Қой соя білеміз бе?

№5 кеңес (етті бұзу, мүшелеу)

Терісі түгел сыпырылып алынған қойдың еті енді мүшеленіп, жіліктене бастайды. Қасапшы әуелі қойдың қолын (яғни алдыңғы аяғын) кесіп алады (суретте). Тәжірибелі сойғыштар жауырынның басын денеден ажыратпай тұрып-ақ, қолдағы үш жілікті (кәрі жілік, ортан жілік (кей жерде қол жілік, жұмыр жілік деп те аталады) және жауырын) өз етімен лезде бөлек-бөлек жіліктеп, теріге тастай береді.

Бір қызығы, әр жіліктің өзіне тән еті болады. Мысалы, кәрі жіліктің етін ортан жілікке, жамбастың етін тоқпақ жілікке жіберіп алу – қасапшы үшін үлкен сын. Әрине, қазақ тұрмысында ет ұстайтын, негізінен, апа-әжелеріміз болғандықтан, олар да етті мүшелеу ғұрпын өте жақсы білетін. Сүйектен ажыратып алынған сом еттің қай мүшеге тиесілі екенін бір көріп-ақ айтып беретін тәжірибелі апаларымыз ауылдарда әлі де аз емес.
Тәжірибесіз қасапшы жіліктердің ара жігін бірден ажырата алмай, пышақты күшке салып, қидалап, әбігерге түседі. Әсіресе, кәрі жілік пен ортан жіліктің жігін ажырату арнайы әдіс-тәсілді қажет етеді. Бұл жөнінде арнайы хикая да бар. Жарықтық анамыз Ұлдай Ермашқызынан естіген төмендегі аңыз қой союды жетік білудің қажеттігін кішкене күнімізден-ақ құлағымызға құя беретін...

«ЖАС ЖІГІТ, ЖАНЫНАН»
Ертеде бір мосқалдау еркек пен жас жігіт бір бойжеткен қызды айттыра қатар келіп қалыпты. Қыздың әкесі болашақ күйеу баланың шаруаға икемді болуын қалаған шығар, мынадай шарт қояды.
– Екеуіңізге де бірдей екі қой әкеліп беремін, кім бұрын сойып болса, сол жігіт қызымды алады, - дейді үй иесі.
Қыз айттырған екеу дереу іске кірісіп кетеді. Бойжеткен болса, құман-суын әкеліп, болашақ күйеуі кім болатынын қадағалап жүреді. «Жас-жастың тілегі бір» деген емес пе, әрине, қыз көңілі жас жігітке қарай бұрылса керек. Қой терісі сыпырылып, қол жіліктене бастағанда кәрі жілікті ортан жіліктен ажыратып алу жас жігітке оңайға түспейді. Осы кезде бойжеткен жайлап қана «Жас жігіт, жанынан» деп күбір ете қалады. Дер кезінде айтылған кеңес-көмекті аңғара қойған жас жігіт пышағын аталған қос жіліктің жа-нынан салып жібергенде бағанадан бірігіп алып, берілмей тұрған буын ажырап сала береді. Осылайша, жас жігіт қой-ды тез сойып бітіріп, күйеу бала атаныпты...

Қасапшы Сәдібек Талыпұлының кеңесі:
– Қазақ халқы мал етінің арасындағы әртүрлі бездерді харам санап, оны бірден алып тастап отырған. Осындай арам бездің бірі кәрі жіліктің сом етінің арасында болады. Кәрі жіліктің қалың етін пышақпен тіліп қарағанда, ағарған майдың арасында бұлтиып тұрған безді оңай тауып алуға болады. Оны майдан ажыратып кесіп алып, лақтырып тастайды. Дәл осындай арам без асық жіліктің еті арасында да болады. Егер қонаққа ұсынылған жіліктің еті арасынан без шығатын болса, үлкен айып саналады.

