«Үр тілінде Саған жауап берем мен...»

Жанна ЕЛЕУСІЗ

* * *
...Су Перісі – мен шығармын,
Аяқ тілеп, Мұң алған.
Ауа ішінде – тұншығамын!
Адами мұң – шын арман.
Қылдай – таңым.
Кендір – кешім.

Келер тағы сынай күн.
Мына әлемде Сен жүргесін!
Амалым не – шыдаймын...
Қадамымның жан суырған
Дертіне де – көнемін.
Жүрегімнің талшығынан
Жыр суыра беремін...
Қарап күнде көп ізіме –
Ұғарсың Зарыққанымды.
Қайтар сосын Теңізіме
Менің Балық – Жанымды...

* * *
...Жапырақ жалбырап түскен Шақ –
Жаныңдай аяулы.
Көрмеймін бұл жылы... Көрем бе...
Мен сені ұмыттым аяуды.
Сен мені тастап кет Тереңге:
Теңіздей уайым түбінен
бір Өлең сүзіп ап – әкелем.
Оқисың – үйлердің бірінен
Мен жазған өмірлік Қатемен...
Оқисың, білемін, түзетпей!
Сен ғана танисың – шын Мәнін.
Мен жатам – жүрегім дыз етпей,
Тыңдаумен су асты құмдарын...
...Жапырақ жалбырап түскен Шақ –
Аяулы
жанымдай.
– Келем!..де.
Сен – мені ұмыттың аяуды
Батарда Тереңге...

* * *
...Сағындырайыншы Сені – мен?
Сапырылған көштің бә – әрінен қалып.
Кеудеңді – тоңғақ құстардың күзде
Шырылдай салған Әнімен жарып!
Алқалап алған ортаға көптен –
Сыпырылып шығып кете алмай...
Жаңбырдан,
Қардан,
Жерден де,
Көктен –
Жалғыз-ақ маған Жете алмай!..
Сағындырайыншы?
Жыр болып ең бір Аяулы!
Сөз емес, Жас боп парақтарымда дірдектеп!
Аспан жақтағы ақшаңқан үйлі Ай аулы
Жаныңды жатсын Жаныммен үнсіз күрмектеп...
Сағындырайыншы?
Сырыңа кәусар – берілмей.
Сүйейін, бірақ!
Өзіңді ғана – көрінбей...

* * *
...Қандай ауыр – қайта бір жалт Бұрылу!
Жүрегіңнің есту – Нәзік дірілін.
...Ей, дүние,
Бақыты – арзан, ұғымы – у!
Жоғалған Мұң – тіріден де Тірі мұң.
Жоғалған мұң –
Сол Әдемі.
Жас күйі.
Сағын да Сүй. Күт те Ізде. Шыда. Кел.
...Ей, дүние,
Темір атты, тасты үйі!
Жүрегімді таста да енді шыға бер...
Бірге өткізіп көрмеген бір кешті
Біздің
Мынау Жақындығымызды ұғын, ал?
Менің тағы кеудеме – Құм көшті!
Ешкім іздеп таба алмаған Мұңы бар...
Қандай ауыр – қайта құшақ ашқан Бақ.
Көрінсең де қанша жерден Күшті – елге.
Жан
Осылай шығады екен – Аспандап!
Жарты уыс Топырақ кеп түскенде...

* * *
...Сен де мендей жаныңды Мұңға малып
Көрдің бе?
Ай секілді – түнде ағарып...
Түн ылғи шошытады – дүниедегі
Ең жақын адамымды Ұрлап алып...
Уақыт та алып кете алмай – өзін бұрып.
Көрсетеді (кім үшін?) төзімділік...
Қараңғылық түскенде неге адамдар
Қарсы алуға тиісті – көзін Жұмып?..
Бәлкім тылсым – Түс болып қашықтады?
Бәлкім сол ма – күткені, асыққаны?..
Неге сосын соншама жап-жарықта
Жүреді олар – жанарын Ашып бәрі?..
Солқылында өмірдің, тынысында
Жаным әзер ілініп тұр ұшында...
Мен алаңсыз ұйықтар ем!
Менсіз өмір
Сүре алмайтын Жүректің бұрышында...
Мазасыз жан таба алмай Жер,
Көктен де,
Мұң ба, әлде, бірдеңе меңдеткенде
– Мені қорып отырар Қыз қайда? - деп,
Түн жылайтын шығар-ау мен кеткенде...

