Өз бетінше оқып, сауат ашты, жәдид мұғалімдер ашқан бастауыш ибтидай, орта рушдия медреселерінде оқыды. Елдегі көзі қа-рақты адамдар қауымының көмегімен 1910 жылдар шамасында Уфадағы «Ғалия» медресесіне оқуға түсті. Медресе шәкірттерімен бірге төте оқулық «Әліппе» оқу құралын, Ғұмар Қараштың «Бала тұлпар» өлеңдер жинағын шығарысты. 1912 жылы Оралда шығып тұрған «Қазақстан» газетінде ал-ғашқы өлеңдерін жариялады. Ахмедғали Мәметов Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспаханасынан 1912-1914 жылдары «Кеңес», «Ғибрат» өлең-дер жинақтарын шығарды.
1914-1915 жылдары «Айқап» жур-налында «Бір қазақ қызының әкесіне зары» өлеңі, «Тарих исламынан» әфсана өлеңі жарық көрді. 1915-1917 жылдары «Қазақ» газетінде «Тілегім», «Көңіліме», «Су жағасында», «Алашқа сәлем» өлеңдері жарияланды.
1915 жылы «Қазақ» газеті басқар-масы тарапынан қаржылай көмек бе-рілді. Ақыры қаржы қиындығына бай-ланысты Орынбордағы «Хұсаиния» медресесіне ауысып, осы оқу орнын тамамдады. Бұл жылдары Шәңгерей-дің мәдени ықпал аясында болды, ақынға еріп Тайпақ, Жымпиты өңірін аралады, Алаш қозғалысына үн қосты.
1916 жылы дүрбелең тұсында бос-қыншылыққа шығарған қырғыздарға көмек беру жөніндегі Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Жәнібековтермен бірге 1917 жылы маусымда «Қазақ» газетінде қазақ елі-не үндеу тастады. 1-інші Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысқан бір топ зиялының жалпықазақ съезін Ташкент қаласында өткізу, Алаш автономиясы-на Түркістан өңірін қосу туралы ойын қостады. Ақпан революциясынан соң Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Ішкі (Бөкей) ордадан бөкейлік оқығандарымен бірге 1917 жылы Ташкентке келіп, «Алаш» газетіне автор болды. 1917-1918 жылдары «Бірлік туы» серіктестігіне кірді, Сұлтанбек Қожанов редактор, Мұстафа Шоқай шығарушы болған «Бірлік туы» газеті басқармасында жұмыс істеді. Педаго-гикалық тақырыпта мақалалар, азамат-тық әуенді өлеңдерін жариялады.
1917 жылы ағартушы-мұғалім Ахмет Балғымбаевтың қызы Гүләйім Байгуринаға арнаған «Г-ді жұбату» атты өлеңі шықты. Ақындық жолы Шәңгерей Бөкеев поэзиясының сыршылдық жағына еліктеуден және жәдидтық оқу-білім игеру, әйелдер теңдігі т.б. тақырыптардан, сондай-ақ әлеуметшіл, алашшыл сарындардан тұрады.
Ахмедғали Мәметов өлеңдері 1918 жылы «Абай» журналындағы «Екеу» (М.Әуезов, Ж.Аймауытов) мақаласында жоғары бағаланды. «Ғалия» медресесінде оқыған жылдары қаржы тапшылығын көрген. Жаз кезінде Сібір жаққа барып, мұғалім болған.
1918 жылдың күзінде Түркістан мұхтариаты (Қоқан автономиясы) большевиктер тарапынан қуып таратылғаннан кейін «Ойыл уәлаятына» келді. Ойыл облыстық земство басқармасында жұмыс істеді.
1918 жылдың жазында Орал қаласынан Жымпитыға, облыстық земство басқармасына баспахана жеткізу ісімен айналысты.
1919 жылдың қаңтарында Қаратөбеде өткен облыстық земство басқармасы жиналысының баспасөз органын шығару жөніндегі шешіміне сәйкес, «Еркін қазақ» газетінің уақытша шығарушысы болып тағайындалады.
1919 жылы 26 қыркүйектен бастап бұл газеттің бірнеше нөмірін шығарады. Осы шамада Жымпитыда тұратын судья Күсепқалиевтың қызы Әминаға (Әмина Мәметова) үйленеді. Батыс Алашорда үкіметі таратылғаннан кейін, оның қайраткерлерімен бірге Орал қаласына келеді.
