Кел бері,
Музасың ба?
Сендір мені!
Көп болды көк өзенде сең жүргелі...
Музаның жанары да жақұт па еді,
Сенің мойыл көзіңдей мөлдір ме еді?!
Муза да сендей ерке кекілді ме,
Түр-түсі, күлкісі де өтімді ме,
Шаштары шаштарыңдай қарамақпал
Кешкі теңіз толқыны секілді ме?!
Кел бері,
Жанымнан ал мәңгі мекен,
Музасың!
Сенемін мен енді бекем.
Дауысы сенің сәби дауысыңдай,
Сымбаты сәмбі талдай сәнді ме екен?!
Құлпырған сәулесінен гүлдің өңі,
Музаның сендей көркем күн – жүрегі.
Өзінің кірпігінде моншақ бар ма,
Моншағы мұңы ма екен, кім біледі...
О, менің жап-жас арман, махаббатым,
Кел бері,
Отырмайсың неге жақын..?
Мәңгілік ештеме жоқ адам үшін,
Музасы қайтқан күні өледі ақын...
Мұрат ШАЙМАРАН,
Алматы қаласы