«Қазақстан» газеті

«Қазақстан» газеті 1911 жылғы 10 наурыздан 1913 жылғы қарашаға дейін жарық көрген алғашқы қазақ басылымдарының бірі. Алғашқы екі саны Астрахань қаласындағы «Окурь мен Апресянц баспаханасында басылған. 1911 жылдың соңында газет редакциясы Орал қаласына көшіп, 1913 жылдың ортасына дейін жалпы саны 18 нөмірі жарық көрген. Редакцияның Орал қаласындағы мекенжайы – Сақмар мен Самар көшелерінің қиылысы, Хохлачев үйі (қазіргі Чапаев көшесі, 39 үй, Достық даңғылымен қиылысы). Ресми редакторы – Елеусін Бұйрин. Ал газетті ұйымдастыруға, шығаруға Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев т.б. көп үлес қосқан. Сондай-ақ 1911-1913 жылдары Орал қаласында түрлі оқу орындарында оқып жүрген қазақ жастарының да газеттің қаржылық жағына көмектескені туралы дерек бар.

«Қазақстан» газетінде мақалалар қазақ, орыс, татар тілінде жарияланған. Газет демократиялық бағыт ұстанды. «Қазақстан» 1913 жылы жабылған. Негізінен отырықшылық, оқу-ағарту, өнер-білім, мәдениет, тұтынушылар коперациясын құру мәселелерін көтерген. Газет білім, мәдениет, отырықшылық мәселесін жиі қозғаған. Мұнда Е.Бұйраұлы, Б.Қаратаев, Ғ.Қараш, Ш.Бөкейұлы, Ғ.Мұсағалиев, А.Мәметов, Ғ.Көпжасаров т.б. мақалалары жарияланған. Бұл газет те ұлттың оянуына, саяси қозғалыстарға жіті қарауына себепші болды.

«Қазақстан» газеті – шын мәнінде тәуелсіз қазақ баспасөзінің қарлығашы десе болады. Өйткені, оған дейінгі газет-журналдар – Ташкенттегі «Түркістан уәләятының газеті» (1870-1882), Омбыдағы «Дала уәләятының газеті» (1888-1894) патшалы Ресейдің өз саясатын жүргізуі үшін шығарған басылымдар болса, Троицкідегі «Қазақ газеті» (1907) мен Петербургтегі «Серке» газеті (1907) бір ғана санынан кейін жабылып қалған. Ал «Қазақстан» – Орда мен Оралда (1911-1913) біршама ұзақ уақыт тұрақты шығып, таралған.
«Қазақстан» газеті – тарихта «Қазақстан» атауын тұңғыш қолданып, айналысқа енгізуімен де ерекше есте қалады. Бұған дейін барлық ресми құжатта қазақ атауы «киргиз», «киргиз-кайсаки» деп бұрмаланып келсе, газет шығарушылары «Қазақ» атын ұлттың ғана емес, мемлекеттің атауы етіп көтере білді. Арада дәл 80 жыл уақыт өткенде – 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы» аталатын тәуелсіз мемлекет пайда болды.

Бүгінде Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Салтыков-Щедрин атындағы ұлттық кітапханасының сирек қорынан газеттің 14 саны, Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік кітапханасынан бұрынғыларға қосымша тағы 2 саны – барлығы 16 нөмірі табылып, көшірмесі алынды. 1911-1913 жылдары жарық көрген тұңғыш қазақ газеті – «Қазақстанның» қолда бар барлық 16 саны түгел топтастырылған тігіндісі бүгінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақтаулы тұр.
Осы кезге дейін толық зерттелмеген «Қазақстан» газетінің барлық саны тұңғыш рет 2012 жылы батысқазақстандық бір топ азаматтың күшімен (жинақтың редакция алқасы төрағасы – Ж.Сафуллин) жинақталып, қазіргі қолданыстағы әліпбиімізге аударылып, кітап болып шықты. Жинаққа «Қазақстан» газетін шығарған және қаржылай көмек көрсеткен тұлғалар туралы мәлімет, сондай-ақ «Қазақстан» газетін бұған дейін зерттеушілердің еңбектері де енгізілді.

Қаралым саны 5051

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463