Көптен күткен жәдігер

Хазретәлі ТҰРСҰН,  
тарих ғылымдарының докторы, Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, алаштанушы, Түркістан қаласы

Өткен ғасырдың бас кезі қазақ дәстүрлі қоғамында саяси өрлеу кезеңі болды. Мазмұны мен сипаты өте күрделі құбылыс саналатын бұл саяси өрлеудің атқарған басты миссиясы ұлттық идея қалыптастыруға келіп саяды.

Газеттің көтерген ең басты идеясы - ұлттық мемлекеттің атауын негіздеуі деп білеміз. Газетті шығарушылар әсіреқызыл ұран тастамай-ақ, даңғазалап дабырайтпай-ақ газет атауын алға салу арқылы ғана ұлттық мемлекеттіліктің, елдіктің рәміздерінің бірін қалыптастырды. Осы бір қарапайым тәсілмен де газет төңірегіндегі зиялылар – Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев және басқалары ұлт тарихының алдындағы өз міндеттерін орындай алды. Бұл аталған тұлғаларды ХХ ғасыр басындағы ұлттық элита қызметінің тарихына қатысты зерттеулерімізде қарастырған едік.

Олардың 1911 жылы көтерген елдік, мемлекеттілік идеясына нақты қол жеткізу үшін біршама уақыт керек болды. Үш генерал-губернаторлыққа бөлінген қазақ жері қазан төңкерісінен соң Қырғыз автономиялық облысы, Қырғыз автономиялық республикасы аталып келсе, 1925 жылы ғана өзінің тарихи атауын қалпына келтіре алды. Міне, араға сексен жыл салып Қазақстан атауы өмір шындығына айналды.

Жалпы, отарлық билік ұлтымызға дербес мемлекеттілік беру тұрмақ оған өзінің тарихи атауын да қимаған қысталаң кезеңде газетті шығарушылардың осындай ұлттық идея көтеріп, халықтың алдына шығуы сол заманда үлкен ерлікке пара-пар іс еді. Отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың саяси күреске айналуы заңдылық болса, ал ұлттың саяси санасын көтерудің басты тетігі – баспасөз. «Қазақстан» газетінің басты миссиясы жедел хабарлар тарату, ел тағдырына қатысты тақырыптарды оқырманға талдап, түсіндіру, қоғамдық-саяси мәселелерге үн қосуы арқылы ұлттық саяси сана қалыптастыру болды. Газет ол міндеттерді іске асыра алды.

Бұл айтылғандар газеттің саяси құндылығы ғой. Сонымен бірге басылымның тарихи-мәдени ескерткіш ретінде баға жетпес ғылыми һәм рухани құндылығын да ажыратып айтуымыз керек.

Жинақтың ғылыми құндылығын оның деректік маңызы құрайды. Қатары аз болса да қарымы мықты болып, ел өміріне үлкен жаңалықтар алып келген ХХ ғасыр басындағы қазақ басылымдары ұзақ уақыт бұқара халыққа қолжетімді болмай келсе, осы олқылықтың орны аталған басылымның араб харпінен кириллицаға аударылып, ғылыми түсініктерімен жинақ болып жарық көруі арқылы толып отыр. Солардың бірі – осы «Қазақстан», екіншісі «Қазақ», үшіншісі кеңестік билік тұсында осы газеттердің ұлттық идеясын жалғастырған «Ақ жол» газеті. Бас-аяғы 30 томға тартатын «Ақ жолдың» әзірге 6 томы жарық көрді, «Қазақтың» да 100 жылдығы тұсында толық сандары жарық көрді. Осы жинақтарда газеттерде көтерілген орасан зор деректік материалдар айналымға ұсынылып, ХХ ғасыр басындағы елдің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өмірінің тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Солардың арасында ұлттық рухты ту еткен қазақ басылымдарының қарлығашы «Қазақстан» газетінің орны ерекше.

Осындай құнды басылымды елдің игілігіне айналдырып, бай қазынаны қолымызға ұстатқан Жантас Нәбиоллаұлына және осы істің басы-қасында жүрген Қазыбек Құттымұратұлы сияқты ұлтжанды тұлғалардың ғылыми жаңалығы мен азаматтық ерлігіне ризашылық білдіремін.

Қаралым саны 1076

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463