1734 жылы Ресей патшайымы Анна Иоановна қазақтарға Жайық өзенінен өтуге қатаң тыйым салынған жарлық шығарды. Орынбор әскери губернаторы Кіші жүз ханы Әбілхайырға патшайымның жарлығын таныстырды. Сонда Әбілхайыр хан: «Жайық өзені тартылып, кеуіп кеткенше қазақ елі бұл жерді мекендей береді» деп, жарлыққа бағынбаған екен.
Әбілхайыр ханнан соң Жайық өзені үшін Кіші жүз елінің әрбір ру-тайпаларының батыр-билері ел-жұртын бастап күресіп, ақыр түбі Жайықты қазақ халқы жайлап, мекен етіп, тәуелсіздікке жетіп, егеменді ел болды.
Жайық өзені үшін соғысқан батыр, бидің бірі – Шеркеш руының ұраны болған Шағырай батыр.
Атаманға ат ойнатқан
Шағырай батыр туралы деректі Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округінің тұрғыны, батырдың ұрпағы Хамит Айтасұлынан жазып алдық.
– Мен Шағырай атаның Еділбай деген баласының ұрпағымын. Шағырай батырдың Жайылхан, Еділбай, Пұсырман, Әбіл, Жоламан, Еламан деген ұлдары болған. Шағырай батыр туралы деректі өз әкемнің аузынан естідім, – дейді Хамит Айтасұлы.
«...1810-1815 жылдардың шамасында Шағырай батыр елін, балаларын мал-жандығымен Жайық өзенінен Самар бетке (Еуропа жаққа), Бөкей хандығына өткізіпті. Сол кездегі патша үкіметінің заңы бойынша Жайық өзенінен өткен әрбір қазақ қаруын тапсыруы тиіс болыпты. Қылыш, пышақ түгілі қамшы, таяғына дейін казак-орыстарға тапсырып, жанұясына, мал басына ақшалай төлем төлеуге міндетті екен. Жайықтан өткен әрбір рудан төрт немесе одан да көп адам казак-орыс ішінде аманатқа ұсталып, Орал казак әскерінің жерінде тұтқын ретінде жүрген. Казак-орыстың бұдан басқа да зорлық-зомбылығына шыдамаған қазақтар Шағырай батырдан көмек сұрап, өздерін қорғауды сұрапты. Шағырай батыр бір күні аз адамымен Каменка станицасының (қазіргі Тасқала елді мекені) атаманына барады. Бірақ атаманның шабармандары станицаға кіргізбейді. Шағырай батыр станицаның шетінде орналасқан шағын шіркеудің үстіне шығып, шіркеу төбесіндегі православ кресін айбалтамен шауып сындырған. Станица казактары атамызды мылтықпен атыпты. Сауыты мықты болған ба әлде атамыздың қасиеті бар ма, әйтеуір, оқ дарымапты. Ақыры, амалы құрыған казактар Шағырай батырды атаманға кіргізуге ұрықсат етеді. Шағырай батыр атаманнан елге істеген озбырлықты тоқтатуды талап еткен. Атаман атамыздың айбынынан ығып, тоқтатуға келісімін берген. Содан көп ұзамай Шағырай батыр қайтыс болып, қазіргі Ақжайық ауданына қарасты Базартөбе ауылы маңында жерленген. Басына ел үлкен күмбез там салған екен. Бүгінде ол там құлап, белгісіз болып кеткен. Мүмкін құлпытасы сақталған болар» - дейді Хамит ақсақал.
Безгекке шипа болған бейіт
Біз Шағырай батыр жерленген жерді іздеп жүріп, Базартөбе ауылдық округіндегі «Алмаз» шаруа қожалығының басшысы Қайырбек Саясатұлына жолықтық.
– Біздің шаруашылықтың тұсында ескі қорым бар. Үлкен кісілер ол жерде қасиетті адам жатыр дейді. Бұл жөнінде көп әңгімені әкем айтып берер, – деп Қайырбек бізді Базартөбе ауылына жолдады.
«...Әлі есімде, соғыс кезі. 1943 жыл. Үйіміз Қадырқұл ауылында тұратын. Анам «Ленин жолы» ұжымдық шаруашылығында (колхозда) сауыншы болып жұмыс істейтін еді. Мен сол кезде 6-7 жасар баламын, безгек (малярия) болып ауырдым. Анам мені ауылдың қасындағы бейітке түнетті. Көп жатпаған секілдімін, көзім ілініп кетіпті. Қадырқұл жақтан аспанмен таласатын ақбоз атқа мінген ақ шапанды, ұзын бойлы кісі тура бейіт басында түнеп жатқан маған қарай шауып келіп қалды. «Ойбай, басты!» деп мен атып тұрдым. Әлгі аттылы қасымнан Атырау бағытына, қырға қарай шаңдатып өтті де кетті. Мен: «Әне кетті!» деп айқайлап жібердім. Анам да оянып, білгенінше Құран сүрелерін оқыды. Содан соң мен безгектен құлан-таза айықтым» - деп еске алады Саясат ақсақал.
