи жерлерін көріп мәз боламыз. Себебі онда жайлы қо-нақүй, әдемі шомылатын жер, түрлі тағам, көңілден шыға-тын қызметтер бар.

Жемқорлықты жоюдың жолы қандай?

Бүгінгі ақпарат құралдарын қарасаңыз, «Жоғары қыз-меттегі пәлен деген мемлекеттік қызметші пара алып ұстал-ды, екінші біреуі мемлекеттің миллиондаған ақшасын жым-қырыпты, біреуді біреу бопсалапты, анау мынаның тумасы екен, т.б.» осы іспеттес ақпараттар қаптап кетті. Бұл – бүгінгі күннің ақиқаты. Шынымен, жемқорлық өршіп, ел болаша-ғына қауіп төндіріп тұр.
Заң бұзушылық орын алса, кінәліні анықтап, жаза қол-дану басқалардың құқығын қорғау үшін қажет. Осылайша кінәлі дегеннің бәрін абақтыға тоғытамыз (экономикалық қылмыстарға қатысты жаза қолдануда барлық уақытта бір-дей абақтыға қамау дұрыс па, әлде көлемді айыппұл не басқа жаза қолданған жөн бе? Ол өз алдына бөлек әңгіме). Енді біз 20-30 жылдан кейін де жемқорлықпен осылай күре-семіз бе? Әлде басқа жолдарын іздейміз бе? 20-30 жылдан кейін жемқорлық деңгейі қазіргіден төмен болу үшін бүгін не істеуіміз қажет?

Бұл үшін бабалардың бала тәрбиесіндегі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының бүгінгі күнге оңтайлы озық үлгілері ар-қылы ұрпағымызды жастайынан ұлттық құндылықтарды бойына сіңіртіп, өзінің тілін, тарихын жетік меңгертіп, терең білім беріп, адамгершілік, имандылық бағытта тәрбиелеу қажет. Ұлттық рухани мәдениеттің адамгершілік тәрбиесін-дегі мәніне сүйеніп, жеткіншектердің өз Отанына деген сүйіспеншілігін, халық дәстүрлеріне құрметін арттыра білу керек. Қорқыт ата мұрасындағы тәлiмдiк өсиет бүгiнгi ұрпақ үшін де аса маңызды. «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман... Менмен, тәкаппар адамды Тәңiрi сүймейдi... Ақылсыз балаға ата дәулетiнен қайран жоқ... Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық», - дейдi ұлы Қорқыт баба.
Бүгінгі баланың көпшілігі үйінде «ақша бәрін шешеді», «ақшасыз күнің жоқ», «ақшаң мен билігің болса ғана сені сыйлайды» т.б. осы іспеттес сөздерді естиді. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, өмірдің мәнін тек ақшамен байланыстырғанды көп естіген бала өскесін мол ақша табу-ды көздейді. Тапқан ақшасын еселеп көбейтуді ойлайды.

