1905 жылдан кейінгі патшалық Ресей, оның ішінде ұлттық аймақтардағы саяси ұмтылыстар барысы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Сол арнада қазақ баспасөзінің пайда болу шарттары туындады. Нәтижесінде Орда мен Оралда «Қазақстан» газеті (1911-1913 ж) және Тройцкіде «Айқап» журналы (1911-1915) басылып тұрды.
Біз қарастырып отырған «Қазақстан» газетінің ерекшелігі - одан бұрынғы «Түркістан уалаяты» және «Дала уалаятымен» салыстырғанда оның отаршыл әкімшіліктің органы болмауында. Оны шығарғандарда қатарында ұлттық интеллигенция өкілдері, қоғамдық қайраткерлер: Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Сейітқали Меңдешев және Зейнелғабиден Тағиевтер болды. Газеттің «Қазақстан» деп аталуында да мән бар. Бұл болашақта қазақ халқы мен жерлерін біріктіріп, дербес мемлекет орнату идеясын аңғартады.
Алғашқы кезден бастап-ақ «Қазақстан» жалпы демократиялық, ағартушылық бағытта болды. Ал редакция Орал қаласына көшкеннен кейін оның беттерінде нақты ұлттық демократиялық мазмұндағы материалдар жиі көріне бастады. Газет бетінде жарық көрген мәселелер легі алдыңғы кезекте ой тастауға және пікірлесуге шақырады.
«Қазақстанда» қазақтың қоғамдық, экономикалық және мәдени өмірінің ең өзекті мәселелері сөз етілді. Сыртқы байланыстар мен жаңалықтар да назардан тыс қалмаған. «Қазақстан» газетінің иісі түркі жұртының жғадайы да бей-жай қалдымағаның мына «Вымирание кочевников» атаумен жария болған мақала мазмұнынан аңғарамыз.
Газеттің басты мақала рубрикасында халыққа терең ой салатын, оны толғандырып іс-әрекетке ұмтылдыратын жарияланымдар барлық нөмірлерінде шығып отырған. «Хал жайымыз», «Бұл қай заман», «Енді қалай тұрмақ», «Бұлай мәслихат», сияқты мақалалар арқылы қазақ үшін келелі мәселелерді көтеріп, оларды жан-жақты талдауға салуы газеттің ең ұтымды ұстанымы болды. Оның екінші астары тарихи-саяси контексте мемлекеттілікке деген ұмтылысты аңғартады. Газеттің алдына қойған басты мақсаты бір кезде дербес Ел болған қазақ жұртың біріктіру арқылы дамып жетілу қағидаларын алдымен экономикалық («Тіршілік таласы», «Отырықшы болудың бір пайдасы»), одан кейін саяси («Халықты ояту үшін не керек», «Қара халық тарапынан бір-екі ауыз сөз», «Һәр кім өз жүрісінен құл болады») аспектіде жүзеге асыруға ұмтылдыру идеясын қазақ қоғамына сіңдіру болған десек қате айтпаймыз. Ықылым заманнан біздің халық үшін жан ауыртар жағдай, ол жер мәселесі болды. Бұл мәселенің аталмыш газет бетінен түспегені, қазақ халқының кім және не үшін күреске түсу керектігіне жөн сілтеген. Сонымен қатар, қазақтағы кертартпа мінез-құлықтар сынға алынып, одан шығу жолын да сілтеген.
Ұлт жанашыры баспасөз деген қағиданы «Қазақстан» газеті сөзсіз ұстанған. Газетте оқу-ағарту, экономика, кооперация, агрономия, агротехника, медицина, зоотехника мен ветеринария салалары жөнінде, сол сияқты тақырыптық ғылыми мақалалар да басылды. Бұл газеттің жетістігін айтумен бірге оның ерекшелігін де көрсетуіміз керек. Газет өзекті мәселелерді көтергенде барлық әлеуметтік топтың мүдделеріне жанашырлық түсіністікпен қарайтының ашық аңғартады. Мәселен, қазақ елінің әлеуметтік – шаруашылық өміріндегі қайшылықтардың себептерін, кедейлер санының көбеюін «Жердің тарлығынан» деп жалпылама түрде сипаттайды. Біртұтас қазақ қоғамы үшін қызмет қылатындарын анық баян еткен.
Осы газеттің қазақ қауымының арасында озық қоғамдық демократиялық ой – пікірлерді насихаттауының, замана талаптарына қарай шаруашылық пен мәдениеттің қоғамның дамуына қолайлы жағдай жасайтын өрістерін түсіндіруінің үлкен маңызы болды.
«Қазақстан» газеті салған сүрлеу жолды іле-шала «Қазақ газеті» жалпыұлттық, ал одан кейін «Сарыарқа» газеті Алаш автономиясының үнқағазы деңгейлерінде көрініп, ел тарихында орын алуы заңдылық дүние болды. Сондықтан да «Қазақстан» газеті қазақ баспасөз тарихында идеясы бар жалпыхалықтық газет болған деуге толық негіз бар.