«Ер тарғын» жыры

«Ер Тарғын» жыры оқиғасына қатысатын тұлғаларға қарағанда, XVI-XVII ғасырлар арасында шыққан батырлар жырларының тобына жатады. Жырдың мазмұн оқиғасы, бір жағынан, Астрахан хандығының құлауымен, екінші жағынан, қалмақтардың Еділ, Жайық бойына келіп, ноғайлы-қазаққа шабуыл жасауымен байланы-сады. «Ер Тарғын» жырының осындай тарихи оқиғадан туған шығарма екенін жырдың өз сөздері де көрсетеді.

Жырға негіз болған оқиға қалмақтардың Еділ, Жайық бойына келіп, ноғайлы-қазақтармен жер үшін жауласуы, оған қарсы Қырымнан әскер шығуы. Мұндай оқиғалар, көбінесе XVI ғасырдың соңында, XVIII ғасырдың бас кезінде болған.
Тарихи фактілерге қарағанда, қалмақтардың Еділ, Жайық бойына келіп, ноғайлы-қазақтармен көршілес оты-руы – XVII ғасырдың жиырмасыншы жылдары.

Жырда айтылатын торғауыт қалмақтардың шығыстан (Тарбағатай, Іле бойынан) Еділге қарай өрлей келіп отыруы – қазақ жырларында «құба қалмақ» аталған ойрат-жоңғар-лардың кезі. Жоңғарлар XVII-XVIII ғасырларда Орта Азия-дағы мықты жұрттың бірі болып, қазақтарға да күш көр-сететін болған. Қалмақтың торғауыт дейтін бір руын бас-қаратын «Қараүлек» қоңтажы өз елінен жіктеле көшіп, қазіргі Қостанай облысы мен Жайық өзенінің арасынан қоныс алады. Бұл – Еділ мен Арал теңізінің арасын қо-ныстайтын «он сан ноғай» аталған Ноғайлы-Қазақ ұлыс-тарының қатты күйзелушілікке ұшыраған кезі. Осы кезде бұларды, бір жағынан, Оралдағы башқұрттар мен Еділ бойында басқа жұрттар, екінші жағынан, осы айтқан қалмақтар қыспаққа алады. Бұрын қыпшақ өлкесінің байырғы халқы болған осы тәрізді көрші елдердің қыс-пағында шапқыншылыққа ұшырап, қатты күйзелушілік көрген соң, әр ру бірінен-бірі бөлініп, қоныс іздеп, тұс-тұс жаққа боса бастайды. Біреулері Еділден өтіп, Солтүстік Кавказ, Кубан өлкесіне, біреулері Маңғыстау, Қарақұм жер-леріне барады. Ең соңында, XVII ғасырдың басында Еділ мен Сырдарияның арасын қоныстап отырған ноғайлы жұрты босып, әр жаққа бытырайды. Сөйтіп, ноғайлының осы сияқты босқыны сол кездегі халық жырларының көбіне сарын болады. Сондай тарихи оқиғамен байланысқан жыр-дың бірі – «Ер Тарғын».

Осы айтқан XVII ғасырдың басында ноғайлы-қазақ басы-нан кешірген оқиға елдің есінде берік сақталып, жырлардың көбінде аңыз болып айтылады. Мысалы, «Ормамбет би өл-генде, он сан ноғай бүлгенде» сияқты аңыздар Ормамбет-тен соң Ноғайлы ұлысының бытырап кеткенін ишаралайтын бұқара мұңы тәрізді. Және осы оқиғаға байланысты Каспий теңізінің жағасындағы қазақтарда әлі күнге дейін «Ноғай-лының босқыны» дейтін мұнды күй де тартылады. Бұл келтіргендер де «Ер Тарғын» жырының бір сарыны болатын сияқты.

