Төлеңгіттер тарихынан...

Өлкеміздегі құлпытастарды зерттеу мақсатында Бөкей ордасы тарихи-музей кешені қызметкерлерінен құрылған экспедиция Бисен ауылдық округі маңындағы біраз құлпытасты суретке түсіріп, оқып шықты. Соның нәтижесінде Үштерек елді мекені маңындағы құлпытастардың Шөкі старшын мен оның ұлы Жармұхамедке (Йармухаммед), Айбас молда мен оның ұлы Қожахметке (Хожа Ахмад) қойылғаны анықталды.

Алдымен бөкейліктегі Дуан төлеңгіттері туралы деректерге тоқтала кетейін. Б. Тоқсановтың «Бөкейлік төлеңгіттер» атты кітабында “Дуан төлеңгіттерінің бабасы Әлмұқамбет 1748 жылы Әбілқайыр хан өлгеннен кейін Нұралы ханға ахун имамы және қазиы болып қызмет етіп, сый-құрметке, дуанбасы деген атаққа ие болады. Соның нәтижесінде одан өсіп-өнген ұрпақ хан таңбасын алып, Дуан төлеңгіті деген атақ алады” деп жазылған. 1801 жылы Бөкей Еділ-Жайық аралығына көшкен кезде төлеңгіттер де бірге келеді. Дуан төлеңгіттеріне Ордадан 15-20 шақырымдай жердегі Көрікқұм деген жер беріледі. Олар еш рудан кем болмай, шаруасын күйттеп, басқару істері-не де араласады. Дуаннан тараған 5 ата осы жерді жайлайды. Олар ауқаттылардың қатарына кіріп, өзге рулармен қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болады. Дуан төлеңгіттерінен көптеген танымал тұлғалар шыққан.
С. Мұхамбетқалиев, К. Ахметов, Х. Ғабдуллиннің «Байұлы мен Жетіру және Төре, Төлеңгіт, Ноғай-қазақ шежірелері» кітабында Дуан төлеңгіттері Алтай өлкесі жағынан Кіші жүзге келіп, ал Бөкейлік құрылғанда Нарынға қоныстанған. Дуан төлеңгіттерінен Тәңірберген, Еділбай, Жайықбай, Бақтияр деген болған. Еділбайдан – Байарыстан, Шөкей» - деп таратады. Еділбай атасынан тарайтын Байарыстан мен Шөкіден басқа Шойтас, Айболат, Айбас дегендер болған. Шөкі мен Айбастың және олардың ұрпақтары туралы деректер кешен қорында болғанымен, қалған ағайындары туралы мәлімет жоқ. Белгілі заңгер-ғалым С. Зимановтың «Россия и Букеевское ханство» кітабында Шөкі Еділбаевтың байбақты руының қазақтарына берілген жерлерді қайта бөліп, ше-караларын бекіткені, Шохмар Башанбаевқа куәлік бергені туралы және құжат соңына: «Служащий (хан) из караши Шока Идильбаев» деп өз мөрін қойғаны туралы дерек келтіріледі. Қарашадан шыққанына қарамай, хан жер мәселесін шешу жөнінде сенім білдірген болса, онда Шөкінің тегін адам болмағаны. Ол Жәңгірдің тағайындауымен 1832 жылдан бастап старшын болған. Шөкіден Досмұхамед, Нұрмұхамед, Жармұхамед, Құлмұхамед, Үмбетәлі тараған. Оның ұлдары Досмұхамед пен Нұрмұхамед те Ішкі Қазақ ордасының әкімшілік басқару саласында қызмет еткен. «История Букеевского ханства» кітабында “Досмухамед Чукиев, есаул, сын старшины Чуки Идильбаева, воспитанник Неплюевского военного училища, переводчик хана Джангира, а затем переводчик, помощник делопроизводителя, архивариус и советник (11.ІV.1856) Временного Совета по управлению Внутренней Ордой; Нурмухамед Чукиев (умер 1867), зауряд-хорунжий (с 16.І.1859), сын старшины Чуки Идильбаева, воспитанник Джангировского училища, правитель Торгунской части Внутренней орды” деп жазылған.