1920 жылы РК (б)П қатарына қабылданады. Орал губревкомының үгіт-насихат бөлімінің қызметкері болып істейді. 1920 жылы ақпанда Доссордан Орал қаласына мұнай тасу кезінде Мәметовке қазақ ауылдарына түсінік жұмысын жүргізу, қазақша үндеу, прокламациялар шығарып тарату міндеті жүктеледі. 1920 жылы көктемнен Жымпиты уездік ревкомының халық ағарту бөлімінің қызметкері. Сауатсыздықты жою ісімен айналысты, М.Жолдыбаев, Ш.Жантілеуовпен бірге халық ағарту бағдарламасын жүйелеу комиссиясының құрамына кірді. Уездік атқару комитетінің татар-қазақ бөлімі шығарған «Яна фикер» газеті тоқтағаннан кейін оның баспаханасы негізінде қазақша уездік «Ерік» газетін шығарды. Таралымы үш мың дана газеттің жеті нөмірі жарық көрді.
1920 жылдың жазы мен 1921 жылдың көктем аралығында Орал облыстық «Қызыл Ту» газетінің редакторы. 1921 жылдың көктемде
М. Шомбаловтың Бөкей губерниясы комитетінің төрағасы болуына байланысты Ордаға қызметке ауысады. 1921 жылы 19 мамырда Бөкей губкомы төралқасы мен Бөкей губерниясы 6-ыншы съезі фракциялық бюросының біріккен мәжілісінде баламалы негізде ұсынылған алты кандидаттың ішінде басым дауыс алып, губаткомның төралқасына мүше болып сайланады. Сол жылы маусым айында баламалы негізде Бөкей губерниясы РК (б) II комитетінің үгіт-насихат бөліміне меңгеруші болып сайланады. Сәл кейін бұл қызметтен босатылып, Н. Манаев, Ғ. Мұсағалиев, Л. Атаянцпен бірге губерниялық партия комитетінің жаңадан ұйымдасқан органы – апталық «Сәуле»-«Рассвет» газетінің редакция алқасының мүшесі болып сайланды. 1921 жылдың қыр-күйегіндегі РК (б) П қатарын солшыл партиялар мен Алашордашылардан тазартуды ұрандатқан саяси науқан кезінде Бөкей губкомының арнаулы комиссиясының шешімімен «Алаш партиясында болғаны және патша тұсындағы Бөкей Уақытша кеңесінің құпия кеңесшісі М.Шомбалов тобына қатысқаны үшін» РК (б) ІІ қатарынан шығарылады.
1922 жылы Саратов қаласындағы жұмысшы факультетінің тыңдаушысы. 1923-1927 жылдары Саратов университетінің медицина факультетінің студенті. 1927-1928 жылдары Маңғыстау өңірінде дәрігерлік қызметте.
1929-1930 жылдары Семей округтік денсаулық сақтау бөлімінің кәсіподақ-сақтандыру жүйесінің инспекторы. 1927 жылы «Жаңа мектеп» журналында жарияланған Исатай-Махамбет көтерілісі жайындағы мақаласы әлі күнге осы тақырыптағы толымды да терең еңбектердің бірінен саналады.
1930 жылы Алматы қаласында Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтын ұйымдастыруға шақырылды, осы институттың алғашқы директоры болды. Гигиена, тері-жұқпалы аурулар, олардан сақтану жөнінде жазылған 20-ға тарта кітапшаның авторы. 1931 жылдан бастап Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 30-жылдардың орта шенінде Алматы қалалық ауруханасында дәрігер. 1937 жылы ІІХК органдары тарапынан тұтқындалады. «Бұрынғы Алашорда қайраткері, Орал облатком төрағасы Хасен Қошанбаевтың антисоветтік тобының мүшесі» деген айыппен 1938 жылы 11 қарашада КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясы көшпелі сессиясының («үштік») қаулысымен атылды. 1958 жылы 27 ақпанда КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының қаулысымен ақталды.
Ахмет Мәметов – Батыс Алашорда қайраткері, Бөкей өңірінде Алаш қозғалысына қатысушы, ағартушы, ақын, журналист, дәрігер.
Биылғы жылы Ахмет Мәметовтің 120 жылдық мерейтойы аталып өтілмек. Сонымен қатар Батыс Алашорда қайраткері Ахмет Мәметов – Ұлы Отан соғысының Батыры Мәншүк Мәметованың әкесі. Мәншүктің анасы Әмина Сүлейменова (Мәметова) – Орал қаласындағы қыздар училищесін 1917 жылы бітірген.
Алдағы уақытта Ахмет Мәметовтың ғылыми еңбектерін зерттеу қажет деп есептеймін.