– Қазақстанның тарих ғылымының алдында нақты сынақ тұр, - деп сөз саптаған Марат Тәжин бүгінгі тарихшының міндеті – ұлттық тарихтың жанды ағзасының қалай дамитынын түсіну екенін баса айтты.
Бұл тұрғыда қазақстандық тарихшылардың алдында бірнеше үлкен міндет тұр:
Ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналуға тиіс. Сапалық жаңа деңгейде Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасы жасалуы қажет. Ол тұжырымдама бүкіл әлемдік тарихпен тығыз байланыста болуға, Қазақстанның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олардың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуі керек. Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлінуі тиіс.
Әрине, мемлекеттік тұрғыдан қолға алынғалы отырған бұл ауқымды жұмыстардың нәтижесі елдің іргетасын бекітіп, ұлттық намыстың туын биік желбіретері анық. Шыға бастағанына жарты жылға аяқ басып, алтыншы санын оқырманына ұсынып отырған «DANA.kaz» журналының да мақсат-мүддесі осы болатын. Ел тарихының елеусіз беттері, ту көтерген тұлғалар, ұмытуға болмайтын оқиғалар жайында жалықпай жазып келе жатқан басылым елімізде елеулі қарқын алғалы отырған тарих ғылымын түлетуге титімдей болса да үлесін қосса, қанеки!
Жақында ғана 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алдық. Осы орайда өзіміз бетпе бет келіп, көзіміз жеткен бір мәселе – сол жылдары жазықсыз қудаланып, атылған, айдалған арыстардың мыңдаған «істері» Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивтерінде шаң басып жатыр. Мамандардың айтуынша, олардан әлі «құпиялық» айдары алынбаған. Бұл істерді толық жария ету үшін арнайы заң шығуы керек екен. Біздіңше, Кеңес үкіметінің сол жылдардағы қанқұйлы жұмысын толық әшкерелеп, барлық «жабық істерді» көпшілікке қолжетімді жасауымыз қажет. Бұл өткеннен сабақ алуға, ондай зұлматты енді қайта болдырмау үшін керек.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы