Бұлқынғанда бойымда ыза-кегім,
Күңгірт тартқан кездерім көп жүдетті.
Өзін, сосын өнерін сыйлаушы едім,
Ақын ғой деп, есі бар, ет жүректі.
Өлер шақта жұлдыздар мекен көгін
Қимай үнсіз, құлдилап құлар төмен.
Өмір сүру шын бақыт екендігін,
Түнге ғашық адамдар ұғар ма екен?
Сабырлық пен қайсарлық жеңбек бәрін,
Тағдырыңның тармағы көп, жолы – төте.
Татып көрмей қайғыңның кермек дәмін,
Болам деудің бақытты өзі қате.
Елден алыс, бейуақыт жырақта тым,
Өрмелеп те кей сәттер шыңға шықтым.
Жылататын, содан соң жұбататын,
Тәтті өмірге себепсіз шын ғашықпын.
Өмір солай,
Алайда, түңілме сен!
Өтпелі ғой бұл жалған,
Бәрі де өтер..
Жеті түсті кемпірқосақ көрем десең,
Алдыменен басыңнан жауыңды өткер!