Жапан төстеп жаугершілік күн кешкен,
Түнде жортып тұлпарымен тілдескен,
Бүгін қылған батырлығы бір күні,
Бүтін елге жайыларын білместен,
Бір жебесін бір жауына арнаған,
Ердің құнын - даулаған,
Ару құнын – арлаған,
Қара санын қанжар тілсе қыңқ етпей,
Сүйегінен сөз өтсе
Қарап тұра алмаған,
Жұрттың мұңын жауырына жүк қылып,
Тегі кімнен тарайтынын ұқтырып,
Күні бұрын жауға күлкі болман деп,
Тірі күнін талақ еткен тік тұрып,
Қын мен қылыш түсірмеген аш белден,
Ұрпақты ойлап жанарына жас келген,
Бес уақтылы жайнамаздың үстінде,
Жар астынан шапқан жұртқа бас берген,
Өлгенінше берілмеске бекіген,
Сөйтіп жүріп шейт болып шетінен,
Керуенін кері бұрып келмеске,
Бабаларым көшкен жердің бетінен...
Соның бәрі не үшін-ді?!!
- Еділ менен Жайықты,
Ертіс пенен Есілді
Бабам бізге аманаттап қалдырған,
ҚАЗАҚ, ертең жинарсың деп есіңді.
Қарадан туып хан болып,
Бір данышпан бастасын деп көшіңді...
...Кім көрінген баспасын деп төсіңді.
Талғат МЫҚИ,
Орал қаласы