* * *
...Маған қарсы Жалау ұстап, сен - Батыр.
Ақылы жоқ сорлым-ай...
Біреу, әне, өмір – Күрес!.. деп жатыр.
Ол да – маған лақтырылған Соңғы лай!

Қолтығына бәрі бүркіп. Су-тегін.
Құрбанысың – өзіңдегі соқырдың!
– Күшігінен қандай Аяр ит едің!..
...Мен – мұңайып отырмын.

Қалар ертең бізден Демін үзген күн.
Мен ешкімге – Қас та емен, Дос та емен.
Бауырыма – Бауырымды үзгенмін!
Жүрегім бе?
Осы – Өлең...

Мен – тілеуін тілеп өтем Көктемнің.
Керек оған – Үлгі болып тұрар Шың!
...Сағынышың сені Жеңіп кеткен күн,
Кімге барып...
Кімге барып – Жыларсың...

* * *
...Көру Сұмдық –
Күнде өзгерер пендені.
Мұң ұлғайып бара жатыр мендегі.
Періштесіп жүргендерге көрініп
Кетсе деп ем - Тәңірі де келмеді...

Есту сұмдық –
Менмен көкіректердің
Үнін. Тағы - сорлы жетімектердің!..
Мен өмірді сүйгенімде – осылай
Өтірігін Көріп, өкінем деп пе едім?!.

Жаным,
Бір рет Кейінірек келсек пе?
Мүмкін адам алар құйттай Тағылым...
Көлеңкеңмен дүниені Көрсетпей,
Сен әзірге тұра тұршы, Жарығым...

* * *
...Өзім бе мынау,
Өзің бе?
Өмірге Ғажап қана алмай,
Жаңбырдың жүрген көзінде –
Жанымды төгіп алардай...

Қаумалап әрбір тұстан мұң,
Қайтер ең кетсем оралмай :
Қанаттарында Құстардың
Келіп ап...
Жерге қона алмай?..

Көкке де тиген Маңдайым
Көпке де Жарық болар шам.
Қайтер ең - Соңғы қардайын
Ертелеу еріп, Жоғалсам...

Биікте және Тереңде –
Өлеңнен өмір өргем Дүр!
– Сағыныш күтті... дегенге –
Сағыныш ем ғой келген бір...

Бір жылдың бір Ай, Күнінде
Бұлт болып жүрмін – көшкелі.
Аспанның жұмбақ Тілінде
Сөйлеумен кетсем – КЕШ мені...

* * *
Әлем...
Кілең Әдемі мұң!..
Көктемдегі себілген Сезімдерден
Кіріскендей жинауға Жан-егінін...

Сырлар үзік...
Жүректердің жемісін тұрған үзіп.
Қар жауғандай алғашқы,
Аңғалақтап,
Анда-санда жауған жыр...
Бұл да қызық.

Мұнда – Дала, қырларың.
Қала, көшең.
Бұрылады Уақыт та:
– Қара!.. десең.
Қаңқылдасам Қаз болып төбесінен,
Қиқу салар төменнен бала да – Әсем...

Балаң ойлар, ғазалдар, балдырған үн.
Ұмыт болар - талдырған, қалдырғаным...
Мен сүйген Күз –
Сиқыршы секілді өзі!
Сүйкімді етіп жіберер – жанның Бәрін!..)

* * *
...Қасыңдамын.
Сезіле ме иығыңа асылғаным?
Бір құпия бейнемін ұғып қояр
Жүрегіңнің түбіне жасырғанын...

Адамы бар – өн бойы толы киім
Көшеге де Жапырақ – өлі бұйым...
Жерден қашып.
Паналап келгенім сол –
Мені күткен Жүректің оң иығын...

Періштенің сүйесің Күлін несін?
Жо-жоқ...
Оған сенімің бүлінбесін!..
Көкірегіңе ұя сап жүргенім ғой –
Көздерімнен көңілім түңілгесін...

* * *
...Бақыттымын!
Жауымды көрдім ашық.
Барады өзі үйген көңді басып.
Көзімнің қиығына іліктің-ау!
Құтыла алмайсың ғой енді қашып.