XVI ғасырдың басында Ноғайлы ұлысының күйзелу-шілікке ұшырағанына Ер Тарғынның мына толғауы мысал бола алады:
Бұлғыр-бұлғыр, бұлғыр тау,
Бұлдырап тұрған Қоңыр тау.
Қаптай қонар елім жоқ,
Айым-күнім Кәрі Боз,
Сөйлесетін тілің жоқ,
Ел таптырар ма екенсін...
«Ер Тарғын» жырының XVI ғасырдың соңғы кезіндегі оқиғадан туған жыр екенін, әсіресе, жырдың өз мазмұнынан да байқауға болады. Еділ, Жайық бойындағы «он сан ноғайлы» жұртын қорғауға Қырымнан қол шығады. Мұның тарихи шындыққа тура келетіндігі байқалады. Өйткені, Қырымнан Еділ-Жайық бойына әскер шығуы ХVI ғасырдың 70 жылдары болған. Бұл оқиға Астрахан хандығының құлауымен байланысады. 1569-1609 жылдар арасында Қырымнан Еділ, Жайық бойындағы ноғайлыны қорғау үшін екі-үш рет қалың әскер шыққаны тарихта белгілі. Бұл орыс тарихындағы «аласапыран заманның» кезі (смутное время). Қырымнан шыққан сол көп қолдың бірі Ақша ханның әскері болу керек. Олай болса, оның қол басшысы – Ер Тарғын.

Иван Грозный 1560 жылдары Астрахан хандығын тегіс өзіне қаратып, ноғайлы жұртын бағындырып тұрса да, 1570 жылдары «аласапыран заманда» ноғайлылар қайтадан көтеріліп, Астрахан хандығын бұрынғы қалпына түсірмек болады. Бұл кезде ноғайлының басшылары Жаңбыршы, Мамай, одан кейін Ормамбет, Естерек Қырымға әлденеше рет кісі жіберіп, әскер, қару-жарақ сұратып отыратын-ды. «Ер Тарғын» жыры осы кезеңнің бір оқиғасын қамтитын жыр болуға ықтималы бар.

Жырда айтылатын Ақша хан Қырым тарихында белгілі Дәулеткерей дейтін кісінің екінші аты. Қырымнан Еділ, Жайық бойына көп әскер жіберіп, қалмаққа, Иранға, Мәскеу мемлекетіне қарсы тұрған көбінесе, осы Дәулеткерей бола-тын. Жырдың мазмұнын тарихи фактілермен салыстырып қарағанда, жырда айтылатын Ақша ханның Дәулеткерей екені байқалады. Бірақ, Дәулеткерей мен Ер Тарғынның за-маны бір емес. Дәулеткерей – Естерек, Қарасай, Қазилар-дың кезінде болған адам. Ер Тарғын одан 30-40 жыл кейін болса да, жыр Дәулеткерей тұсындағы оқиғаны «Ер Тарғын-ға» сыйдырып айтатын сияқты. Осы сияқты фактілерге қарағанда, «Ер Тарғын» жыры XVI ғасырдың соңғы кезінде Астрахан хандығының құлауына байланысты және XVII ға-сырдың басында ноғайлы-қазақ пен қалмақтың қоныс та-ласына байланысты туған жыр екені көрінеді.

Ноғайлы-қазақ пен қалмақтың Еділ, Жайық бойына таласын тұспалдайтын жырдың мынадай жері бар:
«Ол уақытта Қырымның ар жағында «он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт» деген екі ханның елі бар еді. Осы екі елді алам деп Ақша хан талап етіп аттанды. Тарғын Ақша ханның қолымен бірге аттанды. Әскер торғауыттарға барып жеткен соң, торғауыттар дабыл қағып, неше мың қол шығып, соғыс қылды. Жер бетінде қан сел болды...». Бұл оқиға қалмақтың Жоңғариядан көтеріліп Еділ, Жайық бойына келген XVI ға-сырдың соңы, XVII ғасырдың бас кезі. «Ер Тарғын» жырының осы оқиғадан туғанын жырда айтылатын адам аттары да бекітеді.