Ол зират атауын жергілікті үлкен кісілер де ұмытқан. Кейде «Орақ әулие» деп те атайды. Қай ру, қайсы ел екендігін де білмейді. Ақсақалдың анасы соғыстан бұрын «Осы зиратқа топалаң болып ауырған малды түнет-се, сауығып кетеді» дейді екен. Бейіт басынан кейде көк от көрінеді дейді.
Соғыс кезінде, аштық кезінде кей-бір кісілер бейіт басындағы құлпытас-тарды сындырып, қол диірмен жасап алған көрінеді.
Осыдан 20-30 жыл бұрын бір қыз бала аудан орталығынан келе жатып атаның зираты маңындағы аялдама-дан түсіп, жол жиегіне демалып оты-рыпты. Сөйтіп, білместікпен зират ба-сындағы құлпытас бөлігін әкеліп, құй-рығының астына салған екен. Сол жерде мал жайып жүрген апай: “Ай-налайын-ай, бұл әулиенің құлпытасы еді ғой! «Бисмилла» деп орнына апа-рып қой!” - дейді. Қыз орнынан атып тұрып, құлпытасты орнына қойған. Бі-рақ кейін аяғын баса алмай, ақсаңдап қалыпты.
Қадырқұл ауылының тұрғындары тісі ауырса, әулие қабірінің маңынан жусанның бір түйірін алып, тісін шұқиды. Тіс ауырғаны бірден басылатынына олар имандай сенеді.
– Бірде Оралдан құдам келді. Дастарқан басында тамақ алмай, кө-ңілсіз отырды. Себебін сұрасам, тісі ауырып отыр екен. «Ертең, бұйырса, сіздің тісіңізді жазамын, осы жерде әулие атам бар» дедім. Ертесіне таң атысымен атаның басына апардым, ол ақтығын (арнайы шүберек) бай-лап, жусанын алып, тісін шұқығанда ауырғаны бірден басылды! Кейін сол құдам Оралдан «Әулие атаның басы-на белгі орнату керек қой» деген сә-лем айтып жіберіпті. Ойға ой түсіп, балаларыммен ақылдасып, қазіргі белгіні орнаттық, - дейді Саясат Сәлімұлы.
Бір түп жусан
– Кішкентайымнан осы жерде өстім. Бұл зиратты жергілікті халық «Орақ әулие» дейді. Бейіт атауының қалай шыққаны белгісіз. Бұл жер – негізінен, Байұлының Алаша және Тана руларының мекені, Шеркеш руынан адамдар аз. Осы күнге дейін бұл зиратты ешқандай ру меншікте-мей отырғанына қарағанда, Шеркеш руының ұраны болған Шағырай ба-тырдың бейіті болуы әбден мүмкін, - деп бастады әңгімесін Атамекен ауылының тұрғыны Жәнібек Әбілпейісов.
«...Естігенімнің бірін айтсам, бөтен ауылдың бір қызы тісі жиі ауырады екен, Орақ әулиенің басына арнайы келіпті. Ақтық шүберегін байлап, бір түп жусанды түбімен алып, бір талымен тісін емдеп, қалғанын «керек болар» деп сөмкесіне салыпты. Ауылына келген соң түнде шошып, бірнеше күн ұйықтай алмайды. Бір емшіге тас аштырса: «Бір қасиетті адамның затын алған екенсің, орнына апарып таста, әйтпесе, ұйықтатпайды» депті. Сол кезде әулиенің басынан алған бір түп жусан есіне түсіп, кері әкеліп тастағаннан кейін ұйқысы түзелген екен».
Осы мақала авторлары 2014 жылы 8 қыркүйек күні Базартөбе ауылдық округінде орналасқан, жергілікті халық «Орақ әулие» деп атап кеткен бейіт басына арнайы іздеп барды. Көне қорымда он шақты жерлеу орны бар екен.
Қорымның батыс бетінде ұзындығы 9 метр, ені 5 метр, топырақ үйіндісі 1,5-1,6 метр болатын бейіт орны табылды. Сол бейіт басында сынған құлпытас сынықтары шашылып жатыр екен. Құлпытас сынықтарын құрастырып көргенімізде ескіше араб әрпінде: «Шағырай баласы Жоламан» деген жазу көрінеді. Басқадай жазу табылмады. Біздің болжамымызша, осы арада атақты Шағырай батыр жерленген болуы тиіс.
Шағырай ата зиратын табуға көмек көрсеткен Хамит Айтасұлына (Бисен ауылы), Саясат Сәлімұлына, Қайырбек Саясатұлына, ауылдық паром қызметкері Базарбай ағаға (Базартөбе ауылы), Жәнібек Әбілпейісовке (Атамекен ауылы), Орынбор мұрағатынан алынған деректерімен көмектескен «DANAkaz» журналына мақала авторлары көп-көп алғыс айтады. Ата-баба тарихын ұмытпай, батырларымыз бен билерімізді құрметтеп жүрейік, ағайын!