Жүрсем де қарсы есіп - Дауылға мың.
Білмеппін мен осынша жауым барын:
Біреулерді қуантып тұратынын –
Күйзеліп...
Қиналғаным...
Ауырғаным...

Жек көрсең:
– Жек көремін.
Солай!.. дегін.
Өзгертіп жатпайды ғой торай да өңін!
...Шын жылап қалар жандар Аздау болса,
Өмірден кетуім де – Оңай менің...

* * *
...Желөкпелеу жұлдыздарға бай Түнде
Менің Бұлтқа айналғым кеп кетеді.
...Біз сөйлессек екен енді қай Тілде?
Ұғыныспай қойған күндер - жетеді...

Адам тілі...
Бәрінен де қиын – бұл!
Көрмеу үшін сәтті осы – шерменде,
Соқырлардың кешсек пе, әлде, күйін бір?
Саусақ ұшы әріптерді тергенде...

Сүрдік өмір – Үмітпен де, Мұңмен де.
Көнбей қойдық сезім дейтін тұспалға...
Саңырауға айналсақ па бір демде?
Суық сөздер ауа жарып ұшқанда...

Отыр, сірә, қайбір олар түк біліп.
Айтады Ақыл бізге несін?
Ой – несін...
...Күлтесінің Түсінен сыр ұқтырып,
Гүл тілінде сөйлей алсаң, Сөйлеші?..

Құс тілінде шырылдашы, а, Келісім?
Шық тілінде мөлдіреші - төбемнен?
Жыр тілінде сөйлей алсаң - мен үшін!
Үр тілінде саған жауап берем мен...

...Сенен артық емес тіпті пейішім де.
Кетем тозаң Саған түсірмей – Күннен!
...Аспан жақтан бекер келді дейсің бе?
...Адамдардың тілін – түсінбеймін мен...

* * *
Жақын маған бәрінен –
Жаңбырлы түн!
Айта алмайды бұл Түні – тағдыр да үкім!
Қашып, қашып, тығылған жұрт үйіне.
Су, су болып, тұрамын – Жалғыз...
Бүтін.

...Мүмкін, Мөлдір болмасам сүймес едім?
Тамшысымен Тамшыдай үйлесемін!..
Мен, әйтеуір, сол Түні бар мұңымнан
Арылғандай Алапат күй кешемін!..

Күйдіре алмай,
Күн тағы жалаңдады.
Менің Жаным – Қырларға алаңдады:
Құрғақшылық жетсе, егер, бір мекенге,
Қатыгездеу болғаны-ау адамдары...

* * *
Жаңбырдан кейінгі Сәтті ұнатам –
Терезе жақтауына Тамшылар тізіліп
қалатын...
Ақ көйлек киетін Шақты ұнатам –
Алыстан көрген Жан қызығып қалатын...

Аспанның сәл түнеріңкі Қабағын ұнатам –
Сені Сағынғанымды еске салатын...
Аппақ қаланың қап-қара Жанарын ұнатам –
Ішінде мен боп бір Жарық жанатын...

Біреуге, бәлкім, Күндеймін,
Түндеймін.
...Ал сен нені Ұнатасың?
Білмеймін...)
Өмір сүр

...Қарама Мұңның көзіне.
Батып кетесің.
Көзіме қара – көңілімнің жағдайын біліп.
Онсыз да жүр ғой ісіріп Бақыт шекесін!
Адамда тұрып – айнаға Маңдайын ұрып...

...Іздеме Ойды.
Іледі ол жыртық жеріңнен!..
Кетеді сосын өзінше тоқып жаныңды.
Былай да Тағдыр қаламын ұстап желінген
Тауысар болды малумен күнде –
Қанымды...

...Армандама да.
Қиялдама да, өтінем.
Шөлдей бергесін Жүрек те қайтер?..
Кебірсір.
Ғарыштың мынау Мен дейтін сүйіп бетінен,
тіріліп ал да!
Жәй ғана ҰЗАҚ өмір сүр!..

Өмір сүр –
Көріп Таңдардың қалай атқанын!
Батқанын тағы батысқа Күннің – қара да.
Ақша бұлттардың адам бармайтын Аппағын
Көзіңмен емес, Жаныңмен ашып арала!..

