«Иттің құлы итақай»

Журналдың бұл айдарында бүгінде қолданыста жүрген, ауыз әдебиеті үлгілерінде жиі ұшырасатын, бірақ шығу төркіні көмескілене бастаған сөздер туралы әңгіме болады. Айдарды белгілі журналист, жергілікті өлкетанушы, күйші, ақын, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде баспасөз қызметінің бас маманы Дәулеткерей Құсайынов жүргізеді.

«Иттің итақайына бұйырып жатқан дүние», «иттің құлы итақай алып жатқан жоқ па» дей саламыз, бірдеңе өзімізге бұйырмай қалып, бұртиып өкпелеп жатсақ. Бір қарағанда, мағынасы да түсінікті, еш түсіндіруді де қажет етпейтін сияқты.
І. Кеңесбаев құрастырған «Қазақ тілінің фразеология-лық сөздігінде» «иттің ұлы байқұтан» деген де бар. Ол да бәрібір сол «кім көрінген», «кез келген», «кім болса сол» дегенді білдіреді. «Байқұтан» сөзінің «Байқұтанның құй-рығын Жіпке тағып берейін» деген мазмұнда ескі «Бесік жырында» жиі ұшырасатынын да айта кету керек.
Бізге керегі: итақай.
Сол жоғарыда біз келтірген сөздікке құлақ түрсек: «иттің ұлы итақай деп те, иттің құлы итақай деп те айтыла береді екен.
Осындай параллель түрлердің қайсысы дұрыс, қайсы-сы бұрыс? Қашанда болса, халық аузындағы форма дұрыс болып есептелуге тиіс. Егер халық бір-екі түрін ғана емес, әлденеше түрін қолданатын болса, оның мынасы дұрыс, мынасы бұрыс демей, тек олардың бірін жиі, бірін сирек қолданылуын ғана көрсетуге болады.
Әрі-беріден соң мұның өзі де даулы, өйткені бұлар-дың есебін жүргізіп, санын алған ешкім жоқ қой.
Иттің құлы итақай деген форма тым сирек айтылады.
Қазақ ұғымында «итақай» – иттің ең нашары, ең жа-маны; «ит» сөзіне қосылып тұрған «а+қай» көне жұрнақ; «бала» сөзіне «қай» дегенді қосып, «балақай» дейміз. «Ботақан» дегендегі «қан» жұрнағының орнына «қай» жұрнағы жалғанып «ботақай» деп те айта беріледі.
Жалпы алғанда бұл жұрнақтың қосылатын сөздері тым сирек;
Итақай сөзінің «нашар ит» мағынасында ғана болмай, о баста «иттің баласы, иттің күшігі» мағынасында болуы да мүмкін. Мұндағы «ұлы» сөзі бұл тізбекте метафоралық мағынаға ие болып тұр.
Иттің ұлы итақай дегендегі «ұлы» сөзі бастапқы тұлға болу керек. Соңынан «құлы» болып өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін.
Бірақ, бұдан иттің құлы итақай вариант емес деген ұғым тумауы керек.
Мұның бәрі сөздіктегі арнайы ғылыми мақалада айтыл-ған әңгімелер, ал «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» «иттің күшігі», «иттің кішкентай түрі» деген екі мағынасын көрсеткен.
Иттің итақайын талағымыз тарс айырылғанда, біреуге өкпемізді зорайтып көрсету үшін ғана, ауызға алады екенбіз, ал сол күшіктің өзін неге солай өз атымен айтпайтынымыз, расында, түсініксіз. Бәлкім, жаңағыдай басқаша реңк беріп алғандығымыздан шығар.

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ,
журналист

Қаралым саны 2949

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463