Онан соң бірсыпыра жырларда Ер Тарғынды Естеректің баласы дейді. Олай болса Естерек – тарихта белгілі адам. Тарихи жазулар мен архивтерде Естерек би туралы талай мағлұмат кездеседі. Естерек жырда айтылатын Ормамбет бидің інісі, Дінахмет деген кісінің баласы. Бұлардың бәрі атақты Едіге батырдың ұрпақтары. Естерек би XVII ғасырдың басына дейін Ноғайлы ұлысын басқарып, 1609-1614 жылдары орыс тарихына белгілі Заруцкий жорығына қатысқан кісі. Естерек би алғашында Заруцкийдің кім екенін білмей қарсы тұрса да, артынан оған қосылып, Заруцкиймен бірге толқын шығаруға қатысады. Бұл туралы Соловьев «Ресей тарихы» кітабында былай деп жазады: «Аласапыран заман» кезінде ноғайлының биі Естерек еді. Мәскеу патшалығына қарсы болып, бүліншілік шығарған Заруцкий Астраханға барып, Естерек биге қарсы болды. Тұтқында отырған Жанарыстанды шығарып, қасына ертіп алады. Мәскеу мемлекеті мұны біліп, Еділдегі қазақ-орыстар мен ноғайлының биі Естерекке хат жазып, «Заруцкийге қарсы болыңдар», – дейді. Бірақ, Естерек Заруцкийге қарсы бол-мады. Ол алдында Заруцкийдің кім екенін білмей, онымен жауласса да, артынан онымен дос болып, Заруцкийді нандыру үшін оған балаларын аманатқа берді. Жаз шыға Заруцкий бар ноғайлыны ертіп Самар қаласын шабуға аттанды. Жазғытұры Еділдің суы тасып жатқанда Заруцкий ноғайлыларды ертіп, қайықпен жоғары өрлеп, Самар қа-ласын шапты. Ноғайлыларға жергілікті саудагермен Бұқара-дан бұл әкеп жатқан «саудагерлерді талатып, олжалауға ерік берді». Тарихтың айтуынша, Заруцкий Естерек сияқты ноғайлы-қазақ батырларының көбімен тегіс істес болып, жорықтарда бірге болып ойын-сауығы жарасқан адам.
Тарғын батырдың әкесі Естерек бидің тарихтағы ісі осы.

Тарғынның әкесі Естерек екені Мұрат ақынның «Үш Қиян», «Шәлгес» деген жырларында да айтылады:
«Қара құнан Қалдыбай,
Жаңғыз ағаш Жақсыбай,
Күліктің ұлы қарт Қожақ,
Естерек ұлы Тарғынның
Тарылғанда ақыл сұрай жеткен жер...» («Үш қиян»)
«...Ол кісінің ішінде
Алғыдан жалғыз аттанған
Естерек ұлы Тарғын бар...»
Тарғын батыр тарихта болған Естеректің баласы екен-дігін «халық ойдан шығарды» деуге болмайды. Ол ғасырдан ғасырға ауысып, ел аузында айтылып келген тарихи шын-дық. Жырда Ер Тарғынды «Қарасай ұлы Көбекке туысқан»,– деп айтады. Көбектің арғы аталары – Орақ, Мамай XVI ға-сырдың орта кезіне дейін жасаған, ал Қарасай Ер Тарғын-ның әкесі Естерекке замандас болған кісі. Екінші жағынан жырда Тарғын Қарасай ұлы Көбектен үлкен, аға батыр ретінде айтылса, «Қарасай» жырында ол кіші батыр ретінде айтылады:
«Айналайын, Қарасай,
Сенің қасыңда мен болсам,
Қалмақты жаулап аласың...»
Бұған қарағанда, жырдың мазмұны бір кездегі Қарахан уақытына байланысып, бұларға қатынасқан адамдардың аттары ұмытылмай, сақталып келгендігі байқалады.
Ер Тарғынның Қырымда жүріп торғауыт қалмақтарға аттанғанын жыр былай дейді: «Ерте заманда Тарғын деген ер болыпты. Елінде кісі өлтіріп, қылмысты болып, қырық сан Қырым жұртына кетіпті. Ол уақытта Қырымда Қырық хан бар екен, Қырық ханның үлкені Ақша хан екен. Тарғын осы Ақша ханның елінде жүреді.