ЕТ МҮШЕЛЕРІНІҢ АТАУЛАРЫ
(«Қазақ дәстүрлі мәдениетінің анықтамалығынан», «Сөздік-Словарь» баспасы, 1998 жыл, авторы – Аюбай Құралұлы)
1. Бас, ірі қарада екі шеке деп аталады.
2. Жақ – қой мен ешкіде тілмен тұтас жүреді, ірі малдың жағы екіге айырылып, тілі бөлек мүше саналады.
3. Жақ ет, ұрт еті – ірі қарада бөлек алынады, көбіне қуырдаққа пайдаланылады.
4. Сирақ – қой-ешкінің, кейде тайыншаның сирағын үйітеді. Балалар сыбағасы.
5. Кәрі жілік – қолда болады, жілік мүшелеріне кіреді, қыз балаға бермейді.
6. Ортан жілік – жұмыр жілік деп те аталады, қолда болады, мүшелі жілік.
7. Жауырын – он екі мүшенің бірі саналғанымен, ең сүйкімсіз, қадірсіз жілік саналады. Бас табаққа, сыйлы қонақтарға тарту айып саналады.

«АЙДАРЫҢДЫ ҰРАЙЫН,
КӘРІ ЖІЛІК!»
Абайдың немересі, Ақылбайдың баласы Әубәкір жол жүріп келе жатып, түсе қалған үй иесінің ықылассыздығын, Ақберді байдың өзіне кәрі жілік асып бергенін қолма-қол өлеңдетіп:
– Келмейді бізге жамбас, асық жілік,
Осы ауылға келмеуші ем соны біліп.
Қайда барсам соңымнан қалмай қойды,
Айдарыңды ұрайын, кәрі жілік! –
деп, сынап кеткен екен.
«Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Полиграфсервис», 2006,
Жидашы Айсұлу Бейсенғалиқызы.

«ДҮНИЕГЕ ҚОЛДАН БҰРЫН
САН КЕЛМЕЙДІ»
Шернияз Жарылғасұлының әйелі бір жаққа кеткенде үйіне қонақ келіп қалыпты. Жас қыз қолдың етін асады. Қазақ арасында сыйлы қонаққа қолдың етін аспайды. Қонақ алдына келген кәрі жілікті көріп:
– Шернияз байғұсқа жөн білетін бала да бітпепті-ау! – деп күңкілдепті. Сонда Шернияз ақын:
Қонағым, бала білмей, қол асыпты,
Асса да, бала қолды мол асыпты.
Дүниеге қолдан бұрын сан келмейді,
Қол асып, бала саған жол ашыпты, - депті.

ШОТАНЫҢ БАТАСЫ
Бір жылы жаз жауынсыз болып, елге күйзелу кіреді. Сол жазда Қамыс-Самар қисымының Балдырған деген жерін жайлайтын елдің ауқаттылары Құдайдан жаңбыр сұрап, садақа береді. Садақаға сол ауылдың кедей Шота қарты кез болады. Жасы үлкен болса да, Шотаны жоғары табаққа қоспайды, бала-шағамен төменгі жаққа отырады. Ет жеп болған соң елдің бір пысықшасы: «Шотеке, бұл Құдайдан жауын сұрап берілген садақа, ауылдың үлкенісіз ғой, бата беріңіз?!» – депті. Шота қол жайғанда отырғандар да алақандарын жаяды, сонда Шота:
– Кәрі жілік, жауырын,
Табағының ауырын.
Бізге салып беріпті
Өкпесі мен бауырын.
Патихамды берейін
Жазығы кедей демесең,
Қартымын ғой ауылдың.
Балдырғанның маңына
Келтірмесін жауынын.
Көтерем болып малдарың
Иімесін сауының.
Жайылым іздеп жан-жаққа
Тозып кетсін ауылың,
Аллакпер!», –
деп бетін сипапты.
«Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Полиграфсервис», 2006,
Жидашы Айсұлу Бейсенғалиқызы.

Қаралым саны 3314

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463