Қазақта бір мысал бар. Бір жүкті келіншек баласы өс-кен соң тәрбиелі, білімді, елге сыйлы азамат болуын қалай-ды. Содан көненің көзі ақсақалға келіп: «Ішімдегі бала жақ-сы азамат болу үшін қашаннан бастап тәрбиелеген жөн?» деп сұрайды. Ақсақал әйелден жүктілігіне неше ай бол-ғанын сұрайды. Әйел «алты ай болды» деп жауап береді. Ақсақал: «Шырағым, тәрбиені бастауға алты айға кешігіп-сің» депті. Яғни бала тәрбиесін ананың құрсағында жарал-ғаннан бастау қажеттігін ұрпақтың санасына бүгіннен сіңі-руіміз қажет. Қазақта «сүйекке сіңген тәрбие өзгермейді», «ауру қалғанмен, әдет қалмайды» деген сөздер бар. Сонда сүйекке тәрбие қай жасқа дейін сіңеді. Атам қазақ «он үште отау иесі» дейді. Бүгінгі жас он үште емес, жиырмада отау иесі болсын. Яғни жиырмадағы азаматтың өзі бала тәр-биелейтін жасқа келді деген сөз. Бұл жастағы адамға бағыт-бағдар беріп, оң тәрбие беруге ықпал жасауға болады, бірақ қайта түзетіп тәрбиелеймін деу бос әурешілік болар.
Махамбет батырдың:
«Еділ үшін егестік,
Тептер үшін тебістік.
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық» - деп жырлағанындай, қан-шама батыр бабаларымыз еліміздің ертеңі үшін жер жас-танды. Осыдан 100 жыл бұрын ұлт зиялылары қарудың күші-мен азаттық пен теңдікті ала алмайтындығымызды түсініп, қолдарына қалам ұстап, білім арқылы халық санасын оятып, азаттыққа үгіттесе, кәсіп үйрену арқылы жағдайын түзеуге жөн сілтеді. Кеңес үкіметі осы ұстанымдағылардың көзін жойып, үрім-бұтақтарын қудалап, тоз-тоз етіп жіберді. Сола-қай саясат арқылы халықты әдейі аштан қырды. 6 миллион қазақтың 4 миллионы сол қолдан жасалған аштықтан құрып кетті.
Әр жас бүгінгі бейбіт күннің арайлап атқан әр таңы аналарымыздың көзжасы, бабаларымыздың тері мен қаны арқылы келгенін жүрегімен сезінсе, біздің тектен-тек кең байтақ жердің иесі емес екендігімізді түсінсе, мемлекеті-міздің есебінен мәдениетке, білімге, ғылымға, тұрғын үй са-ласына, ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлікті дамытуға т.б. салаларға бөлінген қаржыларды жымқыруға, талан-тараж-ға салуға, ысыраптауға бармайды және соған жол бермей-тіні анық.
«Ақ сүтпен бiрге сiңген жақсылық айнымайды еш,
Алғанша ажал қапсырып.
Ет сүйекпен бiрге бiткен қылығың,
Өзгермейдi салғанша ажал құрығын» - деп Жүсiп Баласағұн айтқандай, жемқорлықтың тек жазалаумен емес, дұрыс тәрбиемен жолын кесуге болады.

Өлкетану – туризмнің діңгегі

Елбасы өткен жылғы Жолдауында: «Ағымдағы даму-дың маңызды мәселелерінің бірі Қазақстан экономикасына тікелей шетел инвестициясы ағынын әртараптандыру болып табылады. Оларды перспективалы салаларға, мысалы, туризм саласына бағыттау қажет. Дамыған елдерде туристік кластердің үлесіне ІЖӨ-нің 10%-на дейін тиесілі. Бізде 1%-ға жетпейді. Тұтастай ел бойынша туризм өсімінің нүктелерін зерттеу қажет, олар аз емес», деген болатын. Мінеки, көп мәселенің шешімін шешуге Елбасы тапсырма берді. Ұрыста тұрыс жоқ. Енді ыждағаттап іске кірісуіміз қажет.

Біздің аймақ – табиғи әдемі мүйістері көп, кең жазық даласы, орманы, өзені, көлі, бұлағы бар, флорасы мен фау-насы бай, «қой үстінде боз торғай жұмыртқалайтындай» керемет жер. Сонымен қатар өлкеміз тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді өзінің тарихи орындарымен де қызық-тыра алады. Сондықтан тарихи орындар мен тарихи тұлға-ларымызға қатысты терең ғылыми зерттеулер жүргізіп, болашақ ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, отансүйгіш етіп тәрбиелеуге ықпал ететін тұстарын ескеріп, ішкі туристік кластерлер жасақтауымыз қажет. Туристік кластерлер ау-дандық, ауданаралық, облыстық, аймақтық, республика-лық деңгейлерге бөлінгені жөн. Тұтынушының қалауы бо-йынша атпен, түйемен, велосипедпен, автокөлікпен, ұшақ-пен аралауға мүмкіншілік жасалуы тиіс. Өткен жылы фило-логия ғылымдарының докторы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ғарифолла Әнес Атырауда бол-ған жиында: «Махамбет-Мұрат басынан шыққандар Асан қайғының, Құрманғазының, Жұмекеннің кіндік қаны тамған жерді көріп, одан Хан ордасына соғып, одан әрі Ақтөбе асып, Исатай бабамыздың басына тәу етер еді. Қажытарханнан басталатын Құрманғазы-Дәулеткерей-Мұхит-Қазанғап.., Сарайшық хандары, Бөкей хан-Жәңгір хан-Әбілқайыр хан... мазарлары маршруттары, Ноғайлының 4-5 астана-байтақ Сарайларының арасын қосар күре жол туристік кластерге сұранып тұр емес пе?» - деген еді. Бұған Оралдың маңындағы – он төртінші ғасырдағы Жайық қалашығын, Бөрлі ауданы ай-мағындағы зерттелуін күтіп жатқан Қырықобаны қосыңыз. Алаш арыстарының жанқиярлығымен 18 ай бойы өмір сүр-ген Батыс Алашорда үкіметінің съезі өткен Орал-Ойыл-Қаратөбе-Сырым ауылдары – көп қаржылық шығынды та-лап етпейтін дайын маршрут. Тізе берсе, бірінен-бірі асып түсетін тарихи маңызды, қызықты жерлер көп. Тек осы та-рихи байлықты ұқсата білсек болғаны.