Досмұхамед Жәңгір ханның аудармашысы қызметінде жүргенінде 1844 жылы Ішкі ордаға келген барон Ф. А. Бюлерге (1873-1896 жылдары Сыртқы Істер министрлігі Мәскеу бас мұрағатының директоры болған) аудармашы, жолсерік болады. Ол әкесі Шөкі сияқты ханның сенімді адамдарының бірі болғанын Жәңгірдің М. Л. Кожевниковпен жазысқан қа-тынас қағаздарынан оқуға болады.
Б. Тоқсановтың кітабына сүйенсек, Жармұхамед белгілі – академик, математик Асан Таймановтың атасы. Жармұхамед-тен – Тайман, одан – Дабыс, оның бәйбішесінен – Асан.
Үштерек маңындағы биіктеу әрі жалпақ, артына темірден қоршау қойылған құлпытас (1-сурет) Шөкінің өзінікі. Онда: Һаза қабр алмархум туланкут ру'ы мин аулади дуан Жаһанкир ханнң қдрлу аукзни астршинси Чуки Айдулбаи у'лы уфат булды 71 йашнда фи 1854 санати руми айлан уа фи жуз 5 иулдз бу ташни иаздрб қуиды исаул старшн баласы Досмухаммад мрса старшын баласы Нурмухаммад мрса.
Аудармасы: Бұл қабір марқұм төлеңгіт руы Дуан тайпасы Жиһангер (Жәңгір) ханның қадірлі указной старшыны Шөкі Еділбайұлы опат болды 71 жасында 1854 жылы рим жыл санауымен заузаның 5 жұлдызында бұл тасты жаздырып қойды есаул старшын баласы Досмұхаммед мырза старшын баласы Нұрмұхаммед – деп жазылған.
Шөкінің Жармұхамед деген баласына қойылған құлпытаста (2-сурет): Туланкит ру'лық диуан таифилиқ астршни Иармухаммад Чуки ау'лы уфат булди 73 1924. Аудармасы: төлеңгіт руы Дуан тайпалық старшын Жармұхамед Шөкі ұлы опат болды 73 1924. Мұнда 73 жаста 1924 жылы деп оқу керек.
Осы қауымдағы тағы бір құлпытас (3-сурет) Шөкінің інісі Айбас моллаға қойылған екен. Онда: Һаза қабр алмархум туланкут ру'ы дуан таифиснң аукзни млла Аибас Аидлбаи бласи уфат булди 45 иашда 1854 санида бу ташни қуиди бласи Хужи Ахмд. Аудармасы: Бұл қабір марқұм төлеңгіт руы Дуан тайпасының указной молла Айбас Еділбай баласы опат болды 45 жасында 1854 жылы бұл тасты қойды баласы Қожахмет. Айбас молла туралы Б. Тоқсановтың кітабында “Айбастан Жадыра, Қожахмет, Рахмет, Салық тарайды” деп көрсетеді. Солардың ішінде Қожахмет есімді ұлының указной молла болғандығын құлпытасынан оқып, біліп отырмыз. Онда: 1910 иылда тулнкут ру'нң дуан таифлқ ауказнуи млла Хужи Ахмд Аибас у'лы уфат булды 74 иашд. Аудармасы: “1910 жылда төлеңгіт руының Дуан тайпалық указной молла Қожахмет Айбас ұлы опат болды 74 жасында” деп жазылған.
Шөкі мен Айбастың құлпытасындағы жазулардан соң ру таңбасы қойылған.
Бөкей ордасы территориясында мұндай қауымдар көптеп саналады. Оларды зерттеп, оқу осы өлкеде өмір сүрген, еңбек еткен адамдардың есімдерін анықтауға мүмкіндік берері сөзсіз.

Гүлмару МЫРЗАҒАЛИЕВА,
Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің ғылыми қызметкері
Сурет автордікі

Қаралым саны 3873

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463