Ол уақытта «Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт» деген екі ханның елі бар еді. Осы екі елді алам деп Ақша хан талап етіп аттанды.Тарғын ешбір адам жүр демей-ақ, көппен бірге аттанып кетті». Мұндағы «Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт» жоғарыда айтқандай Еділ, Жайық бойына ауып келген қалмақтардың рулары болса, «Қырымдағы қырық ханның үлкені – Ақша хан» дегені тарихқа белгілі Дәулеткерей. Расында, XVI ғасырдаң екінші жартысында бұл Дәулеткерейдің Қырымда үлкен хан болғаны белгілі.
Мұның Еділ бойына қалың қол шығарып, уақытша Астрахан хандығын (Ноғайлы-Қазақ ұлысын) өзіне қаратуы 1573-1577 жылдары еді. Жырда Ер Тарғынның жұртшылық ісімен қатар Ақша ханның қызы Ақжүніске үйленгені айтылады. Тарғын батырға сүйсініп қосылып, серік болған Ақжүністі жыр былай деп суреттейді:
«Ақша ханның бір қызы бар еді,
Шашын талдап тараған.
Бет ажарын қарасаң,
Арпа, бидай ақ ұндай,
Қас жадайы керілген,
Кірпігі оқтай тізілген,
Қараған кісі үңілген.,
Қолаң шашты қой көзді,
Ақжүніс атты қыз еді...»

Ер Тарғын Ақжүністі алып, Қырым-нан қашып, Еділ бойындағы өзінің ноғайлы жұртына келеді. Жырдың бұл жері Едігенің Тоқтамыс ордасынан қа-шып, Сәтемірге барғанына ұқсайды. Бұған қарағанда, «Ер Тарғын» жыры-ның соңғы жартысы не бүтіндей «Едіге» жырынан алынған, не «Ер Тарғын» жы-рын шығарған ақын «Едіге» жырына қатты еліктеген деп жоруға болады. Бұл жырда Сыпыра жыраудың аты аталуынан да көрінеді. Бірақ, Сыпыра жырау Ер Тарғынмен туыстас емес, ол «Едіге» жырында айтылатын XIV-XV ғасырдағы қыпшақ жұртының атақты жырауы, ақылгөй қариясы.
Ер Тарғын» жырының Едіге жы-рымен ұқсас жерлері мынадан көрі-неді:
«Мен кетемін, кетемін,
Ай далаға кетпеймін,
Айналып Еділ өтемін,
Қадір білмес сен итке,
Қарашы болып не етемін»
«Ер Тарғын» жырының бұл жері Едігенің Жамбайға айтқан сөзі сияқты. Одан соң:
«Тарғындайын батырға
Жиылып бәрің барыңыз.
Қараң түгіл ханыңыз
Батырды еске алыңыз,
Етегіне бас салынып,
Егер кетсе еліне,
Тату болып қалыңыз.
Буырқанып, бұрқанса,
Мұздай темір құрсанса,
Жыртпай кетпес жағаңды,
Жаңылтар, келсе тобаңды...» – дейтін жері Сыпыра жыраудан Едіге жөнінде Тоқтамысқа айтқан сөзі сияқты.

«Ер Тарғын» жыры қазақтың ба-тырлар жырының ең көркемінен са-налады. Жырдың мазмұны қандай ма-ғыналы, тарихи бағалы болса, тіл көр-кемдігі де сондай шебер құрылған. Соғыс суреті, Ақжүністің, Боз Тарлан-ның сипаттары, батырдың Боз Тарлан-мен сөйлесетін жерлері өте әсерлі түрде, мейлінше шебер суреттеледі.

«Ер Тарғын» жыры 1860 жылы Қазанда басылып шықты. Оны бірінші рет бастырып шығарған белгілі Н.И.Ильминский. Одан кейін «Ер Тарғын» жырын академик В.В.Радлов өзінің «Қазақ әдебиетінің үлгісі» (III том) деген жинағына кіргізді. В.В.Радловтан көшіріліп, 1923 жылы Мәскеуде «Батырлар» жинағында ба-сылды. Ақыры, 1939 жылы «Батыр-лар» жинағында басылды.

«Ер Тарғын» жырының осы ба-сылғандарының бәрі де Марабай ақын айтқан түрі. Бұдан басқа «Ер Тарғын» жырының КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық филиалында екі-үш түрі бар.

Әлкей МАРҒҰЛАН

(Шығармалары – Алматы:

«Алатау» баспасы, 2007-III том)

Қаралым саны 14438

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463