Нақты ішкі туристік маршруттар айқындалып, қолай-лы жағдай жасалғаннан кейін әр ата-ана балаларын мектеп қабырғасында оқыған кезде міндетті түрде облыстағы ма-ңызды деген туристік маршруттармен жүріп өтуін қамтама-сыз ету қажет деп түсіндіру керек. Бұл іс әр ата-ана үшін баласына тәлім-тәрбие берудегі парызының бірі деп қабыл-дануы тиіс.

Менің ойымша, әр аудан бүгіннен осы мәселемен айналысып, өз ұсыныстарын дайындауы керек. Тіпті аудан ішінде туристік кластерлер ашып, жұмыстана беруіне бола-ды. Аудандардағы кейбір мектептер осы бағытта жұмыс бас-тағанын естиміз. Бірақ бұл тек бір мектеп деңгейінде емес, жалпы аудан, облыс, көлемінде дамыса, оң болар еді және де атқарып жатқан істері туралы ақпарат құралдарына кеңі-рек мағлұмат беріп, іс-тәжірибелерімен бөліссе, тіпті жақсы.
Туризм нүктелерін зерттеу барысында тек ақшалай пайда табудан басқа болашақ ұрпаққа тәрбиелік мәні бар жағдайларын мұқият ескерген жөн. Өйткені жастар – елдің болашағы. Өз елінің тарихын, тілін жетік меңгертіп, отансүй-гіш етіп тәрбиелеуге бүгін үлкен қаржы салсақ, олар есей-гесін елге адал қызмет етіп, болашағымызды баянды ететіні кәміл.

БҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқарма-сының туристік қызмет көрсететін мекемелерден жинақта-ған ақпаратына зер салсақ, біздің елден шетелге шыққандар саны 2009 жылы – 5536 адам, 2010 жылы – 7515 адам, 2011 жылы – 9023 адам болыпты. Шетелге шыққан әр адам орта-ша 120 мың теңге жұмсайды деп есептесек, 2011 жылы 1 млрд. 82 млн. теңгеден артық қаржы өзге елдерді дамытуға кет-кені көрініп тұр. Жылма-жыл шетелге шығу саны өсіп бара-ды. Болашақта ішкі туризмді дамытып, демалушыларға қо-лайлы жағдай жасап, 2011 жылы шетелге кетуші адамның 30%-ын өз жерімізде демалдырсақ, кемінде 324 млн. теңге өзімізде қалар елді. Бұл қарапайым, долбарлап алынған есеп. Тап осылай болмағанымен, қаржылай да тиімділігі бо-латындығы айқын.

Түйіндей айтқанда, өлкетану саласын терең зерттеп, насихаттау – ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, тарихы-мызды түгендеу, бабаларды құрметтеу. Батыр бабалары-мыз бен әулие аталарымыз, би-шешендеріміз, ақын-жыр-шы, әнші-күйші т.б. елге ерен еңбек еткен тарихи тұлғалар-дың жүрген жерін көзбен көріп, өмірін біліп, зиратына дұға етсе, тарихи қала, қорған, елді мекен орындарына барып бас исе, ол адамның дүниетанымы кеңейіп, өмірлік көз-қарасы айқындалып, Алланың шапағаты тиері анық.
Өлкетану – рухани және материалдық байлықтың кілті.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ

Қаралым саны 1835

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463