Өмір сүр!
Жерден табылмаса да керегің...
Келмесе, егер, көктеген бейуақ Гүлді үзгің!
...Топырақтың да адам көрмейтін Тереңін
Тілі ғой... дей сал түсініксіздеу бір Қыздың.

...Қарама Мұңның көзіне!
Батып кетесің...
Қайтады сосын қара жамылып небір сыр.
Онсыз да жүр ғой ісіріп Бақыт шекесін...
Өмір сүр, жаным.
Жәй ғана Ұзақ өмір сүр...

* * *

Үндемейін.
Сен мені түсіне ғой...
Биіктесем – түсін де, кішіре ғой.
Теңіз болып кетті, әне, сапырылып!
Толқын, толқын сыймаған ішіме Ой...

Үндемейін.
Сен де сәл үндемеші?..
Қырлар жақта басталсын гүл Кеңесі!
Күн де ертемен бұрғылап,
қазып жатыр –
топырақта қалғандай бірдеңесі...
Жүрмейін де –
борпытып, жылға кешіп!
Кеше – мүлгіп,
Қар асты тұрған өшіп
Жердің сол бір сұп-суық қойнауынан!
Келе жатыр дейді ғой бір Дән өсіп...

Сән.
Салтанат.
Сарайлар.
Қиғам – бәрін!
Дала – менің сенгенім,иланғаным:
Сарғалдақ боп шығады – Сағынғаным!
Қызғалдақ боп шығады – қиналғаным...

Өрлігім де,
Күлкім де,
жасым,
Бәрін
Соның ғана Жанына жасырғаным:
Жапырақ боп бітеді Көктем сайын!
Жусан болып шығады – ашынғаным!..

Үндемейін...
Айналсын Гүлге – кейпім.
Жүрегімнің төсінде – Дүбірі қап.
Менің мынау Жанымды сіңіріп ап!
Көктем келсе –
Дүниені бүлделейтін,
Мінезім бар –
Осылай Үндемейтін...

Біз бір күні Алматыдан кетерде...
Өмір, өмір...
Өмір өстіп өтерде
Адам, тегі, қиналмайды бекерге...
Сен де қимай,
Мен де қимай жылармыз.
Біз бір күні Алматыдан кетерде...

Екеуміз де мың қайырар бір Әнбіз.
Жал-құрықсыз.
Жалқы басты құланбыз.
Сен де қимай,
Мен де қимай!
Бір күні...
Алатауды артқа тастап шығармыз...

Ақ бас таудың етегіне жас тамып,
Табандарды тамшы тесер Тас қарып.
Сөйлей алмай.
Қой... дей алмай тұрармыз!
Бордай босап.
Қол қысысып.
Қас қағып...

Сосын.
Сосын...
Осы мұңның бәрі шын:
Жақын болып кетеді де алысың!
Қара жолға қасқая кеп шығамыз.
Жалғыздықтың жамылып ап Шәлісін...

Жаудырумен жаутаң көздің жаңбырын.
Үңілеміз өткенге көз талдырып...
Жиырма бірде –
Біз екеуміз қайтамыз!
Он сегізді Алматыға қалдырып...

Арман болып – біздер талай іздеген!
Үміт болып.
Түндерде көз ілмеген...
Махаббат боп.
Машақат боп меңіреу!
Бұл Алматы...қоштасады Бізбенен.

Сағыныштан талай көрген түсімде.
Ұқсастық бар түрінде де, ісінде.
Өкінемін...
Өлең сүйген өрім Қыз
Қап қояды жатақхана ішінде...

Өкінемін!..
Бұны да көп айтқанбыз.
Басымыздан Қаз да ұшып.
Қайтқан Күз.
Қап қояды көп бөлменің бірінде
Жарым түнде жандай сырын айтқан Қыз...

Бәрі...
Бәрін...
Санасаң сан жетер ме...
Адам, сірә, қиналмайды бекерге...
Сен де қимай,
Мен де қимай жылармыз...
Біз бір күні Алматыдан кетерде!

Жүректері мың шертілер күй аңсап.
Арман қуған Қыздар едік ұялшақ...
Алматыдан Біз кетеміз бір күні –
бір Көрісу үшін тағы жиі аңсап...

Ақтөбе қаласы

Қаралым саны 1945

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463